Түркістанда 100 миллионға түсірілетін тарихи ролик дау тудырды
Түркістан облысының мәдениет басқармасына қарасты «Ұлы Дала Елі» мекемесі ел тарихының негізгі кезеңдерін қамтитын 3-7 минуттық тарихи бейнеролик әзірлеуге тапсырыс берген.
Алайда бұл тапсырыс көпшілік арасында дау туғызып, тексеріс бастауға себеп болды.
Желіде мемлекеттік мекеме мен жеке компания G7 Exclusive арасында 100 миллион теңгеге келісімшарт жасалғаны туралы ақпарат тараған. Ең бастысы – мердігер конкурссыз, тікелей әдіспен таңдалған. Бұл жағдай қоғам тарапынан да, мемлекеттік органдар тарапынан да күмән туғызды.
Мәдениет басқармасы мұны «Ұлы Дала Елі» орталығына арналған ақпараттық жүйелерді модерациялау және контентпен толықтыру қызметтерін сатып алу бойынша келісім болды деп түсіндірген.
Түркістан облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасы жобаның бұған дейін үш рет ашық конкурсқа шығарылғанын, алайда әр жолы конкурс өтпей қалғанын хабарладған.
Үш сәтсіз конкурс нәтижесінен кейін «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңның 16-бабы, 3-тармағына сәйкес, бір көзден сатып алу тәсілімен келісімшарт жасау туралы шешім қабылданған.
28 қарашада қол қойылған келісім құны — 100 800 000 теңге. Жұмысты орындау мерзімі осы жылдың соңына дейін белгіленген.
Кейіннен аталған келісімшарттың тоқтағаны белгілі болды. Келісімнің не үшін бұзылғаны әзірге белгісіз.