Түркістан мен Түбекке тел өскен (Ақын Темірхан Медетбектің өмірден өткеніне бір жыл)
Темірханды тани білу керек. Оның ақындығы бір асқаралы шың. Ол туралы айтылар сөз көп, көп сөз айтылды да. «Сөздің әуресі мен көздің әуресінен» (Қадыр) бастап, «Қазтуғаннан Қазақ кеңес ақынына дейінгі» ойлар ақ қағазға түзілді. Бәрінің жөні бар. Менің айтпағым – қаламгердің ақындық азаматтығы мен қайраткерлігі хақында.
Ақынның бәрі азамат емес. Тіпті қазір көруге көз ұялатын ақындар жүр арамызда. Оларды қазақта Мұқағали, Төлеген, Өтежанға, орыста Есенин мен Рубцовқа телиін десең, тіпті азаматтығы ақындығынан көш кейін жатыр. Студент күнімізде Мұқағалидың соңынан еріп жүріп, азаматтығына куә болдық. Әйел баласына бағыштап жаман сөз айтпайды және өзгелердің де аузына тап басып тыйым салады, өзі де біз секілді інілерінің алдында лас сөзге қызыл тілін қор қылмайды екен. Ал қоғам, өмір, ауыспалы кезең қазіргілердің азаматтығына көлеңке түсірді дейін десең, олар бұрын да осылай-тұғын. Ауыспалы кезең бәрін бүркемелеуге таптырмас құрал болды.
Ол – ақын, ақындықпен қоғам қайраткерлігіне көтерілген тұлға. «Егемен Қазақстанда» меншікті тілші боп жүріп, «Өмір және өлең» деген айдар ашып, осы айдар аясында «Шегірткелер», «Алаяқ», «Ұры заман», т.б. көптеген өлеңдерді өмірге әкелді. Осы буындағы ақын бола тұра қара сөзбен де ой айтып, айналасын таңғалдырып, жоғарыға жарлықсыз үкім – өмір үкімін ұсынған жалғыз ақын осы. Оның көсемсөздерінде пенделіктен қаламгерлік қасиеті биік тұрады. Сосын келешекті тәрбиелеуге деген бір педагогтік сарын жатады. Бәлкім, бұл Абай атындағы педагогика институтын бітірген ақынның педагогика теориясын шағып оқығандығынан ба екен.
Шегініс жасасақ, шегіртке шіркінің елді, жерді, жаңа астананы қаптап кеткенде бұқаралық ақпарат құралдарында ветеринар-дәрігерлер сөз алды, оның зияны мен сақтандыру жолдарын сөз етті. Сонда ақын аға басылымның бірінші бетінде, қаулы мен жарлықтардың бетін қайтарып тастап бүй деді:
Ойлаумен әрбір сағат, әр күнімді,
ар жылап, жүрек күйіп жан бүлінді.
Бұлт болып шегірткелер қаптап ұшып,
Жалмауда астығымды, шалғынымды.
Көбейіп кетті қазір желіккен ер,
(Ғұмырым желіккеннен жеріп келем).
Тек астық, шалғынды емес,
байқайсың ба,
Өмірде қаптап кетті шегірткелер.
Қарасам уақыттың қабағына
Жабығып жас үйірілер жанарыма.
Бұл күнде ұлтым менен ұлы далам,
Түсіп тұр шегірткелер талауына...
Бұл сегіз шумақ өлеңнің үш шумағы ғана. Ол айтар ойын өлең сөзде қыз бұрымындай осылай өріп айтса, қара сөзде де құрмалас сөйлемнен құралған ойын осылай айқын да дәл жеткізеді. Осы өлең шыққанда өмірге наразы адамдар бір сәт ризалықпен екі алақанын қалай шарт соққанын білмей де қалса керек, ауылдың өлең оқитын ақсақалдары: «Дәл үстінен түсіпті-ау, қызыңды...», – деп, ащы насыбайды ерінге атып жіберуі де кәдік. Не де болса, уақыттың тамырын дөп басып, адамды риза кейіпке бөлеген ақын – ақын. Ол қоғамнан, уақыттан бөліне алмайды. Ол уақыттың ащы сыйын көрген қара сүйел болуы да кәдік, бірақ «көзге шыққан сүйелдей» ақындардың жыры ұзақ, олар – мәңгілік.
Иә, тәуелсіздік алдық, заман өзгерді. Адам өзгерді. Тіпті бір-бірімізді тани алмай қалдық. Бірге туған бауырлар бір-бірінің өлігінің үстінен аттап өте беретін халге жетті. Елде алаяқтар шегірткедей қаптады. Өмірге «Алаяқ» деген өлең келді.
Мұңайып сөйлесең –
Өмірден тәшпіш көріп,
Жүрегіңнен қан сорғалап тұрғандай.
Тыңайтып сөйлесең –
Тіліңнен –
Бал сорғалап тұрғандай.
Кімді болса да
Алдап аласың,
Арбап аласың.
Жең ұшымен жалғасып
Жалдап аласың...
Өмірмен алысқан ақын тағы да тап басып, Адам атты биік жаратылыстың жеткен деңгейін ашына көрсетіп тұр. Көру оңай, көрсету қиын.
Енді ақынның көсемсөзіне келейік.

«Жас Алаштың» бетінде қазақтың белгілі ақыны, қоғам қайраткері Темірхан Медетбектің үлкен мәселені қозғаған маңызды мақаласын оқып, терең ойға қалдық. «Шынында да, ру-тайпалық тұрғыдан үш топқа, тілдік бағдары жөнінен екі топқа бөлініп жататын қазақ жамағаты, енді дүниетанымдық және ділдік саласы жағынан «мәңгүрт» және «мәмбет» болып тағы да жіктеле бастапты. Қазақтың бірлігіне мүдделі емес үшінші бір күштер осылайша ат төбеліндей қазақты одан әрі майдалап, тұқымымызды құртуға шындап кіріскен сыңайлы».
Иә, бұған бастаушы болған да Темірхан. Ол «Бір ұлт неге екі тілде сөйлейді?» деп, республикалық аға басылым «Егемен Қазақстанда» мәңгүрттікке қосылғалы тұрған зомбилықтың да басын ашып көрсетіп берді, тілі кесіліп, тірі өлікке айналғалы тұрған ұлт тағдырын, вандализм элементтерінің біздің жүрегімізде жапырақ жайып, жеміс беріп, өсіп-өркендеп келе жатқандығын ышқына жеткізді. «Тіл туралы» заңның орындалуын ол Айтматовтың «Боранды бекет», Кекілбаевтың «Дала балладалары», жапон Муракамидің «Зомби» романдарын талдай отырып дәлелдеді. Біздің түйгеніміз, ақын – сарапшы, әдебиет сарапшысы, көп оқығандығы бір шумақ өлеңінен, бір жол қара сөйлемінен көрініп тұрады. Оқығаны мен тоқығанын санада сирек қорытып, өмірдің күнгейі мен көлеңкесін нысанаға дәл алып, садақтың жебесіндей дөп тартып отырады. Егер әдебиеттен сабақ берсе, ол аудиторияны еркін игеріп алған Мұқаңдай маңғаз лектор болар ма еді. Ол – оқырман қауымның аудиториясын еркін иемденген қаламгер. Бұған оның кітабын ұстап қолтаңба алып, есігіне тыным бермей кіріп-шығып жүрген оқырман көпшілік куә.
Бізде ұлықты жырлау дәстүрі бұрыннан бар. Біз тек Горбачев пен Колбинге жыр арнап үлгере алмадық. «Қайта құру дегенім, қайта құру, атымды қайта ерттеп, қайта міну» деп төкпе ақындар айтыста төгіп-төгіп тастады. Жазба ақындар уақыттың тезін күтті. Темірханның уақыт тезіне баға берген «Колбин келгенде» деген өлеңі бар. Оған бару үшін әуелі Сталинге арнаған екі өлеңін оқиық. Біріншісі – «Сталин өлген күні». Бұл – Юлиан Семеновтің бір кітабы үшін Александр Солженицыннің екі кітабын қосып беретін, ал Солженицыннің екі кітабы үшін он жыл беретін немесе қырманнан бір дорба күріш алған шаруа 10 жылға итжеккенге айдалатын тәртіптің қатаң кезі еді. Бұндай мысалдың көкесі «Архипелаг Гулагта» жыртылып айырылады. Ауылдағы қара шаруа Қожан Сталин өлген күні көңілді жүрді. Ол тумысында дала тектес маңғаз. Алпыс екі тамырын апиын буы алып, құлап-сүрініп келе жатқан Қожанның жүрісі қызыл жағалар үшін ерекше қылмыс боп есептелді. Бірақ сол күні сол ауылдан Қожан болмаса да «бейәдеп» біреу істі боп кетуі тиіс еді. Сталин өлгенде сегіз жасар бүлдіршіннің санасына тәңірім осы суретті болашақта өлең ғып жаз деп, өмірі өшпестей етіп сақтап қалды. Ол сол сұрқия суретті ел игілігіне жаратты. Сталинді жоқтай алмаған Қожан ағасының, Қожан секілді адал кеткендердің ақысын өлеңмен алып берді.
Иосиф Виссарионович Сталин!
Сен бізге не көрсетпедің!
Қазақ дегенде
Солтүстік мұзды мұхиттай
Көкпеңбек боп безеріп
Қатып жаттың.
Қаһарыңды төгіп,
Оғыңды боратып
Атып жаттың.
Халқыма
Екі дүниеде кешірмейтін
Қастық алып келдің.
Бұрын-соңды
Көз көріп,
Құлақ естімеген
Аштық алып келдің...
Елімнің көз жасы –
Сақалынан! –
Алпыс тарам боп
Сорғалап ақты.
Немерелер мен балалар
Әкелері мен
Аталарын күтіп –
Тоңқайып –
Жол қарап жатты...
Бұл – «Сталин» деген өлеңнен үзінді. Сол жол қарағандардың ішінде Қожан сорлының немере, шөбересі, қазақ баласы түгел тұр.

Сталин өлгесін 43 жылдан кейін, қазақ әбден кемеліне келіп, «достық лабораториясына» айналған тұста оны билеуге Орталық Колбинді жіберді. Желтоқсан ызғары Біріншіні Алматыға беттетпей қойды, жастардың ашу-ызасы бет қаратпады. Сонда бір ақын: «Оңбағандар, маскүнемдер, біз қонақты бұлай қарсы алатын халық емеспіз, бізді неге жерге қараттыңдар!», – деп радиодан сөге сөйлесе, Темірхан ақын:
Брежнев алаңында
Ұл-қыздарымды
Қан жоса қып
Жығып салғаннан кейін,
Қолдарына бұғау,
Мойындарына
Құрық салғаннан кейін –
Әне бір ақ бас
Бақа құсап тарбаңдап
Колбинмен
Жылап көріскен.
Әне бір қақбас
Қоңыз құсап тоңқаңдап
Колбиннің аяғына жығылып
Құлап көріскен...
Айтатынын
Қақыратып айтқан
Азаматтарым да болған.
Ауыздығын
Қарш-қарш шайнап
Жер тарпыған
Қазанаттарым да болған.
Болған!
Бәрі де болған –
Колбиннің кезінде, –
деп өлең жазып, біздің дәуіріміздің, зиялыларымыздың бет-бейнесін ашып көрсетті. Сегіз жасында, Сталин өлген күні, Қожан көкесінің ішіп жүріп, 20 жылға сотталып кеткені бұлың-бұлың көз алдында көлеңдеп тұрып, осы өлеңді жазды. Ол бұл өлеңді жазуға міндетті еді. Өйткені ол – ақын, көкірегінде шер-шемені бар халықтың өкілі. Қоғамның томағасын сыпыра суреттеуді қайраткер ақын, Махамбеттің өлеңін мәтел ғып жаттап өскен ақын бірінші борышым деп біледі.
Әуезовте «іні-дос» деген тіркес бар. Темекең әрі аға, әрі әріптес, әрі іні-достарының еркелігін көтеруден ерінбейтін елгезек жан еді. Есігі Бақыткерейдей құрдасы мен Ибрагимдей інілерінен бір босамайды, олардың да кіріп-шығатын күнтізбеге айналған күндері бар.
– Сіз осы Адайсыз әңгіме айтпайсыз. Сізді түркістандық деп ешкім ойламайды, – дедім бірде.
– Саналы ғұмырым Маңғыстауда өтіп, ең жақсы жырларым Түбекте жазылды. Түркістан – атақонысым, Түбек – екінші жұртым.
– Түркістан мен Түбекке тел өскен ұл екенсіз...
Ол тайқазан Петербордан Түркістанға оралғанда «Тайқазан» деп жыр жазды.
Осы қазан ғажабы ғой ғажаптың,
Осы қазан қазаны ғой Азаттың...
Тұрған үнсіз ғасырларды қайнатып
Бұдан алып қазаны жоқ қазақтың...
Осы қара қазанда кәмелет жасына дейін қайнап өскен ұл тайқазанды толтыру рәсімінде «Ана тілінде» халқына сөз арнады. Ол атамекеніне, өскен жұртына адалдығын дәлелдеген азамат. Отарбамен Түркістан барса, әрмен қарай Маңғыстау пойызына отырып тартып кетеді, қайтарда Түркістаннан түсіп қалады. Ол – өзін түлеткен қасиетті жерлердің қасиетін сөзімен де, ісімен де көрсете білген қаламгер. Маңғыстау – оның табан ізі бадырайып жатқан ыстық мекен. Бір кездері мұнайшы боп келген ұлына құшағын қалай кең ашса, ол сол жердің алпыс екі әулиесіне бас иіп, әр тасын сүйген парасатты перзенті болды. Оны ақынның өзіне айтқызсақ, бүй дейді:
Ей, Маңғыстау, Маңғыстау!
Таспен үстін қаптаған,
Тіреліп кеп тоқтаған
Ақ жал толқын теңізге –
Жатқан жерсің қиянда!
Ақтарасың аңызды
Жете алмайтын қиялда.
Ендік пенен бойлық боп
Құшақтасам бұл жерді
Құшағыма сияр ма?!
«Қазақта қоңыр деген кеңістік бар, – дейді Сәкен Ғұмаров. – Майқоңыр, назқоңыр, әсемқоңыр. Қоңыр жел теңіз тербейді. Тербелген көңіл сергектеу болады. Шалшығын шапылдатып, көп сөйлеп, аз ұғатын тобыр қоңырды түсінбейді. Тектіліктің, төзімділіктің, ұлағаттың реңі – қоңыр». Өзінің қоңыр реңін тапқан ойшыл ақын Темірхан Медетбектің жазары мол. Ол жазбай отыра алмайды. Жазу – ол үшін оттегі. Оттегісіз өмір жоқ. Оның ақындығы – өлеңінде, қайраткерлігі – қайсар қара сөзінде.
Сегізінші ондыққа бет бұрған беделді буында көк түріктер сарынымен жырлаған жалғыз ақын да өзі. Мәңгүрттіктен, зомбилықтан ұлтын сақтандырып, бозторғайша шырылдап жүріп, ақындықтан қоғам қайраткерлігіне көтерілген осы бір аузын ашса, көмекейі көрінген сәби көңіл азамат, әне, қара нардай боп қара жолдың шаңын бұрқ-бұрқ басып кетіп барады.
Ол енді оралмайды.
Қуандық Түменбай
жазушы