Түркияда Стамбул мэрі Имамоглуға үкім шықты

2025 жылдың 17 шілдесінде Түркия соты Стамбул қаласының мэрі, оппозиция өкілі Экрем Имамоглуны бір жыл сегіз айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Айып – Стамбулдың бас прокуроры Акин Гюрлекке тіл тигізіп, қорқыту әрекеттері. Бұл туралы түрік басылымдары хабарлады.
Сот шешіміне қарамастан, Имамоглуның саяси қызметіне шектеу қойылмады. Айыптау негізі – 2025 жылдың қаңтарында айтылған сын пікірлер. Сотта сөйлеген сөзінде Имамоглу:
«Мен сот жүйесін саяси құралға айналдыруға қарсы күрестім. Бұл – ұлтты қорлау», – деді.
Имамоглу – Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыластарының бірі. Ол 2025 жылдың 19 наурызында, оппозициялық Республикалық халық партиясы (РХП) праймеризі басталардан бірнеше күн бұрын қамауға алынған болатын. Партия оны 2028 жылғы президент сайлауына үміткер ретінде ұсынды.
Имамоглуна тағылған басқа айыптар: қылмыстық топ құру және басқару, жемқорлық, тендердегі алаяқтық, жеке мәліметтерді заңсыз пайдалану және терроризмге көмектесу. Тергеу мәліметінше, Имамоглу мен оның үш серіктесі Түркияда террористік ұйым деп танылған Күрдістан жұмысшы партиясымен байланысты болған. Бұл істер бойынша сот әлі басталған жоқ.
Имамоглуның тұтқындалуы Түркияның ірі қалаларында жаппай наразылыққа ұласқан. Еуропалық саясаткерлер мен демократияны жақтаушы ұйымдар бұл істі саяси қудалау деп сынады.
Имамоглу 2019 жылы Стамбул мэрі болып сайланған еді. Ол сол кезде Ердоған бастаған билік партиясының үміткерін жеңген. Қазір қала әкімінің міндетін оның әріптесі, оппозиция мүшесі Нури Аслан уақытша атқаруда.