Тұрмыстық зорлық-зомбылық азая ма?

Мемлекет басшысы отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларға әлімжеттікті жоюға қатысты Қазақстан халқына жолдауында кеңірек тоқталып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға қатысты нақты жұмыстардың атқарылуы жөнінде тапсырма берген еді.
Осы орайда, тиісті мекемелер әр өңірде «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында кездесулер өткізуді бастап кетті. Сондай-ақ отбасындағы әлімжеттік көрген жандарға көмек беретін 2324 жедел орталығы өңірлермен бірлесе отырып, шұғыл қызмет 111 байланыс орталығы іске қосылды. Бұл қазіргі таңдағы адам құқығында ең көп зардап шегетін әйелдер мен балаларға берілген кішкене де болсын, көмек болып есептеледі. Бұған мәселе бойынша өңір-өңірлерде қандай да бір тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол беріліп, адам денсаулығына неғұрлым зардап келген жағдайда, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің әкімшілік-құқықбұзушылық туралы баптарына сәйкес, жауапқа тартылатындығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Ал зорлық-зомбылыққа куә болған азаматтар әр өңірде ашылған арнайы «Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау» тобының инспекторына хабарласа алады.
Сондай-ақ мемлекет отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты «Бақытты отбасы» партиялық жобасын құрап, арнайы шаралар өткізіп келеді.
Жалпы елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылық қаншалықты деңгейде кездеседі, деген сұраққа келсек, психолог Анжела Бейсенова «қоғамда өз баласына қысым жасайтындар көп» екенін айтады.
«Отбасында өзінің ішінен шыққан баласына дөрекі қарап, болмашы нәрсеге жазалап жататын ата-аналар көптеп кездеседі. Бұл жөнінде былтыр жаңалықтарда да көптеп айтылып та жүрді. Мысалы, кішкентай сәбиін аязды күнде аялдамаға тастап кеткен безбүйрек ананы да көрдік. Одан бөлек, әйеліне озбыр көрсеткені аздай, бала-шағасымен үйін өртеп жіберген қатыгез әкенің әрекеті туралы да естідік. Бұл балаға өмірлік өте ауыр соққы. Кішкентайынан қысым көрген сәбиден ертеңгі күні саналы азамат шыға қоюы екіталай. Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жұмыстар қай кезде де, қай уақытта да жұмысын тоқтатпауы тиіс», – дейді психолог.
Психолог ханым айтқандай, елімізде мемлекет басшының тапсырмасымен Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдар барынша жүргізіліп келеді. Осындай жұмыстар жалғасын таба берсе, келешекте отбасындағы кикілжіңдер азайып, қайғылы жағдайлар мен ажырасулардың азаятындығына сеніміміз мол. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасы қаралып қана қоймай, келешекте отбасынан зәбір көрген әйелдер мен балаларға тегін психологиялық көмектер көптеп көрсетілсе дейміз.