Түркістан облысында “күдіктіні зорлады” деген айыппен полицей сотталды

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 8 мамыр 2025 жылы шығарылған үкім бойынша Сарыағаш аудандық соты полицей М.-ны кінәлі деп танып, тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Алайда үкім заңды күшіне енген жоқ, себебі айыпталушының қорғаушысы үкімге апелляциялық шағым түсірді.
Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы 2024 жылдың 17 қыркүйегінде, Сарыағаш аудандық уақытша ұстау изоляторында қызметтік міндетін атқарып жүріп, қамауда отырған Ж.-ны зорлаған. Қылмыс бейнебақылау камералары орнатылмаған бөлмеде жасалған.
Сотта жәбірленуші Ж. жыныстық қатынасқа ерікті түрде барғанын, алайда бұл туралы арызды жүктілік кезінде күйзеліске түскен сәтте жазғанын айтты.
Полицей өз кінәсін мойындамай, жыныстық қатынас екі тараптың келісімімен болғанын алға тартты. Алайда ол қызметтік жағдайын пайдаланғанын жоққа шығармады. Адвокаты да осы ұстанымды қолдады.
Сотта айыпталушының кінәсі сот-медициналық және биологиялық сараптамалар қорытындылары, ультрадыбыстық зерттеу нәтижелері, жәбірленушінің тергеу кезіндегі жауаптары, беттестіру хаттамалары және басқа да дәлелдемелермен расталған.
Сот айыпталушының отбасылық жағдайын және жәбірленушімен татуласуын жеңілдететін, ал құқық қорғау органдарының антын бұзуын ауырлататын мән-жай ретінде қарастырды.