Тұрмыстық зорлық: Алматыдағы дағдарыс орталығына бір жылда 500-ге жуық әйел жүгінген
Елімізде соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы аса өзекті болып отыр.
Өткен жылдың өзінде тек Алматыдағы дағдарыс орталығына тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған 500-ге жуық адам жүгінген. Жалпы, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, республика бойынша 100 мыңнан астам тұрмыстық озбырлық фактісі тіркелген.
Мәселен, Самал есімді алматылық тұрғын Жаңа жыл түнін қорқынышпен еске алады. Ес-түссіз мас болған күйеуі өз әйелін ұра бастаған. Жәбірленушінің айтуынша, айуандық олардың бір жасар ұлының көзінше жасалған.
«Ол мені бір ұрды. Ол өзі абыржып қалды. Мен бөлмедегі балаға бардым. Ол сонда келді. Сол жердегі ұйықтап жатқан баланы оятты, мені сол жерде ұра бастады. Жылап жатқан балаға да қарамады. Мен онымен енді өмір сүргім келмейді. Бір рет қана ұрса бір жөн, бірақ алты рет осындай жағдай орын алды, «сені өлтіремін» деген сөздерді де айтты. Мен қатты қорықтым», — деп есіне алды ол өз тарихын.
Жәбірленуші сол түні заттарын жинап, баласымен бірге үйден шығып кеткен. Әуелгіде олар құрбысымен араласып, кейін дағдарыс орталығынан пана тапты. Ал мекемеде Самал сияқты жүздеген адамдар бар. Әлеуметтік қызметкерлер статистикалық мәліметтерге сүйеніп, өткен жылдың өзінде 155 әйел көмекке жүгінгендігін айтады.
Әлеуметтік қызметкер Зульфия Умарова:
- Біз қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдерге көмектесуге тырысамыз, оларға әлеуметтік, психологиялық және оңалту бойынша көмек көрсетеміз. 2017 жылдан бері біз екі мың қыз бен әйелге көмектестік. Біз олармен жұмыс істей бастағанда балалардың да құрбан болатынын байқаймыз, өйткені отбасындағы зорлық-зомбылық олардың көз алдында болады», — дейді.
Ал, полиция департаменті өткен жылы тәртіп сақшылары қызу іздестіру барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 37 қылмысты ашқанын айтты.
Демократиялық партияның ресми өкілі Салтанат Әзірбек:
- Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар саны 2022 жылы 26%-ға азайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны жедел түрде ішкі істер органдарына жүгінсе, ол ең болмағанда әкімшілік заңнама аясында көрсетілетіні сөзсіз. Ал ауыр сипаттағы дене жарақаттары болса, әрине, қылмыстық істі тіркеу жүзеге асырылады», — деді .
Ал, мамандар қыз-келіншектердің мәселеге үнсіз қалмай, дер кезінде құзырлы органдардан көмек сұрауын сұрайды. Заңгер Ғалымжан Әбдуаитов:
- Біздің қоғамда әйел шыдауы керек деген пікір бар. Ол, айталық, күйеуі не істесе де, кез келген жағдайда отбасын сақтап қалатын адам болуы керек. Дегенмен, бұл мәселе бойынша үнсіздік жиі ұрып-соғудың күшейе түсуіне, жиілеуіне де әкеледі. Ал ең соңында адам мүгедек болып қалуы мүмкін. Кейде бұл кісі өлтіруге дейін де барады», — деп түсіндірді.
Басты мәселе, істердің көпшілігі қылмыстық емес, әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланады. Осы орайда сарапшылар елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп санау әйелдер мен балаларды үй тұрмыстық зомбылықтан қорғайтынын айтады