Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:42

Құқық қорғаушылар талабынан соң түрмедегі белсенді Тілеужанова ауруханаға жатқызылды

Тілеужан
Фото: БАҚ

Алматы әуежайының «қаңтар оқиғасы кезінде басып алынуына қатысы бар» деген айыппен төрт жылға сотталған белсенді және журналист Айгерім Тілеужанова денсаулығы нашарлағаннан кейін, адвокаты мен құқық қорғаушылардың ұзақ уақыт бойғы талаптарынан соң ақыры ауруханаға жатқызылды.

Адвокат Айнара Айдарханованың айтуынша, оның қорғауындағы азаматша тек 17 қарашада ғана орталық аудандық ауруханаға жеткізілген.

«Қазір ол Өтеген батырдағы ГРЭС кентінің орталық ауруханасында жатыр. Тексеруден өтіп жатыр, анализдер алады. Дәрігерлермен кездестім. Айгерім әлі де қолы кісендеулі, палатада темір тор тұр. Бірақ ең маңыздысы – толыққанды тексеру басталды. Сегіз ай болды, денсаулығы нашарлағанын айтып келеді. Түрмеде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы күмән тудырады», – деді адвокат.

Адвокаттың айтуынша, Тілеужанова қатты арықтаған, көзі ісіп кеткен, жалпы жағдайы нашарлаған. Қорғаушылар өз тарапынан да сараптама ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Адвокатты кіргізбеген, бірақ кейін рұқсат берілді

Айдарханова бұған дейін әлеуметтік желіде Айгерімге кіре алмай жүргенін хабарлаған. Алайда 17 қараша кешке Азаттық Азияға берген түсініктемесінде оны қорғауындағы азаматшаға ақыры кіргізгенін айтты.

Айгерім Тілеужанованың денсаулығының нашарлағаны туралы адвокат пен құқық қорғаушылар бұған дейін бірнеше рет айтқан.

Сол сияқты олар тағы бір саяси тұтқын деп танылған журналист Думан Мұхаммедкәрімді де ауруханаға жатқызуды талап етіп келеді. Д. Мұхаммедкәрім 2024 жылдың тамызында жеті жылға сотталған.

Айгерім Тілеужанова ісі

Айгерім Тлеужанова Алматы облысы, Жауғашты ауылындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатыр. 2023 жылғы шілде айында ол:

  • «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды»,

  • «Алматы әуежайын басып алуға қатысқан»

деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

Тілеужанова айыптарды жоққа шығарып, істі «саяси тапсырыс» деп атаған.

Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары Айгерім Тілеужанова мен Думан Мұхаммедкәрімді саяси тұтқын деп таныған.