Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:40

Турловтың түбі көрінбейді–2

Тимур Турлов
Фото: dknews.kz

Jas AlashТимур Турловтың Қазақстандағы қаржы жүйесіне ықпалы, банктер мен сақтандыру ұйымдарындағы бизнестері, сондай-ақ Freedom Holding Corp-тың кейбір күмәнді істері мен халықаралық алаяқтық айыптаулары туралы жазды.

 Сонымен қатар Турловтың мажоритарлы үлесі бар компаниялардың салық түсімдері, мемлекеттік келісімшарттары мен АҚШ-тағы тергеу материалдары негізінде оның күрт байып шығу себептерін талдадық. Ал бұл жолы Турловтың құрылыс, сауда, логистика және ІТ салаларындағы активтері туралы жазамыз. Оның Chocofamily холдингіндегі үлесі, Семей цемент зауыты, «БАСТ» АҚ, «Ай Карааул» АҚ сияқты кәсіпорындар арқылы өндіріс және пайдалы қазбалар нарығына қалай қанат жайып жатқанын зерттеп көреміз.

Турловтың пайдалы қазбалар секторындағы компаниялары

Семей цемент зауыты – Абай облысындағы ірі құрылыс компаниясы. Оның жобалық қуаты жылына 1,15 млн тонна цемент өндіруге жетеді (SemeyCement брендінде). 1958 жылдан 2025 жылдың қаңтарына дейін 63 млн тонна цемент өндірген. Акциялар үлесі бойынша Ермек Ашкенов пен Ельдос Бимурза (Saikan ЖШС арқылы) – 55 пайыз, Тимур Турлов (Turlov Private Holding арқылы) – 40 пайыз, Ч. Қусенғұнов – 5 пайыз иеленген.

Турлов бұл кәсіпорынға тек 2023 жылы ғана қосылған. Компанияның өнімдері Қазақстан мен Ресей нарығында сатылады, алайда экология тұрғысында сын да бар. Мәселен, прокуратура зауыттың ауаға шығарындылар нормасын бұзғаны үшін 2 млн теңгеден астам айыппұл салынғаны туралы ақпарат тараған.

Кәсіпорын директоры – Тимур Тілеубаев. Былтырғы қаржы айналымы 149 млрд теңге, төлеген салығы – 2,8 млрд теңге. Мемлекеттен 60 келісімшарт алған. Аталған кәсіпорын құрамына Semey Mall, «Технологии 21 века», «Ертіс» үй құрылысы комбинаты», Semey Minerals, «Семей Транс Сервис» компаниялары кіреді.

«Семей Транс Сервис» – жүкті теміржолмен тасымалдау қызметімен айналысады. Былтырғы қаржысы 27 млрд теңге, салығы – 513 млн теңге.

«Ертіс» үй құрылысы комбинаты» – құрама темірбетон және бетон конструкциялары мен бұйымдарын өндірумен айналысады. Былтырғы қаржысы – 1,3 млрд, салығы – 27 млн.

Semey Minerals – құм-қиыршық тас карьерлерін игерумен айналысады. Биылғы қаржысы – 1,8 млрд теңгеге жуық, төлеген салығы – 34 млн теңге.

Semey Mall – сауда үйінің былтырғы қаржысы – 188 млн, салығы, 3,8 млн теңге;

«Технологии 21 века» – жылжымайтын мүлікті жалға беру және пайдаланумен айналысады. Былтырғы қаржысы – 676 млн, салығы – 12 млн теңге.

БАСТ АҚ
БАСТ АҚ

«БАСТ» Акционерлік қоғамы Абай облысында Мақсұт кенішінде мыс-никель өндіреді. Директоры – Әлкен Қуанбай. Оның негізгі акционері – Тимур Турлов (шамамен 74 пайыз акция) және Freedom Finance Global (шамамен 8 пайыз). АҚ-ның былтырғы қаржы айналымы 113,4 млрд теңге, төлеген салығы – 2,1 млрд.

Айта кетерлігі, БАСТ-тың бұрынғы бір серіктесі – А. Ақмолдаев. 2014 жылы ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыпталып, сотталған болатын, бірақ қазір ол компания құрамынан шығып кеткен. АҚ құрамында «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі мен Maksut Minerals компаниясы бар.

Maksut Minerals компаниясының қаржы айналымдары туралы мәлімет кездеспейді. Ал кейінгі заңды тұлғалар бірлестігінің былтырғы қаржысы – 4,8 млрд теңге, төлеген салығы – 91 млн-нан асады. Мемлекеттен алған тендерлерінің саны – 9.

1

«Ай Карааул» АҚ – Аягөз ауданының металл кеніштерін барлау және өндірумен айналысатын компания. Оның директоры – Ержан Ешмұхаммедов. 2023 жылы Turlov Private Holding Ltd. оған 50 пайыздық еншілес инвестор болып енген. Тиісті есеп бойынша Турлов кейіннен қалған үлестерді сатып алу ұсынысын білдіріп, өзінің 50 пайызын 8,94 млрд теңгеге бағалаған, дегенмен мәміле аяқталмаған. Қалған акцияларға IDK Mining (Данат Қасымқұлов) – 21 пайыз, «Индустриальная зона Ордабасы» (Арман Паиз) – 21 пайыз, IDK Investment (Забира Салықбаева) – 4,2 пайыз, Дінмұхамед Ыдырыс – 3,7% иелік етеді. Қазіргі таңда «Ай Карааул» жобасы пайда таппаса да, геологиялық әлеуеті жоғары деп бағаланып отыр. АҚ-ның былтырғы қаржысы – 2,6 млрд, салығы – 55 млн теңге. Акционерлік қоғамға мыс өндіретін AK Processing компаниясы кіреді. Аталған кәсіпорынның қаржылық есебі туралы кейінгі жылдары мәлімет кездеспейді.

Турловтың Мухоряповпен байланысы

Chocofamily Holding Ltd. – Турловтың 2017 жылы инвестиция салған ірі цифрлық холдингі. 2017 жылы Турлов холдингке кіріп, 2 жылдан соң үлесін 18 пайызға жеткізген. Холдингтік компаниялардың қызметімен айналысатын кәсіпорынның директоры – Николай Мазенцев. Акционерлер құрамында жалпы 156 адам бар. Оның ішіне Айдын Рахимбаев (BI Group) және тіл дауына байланысты қоғамдық наразылық туғызған Рамиль Мухоряпов сияқты танымал кәсіпкерлер кіреді. Компания қаржысы көп емес, биылғы ақша айналымы 240 млн теңгеге жуық. Төлеген салығы – 4,8 млн теңге. Бұл холдинг құрамына Chocofamily компаниясы кіреді.

1

Chocofamily Holding компаниясының негізі 2016 жылы қаланған. Директоры – Николай Мазенцев. Құрылтай құрамында Рамиль Мухоряпов пен Chocofamily Holding Ltd бар. ChocoFamily – электронды коммерция саласында жұмыс істейтін ірі қазақстандық ІТ холдинг. Холдинг құрамына азық-түлік жеткізу қызметі, дәрігер іздеу қызметі, сондай-ақ интернет-оптика дүкені және әуе және пойыз билеттерін сатып алуға арналған онлайн қызмет кіреді. Биылғы қаржы айналымы – 500 млн теңгеден асады. Төлеген салығы – 10,7 млн теңге. Алайда бұл компанияның құлдыраған шағы болуы мүмкін. 2023 жылдары оның қаржылық айналымы 8 млрд теңгеден асқан. Холдинг құрамына әртүрлі саладағы 11 компания кіреді. Олар:

- Chocofamily Service – холдингтің бас кеңсесінің жанындағы қызмет көрсету компаниясы. Былтырғы қаржы айналымы 2,1 млрд теңге, төлеген салығы 41 млн-нан асады;

- Интернет-ритейл – интернет арқылы тауар тапсырыс беру қызметін көрсетеді. 2021 жылдан бері қаржы айналымы туралы ақпарат жоқ. 2018 жылдағы қаржысы 1,4 млрд теңге болған. Сол жылы 26 млн салық төлеген;

- iDoctor.kz – дәрігер іздеу сервисі. Сервиспен бірігіп 58 мыңнан аса дәрігер, 6 мыңға жуық клиника жұмыс істейді. Былтырғы қаржы айналымы 1,3 млрд теңге, 27 млн-нан аса салық төлеген;

- «ТД Тройка» – көшіру қызметтерін көрсетеді. 2020 жылдан бергі қаржылық есебі туралы мәлімет жоқ. Бес жыл бұрынғы қаржысы 24 млн теңге болған;

- «Интернет Лояльность» – Интернетте ақылы қызметтерді және бағдарламалық өнімдерді ұсынады. Былтырғы қаржы айналымы 9,3 млрд теңге, төлеген салығы 178 млн теңгеге жуық;

- «Интернет Доставка» (Chocofood) – Алматыдағы Chocofood тағам жеткізу сервисін басқарады (күнделікті 7–8 мың тапсырыс). Былтырғы қаржы айналымы 11,5 млрд теңге, төлеген салығы – 220 млн теңгеге жуық;

- «Продоставка» (Choco Shipping) – экспресс-жеткізу сервисі. Былтырғы қаржы айналымы 3,8 млрд теңге, төлеген салығы 73,4 млн теңге;

«Фудпанда Қазақстан» – 2017 жылы Foodpanda.kz негізгі бәсекелесін сатып алды, қазір ресми түрде жарнама агенттігі ретінде тіркелген. Былтырғы қаржысы 847 млн, салығы 16 млн;

- Raketa Soft Ltd. – ChocoShipping жобасы. Былтырғы қаржысы 1 млрд, салығы 20 млн теңге;

- «Редпрайс» – Chocolife.me дисконт-сервисі, электронды коммерциямен, атап айтқанда, Chocolife.me жеңілдік сервисін әзірлеу және басқарумен айналысады және Chocofood.kz онлайн-тамаққа тапсырыс беру қызметін басқарады. Былтырғы қаржысы 11,1 млрд теңге, төлеген салығы 211 млн теңге;

- RahmetApp Ltd. – мекемелер үшін онлайн төлемдерді автоматтандыратын компания. Былтырғы қаржы айналымы 2,8 млрд теңге, салығы 58 млн.

Қорыта айтқанда, Chocofamily холдингі бүгінде айтарлықтай кіріс табады. 2022 жылы холдингтің басшысы Р.Мухоряповтың қазақ тіліне қатысты пікірі әлеуметтік желіде қоғам наразылығын туындатты. Бұл жағдай тұтынушылар арасында Chocofamily сервистері бойкотқа ұшырату қаупін тудырды. Кейін полиция бұл іске қылмыстық сипатта баға бермеді. Мухоряпов ақырында қазақстандықтардан кешірім сұрағанмен, қоғамдық пікірде компанияға деген критикалық көзқарас әлі де байқалады.

P.S. Осылайша біз Тимур Турловтың Қазақстандағы бизнес-империясына арналған көлемді зерттеуімізді тәмамдаймыз. Турлов Қазақстанға 2012 жылдары келді. Осы аз ғана уақыт ішінде ол банк, сақтандыру, брокерлік қызметтерден бастап – цемент зауыты, IT-компаниялар, тіпті мыс-никель кеніштеріне дейін бизнеске ие болды. Оның құрылтайшы немесе ірі үлес иесі ретінде қатысатын компанияларының саны күн өткен сайын артып жатыр. Кейбір сарапшылар Турловты шетелдік инвестиция тартушы кәсіпкер ретінде бағалауы мүмкін. Алайда шын мәнінде оның «әмиян» ретіндегі рөлі жиі айтылады. Олигархтың жылдам байып шығуы, кей компаниялармен байланысындағы ашықтықтың болмауы және АҚШ-тағы Freedom Holding-ке қатысты тергеулер – осы пікірді күшейте түседі. Біз бұл зерттеуіміз арқылы оқырманға Турловтың экономикалық экспансиясы жайлы толық картина ұсынуға тырыстық. Ал оның нақты кімнің атынан әрекет етіп жүргенін (егер болса) алда уақыт көрсетеді.

Айтпақшы, Jas Aalsh Қаржылық мониторинг агенттігіне Турлов компаниялары туралы бірнеше сауал жолдаған еді. Агенттік сауалдарымызға нақты жауап бермей, «ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиістігін хабарлайды» деген қысқа мәндегі мәтін жолдапты. Демек, Турловқа қатысты мемлекеттік тексеру әлі аяқталмаған. 

Тұрсынбек БАШАР