Түркиядағы дүрбелең. Қазақстан азаматтары қауіпсіз жерде ме?

Өткен аптадан бері Түркия жерінде жұрт жаппай наразылық акциясына шығып, үлкен толқу болып жатыр.
Бұған көпшілік Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның басты саяси бәсекелесі деп білетін Ыстамбұл әкімі Экрем Имамоғлының ұсталуы себеп болған. Ел билігі қала басшысына «қылмыстық топ құрып басқарды, пара алды, бопсалады, жеке деректерді заңсыз тіркеп, тендерлердің нәтижесін бұрмалады» деген айып тағып отыр.
Жерорта теңізі жақтан жеткен ақпаратқа сенсек, Имамоғлымен бірге жүзден аса адам ұсталған. Олардың қатарында саясаткерлер, журналистер, бизнесмендер бар. Осыған байланысты жергілікті тұрғындар митингке шығып, наразылық танытуда. Бейресми дерек бойынша Ыстамбұл, Анкара, Измир, Адана, Анталия, Чанаккале, Ескішехир, Кония және Едирне қалаларында мыңдаған тұрғын алаңға шыққан.
Түркия – Қазақстанмен тығыз байланысы бар ел. Түркі мемлекеттер ұйымындағы одақтасымыз, өте жақын стратегиялық серіктесіміз. Содан болар, Түркияда жүрген жерлестеріміз аз емес. Оқуға барған, сауда істеп жүрген отандастарымыздан бөлек, жылы теңіз жағасында демалу үшін аттанған қазақстандық туристер де аз емес. Демек Түркиядағы дүрбелең сол жақта жүрген Қазақстан азаматтарына да қауіпті болуы мүмкін.
Әдетте алыс-жуық шетелде төтенше жағдай болса, сол елдегі азаматтарымыздың амандығы мен қауіпсіздігі дипломаттарымыздың мойнына жүктеледі. Бұл жолы да сыртқы істер министрлігі үндеу жариялап, Жерорта теңізі жағалауындағы қазақстандықтарды басты назарда ұстап отыр. Қазақстанның Ыстамбұлдағы бас консулдығы ел азаматтарын наразылық акцияларына қатыспауға, адамдар көп жиналатын орындарға бармауға шақырды.
«Қазіргі жағдайға байланысты сіздерден адамдар көп жиналатын орындарға бармауды, демонстрациялар мен митингілерге қатыспауды, жоғары қауіпсіздік шараларын сақтауды, қырағылық пен сақтық танытуды, жаңалықтарды қадағалап отыруды және биліктің ұсынымдарын орындауды, сондай-ақ Түркиядағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерімен байланыста болуды сұраймыз», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ елшілік отандастарымыздан әлеуметтік желіде митингтер туралы ақпарат таратпауды, болып жатқан оқиғаларға қатысты жеке көзқарасы мен пікірін жарияламауды сұрады. Бірақ бұл ұсыныс кей азаматқа ұнамаған сияқты, қарсы уәж айтып жатқандар бар.
Елшіліктің ақпаратына сенсек, Түркияда «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан 25 студент бар. Олардың бәрі кураторларымен байланыста отыр. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Түркия елінде қазір тағылымдама бағдарламасы бойынша 25 қазақстандық бар екенін хабарлады. Барлық білім алушының қауіпсіздігі бақылауда. Олар орталықтың кураторларымен және Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерімен байланыста отыр. Қажет болған жағдайда қолдау сұрай алады. Қазақстан сыртқы істер министрлігі ел азаматтарына адамдар көп жиналатын орындарға барудан уақытша бас тартып, сақтық шараларын ескеруді және жергілікті биліктің ұсынымдарын орындауды сұрайды», – деп жазды елшілік өкілдері.
Түркия – Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекеттердің бірі. Екі ел арасында 1992 жылғы 2 наурыздан бастап дипломатиялық байланыстар орнады. Егемен еліміздің шетелдегі алғашқы дипломатиялық өкілдігі 1992 жылы қазанда Түркияда ашылған. Содан бері Астана мен Анкараның сауда-экономикалық және саяси қарым-қатынасы өте тығыз жүріп жатыр.
Еламан Өмірхан