Түркістан облысында әкесін ұрған жігіттің ісіне байланысты мәйіт қайта қазылды

Түркістан облысы Шардара ауданында әкесін соққыға жыққан ұлына қатысты тергеу аясында марқұмның денесі эксгумацияланды. Арнайы сот-медициналық сараптама жүргізілмек.
Айта кетейік, жақында Түркістан облысының Шардара ауданындағы Қоссейіт ауылында туған әкесін өлтіруге дейін жеткізген оқиға жарияланды. Алдын ала деректерге сәйкес, ер адам 3 қыркүйекте көз жұмған. Ол бұрыннан жүрек гипертензиясы мен омыртқа остеохондрозы диагнозымен дәрігерлердің бақылауында болған. Бірақ алған жарақаттары бойынша медициналық көмекке жүгінбегені анықталды.
Шардара ауданындағы қайғылы жағдайдан кейін ер адамға ҚР ҚК «Қасақана ауыр зиян келтіру, өлімге әкеп соғу» бабы бойынша іс қозғалып, ол қамауға алынды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта ол сот санкциясымен қамауда отыр.