Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:43, 26 Қараша 2023

Түркияға сапар: Үміт жолындағы ғажайып

Түркия
Фото: из открытых источников

(жолжазба)

Адам басына қиындық түскен кезде бүкіл ұстанымдарын, мақсат-мүддесін ұмытып, бүкіл фокусты тек сол қиындықты шешуге бағыттайды. Дәл осы сезімді 2023 жылдың ақпан айында басымнан өткіздім. Мен үшін бұл ең соңғы амал, ең соңғы жол секілді еді. Бір емес, бірнеше жерде жұмыс істеп, табыс тауып, отбасын асырап жүрген жас әке болсам да, анамның емі үшін керек ақшаны таба алмадым. Анығын айтқан кезде жиырма миллион теңгеден астам қаржының басын құрап, бұған дейін жинай алмағаныма өзімді кінәлі сезіндім. Арада өткен бес жылдың ішіндегі тағдырдың басыма салған сынағы өз алдына, биыл көктемде қабылдаған шешімім алдымда жатқан тарам-тарам жолдардың бәрін бұрып әкетті. Не әсер етті? Неге кішкентай ғана жүректің бұлқынысы ғажайып әлемнің есігін ашып жіберді? Міне, осы сұрақтарға жауап беру үшін осы жолжазбаны көпшілік оқырманға ұсынып отырмын.

2023 жыл. Көктемнің бірінші күні. Астана қаласы. Кеңседемін.

Бүгін жұмысқа ерте келдім. Ерте дегенім – таңғы жетінің кезі. Басқа әріптестер тек 9-да келеді. Түнімен ұйықтай алмадым. Екі көзім қанталап, әрең отырмын, бірақ кешке дейін шыдау керек.

Телефондағы кеше түнде жазып алынған видеоға әр он минут сайын қараймын да, қайта-қайта тыңдай беремін. 2 минутқа жетпейтін өзімнің сөзімді тыңдай беріп, жаттап та алдым. Осы видеоны түсіру үшін де бір апта бойы дайындалдым. Әр түсірген сайын көз жасыма ерік беріп, отыз екі тіс бір-біріне бағынбай, жүрек толқи береді. Бесінші күні түнде ғана түсіріп, сақтап қойдым. Әр видеоны түсіріп жатқан кезде келіншегім мен балам терең ұйқыда еді. Түннің ортасында ғана ас үйдегі орындыққа отырып, дайындалатын едім. Себебі жылағанымды келіншегім мен балам көрмесін деген ой ғана.

Сағат 9-дан кете кеңсеге өзге әріптестер ағыла бастады. Келе салып, жұмысқа кірісіп кетті. Ештеңеге қолым бармай, пернетақтаны ары-бері басып, тере беремін. Тек не теріп, не жазып жатқанымды өзім де білмеймін. Кенет телефонға хабарлама келді. Осы жолда көмектесуге ниет білдірген Ержан дейтін азамат жазыпты. «Неге видеоны жарияламай отырсың?» деген хатты оқыдым. Лезде телефонды алып, қоңырау шалдым. «Жариялай берейін бе?»; «Ештеңе етпес, ә?»; «Дұрыс па бұл ісім?» деп қанша рет сұрағаным есте жоқ. Ең соңғы берген жауабы: «жиналады, алаңдама!» деді. «Алаңдама» деген сөздің құлаққа майдай жағып, көңілімді босатқаны да рас. Телефонымды алып, он бес мыңға жуық оқырманы бар жеке парақшамда, әріптестер отыратын әлеуметтік желілерге де жүктедім де, «жариялау» деген батырманы бастым. Баса салып, телефонды тастадым да, қара терге түсіп, күнә жасап қойған адамдай өзімнен-өзім қуыстанып, саусағымның басындағы етін тіске баса бердім.

Арада 2 минут өткенде банк картама 2000 теңге келіп түсті. Тағы 2 минут өткенде 100 теңге... Осылай басталып кетті. Жекеме жазып, тілек білдіріп, пікірге шипасын тілеп жатқан ағайынның қарасы көп. Қолымнан түспейтін телефонды дәл осы жолы оңай ала салған жоқпын. Тек жақын туысымыз хабарласып жатқан соң амал жоқ тұтқаны көтердім. Амандық-саулық тіледі де, аз-маз ақша жинап жатқанын, бір-екі күнде банк картасына жіберетінін айтты. Көңілім енді тыныштала бастады. Тұтқаны қойғанымша болған жоқ, мүлде бір бейтаныс, маған таныс емес қыз баласынан 100 мың теңге келіп түсті. Пікірге «Алла шипасын берсін!» деп қана жазып қойған. Банк картамды телефондағы қосымша арқылы ашып жіберіп, қарап едім 1 миллионға жуық ақша жиналып қалған. Видео жариялағаннан кейін арада 3 сағат өтпей жиналған осынша ақшаны көріп, үмітім қайта оянғандай болды.

Миллиондап ақша жинап жатқан видео не туралы?

2019 жылдың көктемінен бастап бүгінге дейін шешемнің дертімен алысып келемін. Омырауына біткен рактың кеуде қуып отырып, тамақ астындағы күре тамыр тұсынан басбармақтай болып ісініп шығуы бүкіл жүріп өткен жолдың бағытын бұзды.

Шарасыз қалған күйде басыма мың ой келді. Ой қуалап отырып, 2018 жылдың желтоқсанында іске аспай қалған, сол кезде әрекет етпеген ойыма жетелеп барды. Осыдан 5 жыл бұрын осы видеоны түсірмекке ниет етіп едім, бірақ сасық намыстың кесірінен кейінге қалып келді. Ал бұл жолы бәрі басқаша еді.

2023 жылдың ақпан айында Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Liv Hospital деп аталатын клиникасында шешемнің өмірі үшін күресе алатын дәрігерлердің бар екенін білдім. Сөйлесе келіп, жиырма миллионнан астам қаражат кететінін, оның ішіне жүріп-тұрудан бастап, ұшақ билеттерінің бәрі кіреді. Айлық табысым 2 жылды қосса да бірден мұндай көлемдегі ақшаны тауып бере алмасын білдім. Күтуге, жинауға болар еді, бірақ дәл қазір әр минуттың алтыннан да бағалы екенін, әр минутта шешемнің әр тынысы жатқанын түсіндім. Жақындардан сұрап, ақшаның басын құрап алған күннің өзінде жетпейтінін түсіндім. Ақылдаспаған, сөйлеспеген, сұрастырмаған адамым қалмады. Ақыры бәрінің кеңесін тыңдай келіп, шешемнің өмірі үшін, бүкіл қазақ елінен көмек сұрауға бел байладым.

3-4 айдың ішінде Ыстамбұлдағы клиникаға кететін шығынды жинап алсам, үлкен жетістік деп ойладым. Алайда 20 күнде 20 миллион теңгенің басы құралғанда не жыларымды, не қуанарымды білмедім.

Видео жарияланған күн

Бірнеше сағат ішінде дос-жаран, ағайын-туыс, әріптестер бар – 2 миллионнан астам қаржы жиналды. Менің көз алдымда әр минут сайын ағылған жүз-екі жүз теңгелік ақшалардың санаулы сағаттар ішінде үлкен, кесек-кесек бірнеше жүз мыңдықтарға айналғанын көрдім. Сол сәтте ойыма келген жалғыз сөз – «жалғыз емес екенмін» еді.

Бүкіл БАҚ саласындағы әріптестер жаппай жан-жаққа видеоны таратып, менің шешем үшін күресті. Күресіп қана қойған жоқ, мен туралы тек жақсы сөз жазды. Кейде өзіміздің айналамызға қаншылықты құнды әрі пайдалы екенімізді сезбейміз. Ал мен дәл осы жолда айналамдағы адамдардың қандай кең жүрек, жомарт екенін көрдім. Бәріне жеке-жеке жолығып, алғыс айтқым келеді. Телефоныма күн-түн тыным болған жоқ. Айналып жатқан, тілегін жеткізіп жатқан ағайынның көмегі.

Қырсық шаламын десе, аяқасты…

Наурыздың 27-сі күні таңда біздің ұшақ Ыстамбұлға көтеріледі. Оған дейін әлі үш күн уақыт бар. Астанадан арнайы Алматыға ертерек келіп, құжаттарды, билеттерді, басқа жұмыстарды түгендеп жүрмін. Сол арада кофеханада отырып, өз жұмысымды да қоса істейін деп кіріскен бетім. Телефоныма хабарлама келе қалды. Ешқандай арам ой жоқ, бөтен әрі бейтаныс нөмірге көзім түсті. Ашып едім, осыдан бір апта бұрын Facebook арқылы Instagram парақшасына көк белгіні алуға сұраныс жібергеніме хат келіпті. Хатта sms болып келетін кодты теруімді жазған. Ойланып үлгерген жоқпын, айтқан коды келді. Көшіріп алдым да, хабарлама қылып қайта жібердім. Еш күдік жоқ.

Арада жарты сағат өткенде жақын араласатын әріптесім телефон соғып, «парақшаңды біреу бұзды ма?» деді. Тұтқаны лезде қойдым да, тездетіп құпия сөзді өзгерте қойдым. Сақтап қалғанымды түсіндім, бірақ маған тиесілі тұрған, өте үлкен аудиториясы бар, жұмысыма тікелей байланысты парақшамды бұзып алып кеткенін кеш білдім.

30 минут бұрын код сұрап жазған нөмірден кекеткен сарындағы, орыс тілінде хабарлама келді. Менің парақшамды бұзып алғанын жазып, оны қайтару үшін 150 АҚШ долларын жіберуімді сұрады. Есім шығып, не істерімді білмей кеттім. Бүкіл жоспарым күл-талқан болып, ұшуға үш күн қалған кезде жығылғанға жұдырық болған мына бір жағдайдың жүрекке қалай әсер еткенін суреттеу қиын.

Әлгі адам тағы жазды. Бұл жолы баға 250 АҚШ долларына өзгерді. Ол тоқтаусыз ақша сұрап жаза берді, мен тек оқыдым, бірақ жауап бере алмадым. Есіме дәл осы жағдайға тап болған інім түсті. Соған хабарласып, қалай шешкенін сұрадым. Олар «хакер» деп атайтын жігіттің нөмірін берді. Қазақ жігіт екен. Өзара біраз сөйлескен соң, хабарсыз кетті. Бәлкім, менің жағдайым ол үшін аса бір құнды болмаған болар.

Үш күн бойы әлгі бейтаныс адам жазуын тоқтатпады. Мендегі парақшаның иесімен сөйлесіп, мәмілеге де келгісі келетінін жазды. Мен Meta-ға ресми хат жолдадым, бірақ нәтиже болмады. Ақыры бұл парақшадан да үміт үздім. Алдымда аса маңызды сапар тұр. Сондықтан көңілімді басқа жаққа аударуға уақыт та, мүмкіндік те жоқ еді.

27.03.2023 жыл. Таңғы сағат 4:00

Інімнің көлігіндеміз. Артта келіншегімнің інісінің көлігімен әкем келе жатыр. Алдыңғы көлікте біз: қос қарындасым, шешем және мен. Әуежайға жол тарттық. Жақсы естеліктер айтып, бір-бірімізбен сырласып келе жатқанда телефоныма хабарлама келді. Тағы да сол бейтаныс нөмір. Ашып оқыдым да, қайта жаба салдым. Кенет қайта хатты оқыдым. Жүрегім дір ете түсті. Келген хатта ақша сұрау, бопсалау жоқ. Мүлде арам ой да жоқ.

«…Кешірім өтінемін. Осы хатты оқысаңыз. Мен бұл парақшаның иесінің адамдарға көмектесіп, ақша жинағанын енді көрдім. Құдай үшін, кешіріңізші. Қателестім. 15 жастағы баламын. Түркияда тұрамын. Мен қателестім. Қазір сізге логин мен құпия сөзді қайтарып беремін. Міне, алыңыз. Тағы да кешірім сұраймын…» деп жазылған хатты оқып, басқа бір әлемге портал арқылы өтіп кеткен адамдай тілім күрмеліп қалды. Алайда күдік қайта оянды. Жылы сөзбен алдап, бүкіл жұмысымның парақшаларын алып қойғысы келген болар дедім де, бірден әлгі «хакер» атанып кеткен жігітке жаздым. Қанша күн хабарсыз кеткен ол да бірден жауап берді. Хатты оған жібердім. Оның шындық екеніне көз жеткізгім келді. Арада он минут өткен кезде «хакер» жігіттен: «иә, сізге парақшаны қайтарып берген» деп жазып жіберді.

Сенесіз бе, бұл негізі осы сапарға дайындық басталғалы болып жатқан ғажайып оқиғалардың біреуі ғана. Алайда басқаларына қарағанда бұл мүлде ақылға қона бермейтін жағдай. Бұған дейін дәл осылай өз еркімен бұзып алған парақшаны иесіне тегін қайтарып беріпті, кешірім сұраған екен дегенді естіген емеспін. Көлік ішінде болған оқиғаны айтып, таңғалған күйімді жасыра алмадым. Қасымдағылар да ештеңе түсініп жатқан жоқ. Мен ғана бұл оқиғаны әлдебір белгіге балап келемін. Іштей сеніп, үмітті қайта оятып әлекпін. Фантастикалық фильмдерде, шығармаларда кездесетін осы бір сюжеттің өмірімде, дәл қазір болғанына қандай реакция беру керек екенін де білмеймін.

Бейтаныс «хакер» жігітке жазып, алғысымды айттым. Дегенмен IT саласының майталмандарымен жай ғана «рақмет» деп қоштаса салу аздық ететінін жақсы білемін. Ол жігітке жайымды айттым. «80 мың теңгедей ақша берейін, тек қазір оның 30 мың теңгесін салсам, емделіп келген соң қалған бөлігін жіберейін» деп хабарлама жібердім. Ол келісті.

Жолға қарап, бір елді тастап, екінші бір елге кетіп бара жатқанымды, аманаттап, арқалап бара жатқан үлкен үмітті ойлап, жаңа ғана болған ғажайып оқиғаға куә ретінде ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата алмай, балаша қуанып, ересек күйге қайта өтіп, бір мұңайып отырғанда банк картама 60 мың теңге ақша түсті. Кімнен келгенін білмеймін. Көзім түскенше болған жоқ, хабарлама келді. «Хакер» жігіт екен жазған. Анығы аудио жіберіпті. Тыңдадым. Оның айтқан сөзін сөзбе-сөз жазайын:

«Ассалаумағалайкум! Ақша менен гөрі сізге керек екен. Анаңызға құдай жар болсын. Мынау менің атымнан. Сіз жіберген отыз мыңға тағы отыз мың қосып салып жібердім. Аз да болса көптей көріңіз. Алла шипасын беріп, аман-есен елге оралыңыз».

Осы бір аудионы көлік ішінде тыңдап отырып, көзімнен ыршып түскен жасты байқамай қалдым.

Адам баласына бір қиындық келгенде артынан берекесі қоса келеді деп жатады. Соған көзім анық жеткен күн осы болған шығар.

Анамның таңданысы

Ыстамбұлға таңертең сағат 10 шамасында жеттік. Түсе салып, бізді клиниканың арнайы көлігі күтіп алды да, бірден сол жаққа жол тартты. Көліктің іші, қызмет көрсетуі өте жоғары деңгейде. Ыстамбұлға табаным бір күні тиер деп армандайтыным болмаса, дәл осылай жетемін, дәл осылай келемін деп үш ұйықтасам түсіме кірмеген шығар.

Клиникаға жетіп, ішке кірдік. Кіріп-шығып жатқан адамның қарасы көп. Арасында қазақтар, қырғыздар, орыстар да жүр. Бәрі дерттеріне ем іздеп, үміт арқалап жеткендер. Біз оң жақ шеттегі үлкендеу келген кофехананың орындығына жайғастық. Осында келе жатқан таныс ағайымыз бар еді, соны күттік. Тамаққа тапсырыс беріп, айналамызға бажайлай қарап отырған кезде анам: «Неге қонақ үйге келдік?» деді. Шындығында клиника деп айтуға ауыз бармайды. Ішінде ақ халат киген адам көрмейсіз. Бірен-саран көзге түсіп қалмаса, өзіміздің емханаға, ем алуға келгенімізді ұмытып қалдық. Шешеме бұл жердің емделетін клиника екенін айтқан кездегі таңданысы әлі есімде. Ол кісі үшін бұл жер ғажайыптар жасайтын әлем секілді көрінді…

Халықтың ықыласы, олардың шынайы ниеті деп білемін, біздің осындай сынаққа толы жолда жаратушының мейіріміне ілініп, әр ісіміздің берекелі болып жатқаны. Жоғарыда айтып өткен оқиғаны ойлаған сайын әлемде жақсы адамдардың сондай көп екенін, олардың махаббат пен сүйіспеншілікке толы жүректерінің соғысы өздерімен бірге жасай беретінін ұқтым. Сезіндім.

Марғұлан Ақан

Ыстамбұлда өткен күндердің жолжазбасынан

Тегтер: