Түрмеде 4 жыл отырған әйелдің әңгімесі: 500 теңге жалақы. Азаптау. Жемқорлық
Еліміздегі әйелдер құқығының жиі бұзылатыны жасырын емес. Қазіргі таңда әйелдер мен балалардың құқықтары мен қауіпсіздігі қоғамдағы өзекті мәселенің біріне айналды. Осыған орай 2024 жылғы 15 маусымда «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заң да күшіне енді.
Былтырғы Бишімбаевтың оқиғасы әлі ұмытыла қойған жоқ. Бостандықтағы әйелдердің құқығы соншалықты тапталып жатқанда, темір тордағы әйелдер құқығы қаншалықты қорғалады деген сауал туады. Осы мақсатта «Jas Alash» YouTube арнасы журналист Дина Балқашқызымен сөйлескен еді. Ол түрмедегі әйелдердің ауыр тағдыры, құқығының қаншалықты тапталатыны туралы айтып берді. Бұдан бөлек, сұхбатта түрмедегі жемқорлық, әйелдерге көрсетілетін қысымдар туралы сөз болады.
– Дина ханым, сіз Талдықорғандағы пәтерлер ісі бойынша түрмеде 3 жыл 10 ай отырдыңыз. Сол жақтың өмірін көрген адам ретінде айтыңызшы, түрмедегі әйелдердің құқығы қаншалықты қорғалады?
– Адам құқығының қорғалу мәселесі елімізде ақсап тұр. Адам құқығы қорғалу деген біздің мемлекет үшін ерте айтылып жатқан сөз шығар деп ойлаймын. Жалпы жан баласы үнемі қауіп-қатерде болады. Менің өмірім де үнемі қауіп үстінде. Сіздердің арналарыңызға берген сұхбаттан кейін қаншама адам хабарласты. «Сенің енді өмір сүргің келмейді ғой, осы өміріңе де риза емессің бе?!» дегендер де болды. Мұндай қысымдар бар. Ертең мені атып немесе басқа да қиянат істеп кетсе, оның артында Баталов мырза тұрады. Себебі одан басқа менің өмірім ешкімге қызық емес. Ол кісіге менің өмірім сол кезде де, қазір де қызық болып келе жатыр. Ол кезде мені өте қатыгездікпен, асқан заңбұзушылықпен қамаған еді. Алдымен бір айдай пәтерде ұстады. Ол жерде өте қатты қысым көрсетілді.
– Сонда пәтерде сізді кім ұстады?
– УБОП (Борьба с организованной преступностью) дейді ғой, яғни қауіпті қылмыскерлермен жұмыс істейтін бөлім аса қауіпті адамдармен бірге ұстады. 13 қазанда жапты, 1 қарашада ғана уақытша тергеу изоляторына қамалдым. Мені не үшін бір ай ол жерде ұстады. Ол кезде қылмыс былай жасалатын еді: алдымен адамды қамап алып, бәрімен байланысын үзіп тастайды. Сосын сендегі барлық ақпаратты алады да, тергеу кезінде өздеріне қалай ыңғайлы, солай пайдаланады. Біздің елде адамға кез келген бапты бұрмалап жаба салуға болады. Өте оңай. Оған көзім анық жетті. Адам құқығын қорғау туралы айтып жатырмыз ғой, сөз арасында Бишімбаевты тілге тиек еттік. Мен ол іс туралы комментарий бергім келмейді. Себебі әйел адамға жасалған қатыгездік бәрібір де адамға қатты әсер етеді. Мен қысымды жан-жақты көрген адам болғасын ондайды, тіпті көтере алмаймын. Адам құқығы әрқашан қорғалуы тиіс. Бірақ біздің құзыретті органдар ешқандай адамға адам ретінде немесе әйел ретінде қарамайды. Қылмыстық-атқару жүйесінде сотталушы бар, сотталушының атқаратын амалдары бар. Оның құқығы жоқ, тек міндеттері болады. Мұндай заңбұзушылықтар біздің елде қарқынды жүреді деп есептеймін. Себебі желіде ерлерді де, әйелдерді де қалай қинап жатқанын көріп жатырмыз. Оның барлығы ертегі емес, ақиқатында болған және болатын да дүние.
Маған үнемі қойылатын сұрақ: «Сіз неге істі болғаннан бері осы дүниелерді айтпадыңыз» дейді. Оның бәрі білмейтін адамның әңгімесі. Жалпы біреуді күндеу, кінәлау, жамандау өте оңай. Оның арғы жағында не барын, қалай болғаны ешкімге қызық емес. Ал енді Баталовқа қарсы бір сөз айтып көріңізші, шабармандарын алдына салып алады да, жан-жақтағы құзыретті органда отырған адамдары арқылы сені қысады. Біздің елде билігі бар адамға, ақшасы бар адамға, жоғарыда отырып заңды өздері бұзатын адамдарға ештеңе айтуға болмайды. Ақиқатты айттың ба, өміріңе бірден қауіп төнеді. Сізге де, бізге де хабарласады. Өйткені жүйе солай жұмыс істейді. Заңның қалай жұмыс істейтінін шарасыз халде, темір тордың ар жағында отырған адамдар ғана біледі. Оларға бұл нақты көрінеді. Ал бостандықтағы адамдарға бұл әшейін сөз ғана. Сондықтан мен сол жерде отырып құзыретті органдардың барлығына арыз жазып шықтым. Қысқаша айтқанда, темір торда отырған адамның, тіпті әйелдің мүлдем құқығы жоқ. Оны ешкім елеп, ескермейді. Себебі түрмеде адамның болуы шарт. Өйткені әр адам басына ақша бөлінеді, яғни олар бұған адам тағдыры деп қарамайды, күнделікті келетін ақша деп қана санайды. КУИС-ке адамның түрмеге қамалғаны өте тиімді. Олар мынау бір істі болып жатқан адам емес, бюджетке қосылып жатқан мынанша сома деп қана қарайды.
– Биылғы мәлімет бойынша елімізде әрбір түрмедегі адамға күніне 7500 теңге бөлінеді екен. Қазір 37 мың адам жазасын өтеп жатыр. Сонда 37 мыңды 7,5 мыңға көбейтсеңіз, миллиардтаған ақша. Бұл бөлініп жатқан ақша оларға жете ме?
– Жоқ, бұл ақша жетпейді. Әрбір сотталушыға ондай жағдай жасалмайды. Мұны анық айта аламын. Өзіңіз де білесіз, елімізде 30 жыл бойы қисық саясат жүрді. Бостандықтағы адамдарға, аналарымызға жетпей жатқан ақша тар жерде отырған соларға жетеді деп ойлайсыз ба? Темір торда олардың үні де естілмейді, ол жерде өзіңді қорғау өте қиын. Маған үнемі «сол кезде неге үндемедің?!» деп айтады. Олар менің қалай қорғанғанымды білмейді. Адам өз басына келмей, еш уақытта біреудің тағдырына күлмеу керек. Бір нәрсенің парқына жетпей баға бермеу керек. «Мынау отырып келген екен, қылмыс жасаған» деп айтпастан бұрын оның тағдырына үңіл. Сіз қалай болғанын білмейсіз ғой. Мен сол жақта болып келген адам ретінде айтайын, әйелдерді түрмеде не үшін ұстайды? Қазіргі кезде 40 шақты бала Жауғаштыдағы әйелдер түрмесінде аналарымен бірге отыр. Бүлдіршіндер ол жерде 3 жасқа дейін болады. Биыл заң өзгеріп, 4 жасқа дейін деп жатыр. Балалар 3 жасқа толған күні туысқандары алса алды, болмаса балалар үйіне тапсырады. Соны көрген кезде жүрегің қан жылайды. Ана мен баланы айыру қандай қиын. Содан соң ондай әйелдерді айына сонша ақша бөліп, бірнеше жыл қамауда ұстаудың қандай қажеті бар?! Олардың 70-80 пайызы экономикалық қылмысқа ұрынғандар. Бухгалтер, кассир, менеджер сынды әйелдер орындаушылар ғана ғой. Ал басшысы сотталмайды да, орындаушы ретінде әлсіз әйелдер жазаланады. Оларды қамағанша мойнына ілінген ақшаны бостандықта жүріп төлеуге міндеттесін. Сол кезде әйел баласын да өсіреді, мойнындағы қарызынан да құтылады. Дамыған мемлекеттерде экономикалық қылмыспен отырғызып қоймайды. Бірақ біздің елде мұндай практика жоқ. Түрмеде болған кезде «9 айлық балаңыз бар екен, қылмысыңызды «отсрочкамен» 5 жылға кейінге шегереміз, ол үшін 30 мың доллар беріңіз» деді.
– Бұл сонда заңды ма?
– Жоқ, әрине, пара болып есептеледі. Сол кезде менің қолымда 30 мың доллар болған жоқ. Ал 30 мың доллар бергендер қандай қылмысы болса да жазасы 5 жылға кейінге шегерілді. Мұны көзіммен көрдім. «Двойные стандарты» дейміз ғой. Біздің заңды қалталы азаматтар қалай болса да бұрып ала алады.
– Енді мына құжаттарға көз салайықшы. Бұл жердегі адамдардың аты-жөнін айтпайын, себебі олар әлі жазасын өтеп жатқан болуы мүмкін. Мысалы, қаңтар айында бір жазасын өтеуші 4 мың теңге, сол жылдың қарашасында 700 теңге жалақы алыпты.
– Иә, мен бұл маңызды құжаттарды сақтап қойдым. Бұл жерде адам еңбегін пайдалану боп тұр ғой. Жазасын өтеуші мойнына артылған қарызын қалай өтейді, егер ол айына 700-500 теңге жалақы алса?! Бұл о бастан мемлекеттің бұл адам түрмеден шықпау үшін осындай жағдаймен қамтамасыз етілген. Өйткені мойнындағы қарызы жабылмайды. 500 теңге жалақы алған адам нені жаба алады? Ондай жалақы түрмеден басқа еш жерде жоқ. Енді мұндай адамдарды түрмеде ұстаудың не қажеттілігі бар? Егер ол адамның дені сау, ауыр қылмыс істемесе, адам өлтірмесе, мына әлеуметтік қоғамға ешқандай зияны болмаса кез келген жұмысқа орналастырып, бақылап отырып қарызын өтеуге мүмкіндік беру керек қой. Өйтетін болсақ түрме босап қалады ғой. Түрмедегі адамдардың жалақысы әрбір сотталушыдан түсіп отыр. Сондықтан оларға біздің түрмеден шығуымыз керек емес, керісінше, түрмеде отырғанымыз пайдалы.
Кезінде «Жас Алашқа» түрмеде отырып сұхбат бергем. Таксофон арқылы газетке, депутаттарға, құқық қорғау органдарына жүгіндік. Себебі сауатсыз прокурорларды, судьяларды көрдім. Мысалы, мына хатта қаншама қате бар. Бұл жоғары білім алған адамның жазбасы емес сияқты. Мен бұл қателерді қып-қызыл етіп түзеп, өздеріне жіберіп: «Менің тағдырымды шешіп отырған адамның бір мәтінде 7-8 қате жіберетіндей басына не күн туды?» деп сұрайтын едім. Сондықтан мұндай сауатсыз деңгейдегі адамдар сенің құқығыңды қорғамақ түгілі, саған толыққанды жауап та бере алмайды.
– «Мен қорғандым» деп айтып қалдыңыз. Сонда қалай қорғандыңыз?
– Менде депутаттар мен судьялардың тізімі мен телефон нөмірлері болды. Соларға күніне мың шақты арыз жазамын. Тіпті сол кездегі бас прокурор Қожамжаровқа да арыз жаздым. Оларға темір тордағы адам құқығының қаншалықты тапталып жатқанын айттым. Заңның әлсіздігі соншалықты, сол кездегі депутаттар – Жұмаділдаева, Қоңыров, Қарағұсова, Бектұрғанов осы депутаттар әлі де бар. Сол кезде олар сіздің арызыңызға құзыретті органдар жауап береді» дейді. Болды, басқа әрекет болған жоқ.
Адам құқығы тапталып жатыр деп қалдық қой. Оған мысалдар келтіріп өтейін. Түрмеде 3 жасқа дейінгі балаларға толыққанды тамақ та берілмейді. Дәрі-дәрмек жоқ. Барлық министрліктің адамдарына, денсаулық министрлігіне адам құқығы тапталып жатқанын жазамын. «Ең болмаса келіп көріңіздерші» деймін. Міне, адам түрмеге түсті ме, оның кінәсі болса да, болмаса да осындай күй кешеді. Сыртпен байланысы үзіледі, құқығы тапталады.
–Құқық тапталып жатыр, қаншама депутатқа хабарластым деп жатырсыз, ол жерде адам құқығын қорғайтын мекемелер, ұйымдар жұмыс істемей ме сонда?
– Ол жерде тізім ілініп тұрады. Тар қапастағылардың құқығын қорғайтын мекемелер болады. Оған мемлекет кәдімгідей қаржы құйып, «барып сол адамдардың мәселесін тыңдаңдар, құқығын қорғаңдар» дейді. Бірақ бірде-біреуі өзінің толыққанды функциясын атқармайды.
– Оларға хабарласып көрдіңіз бе?
– Әрине. Мен сізге олардың тізімі мен телефон нөмірлерін бере аламын. Түрме деген стратегиялық нысан. Ол жерге кез келген адам кіре алмайды. Арнайы тексерістен өтіп кіргесін қандай да бір қағазға жазасын өтеушілердің арызын жазып алып бара жатсаңыз, оны сізге бермейді. Егер өздері туралы жағымсыз сөздер болса, тіпті ол қағазды өткізе алмайсыз. Мен келгесін күніне соншама арыз жазғанымды көріп олар шошыды. «Әй, сен қойсаңшы. Өмірі қағаз алмаспайтын мекеме сен келгелі айына 4-5 қорап қағаз алатын болдық. Жазып әуре болма, бәрібір ол жаққа жетпейді» дейді. Бірақ алған бетімнен қайтпадым. Депутаттардың бәріне жаза бердім. Тым болмаса балалы әйелдердің жағдайын жеңілдетуге тырыстым. Ол жақтағы жағдайды неге мемлекет естімейді?
– 2019 жылы «Жас Алашқа» сұхбат бергесін түрме тарапынан қысымға ұшырадым, жұмыстан шығарды» деп айтқан екенсіз. Сонда бас көтеріп сөйлеген адамды түрмеде жазалай бере ме?
– Иә, жазалайды...
– Жазаның қандай түрлері бар?
– «Карцер» дейді, яғни сені бір сыпыра адамнан бөліп тастап, 10 күн қатаң жазаланасың. Түрменің өзі оңай болмаса, оның ішінде тағы да түрме бар. Карцер деп отырғанымыз сол. Әйел адам ретінде мен ол жерде өте көп отырдым. Өйткені шындықты айтасың, бірден жауып тастайды. Карцерде күн көрмейсің, жарық әлсіз. Одан бөлек, түрме басшылығы тарапынан қитұрқы әрекет бар болатын. Мысалы, сен арыз жаза берсең сол негізінде тексеріс жүрсе, түрме басшысы «мына сотталушының арызы негізінде тексеріс көбейді, сондықтан сендерге қатал қарауымызға тура келеді» деп түрмедегілерді саған қарсы қояды. Бұл – түрме басшылығы тарапынан жасалған жоспар. Осы арқылы саған шындықты айтқызбау, тұншықтыру жүреді. Мен келгесін жүйе өзгерді. Тамаққа ет қосылатын болды. Заңды білгесін олардан сұрайтын едім. Мен өзімді заң алдында барынша қорғадым. Жаңа айтып өткенімдей, 2019 жылы сұхбаттан кейін жұмыстан шығарды. Сұхбатта да 500 теңгелік жалақы мәселесін көтердім. Сол үшін басқа да жазалар қолданды.
– Сіз Жауғашты әйелдер колониясында жазаңызды өтедіңіз. Соған қатысты бір дерек айтып кетейін. 2021 жылы жазасын өтеуші әйел «мені зорлады» деп арыз жазған. Бірақ тергеуші тексере келе «бұл әйелдің психологиялық ауытқуы бар» деп мәжбүрлі түрде емделуге жіберіпті. Бірақ әйелдің қорғаушылары заңның бұрмаланғанын айтты. Менің сұрағым келгені, түрмеде сотталушыларды қаншалықты дәрежеде жазалайды, оларға қандай физикалық қысым көрсетеді?
– Мысалы, мені тергеп жатқан кезде жан-жақтан қыспаққа алды. Себебі мойындату керек болды. Облыс прокуроры, ПД басшысы тарапынан қысымдар болды. Алдыңғы сұхбатымда Баталовтың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болды деп айтып өттім ғой. Мені барынша өлтіріп тастағысы келді. Бірақ адам ажалы келмесе өлмейді екен. Ұрып-соқты, мойындатқызғысы келді. Туған інімді айтып қорқытты. Бала-шағаңа ауыртпалық әкелеміз деді. Тергеу барысында қатты қысым көрдім. Өзім айтқан сөздерді өзіме қарсы қолданды. Түрмеге барған кезде де солай болды. Үш жастағы баланың қытай лапшасын жегенін көріп, «біз қылмыскер бола салайық, бірақ нәрестенің не кінәсі бар, баланың құқығын таптамаңыздар» деген сөзім үшін кәдімгідей ұрып-соқты. Таңдау өзіңде, үндемей қалсаң болады. Түрмедегі адамның барлығы кінәсіз демеймін, бірақ жазамды өтеп жатқанда әйелдердің 70-80 пайызы кінәсі дәлелденбей қамалып жатты. Өзім отырған 3 жыл 10 айда 30 әйелді бостандыққа шығардым. Олар өздерінің құқығын білмегендіктен түрмеге түскен. Сондықтан бұл заңдар талқыға салынып, өзгеріске түсуі керек деп есептеймін.
– Түрме өмірін көрген адам ретінде айтыңызшы. Ол жақта қандай заңдар өзгеру керек деп есептейсіз?
– Қылмыстық-атқару жүйесінде, Ішкі істер министрлігінде 100 пайыз реформа жүруі керек деп есептеймін. Олар адаммен жұмыс істейді ғой, мейлі түрмеге түскендер қылмыскер болса да, аса ауыр қылмыс жасамаса, балалы, жүкті әйел болса өліп қалмай тірі шығуына мүмкіндік беру қажет. Оны ұрып-соғып, құқығын таптағаннан гөрі ол түрмеде отыр, жазасын өтеп жатыр деп соған қанағат етуге болады. Жоқ, одан сайын төменге түсіріп, адам емес, қылмыскер деп құқығын таптау – адами тұрғыдан дұрыс емес. Бірақ біздің қоғамда темір торға түссең адам қатарынан шығып қаласың, сенің құқықтарың жоғалып кетеді. Маған күлген адамдардың басым бөлігі қазір түрмеде отыр. Адам басына ондай тағдырды сұрап алмайды. Біреудің тағдырына баға беруден алыс болу керек.
P.S. Құрметті оқырман, біз сұхбаттың қысқартылған нұсқасын газет оқырмандарына ұсындық. Дина Балқашқызымен YouTube арнамызда екі сұхбат жарық көрді.