Тұрсын Хафизұлы: Мәдениеттің «жұмсақ күші» суық қарудан да қауіпті
Украина даласында, Таяу Шығыста соғыс оты басылар емес. Соның салдарынан, басқа да иектеген себептердің кесірінен әлем экономикасы шатқаяқтап тұр.
Ал көзге көрінбейтін мәдениеттер мен өркениеттердің қақтығысы өз алдына айтылар бөлек әңгіме. Адамзат бүгінде тек соғыс отына оранып, қаржылық дағдарысқа ғана ұшырап отырған жоқ, рухани дағдарысқа да ұрынып отыр. Баз біреулер мұндай тығырықтан шығудың жолы әлем өркениеттерінің сұхбаттастығы деседі. Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында қырғиқабақ соғыс аяқталып, АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы қарым-қатынастар ретке келе бастады. Бірақ философтар көп ұзамай Шығыс пен Батыс өркениетінің текетіреске түсетінін, соқтығысатынын болжады. Осылай әлемде өркениеттер қақтығысы басталып кеткен еді. Жаһандану процесімен жүріп жатқан өркениеттер диалогының маңызы қандай? Бұл сұхбат па? Әлде соғыс па? Осы тақырып аясында философия ғылымдарының докторы, ҚР ӘҒА академигі Тұрсын Хафизұлымен сұхбат құрдық.
– Мәдениет пен өркениет ұғымдары көзі ашық жанға түсінікті, әрі жиі қолданыста жүрген терминдер болғанымен, бұлардың бір-бірінен өзгешеліктері туралы нақты түсініктер жоқ. Бұларды көбінесе синоним ретінде қолдану жиі бой көрсетіп жүр. Десек те бұған келіспейтін ғалымдар да жетіп артылады. Өркениеттер қақтығысы туралы сөз қозғамас бұрын, ең алдымен, әңгімемізді мәдениет пен өркениет ұғымдарын танудан бастасақ…
– Алдымен осы екі ұғымның мәнін ашудың маңызы зор. Адамдар бір-бірімен неге түсініспей жатады? Себебі бір ұғым аясында әртүрлі пікірге ие болады. Әдетте бұл ұғымдарды белгілі бір мән, мәтіннің ішінде қарау маңызды. Ең әуелі, менің ойымша, мәдениет ұғымына ең жақсы анықтаманы әйгілі австриялық философ, психоаналитик Зигмунд Фрейд берген. Фрейдтің мәдениет мәселесіне арналған «Тотем және табу» еңбегі бар. Оның айтуынша, мәдениет деген – адам мен табиғаттың, не адам мен басқа тіршілік иелері арасындағы қарым-қатынасын реттейтін, үйлесімді ететін норма. Бұл ұғымға бүгінге дейін әртүрлі контексте пайдалануына байланысты мыңнан астам анықтама берді. Ал Фрейдтің анықтамасына сүйенсек, мәдениет – адамның болмыстағы өмір сүру тәсілі. Жануар сыртқы ортаға бейімделу, адаптация арқылы өмір сүретін болса, мәдениет арқылы адам қоршаған орта мен қоғамға бейімделеді, оларды қабылдайды, олармен бірге өмір сүреді. Бұл мағынада алғанда мәдениет бір ұрпақтың екінші ұрпаққа жолдаған мұрасы мен мирасын қамтиды. Адамзат өзіне қалған мәдениетті игеру арқылы қалыптасып, өмірлік келбетке ие болмақ. Мәдениет кеше, я бүгін пайда болған сөз емес, антик авторларынан ілесіп келе жатқан тарихи ұғым. Бұл ұғымның мағынасы өңделген, жасанды, жаратылыс қолымен жасалған деген мағынаны береді. Сондықтан мәдениет – адамның ой-пікірі арқылы жасалып, жүзеге асқан әлем. Әл-Фарабидің айтуынша, «маданият» ұғымы Мадина атауынан туындаған. «Қала» дегенді білдіреді. Десек те, бұл жерде «қала» шартты ұғым, оның түсінігінше мәдениет – адамдардың бірлескен өмір сүру тәсілі, мәдени топтары. Шығармаларында «Қайырымдылар қаласы», «Надандар қаласы» мен «Адасқандар қаласы» деп жіктеуі де сол себепті. Ал өркендеу сөзінен туындаған өркениет ұғымы – әу баста заңға бағынатын қоғам, я азаматтық қоғаммен сабақтасып жатқан. Өркениет, өркениетті қоғам турасында Жүсіп Баласағұнның еңбектерінен жиі кездестіруге болады. Осы тұста екі ұғымның бір-біріне тым жақын болғанмен, айырмашылықтары да бар. Айталық, мәдениет адамның өмір сүру тәсілімен тікелей байланысты, адами болмысты бейнелейтін ұғым. Бұл мағынада өркениет адамдық топтар мен мемлекет ерекшеліктерін білдіретін қоғам деген мағынада. Ұлы философ Канттың айтуынша, адам болмысы қашан да мақсаттан тұрады дейді. Мәдениет – адамның рухани болмысы. Ал өркениет – сыртқы құбылыс, мәдениеттің ұйымдасу формасы. Заманның өзгеруіне байланысты өркениет толқынмен келеді. Бүгінге дейін адамзаттың даму тарихы өркениеттің үш толқынын бастан кешірді. Тофлер ғалым атап өткен, алдымен аграрлық өркениет орнады. Адамдардың малды қолға үйретуі, ауыл шаруашылығы, егіншілік пен малшылық негізінде пайда болған алғашқы өркениет еді. Келесі толқын индустриалды өркениет орнады. Индустриалды өркениет 15-16 ғасырда Батыстан бастау алды. Бүгінде әлемде өркениеттің жаңа толқыны басталды. Ақпарат толқыны келе жатыр. Бұрын біз тек екі шындықты білетін едік: бірі – заттар дүниесі болса, екіншісі – менің өз ішімдегі рухани әлем, сана, ой. Қазір мүлде басқа үшінші шындық пайда болды. Адамдар монитордың арғы жағындағы виртуалды әлемде өмір сүре бастады. Адами мәдениет өркениеттік жылдар өзгерістерге, атап айтқанда, ақпараттар ағымына тез бейімделе алмауы мүмкін. Сондықтан мәдениет – құндылықтар әлемі, ал өркениеттің қызметі – құндылықтарды алу, жеткізу.
– Алайда бас-басына белгілі бір мақсаттарды көздеген түрлі өркениеттердің бір-бірімен тату сыңай танытып, өзара жүргізе бастаған диалогтарының адамзатқа тигізер пайдасы қаншалықты? Өркениеттер арасындағы қақтығыс: сұхбат па, соғыс па?
– Америкалық әлеуметтанушы Хантингтон әлемдегі 8 өркениетті санамалап берген еді. Алдымен, батыс өркениеті. Үш қазақ отырсақ, біреуміз де батыс адамы емеспіз, бірақ батысша киініп алғанбыз. Демократ болғымыз келіп, ашық қоғам құруға талпыныс жасаймыз. Келесі – үш нәсілдің тоғысынан пайда болған латынамерикалық өркениет. Үшіншісі – бүгінде саяси-әлеуметтік жағдайы шиеленісіп тұрған православиялық өркениет. Тағы бірі – ислам өркениеті. Қазіргі кезде ислам өркениетінің қарқыны қатты, біздің ел бұл өркениеттің солтүстік-шығысында орналасқан. Бұдан бөлек, біздің елде үш өркениет тоғысқан. Тағы айтар болсақ, конфуцийлік қытай және үнді-будда, қиыршығыстық өркениеттер бар. Соңғысы – енді дамып келе жатқан африкалық өркениет. Өркениеттер қақтығысы ұғымын Хантингтон ұсынған. Қазіргі заманда соғыс пен қайшылық бұрынғыдай капитализм мен социализм, не дамыған-дамымаған елдер арасында емес, өркениеттер арасында жүреді. Бұл бейбіт күнде де жүре беретін процесс. Мысалы, күні бүгінге дейін батыс өркениеті мен ислам өркениеті арасында қақтығыстар болып тұрады. Қазір өркениеттер арасындағы қайшылық күшейіп кетті. Өркениеттер ішінде өзіндік жеке топтар пайда бола бастады. Өркениет біз не ішеміз, не жейміз деген сұрақтарға жауап береді. Ал біз қалай, не үшін өмір сүреміз, қандай құндылықтарды пайдаланамыз – бұл сұрақтарға мәдениет жауап береді. Қашан да өркениетпен қатар жоғары мәдениетті дамыту да осы үшін маңызды.
Осы сегіз өркениет қарқынды белең алып тұрғанымен, мәдениеттер ескерілмей жататын кездер бар. Қазіргі жағдайда мәдениет – дискурстық құбылыс. Ол бір орында қатып тұра алмайды, мәдениет өз қауашағынан босанып шығуға зәру, өйткені өзінің мүмкіндіктерін толық іске қосу үшін, басқа мәдениеттердің тәжірибесіне үңілу және оларды игеру қажет. Себебі бүгінгі мәдениет – белгілі бір идеологияның қаруы, «жұмсақ күш». Мысалы, Қытайдан бастау алған Ұлы Жібек жолының экономикалық маңызы қандай жоғары болса, мәдени маңызы да одан кем емес. Кез келген қоғам өз мәдениетін таратқысы келеді. Сондықтан бүгінгі ақпаратқа оңай қол жеткізуге болатын әлемде мәдениеттің жұмсақ күші суық қарудан да қауіпті. Мәдениет деген – тек музей не ән айтып тұрған әнші ғана емес, кең мағынасында адамның құпиялылығы мен болмысы, қарым-қатынас, мәдени ген – адам болмысын қалыптастыратын бағдарлама.
– Осы тұста өркениеттер арасындағы қақтығыс бейбіт күнде де жүре беретін процесс екенін атап өттік. Мәдениеттің дәстүрлі үлгілерінен бас тартпай, постмодернизмге де құлап түспей, осы екеуінің ортасынан заманға сай қалыпты қалай сақтауға болады?
– Осы тұста, өркениет пен мәдениеттің тағы бір айырмашылығын атап өткеніміз жөн. Өркениет – көп жағдайда мемлекет құрылымымен байланысты болса, мәдениет – белгілі этностың бүгіні мен ертеңіне байланысты. Ұлттың өзіндік санасы, өзін-өзі тану, я өзін басқаларға паш ету формасы мәдениеттің құзырында. Мысалы, әр ұлт пен әр кезеңге байланысты «мәдениетті адам» ұғымына әрқилы түсінікке ие болады. Ежелгі Грек ойшылдары қандай адамды мәдениетті санаған? Гимнастикамен айналысып, тән сұлулығына мән беретін және театрға қатысы бар адамды мәдениетті санаған. Олар трагедия арқылы адам жанын катарсиске түсіріп, рухты тазалаймыз деп түйген. Бұдан бөлек, мәдениетті адам риторикаға мән берген. Олардың түсінігінде осы қабілеттерді қамтып, азамат тәрбиелеген адам – жоғары мәдениеттің үлгісі бола білген. Ал дәстүрлі қазақ қоғамында қандай адамды мәдениетті санаған? Бұған ақын-жыраулардың поэзиясынан анық жауап таба аламыз. Кісілік қасиеттерді бойына жиған мәдениетті боп есептелді. Сондықтан қанша жаңашылдық орнаса түп-тамыры мен ұлттық мәдени кодынан алыстап кетпеу аса маңызды. Абай:
«Дүние – үлкен көл,
Замана – соққан жел.
Алғашқы толқын ағалар,
Кейінгі толқын інілер», – дейді. Әр заманның толқыны басқа, талабы бөлек. Кей тарихи-әлеуметтік оқиғалар мен процестер түп құндылықтарымызды түбегейлі шайқалтып жіберуі әбден мүмкін. Біз Кеңес өкіметі кезінде жақсы болсын, жаман болсын, бір құндылықтарды қабылдап, соның жетегінде өмір сүрдік. Тарихи маңызды оқиғалардың орнауымен құндылықтар да ауысып кетті. Әсіресе тәуелсіздік алған соң қоғамда құндылықтардың бос кеңістігі пайда болды. Ал табиғат бостықты ұнатпайды. Сондықтан сол бостықтың орнын міндетті түрде бірдеңемен толтырады.
– Тәуелсіздікке қол жеткізіп, шекарамыз ашылғаннан кейінгі кезеңдегі мәдени құндылықтар жүйесі мен руханиятқа көптеген өзгерістер еніп жатқаны белгілі. Мұны өзіңіз де айтып отырсыз. Бұл жерде дәстүрлілік пен жаңашылдықтың қатынасындағы белгілі бір баланс бар ма?
– Қазір бізге ұқсамайтын жаңа ұрпақтың дәуірі келе жатыр. Z ұрпақтың да дәуірі таусылып, Альфа ұрпақ орнын баспақшы. Бұл ұрпақта коммуникация қабілеті мықты болғанымен, тереңдіктен айырылып бара жатқаны өкінішті. Сәйкесінше, мәдениеттердің қақтығысында келер ұрпаққа ұлттық болмысымыз бен мәдени кодымызды сіңірудің маңызы зор. Соның ішінде өз мәдениетімізді заман талабына сай икемдеуіміз керек. Мысалы, жапондықтарды алайық, технологияны өндіру мен пайдаланудан жоғары деңгейге шыққанымен, ұлттық құндылықтарынан айырылған жоқ. Басты шаруашылығы – күріш егу, ежелгі сенімі – синто дінінің дәстүрлерін жоғалтпай келеді. Өркениеттің талаптарын жоғары рухани мәдениетпен қатар қабылдады. Өркениеттердің қақтығысы, ықпалы келе жатыр, бар, оны жоққа шығара алмаймыз. Ал өз мәдениетіңді соған бейімдеу арқылы арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмеуге болады.
– Өткен ғасырдың аяғынан бастап әлемде жаһандану үрдісі кең етек ала бастады. Мұның ұлттық мәдениетке ықпалын жоққа шығара алмасымыз анық. Қазақ мәдениеті, руханияты қарсы келген мәдени қақтығыстарға жұтылып кетпей, қарсы тұруға қауқарлы ма?
– Жаһандану процесі қазіргі кезде әлемді толық жаулап үлгерді. Мүмкін адамзаттан жырақ тұратын бірер ежелгі тайпаны ғана жаулауға қауқары жетпеген болар. Бірақ күллі халықты жаулап болды. Ғалымдар бүгінде жаһанданумен қатар жүріп жатқан локализация процесін анықтады. Яғни жергіліктену, бөліну процесі. Жаһанданудың негізгі тірегі либерализмде жатыр. Күллі әлем батыстың көзқарас, принциптерімен өмір сүру керек деп түйеді. Батыс түбегейлі жеңіп шықты дейді. Соған қарамастан, бұған келіспейтіндер де жетіп артылады. Бір Американың өзінде екі партия бар: демократиялық және Трамптың құзырындағы республикалық партия. Мысалы, Трамп жаһандануға қарсы, ол Американың ішкі мүдделерін Батыс елдерінің құндылықтарынан да жоғары қояды. Мысалы, православиялық өркениетті алсақ та екі славян халқы арасында орын алып жатқан соғыс – осы локализацияның бір көрінісі. Біртіндеп мемлекеттер мен ұлттар жойылады, ұлттық құндылықтар құрдымға кетіп, құриды деуге де болмайды. Жергілікті өркениеттердің өркендеуі де белең алып тұр. Біздің саяси-географиялық жағдайымыз түркі халықтарымен тізе қосуды талап етіп тұр. Сондықтан түркі өркениеті де бірер жылда өркендеп, жоғары деңгейге көтерілуі мүмкін.
Сұхбаттасқан
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ