Түрмеден хат: Тұрғынбаевтың жауабы қысқа болды
«Жас Алаштың» 15 шілде күнгі №57 санында жарық көрген "Тұрғынбаевқа түрмеден хат: «Рыжий Алмаздың» інісі министрге не айтты?"атты мақалаға орай, ІІМ редакцияға арнайы хат жолдапты.
Министрлік өкілінің айтуынша, редакцияға материал жолдаған Асқар Нәсенов ашық хатына орай тексеру жүргізу кезінде арыз беруден бас тартыпты, ешқандай заңбұзушылықтар анықталмапты. Түрмеде нақты қандай тексеру, тергеу жұмыстары жүргізілгені және ашық хат иесінің не себепті сөзінен тайқып кеткені белгісіз, не де болса Тұрғынбаевтың «жұртқа жақын полициясы» сүттен ақ, судан таза екен.
«Жас Алаш» түрмедегі адамның жанайқайын жеткізді, ол сөзінен танып кетсе, өз еркі. Енді екі жақты пікірді тең ұстау мақсатында ІІМ жолдаған хатты оқырман назарына ұсынамыз.
Редакция
«Ішкі істер министрлігі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Жұртқа жақын полиция» қағидаттарын іске асыру шеңберінде ІІМ-ге келіп түскен азаматтардың барлық шағымдары мен өтініштеріне, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға уақтылы жауап береді.
Белгілі болғандай, ағымдағы жылғы 15 шілдеде «Жас Алаш» газетінде сотталған Асқар Насеновтың ЛА-155/14 мекемесі қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттері туралы үндеуі жарияланды. Ол сол жерде жазасын 2020 жылдың қараша айынан бері өтеуде.
Осыған орай, ішкі істер министрі Е.З.Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша өзіндік қауіпсіздік департаменті қызметкерлері аталған мекемеге барып, қызметтік тергеу тағайындап, айтылған барлық уәждерді толықтай зерделеп тексерді.
Тексеру барысында мақалада баяндалған фактілерге қатысты А.Б.Насенов арыз беруден бас тартты. Бірақ соған қарамастан, сотталғандарға дөрекі қарым-қатынас көрсету фактілері бойынша қосымша тексеру іс-шаралары жүргізілді. Бейнежазбаларды зерделей келе, сотталғандар мен мекеме қызметкерлері арасында сауалнамалар өткізілді. Нәтижесінде аталған фактілер расталмады.
Сонымен бірге кеме моделін ұрлау фактісі де расталған жоқ, бұл жөнінде Насеновтен мекеме әкімшілігіне айтар шағымы жоқтығы туралы өтініші келіп түсті».