Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 10 Маусым 2025

Түркістанның қарбызы неге арзан?

қарбыз
Фото: Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы күндері Жетісайда егіншілер қарбыз жинай бастады деген жағымды жаңалық шыға бастады.

 Түркістан облысында құрғақшылық қаупі туындап тұрса да қарбыз жинауға келгенде бәрі ойдағыдай өтіп жатқан сияқты. Жылда осы уақыттары дүкендерде самсап бастайтын бақша өнімінің бағасы шарықтап тұратын. Бірақ биыл олай емес. Ең қымбат деген Астананың өзінде дүкендер 300 теңгеден асырмай тұр.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Түркістан облысына 1,3 млрд текше метр су, ал Жетісай ауданына 304 млн текше метр су бөлініпті. Бұл 84,3 мың гектар жерді суаруға жетеді, ал жеміс-жидек дақылдарына 97,5 млн текше метр су жіберілген. Телегей суға қарық болған жергілікті диқандар су беру жүйесінің уақытылы жұмыс істегеніне риза екен, онысы ақпарат көздерінде жаппай айтылып жатыр.

Әйтсе де осы күні елорда дүкендерінде 300 теңгенің айналасында саудаланып жатқанына қарағанда бір шикілік бар ма деген де ойға қаласың. Өйткені жылдағы әдет бойынша ышқынып тұратын қарбыз құны биыл бәсең. Әуелгі шыққан өнімі алдымен жүк көліктеріне артылып, ішкі нарықпен бірге Ресей асатындықтан, сұраныс көп болып, баға қатты өсіп кететін еді. Биыл солтүстік көршіміз қабылдамай қойды ма екен, ондай асау баға байқалмайды.

Бұлай дейтін себебіміз де бар. Жалпы Қазақстан қарбызын негізінен Ресей мен Өзбекстанға экспорттайды. Ресейдің 2024 жылы Қазақстаннан қарбыз импортына салған тыйымы биыл да күшінде қалуы ықтимал. Россельхознадзор сол кезде тыйымның фитосанитарлық қауіпсіздікке байланысты енгізілгенін айтқан еді. Өйткені 2024 жылы Қазақстаннан келген өнімдерде зиянкестердің 215 жағдайы анықталыпты-мыс. Сөйтіп, алдыңғы жылдың мәліметімен салыстырғанда 4 есеге өсіп кеткен.

Ал оған біздің елде басқа пікір айтқандар болды. Қазақстанның БРИКС-ке қосылудан бас тартуы Ресейдің осындай қыспақ ойлап табуына түрткі болған сыңайлы. Соның ақыры Түркістан қарбызы Ресей нарығынан шеттетіліп, Өзбекстан мен Түркия сияқты елдердің өнімдеріне жол ашылды. 2023 жылы Қазақстан Ресейге қарбыз сатып отырған үшінші ел болса, енді сол орнын жоғалтуы мүмкін.

Диқандардың дер кезінде су бергені үшін су министрлігіне жабыла алғыс айтып жатқаны түсінікті. Бірақ мол өнімді әрі қарай жолын тауып сату да үлкен жұмыс. Естеріңізде болса, 2021 жылы осы түркістандық диқандар ала жаздай еңбектеніп еккен қырыққабатын Ресейге жібере алмай орасан шығынға батты. Сөйтіп, шіруге қараған өнімін қайтерін білмей, амалсыз тегін таратқаны бар. Сол уақытта да көрші ел Қазақстаннан көкөніс импортына шектеу қойып, дүйім елді сенделткен еді. Өздері осы өнімге тарығып отырса да біздің өнімді бәрібір кіргізбей тастағаны шаруалардың қатты есінде қалды. Сондықтан халық үніне құлақ асатын мемлекет алдымен шаруалардың осы мәселесін ертерек реттеуі қажет сияқты. Әйтпесе, жағдай тіпті құлдырап кетуі мүмкін. Онсыз да былтыр бақша өнімдерінің егіс аумағы алдыңғы жылдан 8,9%-ға азайып, 98,1 мың гектарға түскен.

Қалай десек те, қарбыздың нарықта арзан болғаны халықтың қалтасына жақсы, әрине. Дегенмен ала жаздай күнге күйіп еңбек ететін диқандардың еңбегі селге кетпегені жөн. Бұл тұрғыда Түркістан облысы нәтижелі жұмыс істейді деп сенеміз.

Бекбол Амангелді

Түркістан облысы

Тегтер: