Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:45

Турлов.Тез баюдың эталоны

Турлов
Фото: mobillegends.net

Ресейден келген жас бизнесмен Тимур Турлов небәрі бірнеше жыл ішінде Қазақстандағы ең ықпалды қаржыгерлердің біріне айналды.

 Forbes Kazakhstan рейтингінде оның байлығы 5,8 млрд долларға жетіп, бір-ақ жылда бесінші орыннан екінші орынға шықты. Бір жылда табысы 2,5 млрд долларға артқан. Бұл көрсеткіш негізінен оның басқаратын Freedom Holding Corp. компаниясының акциялары үш есеге жуық қымбаттауымен түсіндіріледі. Компания өзін заманауи FinTech көшбасшысы ретінде танытқанымен, соңғы уақытта оның көлеңкелі тұстары да жиі айтыла бастады.

Қазақстандық және шетелдік БАҚ-та жарияланған мәліметтерге қарағанда, Freedom компаниясының айналасында ірі көлемдегі қаржылық алаяқтық, клиент қаражатын жеке шоттарға аудару сияқты істерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Жұрт арасында Турлов «Ескі Қазақстан» жүйесінің немесе әлдебір ықпалды топтардың «әмияны» деген де күмән айтылып жүр.

Тимур Турлов кім?

Тимур Турлов – Мәскеуде туып-өскен, Freedom Holding Corp. қаржы империясын құрған кәсіпкер. Ол брокерлік қызметін 2008 жылы Ресейде бастаған, сол жылы Freedom Finance компаниясының негізін қалады. Компания алғашында Мәскеуде жұмыс істесе де, кейін Қазақстанға көшті. Турлов 2013 жылы Алматыда Freedom Finance Kazakhstan бөлімшесін ашып, жергілікті қаржы нарығына кірді. 2022 жылы Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын алды.

Жас миллиардердің бизнесте қарқынды түрде өсуі таңғалдырмай қоймайды. Байларды анықтайтын рейтингте Ер Төстік сияқты өсті. Бүгінде Freedom Holding Corp. директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры, компания акцияларының 70 пайызға жуығына иелік етеді. Freedom Holding 2019 жылы NASDAQ қор биржасына шыққаннан бері акция бағасы шамамен 450 пайызға өсті, компанияның нарықтық капитализациясы бірнеше миллиард долларға жетті. Нәтижесінде Турлов небәрі отыздан асқан шағында олигарх атанды.

Турлов қалай тез байыды?

Freedom Holding Corp. өзін жай ғана жергілікті брокерлік емес, халықаралық деңгейдегі ойыншы ретінде көрсетіп жүр. Компанияның бас кеңсесі Алматыда орналасқанымен, қызметі АҚШ, Еуропа және Орта Азияны қосқанда 22 елді қамтиды. Freedom клиенттеріне Нью-Йорктен бастап Лондон, Токио биржаларына дейін, тіпті Алматы мен Астанадағы жергілікті биржаларға да қолжеткізу мүмкіндігін береді.

Турловтың қысқа мерзімде байып кетуінің негізгі қозғаушысы – компания акциялары мен клиенттік базасының дүркін-дүркін өсуі. Freedom Holding 2019 жылы Nasdaq-та листинг алғаннан кейін, ковид пандемиясы кезіндегі жаппай жеке инвестиция толқынын пайдаланып, клиенттер санын арттырды. Мысалы, 2020 жылдың наурызында шамамен 140 мың клиенті болса, үш жылда бұл сан 370 мыңға жетті. Осы экспансия компания табысын өсіріп, акция бағасын шарықтатты. Әлбетте, негізгі акционер ретінде Турлов осы өсімнің ең үлкен жемісін көрді.

Алайда Freedom Holding-тің табысы географиялық жағынан сұрақтар туғызатыны анық. Компания 2022-2023 жылдары өз бизнесінің негізгі драйверлері болған Ресей мен Украина нарықтарынан айырылды. Соған қарамастан, қаржылық есептерінде Қазақстанды жаңа негізгі нарығы ретінде көрсетті және Орта Азия мен Шығыс Еуропада жылына 566 миллион доллар табыс тапқанын мәлімдеді – бұл 154 пайыз өсу. Қазақстандағы кісі басына шаққандағы табыс небәрі шамамен 10 мың доллар (орташа айлық жалақы 423 мың теңге), халықтың жартысының айлық кірісі онша емес екенін ескерсек, дәл осындай көлемде табыс шығуы күмәнді көрінеді. Freedom Holding-тің қарқынды өсуіне шынымен нарықтық сұраныс себеп пе, әлде басқа тетіктер бар ма – осы сұрақтар компанияны жіті назарға іліктірді.

Тимур Турлов
Тимур Турлов. Фото: Сергей Александров

«Әмиян» ба, алаяқ па?

Freedom Holding төңірегіндегі даулар да аз емес. Кейбір сарапшылар мен әлеуметтік желідегі қауым Турловты әлдебір ықпалды тұлғалардың «қалтасы» деп те атайды. БАҚ-та оны жанама түрде Назарбаевтың «әмияны» екен деген хабарлар да тараған. Сондықтан жұрт арасында Тимур Турлов шын мәнінде кімнің қаржысын ұстап отыр? Ол «ескі Қазақстанның» немесе ресейлік олигархтардың «әмияны» ма» деген сөз жиі айтылады. Бұл сұраққа Турлов отандық БАҚ-та берген сұхбатында арнайы тоқталып: «Шын мәнінде мен ешкімнің «әмияны» емеспін, егер біреудің «қалтасы» болсам, халық баяғыда білетін еді. Біздің қоғамнан оны жасыру мүмкін емес. Біз бизнес бастағанда ықпалды адамдар ақшасын сеніп тапсыратындай жетілген компания болмадық» деп ақталған. Әрине, мұның бәрі ресми тағылған айып емес. Дегенмен «жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» дейтіндер үшін Freedom Holding-тің айналасындағы күмәнді тұман дәл осы «әмиян» тақырыбы арқылы қоюлана түседі. Турлов шынында тәуелсіз, өз байлығын өзі жасаған кәсіпкер ме, әлде биліктегі көлеңкелі ойыншылардың қаржылық «қоржыны» ма – бұл сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр.

Қоғамның бұлай күмәнданатындай да жөні бар. Себебі Freedom Holding кейінгі жылдары АҚШ қаржы реттеушілерінің де назарына ілінді. 2021 жылдан бері АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы (SEC) компанияға қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп келеді деген ақпарат бар. Disclosure Insight атты тәуелсіз талдау компаниясы 2023 жылғы маусымдағы есебінде Freedom Holding-тің 2021 жылдың қазанынан бері SEC тексерісінде екенін анықтағанын жазды. Олар 2022 жылғы желтоқсанда бұл тексерістің әлі аяқталмағанын растаған дерек алған.

Freedom Holding үшін тағы бір дабыл – Nasdaq биржасынан келді. 2023 жылы компания қаржылық есептерін уақытында тапсыру талаптарын бұзып, Nasdaq тарапынан листингтен шығару (делистинг) туралы ескерту хаттарын алғаны айтылады. Disclosure Insight талдаушылары Nasdaq-тың бұл ескертулері мен анықталған ереже бұзушылықтар туралы да компания үнсіз қалғанына алаңдаушылық білдірді. Шынында, Freedom Holding 2023 жылы есебін бірнеше ай кешіктіріп тапсырып, жыл бойы екі рет бухгалтерлік қателерді түзетуге мәжбүр болған. Қаржының қате санатталуы, табысты дұрыс көрсетпеу секілді мәселелер бойынша түзетілген есептер жарияланды. Бұл есепте басқарма ішкі бақылау жүйесінде елеулі кемшіліктер барын мойындады.

2022 жылы Freedom Holding беделді Deloitte аудит фирмасымен жұмыс істей бастады деген хабар шықты, бірақ аудитор ауыстырудың өзі инвесторларға қосымша сұрақ тудырды. Компания қаржысы таза болса, неге бірнеше рет аудитор алмасуы қажет болды? Nasdaq ескертуі, SEC тексерісі, жиі түзетілетін есептер – осының бәрі Freedom Holding басшылығының мазасын қашырып, инвесторлар сеніміне сызат түсірген факторлар болып қалды.

Қаржылық алаяқтық және Турлов

Freedom Holding-тің Қазақстандағы еншілес құрылымы Freedom Finance кейінгі уақытта даудың ортасында қалды. 2024 жылдың аяғында компанияның солтүстік өңірдегі бөлімінің жетекшісі болған Виталий Световой есімді менеджердің төңірегінде қаржылық алаяқтық фактілері әшкере болды. Бір топ инвестор Freedom Finance кеңсесінде менеджерлердің кеңесімен шоттарға қаражат салған. Алайда ол қаражат не инвестицияға, не биржаға жетпеген – менеджер Световой клиенттердің ақшасын жеке шоттарына аударып, талан-таражға салған.

2025 жылдың қаңтарында бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, Световой қаңтардың 23-і қамауға алынды. Тергеу барысында оның 150 миллион теңгеден астам қаржыны қолды қылғаны анықталды. Клиент ақшалары Freedom Finance-тің 9 жетекшісінің атына, әсіресе батыс өңірдегі банк филиалындағы есепшоттарға аударылғаны құжатпен дәлелденді. Ең сорақысы – Петропавл қаласының 43 жастағы тұрғыны, қомақты қаржысын сеніп тапсырған Рустам Қасымов есімді азамат ақшасын қайтара алмай, өзіне қол жұмсаған. Қысқаша айтқанда, Световойдың алаяқтығы бір адамның өмірін қиып, ондаған салымшыны зар жылатты.

Freedom Finance бұл жанжал шыққан соң, Световойды «бұрынғы қызметкер, орта буын менеджері ғана» деп, бар кінәні соның мойнына артты. Компанияның уәжі бойынша Световой клиенттерді өз бетімен алдап, ақшаны қолма-қол жинаған, 2024 жылғы тамызда бір клиенттің шағымынан кейін жұмыстан қуылып, іс материалдары полицияға берілген. Компания өзін де жапа шегуші ретінде көрсетіп, бұл «ақпараттық шабуыл, бәсекелестердің әрекеті» деп мәлімдеді. Дегенмен жүз миллиондаған теңгенің талан-таражы топ-менеджменттің мүлде хабарынсыз жасалды деу қисынға келмейді. Жәбірленушілердің адвокаты Светлана Оралбаева «мұндай көлемдегі алаяқтық Freedom басшылығы, соның ішінде негізін қалаушы Турловтың хабарынсыз жүзеге асуы мүмкін емес» деп есептейді. Зардап шеккен салымшылар Freedom-нің менеджерлері қаржыны офшорға шығарып, өздеріне пирамидалық жүйе құрып алған деп айып тағып отыр. Тіпті бұл схемалардың артында тікелей Турловтың өзі тұр деген күдік те ашық айтылған.

Бұл жанжалдан кейін Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де қимылдай бастады. Салымшылардың шағымдары негізінде 2025 жылдың наурызында Freedom Finance қызметіне тексеру басталды. Бейресми ақпараттарға қарағанда, келтірілген шығын бірнеше миллион доллар болуы мүмкін. Сондай-ақ қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Freedom Finance-қа қатысты жоспардан тыс инспекция жүргізіліп, компанияға бірнеше әкімшілік айыппұл салынғаны туралы хабар тарады. Яғни мемлекеттік қадағалау органы да бұл істен үлкен күмән көріп, компанияны қысымға ала бастағандай.

Тимур Турлов
Тимур Турлов. Фото: Александр Рюмин / ТАСС

Тимур мен оның достары

Оның есімі тек брокерлік бизнеспен емес, басқа да жобалармен байланысты. Соның бірі – AKASHI Data Center деректер сақтау орталығының құрылысы. Турлов бұл ауқымды жобаны іске асыру үшін Қазақстанның ұлттық даму институты – «Бәйтерек» холдингінің еншілесі Қазақстан Даму Банкінен (ҚДБ) қомақты несие сұрағаны белгілі болды. ҚДБ-ның ресми сайтындағы «қараудағы жобалар» тізімінде AKASHI Data Center PLC компаниясы 4 000 орындық заманауи дата-орталық салу үшін несие өтінімін бергені көрсетілген. Бұл компанияның бенефициарлары қатарында Турловпен бірге оның сенімді серіктестері – Ольга Баскакова, Станислав Машагин, Алексей Бурнашев бар екені айтылады. Яғни Турлов айналасына Қазақстанда және Ресейде бизнесті бірге жүргізіп жүрген әріптестерін топтастырған.

Станислав Машагиннің есімі ерекше назар аудартады. Ол Ресейде «Русская инфраструктура» атты компанияны басқаратын кәсіпкер, Турловтың жақын әріптестерінің бірі саналады. Машагин мен Турлов бірігіп тек қаржы саласында ғана емес, инфрақұрылымдық жобаларда да бағын сынап жүр. Мысалы, AKASHI Data Center жобасы – Қазақстанда бұрын-сонды болмаған көлемдегі деректер орталығын тұрғызу. Алайда бұл жобаның айналасында да күмән бұлты пайда болды. 2025 жылғы 18 сәуірде Астана полициясы аталмыш компания кеңсесіне тінту жүргізді. Тергеу орындарының мәліметінше, AKASHI Data Center кеңсесінде құжаттар тексеріліп, компания қызметіндегі қаржылық және корпоративтік жазбалар зерделенген. Тінту шаралары аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істің аясында өткені хабарланды. Бұл оқиға AKASHI жобасының да күмәнді тұстары барын аңғартады. Ал Турлов һәм оның командасы түрлі айыптаулар мен сауалдарға келгенде жұмған ауыздарын ашпайды. Журналистердің тікелей сұрақтарына жауап бермеу – Freedom үшін әдетке айналған үрдіс.

P.S. FreedomHoldingайналасындағы даулы жайттар жұртшылықты алаңдатқаны сонша, мемлекеттік органдардан нақты реакция күтетін жағдайға жетті. Алаяқтыққа ұшыраған салымшылардың тобы Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігіне, Бас прокуратураға, Қаржы нарығын реттеу агенттігіне, Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ішкі істер министрлігіне дейін арызданды. Яғни мәселе жеке компания шеңберінен шығып, қоғамдық резонансқа айналды. Алайда осы күнге дейін жоғары органдар тарапынан жарытымды ақпарат немесе түсініктеме берілген жоқ. Ресми үнсіздік сақталып келеді. «Жас Алаш» таҚаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қаржылық мониторинг агенттігіне Турлов компанияларына қатысты бірнеше сауал жолдады.

Айтпақшы, Турлов компанияларына қатысты зерттеу мұнымен тоқтап қалмайды. Газетіміздің келесі сандарында Турловтың ресми қандай компанияларға иелік ететінін, қаржы айналымдары қандай екенін жазамыз.

Тұрсынбек БАШАР

Тегтер: