Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:40

Турловтың түбі көрінбейді

Тимур Турлов
Фото: ашық дереккөз

Jas Alash бұған дейін қысқа уақытта тез байыған Тимур Турловтың қаржысы, компанияларына қатысты даулы істерін жазды. Ендігі кезек оның иелік ететін компанияларына келді. 

Қазақстанда ресми түрде Турловтың атына 9 компания ғана тіркелген. Турлов негізін қалаған Freedom Holding Corp. халықаралық холдингі аясында Қазақстан аумағында бірнеше ірі қаржы және сақтандыру компаниялары жұмыс істейді. Олардың қатарында банк, инвестициялық брокерлік ұйым, өмірді сақтандыру және жалпы сақтандыру компаниялары бар. Әрине, Турлов атындағы компаниялар тек қаржылық сектормен тоқтап қалмайды. Бірақ біз бүгінгі зерттеуімізде оның тек қаржы секторына қатысты компаниялары туралы жазамыз.

Турловтың тоғыз компаниясы:

1. Naimi.kz;

2. AgroFinance;

3. TURLOV TIMUR PROPERTY MANAGEMENT;

4. Citix Ltd.;

5. Freedom Mobile;

6. «Мобайл Ворлд Диджитал»;

7. TURLOV PRIVATE HOLDING Ltd.;

8. Foundation for the Support and Development of International Financial Center;

 9. IQ Club KZ қоғамдық қоры.

Аталған компаниялардың қаржысы Турлов олигарх атанатындай көп деп айта алмаймыз. Мысалы, Naimi.kz компаниясының былтырғы ақша айналымы небәрі 3,2 млрд теңге. Бюджетке 66 млн теңге салық төлеген. Аталған компания 2015 жылдың басында ашылды.

Онлайн рекрутинг қызметін көрсетеді. Дәл сол сияқты жеміс-жидек өңдеумен айналысатын AgroFinance компаниясының да 2024 жылғы қаржылық айналымы 1,2 млрд теңге. Мемлекетке былтыр 23 млн теңгеден аса салық төлеген. Ғимараттарды жалға берумен айналысатын TURLOV TIMUR PROPERTY MANAGEMENT компаниясының да былтырғы қаржысы 1,4 млрд теңге.Төлеген салығы 36 млн теңгеден асады. Бағдарлаумен айналысатын Citix Ltd.-ның қаржысы да көп емес. Былтырғы ақша айналымы 2,7 млрд теңгеге жуық. 51 млн теңгеден аса салық төлеген. Дәл осы компаниялар сияқты – «Мобайл Ворлд Диджитал» (322 млн теңге), IQ Club KZ қоғамдық қоры (77 млн), Foundation for the Support and Development of International Financial Center (2,5 млрд), TURLOV PRIVATE HOLDING Ltd. жеке компаниясы (7 млрд) сынды Турлов компанияларының да қаржысы онша көп емес. Тек оның атындағы ауыз толтырып айтатын компания – Freedom Mobile интернет дүкені ғана. Оның 2024 жылғы қаржысы 50 млрд теңгеден асады. Былтыр 770 млн теңгеге жуық салық төлеген. 2021 жылдан бері мемлекет қазынасына 3 млрд теңгеге жуық аударған.

Турловқаржы секторында

Турлов – АҚШ-та тіркелген Freedom Holding Corp. қаржы-инвестициялық корпорациясының негізін қалаушы әрі негізгі акционері (69,52  пайыз). Қазақстанда корпорация құрамына «Фридом Финанс» АҚ, Freedom Bank, Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясы, Freedom Finance Life өмірді сақтандыру компаниясы, Arbuz.kz онлайн-супермаркеті, Freedom Travel агрегаторы және тағы басқа компаниялар кіреді. Сондай-ақ Freedom Holding әлемнің 18 елінде, оның ішінде АҚШ, Германия, Өзбекстан және Кипрде өз өкілдіктерін ашқан. Қазіргі уақытта Тимур Турлов – Freedom Holding Corp. басқарма төрағасы, «Фридом Финанс» АҚ, Freedom Finance Insurance және Freedom Finance Life компаниялары директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.

Турловтың қаржы секторына қатысты компаниялары дегенде алдымен Freedom Bank еске түсетіні анық. Сондықтан тізімді осы банктен бастағанды жөн көрдік.

1

Freedom Bank Kazakhstan

Аталған компания жеке және шағын бизнеске қызмет көрсететін банк. Оның негізі бұрынғы Kassa Nova Bank базасында қаланған. 2020 жылы Турловтың Freedom Holding Corp. тобы Kassa Nova банкін ForteBank-тен 52,9 млн долларға сатып алып, 2021 жылы атауын «Банк Фридом Финанс Казахстан» деп өзгерткен. 2024 жылы банк атауы ресми түрде Freedom Bank Kazakhstan болып бекітілді. Freedom Bank-тің жалғыз акционері – Тимур Турловтың Freedom Finance АҚ, яғни Freedom Holding Corp. холдингінің Қазақстандағы еншілесі. Банк директорлар кеңесінің төрайымы – Гүлфайруз Ахметова.

Банк соңғы жылдары қарқынды өсім көрсетіп, активтері 2024 жылдың басында 2,2 трлн теңгеге жетті. 2024 жылы Freedom Bank жалпы кірісі жүздеген миллиард теңгені құрап (банктің 2024 қаржы жылының таза кірісі шамамен 615 млн доллар болды), пайдасы 52,2 млрд теңгеге жетті. Осы кезеңде Freedom Bank мемлекет қазынасына корпоративтік салық түрінде шамамен 10 млрд теңге төлеген.

2023 жылы Freedom Bank аты бұқаралық ақпарат құралдарында ерекше аталды. Hindenburg Research зерттеу компаниясы 2023 жылғы тамыздағы есебінде Freedom Holding-ті (оның ішінде Freedom Bank-ті) санкцияларды айналып өту, табысты қолдан көбейту сияқты заңсыз әрекеттерге барды деп айыптаған. Freedom Holding бұл айыптауларды негізсіз деп жоққа шығарып, банк ешқандай санкциялы тұлғамен жұмыс жасамайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ 2023 жылдың қазанында АҚШ бұқаралық ақпарат құралдары Freedom Holding-ке қатысты АҚШ Әділет министрлігі (DOJ) мен Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясы (SEC) тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Турлов пен оның компаниялары бұл тексерулерге барынша ашықтық танытып, тәуелсіз аудит тағайындағанын және еш заңбұзушылық анықталмағанын жария етті.

1

Freedom Finance АҚ – Тимур Турлов негізін қалаған инвестициялық брокерлік компания. 2008 жылы Мәскеуде іргетасы қаланған «Фридом Финанс» 2011 жылы Қазақстан нарығына кіріп, 2012 жылы Алматыда Қазақстандағы алғашқы кеңсесін ашты. Содан бері Freedom Finance Қазақстан қор биржасындағы (KASE) ең белсенді брокерге айналды. 2015 жылы Freedom Finance және оның еншілес ұйымдары бірыңғай Freedom брендіне бірігіп, 2019 жылы Freedom Holding Corp. NASDAQ биржасына шықты. Бүгінде Freedom Finance – Freedom Holding құрылымындағы негізгі инвестициялық ұйым ретінде қызмет етеді.

Freedom Finance-тың 2024 жылғы жиынтық табысы 79,09 млрд теңге. Былтырғы активтері 3,016 трлн теңгеге өскен. Freedom Finance 2024 жылы шамамен 2 млрд теңге көлемінде салық төлеген. АҚ-ның бақылаушы үлесі тікелей Тимур Турловқа тиесілі. 2022 жылдың орта кезеңіне дейін Freedom Finance акцияларының 90 пайызы Ресейдегі Freedom Finance-қа, ал 10 пайызы Freedom Holding Corp.-қа тіркелген еді. Алайда Ресей нарығынан толық шығу аясында Турлов ресейлік үлесті өзіне қайтарып алды. Қазіргі кезде Freedom Finance АҚ-ның жалғыз акционері – Freedom Holding Corp.

Freedom Finance атауы 2023 жылғы Hindenburg Research баяндамасында жиі аталды, ол есепте холдингті кірісті қолдан көбейту, күмәнді аффилирленген мәмілелер жасау сияқты айыптар таққан. Осы айыптауларға байланысты және АҚШ реттеушілерінің сұраулары нәтижесінде, Freedom Holding Corp. тәуелсіз аудиторлық тексеру жүргізіп, 2024 жылдың қаңтарында оның қорытындысында заңбұзушылық белгілері расталмағанын мәлімдеді. Сонымен бірге 2023 жылдың соңында АҚШ SEC және DOJ тарапынан Freedom Finance қызметіне қатысты тергеу тексерулері басталғаны хабарланды.

«Freedom Finance Insurance» АҚ – жалпы сақтандыру саласында жұмыс істейтін компания. 2018 жылдың қазан айында Тимур Турлов бұрыннан жұмыс істеп келген Trust Insurance компаниясын сатып алып, ребрендинг жасап Freedom брендіне қосқан. Нәтижесінде Trust Insurance атауы Freedom Finance Insurance болып өзгерді. Freedom Finance Insurance сақтандыру бағыттары бойынша қызмет ұсынады.

Freedom Finance Insurance 2024 жылғы қаржылық айналымы 145 млрд теңгеден асады. Былтыр 2,7 млрд теңгеден аса салық төлеген. Ал Freedom Holding дерегінше, 2024 қаржы жылында сақтандыру сегментінің кірісі 197,8 млн доллар болған.

Freedom Finance Insurance бастапқыда Турловтың жекеменшігінде болды. 2022 жылы Тимур Турлов өзіндегі акцияларын Freedom Holding құрылымындағы Freedom Finance АҚ-на сатып, қазіргі таңда 100 пайыз акциясы Freedom Finance АҚ-на тиесілі. Яғни түпкі бенефициар – Тимур Турлов. Компания директорлар кеңесін де Турлов басқарады, ал басқарма төрағасы – Азамат Керімбаев.

Freedom Finance Life. Бұл компанияның негізі бұрынғы Asia Life ұйымынан шыққан: 2018 жылы Тимур Турлов Asia Life компаниясын сатып алып, оны Freedom Finance Life деп қайта атады. Содан бері Freedom Life брендімен өмірді сақтандыру саласында инновациялық өнімдер ұсынылып келеді. Компанияның былтырғы қаржы айналымы 63 млрд теңге, 1,2 млрд теңгеден аса салық төлеген.

Freedom Finance Life компаниясының жалғыз акционері – Freedom Finance АҚ. Бастапқыда Турлов бұл компанияның тікелей иесі болса, 2022 жылы өз үлесін Freedom Finance АҚ-на өткізді. Нәтижесінде Freedom Life толықтай Freedom Holding қаржы тобының ішіне кіріктірілген. Компанияның басқарма төрағасы – Азамат Ердесов.

1

Arbuz Group. Arbuz.kz онлайн-супермаркеті 2011 жылы іске қосылған, бастапқыда жергілікті стартап ретінде дамыды. 2019 жылы Тимур Турлов Arbuz.kz-ке жеке инвестор ретінде қаржы құйып, ірі үлеске ие болды. 2023 жылы Freedom Holding Corp. Arbuz Group LLP-дің 82 пайызға жуығын сатып алды. Мәміленің құны 16,5 млн доллар болды. Қалған 18 пайыз үлесті Турлов жеке сақтап қалды. Осылайша Arbuz Group Freedom Holding құрамына кіріп, оның бенефициары Турлов пен Freedom Kazakhstan PC Ltd болды. Бүгінде Arbuz Group онлайн-супермаркет ретінде азық-түлік және тұтыну тауарларын интернет арқылы сатумен және үйге жеткізумен айналысады. Компания Алматы мен Астана қалаларында қоймалары мен логистикалық желісі бар, күніне 2,5–3 мың тапсырысты жеткізеді.

Arbuz Group жеке компания ретінде қаржылық нәтижелерін ашық жарияламаған. 2022 жылы Forbes Kazakhstan Arbuz.kz-ті еліміздегі ең ірі 40 интернет-сауда алаңы рейтингінде 31-орында деп көрсеткен, бұл оның жылдық сату айналымы сол жылы бірнеше миллиард теңге болғанын аңғартады.

Aviata LLP. Aviata.kz – Қазақстандағы танымал онлайн әуе билеттері және туристік қызметтер брондау платформасы. Компанияның былтырғы қаржы айналымы 22 млрд теңгеден асады. 2024 жылы 452 млн теңге салық төлеген. Бастапқыда компания 2007 жылы құрылған Chocotravel жобасының бір бөлігі ретінде дамыды, кейін Aviata.kz брендімен дербес жұмыс істей бастады. Aviata және Chocotravel біраз жыл бәсекелес болып, 2018 жылы бірікті. Freedom Holding бұл секторға 2022-2023 жылдары назар аударды. 2022 жылдың соңында Freedom Aviata-ны және оның құрамындағы Chocotravel-ді толық сатып алды. Нақты мәміле шарттары жарияланбады, бірақ 2024 жылы Aviata және Internet Tourism (Chocotravel) Freedom Kazakhstan PC Ltd-ге 100 пайыз тиесілі екені белгілі болды. Яғни Aviata-ның қазіргі жалғыз иесі – Freedom Holding. Тимур Турлов осы арқылы туристік бизнеске де аяқ басты. 2025 жылы сәуірде Aviata бренді ребрендингке ұшырап, Freedom Travel деп өзгертілді, бұл оның толығымен Freedom жүйесіне енгенін білдіреді.

Ticketon Events LLP – Қазақстандағы ірі онлайн билет сату платформасы, театр, кино, концерт, спорт шаралары сияқты іс-шараларға билет таратады. Компания 2012 жылы құрылған. Ticketon алғаш іске қосылғаннан бері Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан нарықтарына да кірген. 2022 жылы Freedom Holding Corp. Ticketon-ды сатып алу жөнінде келісімге келіп, сол жылдың 30 қыркүйегінде 100 пайыз үлесін сатып алу мәмілесін жасады. Forbes.kz мәліметінше, сатып алу сомасы 3 млн долларды құраған. Тимур Турлов Ticketon-ның толық иесі. Компанияның былтырғы қаржы айналымы 4,4 млрд теңгені құрайды, төлеген салығы 90 млн теңгеге жуық.

P.S. Осылайша, біз Тимур Турловтың Қазақстандағы Freedom Holding Corp. қаржы империясына кіретін бірқатар компанияларын санадық. Бұлардың ішінде банк, брокерлік ұйым, сақтандыру компаниялары және онлайн сауда платформалары да бар. Бұған қарап, Турловтың иелігіндегі компаниялар тізімі тек осылармен шектелмейтінін аңғаруға болады. Кейінгі кездері бірде Путиннің, бірде Назарбаевтың «әмияны» екен делініп жүрген бұл олигархтың қаржы құпиясы әлі де тереңде жатқанға ұқсайды. Келесі жолы біз Турловтың басқа салалардағы бизнесін де жан-жақты зерттеп, олар туралы да толық ақпарат береміз. Өйткені әзірге Турловтың, оның ен байлығының түбіне жету мүмкін болмай тұр.

Тұрсынбек БАШАР

Тегтер: