Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:44

Түрікменстанда жүкті әйел президент кортежі кесірінен көз жұмды

Жедел жәрдем көлігі
Фото: ЖИ

Түрікменстанда жүкті әйел ауруханаға бара жатқан көлікте қаза тапты.

Олардың көлігін президент Сердар Бердімұхамедовтің кортежі өтіп жатқандықтан жолда тоқтатқан.

Қайғылы оқиға қалай болған

15 қазанда президент Бердімұхамедов Түркменабад қаласындағы Ниязов атындағы химия зауытында минералды тыңайтқыштар өндіретін жаңа кешеннің іргетасын қалау рәсіміне қатысқан. Сол күні қаладағы бірнеше көше жабылып, көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысы шектелген.

Медициналық қызметкердің айтуынша, жүкті әйел ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болған.

«Күйеуі әйелін өз көлігімен алып келе жатқан. Себебі жедел жәрдем олар тұрған жерге жете алмады. Қауіпсіздік қызметі олардың көлігін өткізбеген. Әйел уақытында медициналық көмек ала алмай, іштегі баласымен бірге көз жұмды», – деген дәрігер Азатлыкқа.

Тізерлеп тұрып жалбарынды

Полициядағы дереккөздің мәліметінше, ер адам жолды жапқан күш құрылымдарының өкілдеріне тізерлеп тұрып көлікті өткізуін өтінген.

"Ол жылады, жалбарынды. Бірақ ешкім тыңдамады. Қауіпсіздік өкілдері “қалалық ауруханаға айналма көшелермен барыңыздар” деді. Сол жолда әйелі оның қолында жан тапсырды. Ауруханаға жеткенде дәрігерлер “тым кеш келдіңіздер” деп, дереу полиция шақырды", – дейді оқиғаның куәгері.

Үндемеу туралы ескерту

Полиция дерегінше, келесі күні күйеуімен азаматтық киімдегі қауіпсіздік қызметкері сөйлесіп, оқиға туралы еш жерде айтпауға қатаң ескерту жасаған. Оқиғадан кейін олардың үйі бақылауға алынған. Ер адам президентке шағым жазатынын, БҰҰ мен БАҚ-қа хабарласатынын айтқан. Сол кезден бастап оған қауіпсіздік қызметкерлері келіп, “балаңның болашағын ойла, бір ұлың бар" деп қорқытқан.

Көшелердің жабылуы – үйреншікті көрініс

Азатлык редакциясы оқиғаға байланысты Лебап уәлаятының полициясы мен денсаулық сақтау басқармасынан түсініктеме алуға тырысқанымен, ешқандай жауап ала алмаған.

Түрікменстанда жоғары лауазымды тұлғалардың өңірлерге сапары кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Көшелер мен жолдар бірнеше сағатқа жабылып, көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысы тоқтатылады.

Жергілікті тұрғындар мұндай шектеулер халықтың күнделікті өміріне айтарлықтай әсер етіп, әсіресе науқастар мен жедел көмек қажет адамдарға қиындық туғызатынын айтып келеді.