Түркістанда қыз зорлады деп күдікке ілінген полицейлер жұмыстан босатылды
Түркістан қаласының 18 жастағы тұрғынының жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты шағымы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Түркістан облыстық полиция департаментінің қызметкерлері ішкі тексеріс нәтижесінде қызметтен босатылды. Тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынды.
Оқиғаға қатысты ақпарат әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін кең қоғамдық резонанс тудырды. Жәбірленуші қыздың мәлімдеуінше, жыныстық сипаттағы зорлыққа Түркістан облысы полиция департаментінің үш қызметкері қатысы болуы мүмкін.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің хабарлауынша, аталған дерек бойынша жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу фактісімен қылмыстық іс тіркелген.
«Бұрынғы полиция қызметкерлерінің бұл іске қатыстылығы жан-жақты тексеріледі және сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында принципті құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді ІІМ өкілдері.
Сонымен қатар қызметтік тексеріс жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша аталған қызметкерлер ішкі істер органдарынан теріс себептермен, яғни қызметтің беделіне нұқсан келтіргені үшін жұмыстан шығарылған.
Қазіргі таңда тергеу органдары істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған процессуалдық әрекеттер кешенін жүргізіп жатыр.