Түркология ардагері

Ұлағатты ұстаз, түркітанушы ғалым, қазақ әдеби тілінің қалыптасуын зерттеушілердің бірі, филология ғылымының докторы, профессор Бабаш Әбілқасымов осы жылы қараша айының басында 90 жасқа толды.
![]() |
Біз білетін тіл білімі саласының білгір мамандары көп, бірақ солардың ішіндегі білімді де бірегейі, түркология ардагері – Бабаш Әбілқасымұлы. Ұстаз-ғалым құм Нарынның жиегінде туып, еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастаған жан. Момақан қоңыр тірлігімен күні бүгінге дейін дамылсыз еңбек етіп келеді. Ғалымның өмір жолы туралы талай айтылып та, жазылып та жүр. Бізді таңғалдыратын жағы – ғылымдағы табыстарымен, қалдырып келе жатқан өзіңдік қолтаңбасы. Бабаш Әбілқасымұлы – қазақ жазба әдеби тілі туралы алғаш анықтама беріп, кезең-кезеңге бөлген алғашқы қазақ тіл мамандарының бірі. Осы терминге қатысты қазақ лингвистерінің пікір айтпағандары кемде-кем. Бірақ оларды нақты кезеңдерге бөліп, ол кезеңдерді өзінің тұжырымымен дәйекті түрде дәлелдеп шыққан тіл ғылымының майталманы Бабаш аға ғана. Ол кісінің ғылыми уәждерін, көзі тірісінде тіл білімінің анасы саналған академик Рабиға Сыздықова апамыз да мойындаған болатын.
Біз майталман ғалым, түрколог Бабаш ағамыздың Әбілғазының «Түрік шежіресі» мен Ш.Ибрагимов туралы зерттеулеріне кеңірек тоқтала кеткенді жөн көрдік. Оның Әбілғазы туралы зерттеулері жалпы түркология ғылымының ерекше табысы мен жетістігі саналса, Шахмардан Ибрагимов туралы зерттеулері мен жаңалықтары – шығыстанудағы шоқантану саласына қосқан зор үлесі. Алдымен түркология тарихында ерекше орын алатын Әбілғазының Түрік шежіресіне қалай кіріскені туралы еске алайық.
Осынау күрделі және дүниежүзілік аса құнды тақырыпқа Бабаш аға үлкен дайындықпен келген болатын. Өйткені ол бүған дейін «Дала уәлаяты» мен «Түркістан уәлаяты» газеттері сияқты күрделі және қиын тақырыптарды қолға алған еді. Көз майын тауыса зерттеп, мұрағаттарды аралады, араб қарпін үйренді, талмай ғылыми кітаптар ақтарды. Демек, ол Әбілғазы мұрасын зерттеуге дейін ғылымның талай тар жол, тайғақ кешуінен өтті, ғылымға төселді.
Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихын зерттеу және оны «Дала уәлаяты» газетінен бастау Бабаш ағаға Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл білімі институтына аспирант болып келген алғашқы күнде тапсырылған болатын. Бабаш аға ұлт тарихындағы алғашқы қазақ газеті – «Дала уәлаяты» газетінің халқымыздың әдеби тілінің қалыптасуындағы орнын жан-жақты зерттеуге тиісті болды. Газетте жарық көрген барлық мақалаларды зерттей жүріп Бабаш аға көптеген жазба нұсқалардан іздестіріп, қазақтың әдеби тіл тарихын ХVІІІ ғасырдан бастауды ұсынғандардың бірі болды. Бұл ғылымдағы жаңалық болатын. Ол Қырғыз ССР Ғылым Академиясының академигі, түркітанушы ғалым И.А.Батмановтың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады.
Келешегінен мол үміт күттірген жас ғалым Б.Әбілқасымовты Тіл білімі институтының басшылары институтқа жұмысқа қалдырады. Осылайша, оның түпкілікті ғылым жолына түсуіне үлкен мүмкіндік ашылады. Алғашқы ізденісі ХІХ ғасырдың 80 жылдарында Омбы қаласында шығып тұрған «Дала уәлаяты» газетінің (1888-1902) тілін зерделеумен басталса, кейін бұл газеттен 18 жыл бұрын Ташкент қаласында шығып тұрған «Түркістан уәлаяты» газеті (1870-1883) қосылады. Осы газеттердің тіл ерекшеліктерін сөз ету арқылы қазақ әдеби тілінің өткен ғасырдағы тарихын сипаттаумен қатар, оның бетінде көтерілген ана тіліміздің байлығын дамыту, оның емлесін жетілдіру жайлы неше түрлі мақалалар мен пікірлердің болғанын жан-жақты көрсетті. Сол зерттеулердің соңы, мұндай газеттердің тілін салыстыра зерттеу нәтижесінде «Алғашқы қазақ газеттерінің тілі» атты монографиясын дүниеге әкеледі.
Бабаш аға ғылымға араласқан 1960 жылдарға дейінгі кезеңде қазақ әдеби тілінің тарихы тиянақты қолға алынбаған сала болатын. Тіл тарихынан мақала жазған ғалымдарымыздың еңбектері нақтылы әдеби, жазба нұсқаларды зерттеудің негізінде жазылған жұмыстар емес еді, көбіне бірер деректердің негізінде айтылған тұжырымдар ғана болатын. 1960 жылдардан бастап, яғни Тіл білімі институты жеке шаңырақ көтеріп, жоспарлы зерттеу тақырыптары енгізілгеннен бастап, тіл тарихын, оның ішінде әдеби тіл тарихын монографиялық деңгейде зерттеу қолға алына бастады. Осы орайда, ең алдымен қазіргі ұлттық әдеби тіліміздің негізін қалыптастырған Абай мен Ыбырай шығармаларының тілі зерттеліп, олардың жаңа жазба әдебиетті қалыптастырудағы қызметі айқындалды. Бабаш аға осы мәселемен тікелей айналысты және көптеген деректерді зерттеулері де өте сәтті шықты. Бұрын зерттеушілер тарапынан кейбір жазба нұсқалардың аты аталғанымен, ол деректерді Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Орынбор, Ташкент қалаларының мұрағат қорларынан іздестіруге тура келді. Б.Әбілқасымовтың бұл салада талмай ізденуінің арқасында бұрын ғылым дүниесіне беймәлім қазақ тіліндегі бірсыпыра жазба, баспа жәдігерлер мен құнды құжаттар табылып, олардың жазылу тарихы мен тілдік, стильдік ерекшеліктері талданып, ғылыми айналымға енді. Бұл орайда Ыбырай Алтынсариннің өз қолымен бірінші санын даярлап, баспаға ұсынған «Қазақ газеті» атты қолжазба газеті (оны шығаруға патша үкіметі рұқсат бермеген) мен «Шариат әл-ислам» атты кітабын (1884), Абайдың қатысуымен жазылған«Қарамолла съезіне жасалған ережені» (1894), Н.Ильминскийдің «Самоучитель руский грамоты для киргизов» (1861), В.Катаринский шығарған «Қазақ календарын» (1897), сол тұста баспа бетін көрген қиссалар мен миссионерлік әдебиеттердің қазақша аудармаларын, т.б. жиыны елуге тарта үлкенді-кішілі жәдігерліктерді атауға болады. Бұл жазба мұраларымыздың тіл ерекшелігін, жанрлық, стильдік сипатын зерделеудің арқасында ХІХ ғасырдағы жазба әдеби тілімізді жан-жақты сипаттауға мүмкіндік туды.
Зерттеушінің 1982 жылы жарық көрген «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» атты монографиясы осы мәселеге арналды. Онда ол ХІХ ғасырдағы қазақ әдеби тілін көркем әдебиет стилі және ресми құжаттар стилі бағытында қарастырды. Қорыта айтқанда: Б.Әбілқасымовтың ғылыми айналымға енгізілген мұрағаттарының қай-қайсысы да негізі Абай, Ыбырайдан басталатын жаңа жазба әдеби тілімізді жан-жақты саралауға өз үлесін қосатын жәдігерліктер болып табылды. Бұл сөз етілген мұралардың тілін сипаттап, олардың әдеби тілді қалыптастырудағы қызметін көрсеткен зерттеуі негізінде Б.Әбілқасымов «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады.
Кемеліне жан-жақты келген, білімі мен тәжірибесі толысқан Бабаш аға енді осымен тоқтап қалмай, ғылыми ізденістерін тереңдете түсіп, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы жазба ескерткіштер тілін қарастырды. Солардың бірі – ХVІІ ғасырда жазылған Әбілғазы Бахадүрдің «Түркі шежіресі». Бұл шығармаға қатысты ізденістер Түркология тарихындағы белгілі ескерткіш тілінің ескі қазақ әдеби тіліне тым жақын екендігін көрсетеді. Себебін Бабаш аға бұл шығарманың көне қыпшақ тілінде жазылғандығынан деп дәлелдеді. Оның бұл тұжырымдары 2001 жылы жарық көрген «Әбілғазы ханның «Түркі шежіресі» және оның тілі» атты еңбегінде жан-жақты баяндалады.
Жалпы Хорезм халқының тілі қыпшақ тіліне жақын. Оның себебі алыста жатыр. Хорезм жеріне қыпшақ мәдениеті ХІІ ғасырда Шыңғыс ханнан бұрын келгені тарихтан белгілі. Ал ХVІІ ғасырда сол өңірде қыпшақ тайпалары көп екені Әбілғазы шежіресінде жақсы баяндалады. Осының бәрі Әбілғазы кітабының тілі сол замандағы Хорезм түркі тайпаларының тілі болса, ол, әрине, қазақ тіліне жақын болатыны заңды құбылыс.
Бабаш аға осы кітабында қазіргі қазақ тілімен Әбілғазы кітабының тілінің грамматикасын салыстыра зерттепті. Бірінші тарау – фонетикалық ерекшелігі туралы. Одан ары «Түркі шежіресінің» грамматикалық құрылысы тарауында
қосымшалар жіктелген. Сөз тудырушы: есімнен есім сөз тудыратын және етістіктен сөз тудыратын; Сөз байланыстырушы: көптік жалғау, септік жалғау, жіктік жалғау; Есімдер: а) есімнен есім тудыратын жұрнақтар; Көптік жалғау. Одан ары септік жалғаудың бәріне мысалдар келтірген. Шежіредегі сөйлемдер мен сөз тіркестерінен мысалдар алып, қазіргі қазақ тілі грамматикасымен салыстырған.
«Тәуелді жалғау» бөлімінде І, ІІ, ІІІ жақтардағы жұрнақтарды қазіргі біздің тіліміздегі жұрнақтарымен салыстырып жан-жақты көрсеткен. Одан ары қарай «Сан есім» деп аталатын тарауда: есептік сан есім мен реттік сан есім, жинақтық сан есім, болжалды сан есім және бөлшектік сан есімдерді салыстыра отырып жіктелген. «Есімдік» атты тарауда: жіктеу есімдіктері, сілтеу есімдіктері, жалпылау есімдіктері, өздік, сұрау есімдіктері, белгісіздік, болымсыздық есімдіктері зерттелген.
Етістіктерді: өздік етіс, ырықсыз етіс, өзгелік етіс, ортақ етіс деп жіктеген болса, етістіктің райларын және шақтарын (болжалды келер шақ, өткен шақ) да жан-жақты жіктеп, зерттеп қазақ тіліне жақын екенін көптеген мысалдармен көрсеткен. Одан ары қарай үстеулер мен шылауларды зерттегені көрсетілген.
Аса құнды тарау – «Шежіренің синтаксистік құрылысы» деп аталады. Мұнда жай сөйлемдер мен құрмалас сөйлемдердің құрылысы қазіргі қазақ тіліндегі синтаксиспен салыстырылған. Соңғы тарау «Шежіре лексикасының тақырыптық топтары» деп аталады.
Осының бәрі Бабаш ағаның майталман түрколог екенін көрсетеді. Оның есімі дүниежүзінің атақты түркологтерімен қатар тұратыны – бізге үлкен
мақтаныш. Ол Әбілғазы кітабын түбегейлі зерттеді және қазіргі қазақ тілінде бірнеше рет жарыққа шығарды. Осы қыруар еңбек – тек Бабаш аға сияқты еңбекқор ғалымның ғана тісі бататын жұмыс.
Б.Әбілқасымовтың гуманитарлық ғылымның шоқантану саласына сіңірген еңбегі де өте үлкен. Оның осы салаға сіңірген еңбегін айтсақ ерекше қанаттанып, делебеміз қозып кетеді. Біз, шоқантанушылар, Бабаш ағаға бұл ретте қарыздармыз және борыштармыз. Ол тек Шоқан мен оның айналасындағы адамдардың эпистолярлық мұрасының әдеби тілін ғана зерттеп қойған жоқ, сондай-ақ Ш.Ибрагимовке қатысты құнды жаңалықтар ашты. Бабаш ағаның Шоқанның шәкірті Шахмардан Ибрагимовке қатысты жаңалық ашуы – заңды құбылыс.
Ш.Ибрагимов – 1871 жылдан бастап жаңа ашылған «Түркістан уәлаяты» газетін басқарған тарихи тұлға. Ол туралы жаңалықты әрине сол газетті көп зерттеген Бабаш аға ашпаса кім ашады? Шоқанның қамқорлығын көрген және қазақ ғалымы туралы аса құнды естелік жазып қалдырған Шахмардан Ибрагимовтың ұлты көп жерде татар деп жазылды. Оның татар баласы болуына шоқантанушылардың бәрі күдікпен қараған еді. Алайда Бабаш аға ашқанша, ешкім дәлелдей алмады. Егер Ш.Ибрагимов татар баласы болса, Шоқанмен өте жақын достық қатынаста болуы екіталай болатын. Себебі патша отаршыларына қызмет етуші татар чиновниктері мен моллаларын Шоқан жеккөрді. Тіпті Омбы басшыларына жазған рапортында округтегі молланың санын қысқартыңыз, бір молла жарайды деп жазды. Жалғыз Шоқан емес, Қазақстанның қай шетінде болса да, татар қызметкерлері, моллалары және саудагерлері патша үкіметінің қолдауына арқа сүйеді. Олар тілмаш сияқты әртүрлі қызметтер атқарса да, астыртын жансыздық (шпиондық) жұмыстар жүргізген.
Сондықтан қазақтың барлық аймақтарынада «Татар бар жерде – қатер бар» деген мақал қалыптасқан. Осындай жағдайда қазақ ғалымы Шоқанның шәкірті татар баласы болуы мүмкін емес еді. Міне осы туралы Бабаш аға Ш.Ибрагимовтың татар емес, башқұрт халқының баласы екенін нақты мәліметтер тауып, дәлелдеп, шоқантануға үлкен үлес қосты. Шын мәнінде, бұл жағдай шоқантанушылар үшін үлкен сый болды. Біз, шоқантанушылар Бабаш ағаға ырза болғанымыз соншалық, алғыс айтып бас иеміз...
Башқұрт пен қазақ халқы арасында ғасырлар бойы қалыптасқан туысқандық пен достық қатынас бар. Тарихымыздың осы саласын да алдымен Шоқан жазған еді. Башқұрттардың Ресей отаршылдарына қарсы көтерілістеріне қазақтар барлық уақытта көмектесті. ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы Башқұрт халқының екі үлкен көтерілісіне Кіші жүз ханы Әбілхайыр көп көмек берді. Осындай тарихи жағдайлар туралы, әсіресе қазақ-башқұрт достығының тарихына арналған және Ресейдің қанқұйлы саясатына байланысты документтерді Шоқан өзі көп жинаған еді. Шоқанның шәкірті қазақ халқы үшін жан аямай адал қызмет еткен Ш.Ибрагимов Ташкентте «Түркістан уәлаяты» газетін шығарып жатқанда, 1874 жылы сонда тағы бір башқұрт жігіті Әбубәкір Диваев қызметке келді. Оны да Ташкентке алып келген Шоқанды ерекше құрметтейтін генерал губернатор Кауфман болатын… Ә.Диваевты біздің оқушыларымызға таныстырып жату артық болар. Тек Мағжан Жұмабаевтың сол кісі туралы: «… Елге еңбегін сіңірген ер қымбат. Ердің елге бағасы – қаны бір болуда емес, жаны бір болуда; қуаныш-қайғысы ортақ болуда. Ердің бағасы – елге еткен еңбегінің зор яки кішілігінде емес, ел деген жүрегінің таза болуында; тілегінің елмен ортақ болуында; ер өмірінің өрі мен көрі – ел өмірінің өрі-көрімен бір болуында», – деген аталы сөзін келтірсек жеткілікті болар деп ойлаймыз. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан айтқан қанатты сөздер жалғыз Ә.Диваевқа ғана емес, Ш.Ибрагимовке де айтылғандай, біздің жүрегімізді тітіркендіріп тербетеді.
Бабаш аға тіл білімінде еңбек еткен 60 жылдан астам уақытта ғылыми ізденістерімен қатар, ұстаздық қызметті де аса жемісті атқарды. Тіл тарихынан шәкірт даярлауға да ерекше үлес қосты. 16 ғылым кандидатын, 2 ғылым докторын тәрбиелеп шығарды. Б.Әбілқасымовтың қаламынан 12 монография, 300-ге жуық ғылыми-көпшілік мақалалар туды. Солардың басым көпшілігі әдеби тіліміздің тарихына арналған.
Ғалымдығы мен ұстаздығы үкімет тарапынан да жақсы бағаланды. «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Құрмет грамотасымен, Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің озық қызметкері деген құрметті атақпен марапатталды. «Исатай ауданының құрметті азаматы» атанды. «Түркі шежіресі және оның тілі» деген монографиясына Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлық табыс етілді. Әттең, академик дәрежесіне жеткенінде нұр үстіне нұр болар еді. Ол Бабаш ағаның өзіне байланысты емес.
Аз да болса, аталған сыйлықтардың бәрі – тынымсыз ізденістің, қажырлы еңбектің белгісі. Қазақ әдеби тілінің көптеген келелі мәселелерінің көзін ашып, көңіл тұшытар ғылыми еңбектер туындатып келе жатқан айтулы ғалым, түркологияның тарланы және майталманы. Көкейінде түйгені мен айтары көп, өмірлік мол тәжірибе жинақтаған ұлағатты ұстаз көптеген қажырлы еңбегімен 90 жасын толтырып отыр. Түркология ардагері және майталманы Бабаш ағамызға денсаулық тілейміз!
Қазақ ғалымдары дүниежүзілік білім саласында, Түркология саласында Бабаш ағаның атымен мақтанады.
Самат ӨТЕНИЯЗОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты
Сансызбай МӘДИЕВ,
филология ғылымдарының кандидаты