Түркияның әскери ұшағы Грузияда апатқа ұшырады
Бортта 20 түрік әскери қызметшісі болған, олардың барлығы қаза тапқан болуы мүмкін.
Түркияның C-130 Hercules әскери-транспорт ұшағы Әзербайжаннан қайтып келе жатқан кезде Грузия аумағында апатқа ұшырады, деп хабарлады Түркия Қорғаныс министрлігі.
Ресми мәліметке сәйкес, ұшақта 20 түрік әскери қызметкері, оның ішінде экипаж мүшелері болған. Министрлік әзірге апат себебін нақтыламады, алайда Грузия билігімен бірлескен іздестіру-құтқару жұмыстары басталған.
Грузия Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, ұшақ Әзербайжан шекарасынан шамамен бес шақырым қашықтықта, Сигнахи муниципалитеті аумағында құлаған.
«Ұшақ апат сигналы жібермеген және Грузия әуе кеңістігіне кіргеннен кейін бірнеше минуттан соң радардан жоғалып кеткен», — делінген министрліктің хабарламасында.
Алдын ала дерек бойынша, ешкім аман қалмаған.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бұл оқиғаға байланысты «Анкара қайғыда» екенін мәлімдеді.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев те көңіл айтты және ұшақ Гәнжә қаласынан ұшып шыққанын хабарлады.
Түркия Ішкі істер министрі Әли Ерлықоя оқиғаға байланысты грузиялық әріптесі Гела Геладземен телефон арқылы сөйлесіп, Грузияға тергеуге көмек көрсету үшін түрік мамандары жіберілгенін айтты.

Қазір апат болған аймақта үш елдің – Түркия, Грузия және Әзербайжанның құтқару топтары бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Сигнахи маңындағы орманды жерде түтін мен өрт іздері байқалған, ал аумақ толықтай қоршауға алынған.
Ұшақ туралы ақпарат
Lockheed C-130 Hercules — орта және ұзақ қашықтыққа арналған әскери-транспорт ұшағы, оны америкалық Lockheed Martin компаниясы өндіреді.
Төрт турбовинтті қозғалтқышпен жабдықталған бұл ұшақ жүк пен әскер тасымалдауға, эвакуация және гуманитарлық операцияларға арналған.
Ол топырақты ұшу-қону жолақтарына қона алады, сондықтан әскери логистикада кеңінен қолданылады.