Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:15

Түркістанның дроны Африкаға жетуі мүмкін

дрон
Фото: из открытых источников

Түркістан облысы еліміздің рухани орталығы ғана емес, енді жоғары технологиялық өндіріс ошағына айналуы мүмкін. 

Қытайлық Hunan Youhang UAV Technology компаниясы Түркістанда дрон және тікұшақ шығаратын зауыт салуға ниетті. Түркістан облысы әкімдігі мен инвесторлар арасындағы меморандумға сәйкес, зауыт индустриялық аймақта бой көтереді. Қазіржобаның алғашқы кезеңіне дайындық жүріп жатыр. Өнім нарыққа шыға бастаса, қорғаныс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, экология сияқты бірнеше салаға серпін беруі мүмкін.

Естеріңізде болса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыл тойтарыс-2023» әскери жаттығуында Қазақстан бронетехниканы, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен атыс қаруын өзі өндіруі керек екенін мәлімдеген еді. Содан кейін Алматы облысы мен осы Түркістан өңірінде екі бірдей зауыт салынуы мүмкін екені айтыла бастады.

Hunan Youhang UAV Technology компаниясы дрон өндірісінде әлемге мәлім, Қытайдағы пилотсыз ұшу құрылғыларын жасаушы жетекші зауыттардың бірі. Түркістанда ашылатын өндіріс орнының алғашқы кезеңінде жүзден астам адам жұмысқа орналасады. Ал жобаның толық қуатына шығуы кезінде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдегі кадр әлеуетіне оң әсер етуі тиіс.

Дрон демекші, ол тек әскери мақсатта ғана қолданылады десек қателесеміз. Мұндай аппараттар ауыл шаруашылығына, құрылыс пен экология саласына да өте қажет. Сондықтан олар Түркістан өңірінде кеңінен қолданылуы мүмкін. Себебі облыс егістік көлемі бойынша республикада алдыңғы қатарда, құрылыс қарқыны да жоғары. Оның үстіне, еліміздегі экологиялық жағдайы өте нашар өңірлерге таптырмас құрал болары сөзсіз.

Ауыл шаруашылығына арналған дрондардың тиімділігі бүгінде әлем бойынша дәлелденіп отыр. Дрон арқылы егістік алқаптарын күнделікті бақылауға болады. Бұл фермерге өсімдіктің жай-күйін бағалауға, ауру ошақтарын дер кезінде анықтауға және тыңайтқыш пен су ресурсын үнемдеуге көмектеседі. Сонымен қатар арнайы дрондар тыңайтқыш пен пестицидті ауа арқылы дәл және біркелкі шашуға қабілетті. Бұл әдіс жер жыртуды қажет етпей, топырақты таптамай, жұмыс өнімділігін арттырады.

Құрылыс саласы да дрон технологиясынан үлкен пайда көріп отыр. Түркістанда соңғы жылдары жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым белсенді түрде салынып жатыр. Осы құрылыс алаңдарын күнделікті қадағалау, құрылыс барысын фото және видео тіркеу, сметалық жоспарды орындау мен уақытылы бақылау – барлығы дрон көмегімен тиімді атқарылады. Әсіресе құрылыс қауіпсіздігі мен жұмыс тәртібін бақылауда таптырмас көмекші. Сонымен қатар жаңа нысан салынатын аумақты алдын ала әуеден түсіріп, 3D модельдер жасау жұмысты әлдеқайда жеңілдетеді.

Бұл технологияның тиімділігі сонша – Түркістандағы жаңа зауытта өндірілетін дрондар болашақта Қазақстанның өзге өңірлерінде де сұранысқа ие болмақ. Тіпті экспортқа шығару да жоспарланып отыр. Hunan Youhang компаниясы зауыттың үшінші кезеңінде өнімін Орта Азия, Таяу Шығыс және Африка нарығына жеткізуді көздеп отыр. Осы мақсаттар жүзеге асса аталған аймақтарда Made in Kazakhstan маркасын көріп қалуымыз әбден мүмкін.

Зауыттың құрылысын қолдауға Түркістан облысы әкімдігі де мүдделі. Өңірлік даму агенттігі – Turkistan Invest те бұл жобаны сүйемелдеп отыр. Инвесторларға қажетті жер телімі бөлініп, инфрақұрылымға қосылу жолдары пысықталу үстінде. Сонымен қатар жұмыс күшін дайындау мақсатында жергілікті колледждермен байланыс орнату жоспарланған.

Енді осындай ауқымды жобаны жүзеге асыруға келгенде бірқатар кедергі туып тұр. Оған алдымен білікті маман қажет. Сосын өндіріске қажетті жабдықтарды жеткізу тізбегі қалыптасу керек. Одан әрі сертификаттау және халықаралық стандарттарға сәйкес болуы да үкімет пен бизнеске үлкен жұмыс болғалы тұр.

Бекбол Амангелді

Түркістан облысы

Тегтер: