Түркістан әкімі Дархан Сатыбалды жаңа қызметке тағайындалды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қызметінен босатылып, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
«Мемлекет басшысының жарлығымен Дархан Сатыбалды Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды, ол бұрын атқарған қызметінен босатылды», - делінген хабарламада.
Дархан Сатыбалды 1974 жылы 26 наурызда дүниеге келген, Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ гуманитарлық-заң университетін бітірген. Экономист-менеджер, заңгер;
1991 жылы Келес ауданы «Коммунизм» бөлімшесінің қызметкері болған;
1996-1999 жылдары - Келес ауданы «Келес» мемлекеттік кәсіпорнының аға экономисі, Ақмола облысы «Құрақов и К» ЖШС бас есепшісі;
2000-2002 жылдары мемлекеттік органдарда бюджеттік рәсімдердің орындалуын бақылау кеңесінің жетекші, бас бақылаушы-ревизоры;
2002-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бюджеттік жоспарлау және қаржылық бақылау бөлімінің көмекшісі, кеңесшісі, бас сарапшысы және сектор меңгерушісі.
2006-2007 жылдары - Астана қаласы әкімдігінің «Жылу» мемлекеттік кәсіпорнының директоры, Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі комитетінде жұмыс істеген;
2007-2010 жылдары – Білім және ғылым министрлігі Бюджет департаменті директорының орынбасары, Қаржы департаменті директорының орынбасары, Ғылым комитеті төрағасының орынбасары;
2010-2013 жылдары – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлім бастығы. Премьер-Министр Кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары;
2013-2015 жылдары – Шымкент қаласының әкімі;
2015-2017 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары;
2018-2019 жылдары Парламент Сенатының Шымкент қаласынан депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі тұрақты комитетінің мүшесі;
2019 жылдың 18 наурызынан бастап Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі қызметін атқарды;
2022 жылдың 31 тамызында Дархан Сатыбалды Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды.