Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:46, 15 Ақпан 2024

«Түріктер әрең сөйлеседі». Сатыбалдының сыйақысы, Түркістанның әуежайы

Дархан Сатыбалды
Фото: Дархан Сатыбалды коллаж

Түркістан халықаралық әуежайы басшылығына мемлекеттік бюджеттен 25 миллиард теңге сыйақы берілген.

 Түркістан облысы мәслихатының депутаты, айтыскер Бекарыс Шойбеков әуежай басшылығына 25 миллиард теңгенің не үшін берілгенін әкімдіктен сұраған видеосы әлеуметтік желілерде таралып, отандық БАҚ беттерінде жарияланды.

Осы жерде әлеуметтік желілерде таралған видеоға аз-кем түсінік беріп өтейік. Видеода облыс мәслихатының депутаты Бекарыс Шойбеков әкімдік қызметкеріне «әуежайды өзіміз саламыз, қызметкерлердің жалақысын төлейміз, барлық шығынды өтейміз, сонда не үшін әуежай басшылығы миллиардтаған сыйақы алу керек?» деген сауал қояды. Әкімдік қызметкері болса «сыйақы әуежайды басқарғаны үшін. Қаржы «Түркістан Интернэшнл Аэропорт» деген ЖШС бар, соған беріледі. Аталған компания Қазақстандікі» деп жауап қатады.

Біз бұл мәселе бойынша Түркістан облысы әкімдігіне хабарласқан едік. Олар қаржының заңды жолмен беріліп жатқанын, YDA Group компаниясымен екі арада сондай келісімшарт болғанын айтты. Жалпы Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында «басқаруды жүзеге асырғаны үшін сыйақы» төлеу қарастырылған екен. Бұдан бөлек, Түркістан әуежайын салған шетелдік компаниямен ортадағы келісімшарт аяқталып, әуежай мемлекеттік басқаруға беріліп жатқанын білдік.

«Әуежайды YDA Group компаниясы өз қаражатына 11 айда салып бітірген. Жоба құны – 73,1 млрд теңге (әуежай құрылысы – 54 млрд, арнайы техникалар және өзге шығындар – 19,1 млрд). Бұл ТМД елдеріндегі Гринфилд типіндегі алғашқы әуежай. Түркістан халықаралық әуежайында алғашқы ұшақ 2020 жылдың 1 желтоқсанында ұшты. Былтыр әуежайдың табысы 740 млн теңге болған. YDA компаниясымен 2024 жылдың 1 наурызында мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшарты аяқталады. Әуежайды басқару мақсатында мемлекеттік АҚ құрылды. «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ-ның жарғысы жаңа редакцияда бекітіліп, әділет органдарында тіркелді. «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ-ның штаттық кестесі қайтадан жасақталып, бекітілді. Бекітілген штаттық кестеге сәйкес, 350 қызметкермен (75%) еңбек келісімшарты түзілді. ҚР қолданыстағы заңнамаларында «Басқаруды жүзеге асырғаны үшін сыйақы» төлемі көзделген. Әуежайды басқару үшін төлем жасалып, 4 жыл ішінде келісімшарт негізінде 25 млрд теңге қарастырылған», -– деп жауап берді Түркістан облысының әкімдік өкілдері.

Түріктер бізбен сөйлеспейді

Түркістанда жаңа әуежай салынатыны 2019 жылы белгілі болған. Сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қайта-қайта БАҚ беттерінен көрініп, әуежай құрылысын, оған баратын жолды тексеріп жүрген «отчет» суреттерін жариялай бастады. Содан кейін әуежайдың қысқа мерзімде – небәрі 11 айда салынып біткені, тәуелсіз ел болған жылдар аралығында салынған алғашқы әуежай екендігі айтылып, сүйіншілеген хабарлар таралып жатты. 2020 жылдан бастап әуежайды түріктер 4 жыл бойы басқарып келді. Өйткені солай, қаржы құйып, 4 жыл басқаруға келісімшартқа отырған. Осы мерзімде салған ақшасын ақтап, пайда табуды ойлайтыны айдан анық. Бірақ әкімдіктің бізге берген есебі бойынша олай емес сияқты. Олар «Түркістан әуежайы былтыр 740 млн теңге (доллар емес) табыс тапты» дейді. Осы жерде табысқа қатысты күмән туады. Егер шетелдік компания «4 жыл өзіміз пайдаланамыз. Сосын сіздерге береміз» деп 73,1 млрд теңгеге әуежай салса, оның жылдық табысы 740 млн теңгенің айналасында ғана болса, қайтіп 4 жыл ішінде салған қаржыны ақтап, пайда көреді? Кез келген инвестор пайданы көздеп, жобаға ақша бөлмей ме? Біз шатасып тұрған болармыз деп әкімдікке қайыра хабарластық. Арамыздағы диалог былай өрбіді:

– 73 млрд теңгеге әуежай салып берді дедіңіздер, ал бір жылдағы пайдасын 740 млн теңге деп мәлімет бердіңіздер. Сонда түрік компаниясы мұндай табыспен 4 жылда шығынын қалай ақтамақшы?

– Енді келісімшарт солай болды. Мемлекеттен жер алып, әуежай салды. Біз олардың жыл сайынғы табысын білмейміз.

– Түркістан әуежайын мемлекет сатып алмайды ғой?

– Әрине, жоқ! Келісімшарт бойынша жер берілді, 4 жыл пайдаланды, енді қайтарып береді. Инвестор деген сол ғой.

– 740 млн теңге деп бір жылдық табысын көрсеттіңіздер, қалған 3 жылдағы табысын айта алмайсыздар ма?

– Ол енді әуежайдың табысы, білмейміз. Олар бізбен сөйлеспейді де. «Керуен Сарайды» да инвесторлар салған. Олармен де зорға байланысамыз. Өздері басқарады, өздері жұмыс істейді.

Түркістан әуежайын кімдер басқарады,  YDA Group қандай компания?

Қош, сонымен әкімдік өкілдерінің бізге берген жауабы осындай. Бірақ YDA Group жылына 740 млн теңге табыс табуы үшін 4 жылға 73,1 млрд теңге инвестиция құймайтыны белгілі. Осындай күмәнді цифрлардан соң біз Түркістан әуежайын кімдер салғанын, оны кімдер басқарып отырғанын, жылдық ақша айналымы қанша екенін тексеріп көрдік.

Алдымен аты аталатыны – Түркістан халықаралық әуежайын өз қаржысына салған YDA Group – Түркияның құрылыс компаниясы. YDA Group-ты Яшар Деде Арслан 1954 жылы негізін қалаған. 2000 жылдардан бастап компания халықаралық нарыққа шығып Қазақстан, Украина, БАӘ, Ресей, Сауд Арабиясы, Ауғанстан және Молдова елдерінде әртүрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Компания Түркістаннан бөлек Ақтау әуежайын және еліміздегі бірнеше ірі құрылыстарды жүзеге асырған. Қазір компанияны Хусейн Арслан есімді азамат 1993 жылдан бері басқарып келеді. Хусейн Арслан сонымен қатар түрік мердігерлері басқармасы төрағасының орынбасары.

Әкімдік айтып отырған «Түркістан Интернэшнл Аэропорт» Қазақстан компаниясы ма?

Әкімдік қызметкері айтып отырған «Түркістан Интернэшнл Аэропорт» компаниясы да осы түріктің компаниясына қарайды. Олай дейтініміз – аталған компанияның бірінші басшысы Джюнейт Арслан. Ол YDA Group-тың бас директоры. Сонымен қатар YDA Group құрамына кіретін компаниялардың тең құрылтайшысы.

Түркістан Интернэшнл Аэропорт
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық реестрінің мәліметтеріне сәйкес Turkistan International Airport («Туркістан Интернэшнл Аэропорт») жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Түркістан қаласының тіркеу және жер кадастры бөлімінен 2019 жылы 20 маусымда тіркеуден өткен. Бірінші басшысы Арслан Джюнейт. ЖШС-ның құрылтайшылары біреу: АО YDA Insaat Sanayi Ve Ticaret Anonim Serketi («ИДА Иншаат Санайи Ве Тиджарет»). Әуежайлар қызметімен айналысады. Орналасқан жері – Түркістан қаласы, А.Үсенов, 78. Компанияның Қазақстандағы қаржы айналымы жылдан жылға төмен түсіп келеді. Мысалы, 2021 жылғы ақша айналымы 259 827 201 894 теңге болса, 2022 жылы 138 683 968 578, 2023 жылы 126 179 009 947 теңгеге дейін азайған. Салық төлемдері де біртіндеп азайып отырған. 2021 жылы 4 856 288 759 теңге, 2022 жылы 2 467 907 107 теңге, 2023 жылы 2 885 837 149 теңге салық төлеген.

Мемлекеттік кірістер комитеті
Фото: Мемлекеттік кірістер комитетінен скриншот

Бұл мәліметті мемлекеттік кірістер комитетінен алып отырмыз. Осы жерде күмәннің беті ашылды. Себебі әкімдік компанияның «740 млн теңге табыс тапты» дегенімен төлеген салық арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін көріп отырмыз. Егер 3 млрд-қа жуық салық төлеген болса, табысы шамамен 25 млрд-қа жуық болуы керек емес пе? Ал түріктермен «әрең сөйлесіп жүрген» әкімдік компанияның былтырғы табысы 740 млн дегенді неге сүйеніп айтып отырғаны түсініксіз.

Енді бұл компанияның келісімшарттарын санамалап көрейік. Жалпы «Түркістан Интернэшнл Аэропорт» мемлекеттен 37 келісімшарт алып, орындаған. Оның 19-ы квазимемлекеттік келісімшарттар. Ал қалған 18 мемлекеттік келісімшарттың бесеуі тікелей бір көзден алынған. 2022 жылы 8 294 832 теңгеге, 2023 жылы 2 120 000 теңгеге келісімшарт орындаса, 2022 жылы 422 244 085 теңгеге, 237 031 702 теңгеге квазимемлекеттік тапсырыс алған.

Осы жерде халықаралық әуежай компаниясының құрылтайшысына тоқталып өтейік. Бұл аттас Қазақстанда екі компания тіркелген. Оның бірі – «ИДА Иншаат Санайи Ве Тиджарет Аноним Ширкети» болса, екіншісі – «ИДА Иншаат Санайи Ве Тиджарет». Екеуінің де басшысы Атаери Танер есімді азамат. Енді кезегімен екі компанияның қандай қызметтер атқарып, мемлекеттен қанша келісімшарттар орындағанын тексерейік.

ИДА Иншаат Санайи Ве Тиджарет Аноним Ширкети
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

YDA Insaat Sanayi Ve Ticaret Anonim Sirketi («ИДА Иншаат Санайи Ве Тиджарет Аноним Ширкети») Акционерлік қоғамының Астана қаласындағы филиалы Түркістан қаласының тіркеу және жер кадастры бөлімінен 2011 жылы 17 наурызда тіркеуден өткен. Бірінші басшысы Атаери Танер. Құрылтайшылары туралы мәлімет жоқ. 1, 2-санаттағы стационарлық сауда объектілерін қоспағанда, тұрғын емес ғимараттар құрылысымен айналысады. Орналасқан жері – Түркістан қаласы А.Үсенов, 78. Бұл компанияның да ақша айналымы Түркістан халықаралық әуежайы сияқты жыл өткен сайын қысқарып отырған. Мысалы, 2021 жылы 239 261 558 684 теңге болса, 2022 жылы 51 331 005 368 теңгеге, 2023 жылы 1 980 977 894 теңгеге азайған.

Мемлекеттік кірістер комитеті
Фото: Мемлекеттік кірістер комитетінен скриншот

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сәйкес компания 2021 жылы 3 979 675 645 теңге, 2022 жылы 953 186 016 теңге, 2023 жылы 214 187 245 теңге салық төлеген. 2019 жылы 2 357 608 126 теңгеге бір келісімшарт, 2020 жылы 22 146 813 938 теңгеге төрт келісімшарт, 2021 жылы 11 073 406 969 теңгеге екі келісімшарт орындаған. Жалпы саны – жетеу.

ИДА Иншаат Санайи Ве Тиджарет
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

YDA Insaat Sanayi Ve Ticaret Anonim Sirketi («ИДА Иншаат Санайи Ве Тиджарет») акционерлік қоғамының Қазақстан Республикасындағы филиалы Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2020 жылы 17 маусымда алғаш тіркеуден өткен. 2023 жылы 20 наурызда қайта тіркелген. Бірінші басшысы Атаери Танер. Құрылтайшыларына қатысты мәлімет жоқ. Тұрғын ғимараттарының құрылысы қызмет түрімен айналысады. Мекенжайы: Астана қаласы, Мәңгілік Ел, 52 А. Аталған компанияның 2023 жылғы ақша айналымы – 22 221 000 105 теңге. Қазынаға құйған қаржысы – 413 419 227 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет кездеспейді.

Біз мұнымен тоқтамаймыз

Жалпы Түркістан әуежайын басқарып отырған компаниялар мен олардың басшыларына қатысты мәліметтердің ұзын-ырғасы осындай. Енді ақшаның қайда, кімдерге кетіп жатқанын бағамдай беріңіз. Бұл туралы Түркістан облысы мәслихатының депутаты Бекарыс Шойбековтің өзіне хабарласқанымызда мәселе мұнымен тоқтап қалмайтындығын, алдағы уақытта оның заңдылығын қарайтындығын айтты.

«Бұл жай ғана сұрай салатын нәрсе емес. Алдағы жиында немесе мәслихаттың отырысында қайтадан мәселе етіп көтереміз. Бізге әкімдіктің ресми өкілі «заңға сүйеніп, заңға сүйеніп» деп қайта-қайта айтты ғой. Ол қандай заң, не үшін қабылданғанын сұраймыз», – деді депутат.

Жалпы еліміздегі ірі компаниялар басшыларына сыйақы беру бұрыннан бар. Мысалы, қаржы министрлігі «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ-ның дерегінше 2022 жылы еліміздегі акционерлік қоғам басшылары 71 млрд теңге сыйақы алған. Оның ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшылығына 275 207 553 теңге, «Қазақстан темір жолы» АҚ басшылығына 631 220 000 теңге, «Қазақтелеком» АҚ басшылығына 500 435 000 теңге, Kсell АҚ басшылығына 633 583 404 теңге, «Транстелеком» АҚ басшылығына 536 695 954 теңге, «ҚазТрансОйл» АҚ басшылығына 508 345 467 теңге, «Qazaq Gas АҚ» басшылығына 377 262 000 теңге, «ӨзенМұнайГаз» АҚ басшылығына 366 421 000 теңге сыйақы төленген. Тізім мұнымен бітпейді. Жалпы тізімде 801 компания бар. Ал Air Astana басшысы Питер Фостер 2022 жылы өзіне 394 млн теңге сыйақы төлеген. Ал былтыр да ірі компаниялар басшыларына төленген сыйақы мөлшерін көріп, аспандаған қаржы көлемінен бас айналды.

Бұған дейін Shukshin_like Telegram-арнасы өз есебінде квазимемлекеттік секторда топ-менеджменттер қанша сыйақы алғанын жариялады. Есепке сәйкес, 2023 жылдың 9 айында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның негізгі басқарушы қызметкерлері 711 миллион теңге көлемінде сыйақы алған. «Самұрық-Энерго» АҚ 313,5 млн теңге, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ 766 миллион теңге, «Эйр Астана» АҚ 2,8 млрд теңге, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ 4,7 млрд теңге, KEGOC 370,3 млн теңге көлемінде басшыларына сыйақы берген.

Бірі қызығы былтыр еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ұлттық компаниялардың, акционерлік қоғамдардың басшы жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу мен сыйақы беру шарттарын бекітіп кетті. Аталмыш сыйақыны бірінші басшы, басшының орынбасары, атқарушы органның (басқарманың) мүшесі алады. Демек, мәселенің екінші жағынан қарасаңыз, бәрі заңды, бәрі орынды. Бірақ соншама миллиардтаған халық қаржысын жұмысын жақсы істеді деп басшылыққа миллиондап бөліп беру қаншалықты орынды? Олардың жұмысты онсыз да жақсы істеуі міндеті емес пе деген сауалдар енді қаралуы керек шығар. Әйтпесе, мұндай батпан құйрық сыйақының соңы күмән тудырмай тұрмайды. Ортада облыс әкімдері мен министрлер бастаған қаншама делдал жүруі мүмкін ғой.

Біз білгенде жоба ұтып алған компаниялар «откат» беріп жатушы еді, енді жобаны атқарғанын міндетсінетін болыпты. Не де болса 25 млрд теңгенің есебі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны біраз терлететін шығар. Инвесторлармен тіл табыса алмауы, яғни сөйлесе алмай жүруі де әкім атына сын – бұл да оның имиджіне кері әсер ететін фактор.

Айтпақшы, бұл компанияның Ақтау әуежайына қатысы барын айттық. 2008 жылы Ақтау әуежайын ATM GRUP Uluslararasi Havalimani Yapim Yatirim Ve Isletme Limited («Атм Груп Улусларарасы Хавалиманы Йапым Йатырым Ве Ишлетме Лимитед Ширкети») ЖШС-ның Ақтау филиалы 28 жылға жалға алған. Басшысы – Гювенч Ахмет Хамди есімді азамат. Алдағы уақытта Ақтау әкімдігі әуежай басшыларына сыйақы бергені немесе бермегені туралы да жазатын боламыз.

Тұрсынбек Башар