Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:01, 19 Мамыр 2023

Түркияның президенті өзгерсе, саясаты да өзгере ме?

None
None

Түркияда өткен президент сайлауын әлем жіті бақылағаны белгілі. Мұның бірнеше себептері бар.

Өйткені экономикалық қуаты жағынан үлкен жиырмалыққа кіретін һәм аймақтағы мемлекеттер арасында бас «ойыншыға» айналған, амбициясы аса зор Түркияның геосаясатта өзіндік орны бар.

Түркиямен АҚШ та, Еуропа да, Ресей де, Қытай да, Иран да, жалпы Араб әлемі де санасады. Түркия НАТО мүшесі. Онда да қатардағы емес, әскерінің қуаты мен саны жағынан АҚШ-тан кейінгі орында. Билікке Режеп Тайып Ердоған келгелі Түркия ішкі-сыртқы саясатты нақтылады. Әскерилерді биліктен шеттетті. Өзіне бөгет болатын бәсекелестерін ысыра отырып, премьерлікке қол жеткізген, 2003 жылдан бері тақтан түспеді. Елде өткен сайлаулардың бәрінде жеңіске жетті. 2016 жылғы мемлекет төңкерісі кезеңінде де орнын сақтап қалды. Десе де арыны қатты Ердоғанның кешегі өткен президент сайлауында маңдайы тасқа тигендей болды. Небәрі – 49,36 пайыз ғана дауыс жинады. Ал басты қарсыласы, біріккен оппозиция атынан түскен Кемал Қылышдароғлы – 45% ие. Ал толыққанды жеңу үшін екі жаққа да 50 пайыздық межеден асуы керек болатын. Алдағы 28 мамыр күні президенттік сайлаудың екінші кезеңі  өтпек. 2028 жылға дейін Түркияны басқаратын тұлға, сол кезде анықталмақ.

Батыспен жақсы болып, орталық банкке ерік беріп һәм елді парламенттік басқаруға көшіруге күш салатын Қылышдароғлының асығы алшысынан түсе ме, әлде қазіргі ұстанымын, саясатын ары қарай жүргізе беретін Ердоғанның айы оңынан туа ма? Бізге керегі алдағы уақытта Түркияның сыртқы саясатында өзгерістер бола ма, президент ауысып жатса, оның бауырлас түркі жұртына әсері қандай болмақ деген сауал. Осының түйінін іздеп көрдік. «Бұл екеуінің қайсысы президент болса да Түркияның түркі әлеміне қатысты сыртқы саясаты өзгере қоймайды. Оған бірнеше себеп бар. Ең бірінші, жалпы түркі әлеміндегі интеграциялық процестердің жаңа деңгейге көтерілгенін ескеру керек. Ердоғанның кезінде келісілген, қол қойылған құжаттар ары қарай жалғасын табуы тиіс. Яғни бұрын Түрік тілдес елдердің кеңесі деп жүрсек, 2021 жылдан бері бұл кеңес Түркітілдес елдердің ұйымы деген атау алып, үлкен құрылым болды. Сондай-ақ 2040 жылға дейін бұл елдердің арасында стратегиялық мақсат қойылды. Орталық Азия Анкара үшін тәуір нарық. Әсіресе Түркия үшін Ресейге салынған санкцияны айналып өтіп, тауар енгізуге көпір бола алатындай нарық. Екінші, Қытаймен байланыста транзиттік рөл атқаратын дәліз. Үшіншіден – түптамыры бір бауырлас елдер. Осындай себептермен Түркия Орталық Азия мемлекеттеріне деген саясатын өзгертпейтіні хақ. Айталық, қазір Қазақстанмен Түркия арасындағы сауда айналымы 5 млрд долларға жетті. Жаман көрсеткіш емес. Алдағы уақыттарда бұл көрсеткіш өсе беруі тиіс. Сол секілді бұрын Ислам Каримовтің кезінде Өзбекстанмен салқын қарым-қатынас ұстаған Түркия Мирзиеев келгелі қатынастың жаңа деңгейіне шықты. Бейтарап мемлекет Түркіменстанмен де ынтымақтастықты күшейтті. Әсіресе Әзербайжанмен тығыз қатынаста. Қарабақ соғысы кезінде әскери техникалық көмек те берді. Нәтижесі белгілі.

«Билікке Ердоған емес, Қылышдароғлы келгеннің өзінде бұл ұстанымдар өзгере қоймауы мүмкін. Дегенмен Түркия жалпы сыртқы саясаттағы Таяу Шығысқа, Ресейге қатысты көзқарасын өзгертуі ғажап емес. Қазір Қазақстанға түріктің ірі инвесторлары ұмтылып жатыр. Бұл жай сыртқа қаржы салу емес, өзіне тиімді нарықты, өнімдерін сататын алаң табуды білдіреді. Бұл екі жаққа да пайдалы. Қазір Түркия тұтынатын мұнайдың 34 пайызы қазақтікі. Сондықтан қандай президент болса да бұл бағытты ары қарай дамыта беретіні белгілі. Бұлардың бәрі екі жақты келісімдер емес, ұйымға мүше елдердің басшылары қол қойған салмақты құжаттар арқылы жүзеге асуда. Еске ала кетін бір жайт, бұған дейін түркітілдес мемлекеттер мұндай бағыт-бағдары, стратегиялық жобалары бар ұйым құрмаған. Енді ғана соған қол жеткізіп отыр. Демек Түркия басшылығына кім келсе де соны жалғастыра берері хақ», — дейді журналист-сарапшы Амангелді Құрметұлы.

Президенттік сайлаудың екінші туры қалай болмақ? Кімнің бағы жанып тұр дегенге келсек, «Ресейден гөрі АҚШ һәм Еуроодақпен жылы қарым-қатынас ұстаймын» деген Кемал Қылышдароғлының мүмкіндігі бар секілді. Диктаторлық жүйеден гөрі, еркін өмірге, демократиялық ашықтыққа бейім қала жұрты – Қылышдароғлыны қолдары хақ. Батыстың да іші соған жылитыны, қолдайтыны белгілі болып қалды. Ал демократиядан гөрі исламдық жолды көксейтіндер – Ердоғанның айналасына топтасуда. Әрине, жиырма жылдық басқару кезінде Ердоғанның Түркия үшін жасағаны ұшан-теңіз. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Түркия кез келген әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресіп сөйлесе алатын «мінезді» мемлекетке айналды. Айналасына ықпалын күшейтті. Әскери әлеуеті еселенді. Мұның бәрі Ердоғанның тұсында жасалды. Алайда қаржылық тығырықтар орын алып, инфляция 85 пайызға жетті. Ұлттық валюта құнсызданды. Халықтың тұтыну қабілеті кеміді. Мұның бәрі Ердоған отырған тақтың теңселуіне себепші.

Айтпақшы, Түркияда президент сайлауы ғана емес, онымен бірге парламент сайлауы да өтті. Бұл додада Ердоған жетекшілік ететін «Әділет және даму» партиясы көш бастады. Парламенттегі 600 орынның 322 ие болса, Қылышдароғлының Халықтық республикалық партиясы 212 орынға иелік етті.

Тегтер: