Түркістан облысында 125 млн теңгелік алаяқтық ісі бойынша тергеу аяқталды
Түркістан облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары алаяқтық және ұйымдасқан қылмыстық топ құру фактілері бойынша қозғалған қылмыстық іс аясындағы сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Тергеу барысында 2024–2025 жылдары шетел азаматы Қазақстан аумағында ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік еткені анықталған. Топ мүшелері интернет және телефон алаяқтығы арқылы 21 жәбірленушіге 125 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірген.
Алаяқтық әрекеттер ұялы байланыс арқылы жасалған қоңыраулар арқылы жүзеге асырылған. Күдіктілер өздерін пошта ұйымдары мен байланыс операторларының қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың атына алдау жолымен несие рәсімдеп, алынған қаражатты иемденіп отырған.
Сотқа дейінгі тергеу барысында жәбірленушілерге 20 млн теңге қайтарылған. Күдіктілерге тиесілі үш автокөлікке тыйым салынған. Қалған залал сомасы сот процесі барысында мәжбүрлі тәртіппен өндірілетін болады.
Прокуратураның хабарлауынша, 20 күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Тағы екі қатысушы халықаралық іздеуде жүр. Қылмыстық іс бойынша тергеу толық аяқталған.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, өткен жылдың соңына қарай елде интернет-алаяқтық фактілері бойынша 25 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген.