Түркияда жойқын жер сілкінісі тіркелді
Неміс геологиялық зерттеу орталығы (GFZ) мәліметінше, дүйсенбі күні кешкі сағат 22:48-де Түркияның батыс аймағында магнитудасы 6,1 балдық жер сілкінісі тіркелді.
Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Жер сілкінісінің ошағы жердің 10 шақырым тереңдігінде болған. Ал Түркияның төтенше жағдайлар және апаттар агенттігі (AFAD) сілкініс эпицентрі 5,99 км тереңдікте болғанын мәлімдеді.
Сілкініс дүмпулері Ыстамбұл, Измир, Бурса, Маниса және елдің басқа да өңірлерінде сезілді. Алдын ала мәлімет бойынша, кейбір ғимараттар бүлінген, зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр.
Бастапқы жер сілкінісінен бірнеше минут өткен соң магнитудасы 4,2 балдық афтершок (қайталама дүмпу) тіркелді.
Түркия ірі тектоникалық жарылымдар үстінде орналасқан және тарих бойы жоғары сейсмикалық белсенділікпен ерекшеленіп келеді. Әлемдегі ең қауіпті аймақтардың бірі саналатын Солтүстік Анадолы жарылымы елдің солтүстігін, Мармара теңізі маңын кесіп өтеді — дәл осы аймақта Ыстамбұл қаласы орналасқан.
Еске салайық, 2023 жылы магнитудасы 7,8 балдық жойқын жер сілкінісі Түркияда 53 мыңнан астам адамның өмірін қиған еді. Сол кезде елдің оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы 11 провинцияда жүздеген мың ғимарат қираған немесе зақымданған, ал көрші Сирияның солтүстігінде тағы 6 мыңға жуық адам қаза тапқан болатын.