Тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыс ретінде мойындала ма?
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегетін әйелдер санының артуына байланысты қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тартуды, сондай-ақ мұндай заңсыз әрекеттерден зардап шеккендерге көмек көрсететін дағдарыс орталықтарының санын көбейтуді талап етеді.
ҚР заңгерлер одағының елордалық филиалының төрағасы, «Атамекен» төрелік орталығының төрешісі Серік Беркамалов:
– Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында тіркелген барлық құқық бұзушылықтардың 40%-дан астамы физикалық зорлық-зомбылықпен байланысты. Бұл ретте негізгі үлесті (70%) әкімшілік құқық бұзушылықтар (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу) құрайды. Бүгінде біз денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді декриминализациялау мұндай құқық бұзушылықтар санының екі есеге жуық өсуіне әкелгенін көріп отырмыз. Егер 2017 жылы денсаулыққа жеңіл зиян келтіру бойынша тіркелген құқық бұзушылықтардың саны 7652 шамасында болса, бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 15 496-ға жеткен, – дейді.
Маманның айтуынша, елімізде денсаулыққа жеңіл зиян келтіретін ұрып-соғу қылмыстары бірнеше рет қылмыстық жауапкершілік ретінде мойындалып, ол санаттан қайта шығарылған. Мәселен, 1997 жылы мұндай қылмыстар ҚР Қылмыстық кодексінің 105-16-баптары бойынша қылмыс деп танылған болса, 2004 және 2011 жылдары қылмыс деп танылмады – басқаша айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылды.
2014 жылы жаңа Қылмыстық кодекстің қабылдануымен қылмыстық жазаның нақты, әрі қисынды жүйесі құрылды. Ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру ҚР Қылмыстық кодексінде болды. Алайда 2017 жылы бұл баптар тағы да бұл санаттан алынып тасталынды.
Осыған байланысты азаматтық белсенділер Қазақстанда бар тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаның формалары мен түрлері әділеттілікті жүзеге асырмайды, сотталушыны түземейді және жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алмайды деп санайды.
Серік Беркамалов қоғамдық кеңес атынан зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тартудың орындылығына қатысты бірқатар ұсыныстар беріп өткен болатын.
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің үш бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Бұл – 73-1 (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру), 73-2 (ұрып-соғу) және 461 (қорғау нұсқамасын бұзу) баптар. ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы (азаптау) қылмысты жасаған адаммен отбасылық-тұрмыстық қатынастарда болатын адамдарға қатысты қылмыс жасау квалификациялық (ауырлататын) белгімен толықтырылсын. Сондай-ақ ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру мен ұрып-соғуды жеке-жариялы айыптау санатына қосу үшін өзгертулер енгізу маңызды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінде ҚР Қылмыстық кодексінің 108, 109, 110-баптары бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатудың (тек істі сот қарауы барысында) ерекше тәртібі қарастырылсын. Бұл өзгеріс жеткілікті және объективті негіздерсіз тараптар татуласқаннан кейін тергеуді тоқтатуды болдырмауға мүмкіндік береді.
Ескерту – тығырықтан шығу жолы емес
Бүгінде тек бір жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі қайталанған жағдайда ғана үш тәуліктен аспайтын мерзімге әкімшілік қамауға алынады. Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Жанна Оразбахова бұл жөнінде былай деп пікір білдіреді:
– Бар мәселе – бізде әкімшілік қамауға алынғандарды ұстайтын жер жоқ. Қазір Алматы қаласының уақытша ұстау изоляторының бірінші қабаты түгелдей мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік қамауға алынғандарды ұстауға берілді. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тартылғандар да орналастырылады. Уақытша қамау орнында орын тапшы. Бұл қылмыстарды жасаған тұлғалармен психокоррекция жүргізілмейді. Осылайша жағдай жалғаса береді: адам ескерту алады, ол үйіне келіп, тағы да әйелі мен балаларын ұрып-соғуды жалғастырады.
Электрондық жүйе жетістіктері
Заң кафедрасының доценті, Еуразия технологиялық университетінің Адам құқықтарын, инклюзивтік және азаматтық қоғамды зерттеу орталығының директоры Халида Әжіғұлова бүгінгі таңда мектеп пен жоғары оқу орындарында адам құқықтары мен зорлық-зомбылықтан қорғау, зорлық-зомбылықпен, экстремизммен және терроризммен тиімді күресу бойынша міндетті сабақтарды тәртіпке келтіру қажет деп санайды. Сонымен қатар агрессорлар мен зорлық-зомбылыққа деген адамгершілік көзқарас қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретініне және полиция қызметкерлеріне деген сенім мен құрметтің артуына ықпал етпейтініне сенімді.
Дегенмен бүгінгі таңда бірқатар мәселелерді шешуде жылжу бар, оның ішінде ӘІБТ электрондық жүйесі (Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі) өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Соңғы кездері әкімшілік қамауға алу жанжал кезінде жәбірленуші мен құқық бұзушыны бір-бірінен алшақта ұстау белсенді түрде қолданыла бастады.
Көмек көрсету орталықтары
Бүгінде дағдарыс орталықтары тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қолдауда және психологиялық оңалтуда маңызды рөл атқарады. Олар еліміздің әртүрлі қалаларында жұмыс істейді.
Дағдарыс орталықтары одағының жетекшісі Зульфия Байсақова:
– Мәселен, Алматы қаласындағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығы жұмыс істеген бес жыл ішінде 3987 адамға көмек көрсетілді, оның 1300-і әйелдер, қалғандары орталыққа аналарымен келген кәмелетке толмаған балалар. Біз мемлекеттік органдарды, үкіметтік емес ұйымдарды ынтымақтасуға тарта отырып, адамдарға тегін психологиялық, құқықтық көмек, әлеуметтік қолдау көрсетеміз.
Сонымен қатар мұндай орталықтарда әйелдермен жоғары кәсіби мамандар жұмыс істейді. Психологтар әйелдерді дағдарыстан шығарып, қажетті жайлы орта қалыптастырады. Осыдан кейін заңгер қажет болған жағдайда құжаттарды қалпына келтіруді қамтитын жұмыс жоспарын жасайды.
– Әйелдер бізге жұбайын ертіп келетін кездер де болады. Олар Қазақстан азаматы емес және тұруға рұқсаты жоқ. Бұл ретте консулдықтармен, үкіметтік емес ұйымдармен, адам құқықтары жөніндегі қазақстандық халықаралық бюромен бірлесіп, олардың босқын мәртебесін анықтаймыз. Зардап шегушімен жұмыс істеуге әлеуметтік қызметкерлер жұмылдырылған. Бес мезгіл тамақ, гигиеналық құралдар, киім-кешек береміз. «Жан-сая» орталығының көмегіне жүгінген қыз-келіншектерге мемлекет бюджетінен бөлек, қарапайым алматылықтар да гуманитарлық көмек көрсетуде.