Түркістанда 68 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр

Соңғы жылдары Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Көпқабатты зәулім үйлер мен заманауи шағынаудандардың бой көтеруі – өңір дамуының бір белгісі.
Алайда мыңдаған отбасы бұл игілікке қолы жетпей отыр. Жарқын көріністің көлеңкесінде әлі де шешімін таппаған түйткілдер жетерлік. «Әділетті Қазақстанды» орнатуға күш салып жатқан қазіргі билік құлақ асады-ау деген ниетпен түркістандықтардың бұл тұрғыда айтары бар.
Баспанамен қамту мәселесіне келгенде статистика әдемі жасалып жатқанымен, іс жүзіне келгенде ақсап тұрған жайтты айтпай кетуге болмайды. Мысалы, 2023 жылы облыста пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы көлемі 903 мың шаршы метрге жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,5% өсім бар деген сөз. Алайда осы үйлер кімдерге бұйырып жатыр? Статистикаға үңілсек, былтыр салынған баспаналардың 68,7%-ы халықтың өз қаражатына тұрғызған жеке үйлер. Демек, шамасы жеткендердің хал-қадірінше амалдап жатқаны. Ал қалғаны көпқабатты үйлерге тиесілі. Сайып келгенде қарапайым халыққа қолжетімді пәтер үлесі мардымсыз болып отыр.
Облыста мемлекеттік бағдарламалар аясында да біршама жұмыс атқарылған. Мәселен, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 400-ден аса отбасы баспаналы болыпты. Алайда Түркістан облысында тұрғын үй кезегінде 68 мыңнан астам адам тұрғанын ескерсек, бұл көрсеткіш теңізге тамған тамшыдай ғана. Айта кетерлігі, жалпы халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерде тұрғын үй мәселесі қашаннан өзекті тақырыптардың біріне айналған. Соның ішінде бір Түркістанның өзі Қазақстан бойынша баспана кезегінде тұрған азаматтар саны жөнінен бірінші орында. Одан соң Шымкент қаласы – 52 257 адаммен екінші орында, Жамбыл облысы – 44 856 адаммен үшінші, Алматы қаласы – 44 189 адаммен төртінші, ал Алматы облысы – 40 028 адаммен бесінші орында жайғасқан. Осының өзі-ақ Түркістан облысындағы мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсетіп тұр.
Облыста тұрғын үй құрылысының жалпы қарқыны жақсы. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2022 жылы 352,7 млрд теңгені құраса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 409,9 млрд теңгеге жеткен. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл салаға құйылған қаржы 1 трлн теңгеден асып түсті. Яғни мемлекет те, жеке инвесторлар да бұл салаға мүдделі. Бірақ салынған әрбір кірпіш ел мұқтажын өтеп бере ала ма?!
Айта кетерлік және бір жайт, облыс ішіндегі аудандар арасындағы теңсіздік. Түркістан қаласында құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, шалғай ауылдар мен шағын елді мекендерде баспана мәселесі баяу шешіліп келеді. Қолданыстағы бағдарламалар мен субсидиялар туралы ақпарат жетіспейді. Кей азамат өз құқықтары мен мүмкіндіктерін білмегендіктен, кезекке де тұра алмай қалады.
Жалпы өзі тұрғын үйлердің ең көп саны Түркістан мен Алматы облыстарына тиесілі. 2024 жылдың мәліметі бойынша әрқайсында тиісінше 340 мың және 282 мың үй бар. Бірақ қалалық елді мекендердің ішінде тұрғын үйлердің ең көбі Алматы қаласында болса (171 мың), ауылдық елді мекендер арасында Түркістан облысы көш бастап тұр (263 мың). Еститін мемлекеттен күдер үзбесе де сарылып отыра беру жөн емес. Соны білгендер ауыл-аймақтан өз бетінше жер үй тұрғызуды дағды еткен. Осыны өз пайдасына жаратып қалғысы келгендей, мемлекет те халықты баспанамен қамту көрсеткішін осының есебінен көрсетіп қалып жатыр.
Қалай десек те, Түркістан облысында бұл тарапта істеліп жатқан жұмыс көп. Нәтижесі де айтарлықтай. Тек біз жоғарыда атаған кемшіліктер алдағы уақытта түзелсе екен дейміз.
Бекбол АМАНГЕЛДІ
Түркістан облысы