Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:32

Түрікменстан билігі шетелде оқитын студенттердің оқу ақысын төлеуге ақша жіберуді қиындатты

1
Фото: azathabar.com

Түрікменстанда шетелде білім алып жүрген студенттердің ата-аналары оқу ақысын төлеу үшін банк арқылы ақша аудару кезінде жаңа кедергілерге тап болды.

Ел банктері бұрын талап етілмеген қосымша құжаттарды сұрай бастады. Бұл туралы Радио Азатлык/Түрікмен редакциясына ата-аналар хабарлаған.

Банктер жаңа, күрделі талаптар енгізді

Лебап өңіріндегі ата-аналардың айтуынша, банктер оқу ақысына ақша аудару үшін жоғары оқу орнының барлық мамандықтары бойынша оқу ақысы көрсетілген тізімді, оқу орнының ресми сайтынан жүктеп, мемлекеттік тілге (түрікмен тіліне) аударып, нотариалды куәландырған түрде ұсынуды талап еткен.

Түрікменабат тұрғыны былай дейді:

"Ұлым Тәжікстанда оқиды. Биыл банкке барғанымда, олар маған: “Институттың барлық мамандықтары бойынша оқу ақысының тізімін басып шығарып әкеліңіз. Ол міндетті түрде сол елдің мемлекеттік тілінде болсын, әрі Түрікменстанда нотариалды расталсын" деді".

Сонымен қатар, банктер ата-аналардан студенттің биометриялық төлқұжатының барлық 48 бетінің көшірмесін талап етуде.

11 қарашадан бері банктер алдында ұзын-сонар кезектер пайда болған. Кей жерлерде кезекті бақылау үшін полиция қызметкерлері де жұмылдырылған.

Түрікменабат тұрғындары жаңа талаптарды күтпегенін айтады.

Қызы Қазақстанда оқитын бір әйел төлемнің кем дегенде бір айға кешігетінін жеткізді:

"Банкке барғаннан кейін маған барлық құжаттарды ресми аудармашы арқылы аудару керек екенін айтты. Қазақстан тілінен түрікмен тіліне ресми аудармашыны табу үшін Ашхабадқа баруыма тура келді. Осыған бір аптам кетті. Содан кейін банкке құжат тапсыру үшін кезекте екі күн тұрдым – қызметкерлер өте аз болды, ал кезек көп".

Екі парақ аудармасының бағасы 200 манат (шамамен 57 АҚШ доллары) болған. Тұрғындар ресми аудармашыларды табу да қиын екенін айтады.

Түрікмен студенттерінің оқу ақысын төлеуге ақша аудару мәселесі былтыр күзде де байқалған. Қазір шетелде он мыңдаған түрікмен азаматы оқып жүр.

Ата-аналардың айтуынша, мектеп бітірушілерге шетелде оқымау туралы түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.

Тегтер: