Түркістанда жалақы субсидиясына бөлінген 49 млн теңге ұрланды
Түркістан қаласында жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға арналған жалақы субсидиясын жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты.
Қылмысты ҚМА-ның Түркістан облысы бойынша департаменті анықтаған.
Тергеу мәліметінше, «Еңбек мобильділігі орталығының» бұрынғы директоры мен «Жұмыс берушілерді қолдау» бөлімінің қызметкері, сондай-ақ бірнеше жеке компания басшылары азаматтарды жалған түрде субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырып, бюджет қаржысын заңсыз алып отырған.
Орталықтың қызметкері кәсіпкерлердің ЭЦҚ-сын пайдаланып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін жалған мәліметтермен өтінімдер толтырған. Кәсіпкерлер өз таныстары мен туыстарын тартқан: оларды мемлекеттік қолдау алуға көмектесеміз деген желеумен банк шотын ашуға көндірген.
Нәтижесінде 78 адам жалған жұмысқа орналастырылған, ал мемлекетке келтірілген шығын 49 млн теңгеден асқан.
Сот үкімі бойынша үш адам 4,5 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Екі кәсіпкерге 4,5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Шығын толық көлемде өтелген.