Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:04

Түрікменстанда өнер өкілдерін арықтатуға мәжбүрлеп жатыр

1
Фото: azattyq

Түркіменстанда мәдениет және өнер қызметкерлеріне артық салмақтан арылу туралы қатаң талап қойылды. Талапты орындамағандар сахнадан да, телеэкраннан да шеттетілмек.

 Бұл Орталық Азия елдерінде бірінші рет болып отырған жағдай емес.

Түркіменстандағы соңғы нұсқау

27 қыркүйекте өтетін Тәуелсіздік күні мерекесіне дейін актерлер, әншілер және мәдениет қызметкерлері «тәртіпке келіп», салмақ тастауы тиіс. Олай болмаған жағдайда оларды сахнаға шығармайды әрі мәдени мекемелерден аластатады.

«Мәдениет саласында артық салмақпен жүргендерге арықтауды бұйырды. Орындамағандар сахнаға да, телеарнаға да шықпайды», – деп хабарлады «Азатлык» радиосының дереккөзі.

 Түркіменстанның мәдениет министрі Атагельды Шамурадов төрт жыл бұрын белгілі бір мәдениет және өнер қайраткерлерінің семіздікке шалдыққаны үшін сөгіс алған. Ал ресми түрде 2021 жылы Шамурадовқа «қызметтік міндеттерін өрескел бұзғаны үшін» тәртіптік жаза қолданылғаны хабарланған, бірақ нақты қандай бұзушылық болғаны еш жерде көрсетілмеген.

Бұл талаптан тіпті халық әртістері де тыс қалмаған.

Мәдениет саласының өкілі Азатлыкқа айтқандай, артық салмағы бар әріптестерін түрлі салтанатты шараларға қатыстыру мәселесі бұған дейін де көтерілген. Бұл елде жүргізіліп отырған салауатты өмір салтын, спорт пен дұрыс тамақтануды насихаттаумен байланысты. Мұны бұрынғы президент Гурбангулы Бердымұхамедов те, қазіргі президент – оның ұлы Сердар Бердымұхамедов те қолдап келеді.

Түркімен әртістері аноним түрде Азатлыкқа берген сұхбатында, төмен жалақы жағдайында «идеалды дене бітімін» ұстап тұру мүмкін емес екенін айтады.

«Егер табысың тек нанға ғана жетсе, әрине, қарның шығады. Ет пен жемістің бағасы өте қымбат, ал жаттығу залының абонементі айына 1000 манат тұрады. Біздің айлығымыз 3000 манат болса, қалай арықтаймыз?» – дейді мәдениет қызметкері.

Орталық Азияда мұндай «артық салмақпен күрес» кампаниялары бұған дейін де болған, бірақ көбіне полиция қызметкерлеріне қатысты жүргізілді.

Түркіменстан: 2019 жылы артық салмақты полицейлерді жұмыстан кетіру немесе спортпен айналысуға мәжбүрлеу тәжірибесі енгізілді. Сол жылы «полиция қызметкерінің салмағы 100 кг-нан аспауы керек» деген норма бекітілді.

Өзбекстан: Президент Шавкат Мирзиёев 2019 жылы «артық салмақты милиция қызметкерлері елге қажет емес» деп мәлімдеді. Оларға 3-6 ай ішінде қалыпқа келу міндеттелді.

Тәжікстан: 2017 жылы ІІМ милиция қызметкерлерінің салмағын 75 кг-нан асырмау нормасын қабылдады. Сол жылы ондаған милиционер жұмыстан қуылып, жүзге жуық қызметкерге ресми ескерту жасалған. 2024 жылы тағы 26 артық салмақты полицей қызметінен босатылды.

Қазақстан: Мұнда талап негізінен патрульдік полиция мен арнайы жасақ қызметкерлеріне қатысты. Басқа салаларда қатаң норма жоқ.

Тегтер: