Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «Ақтабан» ақыл, «сұлама» сана», «шұбырынды» ой

Тұрсын Жұртбай
Фото: Ернар Алмабек

Иә, тақырыптың аты да, сананы сартап еткен ой да, сананы азынатқан сарын да, өзегіңді етпетінен түсіріп, жер бауырлатқан да ұлттық «сұлама сана», соның ішінде сұлай-сұлай сүйретіндісі шыққан ұлттық сана.

 Соның ішінде қазақтың жер бауырлап қалған ұлттық санасы. Тумысы тұтасынан туырыла біткен ұлттық болмыс пен ұлттық сананың кейінгі отыз жыл ішінде рубасылық додаға салынып, тулақтай сүйретіліп, сондай бір аруақтана құтырына құлшынып, бұшпақтала жұлына сүйретілген қазақтың тарихи санасы. Бізді, мұндай күйінді күйге шалықтырған, тағы да қайталап айтайын, тарихи ойлау жүйесінің сақабасы Құрбанғали Халидидің «топан суы» дәуірінен бастап, ХХ ғасырдың басына дейінгі қазақ даласының тарихын сана елегінен өткізіп берген «Бес елдің тарихы» (Тауарих-и хамса-и шарқи») атты энциклопедиялық еңбегі. Сол еңбекті аудару, ғылыми түсінік жазу барысында, сондағы елімізді «ақтабан шұбырындыға, алқакөл сұламаға» ұшыратқан ұлы зауал мен сол зауалдан бауырын көтеріп, кеудесін тіктеп, бас еркін қайырып, санасын сілкіп, намысын оятып, мүддесін біріктіріп, бір ұлт боп ұйытқан оқиғаларды еске алған тұстардағы «шұбырынды ойдың» опынысы.

Арғы ықылымның ығырлы тарихи ырғағуын былай қойғанда, «Заман, заман, зар заман» деп күңіреніп, «елім-айлап!» аңыраған, ұлан дала иен қалған шапқыншылық зауалының, қазақтың басына төнгеніне 400 жыл толыпты. Ал жоңғар жұртының тағына Батыр қонтайшының келіп, қазақ тайпаларын ойраттандыра бастаған 1620–1640 жылдар мен қазақтар өз елін толық азат еткен «Қандыжап» келісіміне (1759) дейінгі аралықтағы «алқакөл сұлама заманы» жүз қырық жылға созылған болып шығады. Әрине, үнемі қырылыса бермеген. Екі жақта қансырап, жер бауырлап, бір-біріне беттей алмай, арасында дамылдап, күш жиып, қайыра қылыштасып отырған. Сол кездегі қансыраған сайын дала туралы Қ.Халиди:

«Қазақтар – батыста, қалмақтар – шығыста, бір-бірінен қорқып-үркіп саяқ жүрді. Сондықтан да, екеуінің арасындағы ұзындығы мен ені, шамамен, бес-алты жүз шақырым, бәлки, одан да көп жерді ондаған жылдар бойы адам аяғы баспады. Дала иен қалды, иен даланы орманмен тоғай басты. «Қазақтар Аягөз бойына алғаш келген кезде, оның қарағаны – қарағайдай, тобылғысы – теректей еді. Қазақ үйіне тіреу мен бағана болуға жарарлықтай еді», – деп асыра сілтеп айтады екен бұрынғылар. «Жалпы алғанда, бұл сөздердің асыра сілтеп айтылғанына қарамастан, шындыққа жақын болатын. Сол кезде, сай-саладағы, жылғалармен өзен бойындағы тоғайдың қалыңдығы сондай, жолсыз жерден адам жүре алмайтын еді», – дейді көнекөз қариялар» (Құрбанғали Халиди. «Тауарих-и хамса-и шарқи» – «Шығыстың бес елінің тарихы», Қолжазба, кітаби нұсқа, транскрипция, аударма. Жоба жетекшісі Т.Қ.Жұртбай. Аударғандар Т.Жұртбай, Б.Мұстафаев, Ш.Бегімтаев. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Баспа-редакция орталығы. 2019, ІІ том, 314 б. Б295),– деп жазады.

Ғасырға созылған бұл қанды бопса мен қасіретті ырғасу 1718 жылғыАякөз, Алакөл шайқасынан кейін шарықтау шегіне жетті. Ал бүкіл қазақты қансыратқан «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның», яғни ұлы отан соғысының шешуші шайқасының басталғанына 2023 жылы 300 жыл толған екен. Астафир-алла, сонда біз Ақтабан шұбырындыны, алқакөл сұламаны қаннен-қаперсіз атаусыз қалдырып, төбе-төбеге рубасыларының ескерткішін қойып, тарихты додаға сап, жалған ұрандатып, алашапқын боп жүргеніміз соның желігі болмасын. Күпірлік жасамайын деп, қазір әр ауыл мен ауданның кіреберістеріндегі төбелердегі ескерткіш иелерінің бейнесін көз алдыма елестетіп, олардың Ақтабан шұбырынды тұсындағы жауынгерлік ерлігіне тарихи дәйек беретін дерек іздедім. Қазбалап-қазымырланбайын, «болсын, болмасын деген – оңбасын» деп, әкем өсиет еткен ұстанымнан айнығандай болмайын. Болсын! Әр ер қазақ елінің тұтқасы. Дегенмен де, ол тұлға жауға қарсы жалғыз шапқан жоқ қой. Ол – ортақ ұлттық майданның бір ғана жауынгері еді ғой.

Тағы да айтам, болсын. Алайда Алқакөл сұламада есінен айырылған бір ру, бір ауыл, бір тайпа емес қой. Тұтас ұлттың қасіреті. Ендеше, неге сол күйге ұшырадық? Шұбырынды мен сұламаға ұшыраған елдік рух, елдік намыс, елдік қасиет, елдік кие, елдік сана, елдік болмыс қалай оянды, рух бірлігі қалай қалыптасты, өкінішті оқиға қалай сараланды, қандай тарихи сабақ алды, жадын жаңғыртып, мақсат-мүддесін біріктіруге не себепкер болды, «зар заманның» жеңісті туы қалай және қайда тігілді, ол жеңіс бүгінгі ұрпаққа қандай қасиетімен киелі деген сауалдарға тура осы «Көлмекөлге төгілген көздің жасы» мен «Мыны заман қай заман, зар, зар заман», «Қаратаудың басынан көш келеді, Елім-ай!» – дегізген заманға 300 жыл өткенде, бүгінгі айбыны асқақ, аймағы тұтас, «бар қазақ – бір қазақ» деп ұрандап жүрген тұста асқақтата айтылып, терең талданып, ұрпағымыздың есінде мәңгі және тұрақты қалатындай мазмұнда жауап беруге тиісті емес пе ек? Неге төбе қуалап кеттік. Ұлт неге үнсіз қалды? Шіркін-ай, есіне алған бір пенде болсашы. Тіпті жарғақ құлағы жастыққа тимейтін саққұлақ баспасөзіміз, ұрынарға қара таба алмай жүрген әлеуметтік желі, маңдайын тасқа да, тауға да ұрып, соқтығатын ілік таба алмай жүрген жүгәрмектеріміз қайда қалды? Ұлт, тарих, тарихи сана, ел тағдыры қаперде жоқ болғаны ма?! Демек, ұлттық санамыз сол «сұлатыла сүйретілген» күйі әлі кеудесін көтере алмай, сүлесоқ жатыр ма? Мүмкін, тұтастық туын көтеруге құлқы жоқ па? Әлде, ата-бабамыз анттасып таңба басқан Ұлытаудағы ант жазу, ілгеріде ескерткеніміздей, қалай көмескіленіп өшіп тынса, біздің де антты бірлігіміз солай сұйылып бара ма?

Біле білсек, біз дәл қазір, сол «зар, зар заман, зар заман» туралы ұлттық сана деңгейінде, мемлекеттік намыс пен көзқарас тұрғысында ойлайтын уақыттың дүбәрасында тұрмыз. Өйткені алда 1727 (бұрынғы деректерде 1726) ұлы қазақ жұртының ұлы бірлігі мен ерлігінің, ұлттық намысының, бүгінгі қазақ елінің қазақ болып қалуына кепілдік берген Бұланты шайқасына 300 жыл толады. Ескермесек, «сұлатыла шұбатылған» санамызды шиыра еспесек, ол да сананың түбінде саржамбас күйінде сарғайып жата беруі мүмкін. Осы ретте, Ұлытаудағы Бұланты шайқасына арналған ғылыми конференция кезінде сол кездегі облыс әкімі, тарихшы Берік Әбдіғалиевтің:

«Әр халықтың, мемлекеттің тарихында тұтас тарихтың барысына әсер етіп, олардың одан арғы тағдырын айқындаған оқиғалар бар. Бұл, мәселен, Саламин іргесіндегі шайқас, Ватерлоо түбіндегі шайқас, Шанаққаладағы ұрыс, Сталинград үшін болған қанды қасап және өзге де көптеген осы тектес оқиғалар. Қазақ халқы үшін Бұланты шайқасы (1727 жыл) осындай оқиғалардың бірі болып табылады. Онда халықтың тағдыры таразыға түсті – тойтарыс беру немесе жоңғарлардың басқыншылығына мойынсыну, ерікті халық ретінде қалу немесе құлдық қамытын кию. Жоңғарлардың бетін қайтарған дәл осы жеңіс халықтың көңілінде өз мемлекетінің болашағына деген селкеусіз сенімді ұялатып, одан кейінгі 1730 жылғы Аңырақай шайқасында қас дұшпанды тас-талқан етуге жол ашып берді» (Бұланты шайқасы: Зерттеулер тарихы. Ғылыми-ақпараттық альбом /Халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен 2010–2014 жылдары өткізілген «Бұланты» архео этнографиялық экспедицияларының материалдары /Б.С.Қожахметов, Э.Р.Усманова, Л.Н.Плетникова, Л.А.Сембинованың редакциясымен. Ұлытау.: «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы, 2015 ж. 210 бет Б), – деген орынды пікірі ойға оралады.

Алқакөл сұлама мен Бұланты шайқасының қазақ тарихындағы маңызы туралы бұдан артық салыстыра бағалау артық болар. Ал Құрбанғали Халидидің:

«Абылай хан қалмақтармен соғысты. Оларды Қызылжар мен Қарқаралы маңынан Аягөз өзеніне дейін ығыстырып, қазақтың жерін кеңейтті. Абылай ханның заманындағы баһадүрлер мен әскербасылар мыналар: Қаракерей Қабанбай батыр, Алтыбай батыр, Ақтанберді батыр, Еспембет батыр, Матай Шөңкей батыр, Керей мен Жәнібек батырлар, Бөрі Ақбантай батыр, Арғын Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентін Малайсары батыр және басқа да батырлар. Бұлардың әрқайсысы ерекше батырлықтарымен танымал» (Құрбанғали Халиди. «Тауарих-и хамса-и шарқи» – «Шығыстың бес елінің тарихы», Қолжазба, кітаби нұсқа, транскрипция, аударма. Жоба жетекшісі Т.Қ.Жұртбай. Аударғандар Т.Жұртбай, Б.Мұстафаев, Ш.Бегімтаев. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Баспа-редакция орталығы. 2019, ІІ том, 314 б. Б227), – болды деп жалпылама мағлұмат береді.

Ордабасыдағы «Күнде кеңестен» соң Әбілқайыр хан қазақ қолының бас қолбасшы болды. 1726 жылғы Шұбартеңіздегі қақтығыс 1727 жылғы шешуші атақты Бұланты-Білеуті шайқасына ұласты. 1729 (1730-?) жылы мамыр-маусым айларында: солтүстігі – Балқаш, оңтүстігі – Отар, батысы – Шу, шығысы – Күрті кеңістігі арасында атақты Аңырақай шайқасы өтті. Міне, осы Аңырақайдан соң қазақ даласының жеңіс жорығы басталды. Қ.Халидидің дерек ізімен жүрсек, әуеліде «Оларды Қызылжар мен Қарқаралы маңынан Аягөз өзеніне дейін ығыстырып, қазақтың жерін кеңейтті». Іле (Итішпестің Алакөлі) – 1730, Шаған соғысы – 1735, Шорға соғысы – 1740 арқылы жоңғарларды ығыстырды. 1743 жылы Абылай жалпы қазақтың ортақ ханы боп сайланды. 1753 жылы қонтайшы Доржы тұтқынға түсті, сол жылы 13 қаңтарда дарға асылды. Бұдан кейінгі қазақ даласын жоңғарлардан азат еткен ең шешуші шайқастар – 1755, 1756, 1757 жылдары қазіргі Аягөз өңірінің маңында өтті.

Міне, қазақтың қасіретін серпіп тастаған жеңісті шерулерге алдағы уақытта рет-ретімен 300 жыл толады. Соның ішінде, бүгінгі қазақты біртұтас ұлт ретінде ұйытқан, ортақ ұранға біріктірген, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тарихи шекарасын анықтап, бекітіп, тұрақтандырып берген, алайда тарихи бағасын ала алмай келе жатқан Шорға, Ақшәулі, Қоңыр шәулі, Ылайбұлақ, Мамыр су, шайқастарының, Көгілдір мен Шыңғыстау арасындағы барлау қақтығыстарының мән-маңызы ерекше. Осы намыс туын желбірете желкілдеткен азаттық жорығы туралы Қ.Халиди тірнектеп жиған деректерін, мүшелді күндері мен ай-жылын санамалап отырып, тізбелеп баяндайды. Ұлттығымыздың туы желбіреген, бір жарым ғасырға созылған Ақтабан шұбырындының шылбыры жиналып, «сұлаған» кеудені тік тұрғызып, «шұбырынды» сабылыстың етігін жинатқан ұлы жеңістің соңғы серпінді сәттері туралы ғылым сақабасы (Иә, үзінді ұзақ, бірақ қажет мағлұмат):

«Оларды (жоңғарларды – Т.Ж.) Үржар бойынан бастап қуып отырып, Қатын өзенінің өткелінен өткізіп, Еміл бойына дейін өкшелегені – тарихта жазылған. Осы жорықта қалмақ ханы Қандыжап қаза табады, оның қызы – Шаған ханша тұтқынға алынады. Оны ақ тулы Барақ төре алыпты. Барақ өлген соң, қызыл тулы Әбілфайыз хан онымен некелесіпті. Бұл ханшайымның балалары өз бөлімінде баяндалады.

Бұл өңірде қалмақтар мен қазақтар ұзақ уақыттан бері соғысып келе жатқан еді. Десе де, жоғарыда айтылғандай: «Ұлы шайқас сол уақытқа дейін орын алмаған болатын» – дейді халық. Бұл екі соғыс: алдыңғысы – Ласты-Шорға бойында, содан кейінгі – Үржар-Еміл бойында орын алған екі жорық – хижра жыл санауы бойынша 1160 және 1170 (1747 және 1756 жж.) жылдары аралығында өтті. Осыған ұқсас қырғын қақтығыс бір жүз қанша (Қолжазбада 120 жылдан» – ауд. ) жылдан кейін ғана орын алды. Ол тура екі ортадағы Аягөз өзенінің етек жағынан құятын Лайсу (Лайбұлақ – ауд.) деген жерге келіп тоқтады. Сол жерден Абылай ханға елші жіберді. Абылай хан да мыңнан астам қолмен келді. Лайсудың (Лайбұлақтың) бойында бейбіт бітімге келді. Көк қасқа айғыр, қара бас қошқар сойып, қолдарын қанға батырды: «Бұрын-сонды болған іс, алынған мал, аққан қан ұмытылсын. Қазақ-қалмақ бұдан былай бір-біріне зиян келтірмесін», – деген шешім қабылданады. Осы шарт бойынша: Лай суына – Мамыр су, Абылай ханға – Ежен атын береді.

Монғол тілінде ежен атауы – хан деген мағынада қолданылады. Басқа мағынасы белгісіз. Бұл лақап аттың Абылайға берілуінің мағынасы: қытай-қалмақ болып, оның хандығын мойындағандары, яғни Ежен ханға теңегендері болып саналады. Бұл атақты берудің одан басқа себебі табылмады.

Қазіргі кезде Қасабай бейіті деп аталатын төбе сол көк қасқа айғыр сойылған төбе екен. Бұлардың (көшпелілердің – ауд.) рәсімдерінде бейбіт келісімшарт – қағазға мөр мен қолтаңба басу арқылы бекітілмейді. Олар қолдарын қанға батыру арқылы уағда айтысып, ант байласады. Мұның мағынасы: кімде-кім шартқа бағынбаса (бұзса), соның денесі қанға батсын, жанын Құдай атсын, мәңгі тозақта жансын дегенді білдіреді.

Бұл рәсім Шыңғыс хан шығарған заңнан (йаса) бастау алады. Қазақстанда да сол уақытқа дейін қолданылып келді. Беріде ғана ұмыт бола бастаса да, қазір де кей уақыттарда қолданылып жүргенін естідік.

... Жоғарыда әңгіме етілген бейбіт келісім Лайсудың бойында жасалғандықтан да, ол өзеннің аты – «Мамыр су» болып аталып кетті. Ол атау осы күнге дейін солай айтылып келеді. Аягөзден бір шақырымдай жерден өтетін Аягөз өзеніне келіп құяды. Батпақсу – одан бір бекеттей алыс. Ол судың атын бұл жерде екі түрлі жазу орынсыз болғанымен де, мәлімет берген адамдардың екеуі де – «Лайсу (Лайбұлақ)», «Батпақсу» деп қосақтап айтқандықтан да, екеуін де қосақтап жаздық. Бірақ «Батпақсудың» бітімге қатысы жоқ.

Бұл келісімге олар «Қандыжап бітімі» деген атау берді. Мұның себебі, торғауыт-қалмақтың Қандыжап есімді ханы алдыңғы жылғы шайқаста қаза тауыпты. Қалмақтар алғашында хандарының құнын сұрамақ болыпты. Бірақ бітімнен кейін адам құны мен малға кешірім жасалды. Бұл келісім «Қандыжап» атауына ие болыпты. Сондықтан да, бұл атау – аталмыш ханның құрметіне арналған естелік (памятник) есебінде қойылды. «Кейбір мәліметтерге қарағанда, Қандыжаб осы келісімге Қытай тарапынан қатысқан бір әкімнің аты болғандықтан келісім солай аталыпты. Алайда ол әкімнің аты – Қарадүржін болған деседі (Бұл үзінді кітап нұсқада жоқ – ауд.). Осы мағлұматты оннан астам адам айтқан еді. Соған қарамастан, барлығының айтқан дерегін баяндауды қажет деп таппадым. Ішінен, оқиғаның нақты жылын айтқан екі адамның мәліметін жазумен шектелдік» (Құрбанғали Халиди. «Тауарих-и хамса-и шарқи» – «Шығыстың бес елінің тарихы», Қолжазба, кітаби нұсқа, транскрипция, аударма. Жоба жетекшісі Т.Қ.Жұртбай. Аударғандар Т.Жұртбай, Б.Мұстафаев, Ш.Бегімтаев. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Баспа-редакция орталығы. 2019, ІІ том, 314 б. Б236-239), – деп егжей-тегжейлі мағлұмат береді.

Үзінді ұзақ, бірақ қажет мағлұмат деуімізде осында айтқан мағлұматтардың мазмұнында. Бірінші, осында аталған оқиға мен жер аттарын кім біледі, қай тауарихшымыз таратып берді. Қазақ тарихындағы Ватерллода, Шанаққалада, Рейхстагта тігілген Жеңіс ТУЫМЕН пара-пар Абылайдың ақ туы тігілген Мамырсуда қандай белгі-нысана бар? Шекара шебіне орналасқан қасиетті тарихи мекенге орнатылған ер қазақтың айбынды мысын көрсететін сесті ұстын болар еді-ау! Сондай-ақ шешуші соғыстар өткен Ласты, Шорға, Ақшәулі, Қоңыршәулі, Ылайбұлақ, Мамырсу, Үржар, Қатынсу, көлденеңдегі Көгілдір, Шыңғыстау мен Шағанда қандай есте ұстар ескерткіш бар? Тым болмаса, қасіреттің бұлты ысырылып тасталған, рух көтерген киелі жерлеріміздің тарихы неге соншама бұлдыр тартып, неге санамыздан ысырылып кетті? Санамызды соншама салбурынға түсіретіндей не жазығы бар еді, шаһит ата-бабалардың? Тым қасиетсізденіп кеткеніміз ұлттық әдебімізге жараспас. Ойланайық. Мамырсудың биік шоқысынан қазақтың басынан өткен, жүз елу жылға созылған Ұлы дала майданының намыс туы желбіреп тұратын алып сағананы біз болмасақ та, ұрпағымыздың көруіне жазғай. Оған мүмкіндік беретін уақыт та, ауқат та, әлеует те бар. Тек, ықыласымызды тарылтпайық! – деген ақ тілеумен «шұбырынды ойдың» түйініне көшемін.

3. «ШҰБЫРЫНДЫ» ОЙДЫҢ ТҮЙІНІ

Ғылым сақабасы Құрбанғали Халидидің түйінсөзін тәмсіл етсек, «Топан суы» дәуірінен кейінгі осы кезеңге дейінгі тарихты шолып қарасақ, қазақ – қазақ атанғалы қаншама қақтығысқа түскенімен де, жасанып келіп, жер бетінен мүлдем жойып жіберу мақсатындағы қастаншықпағыр пиғылмен өзіне тікелей шабуыл жасап, жерінен қуып, Ақтабан шұбырындыға, алқакөл сұламаға ұшыратқан, жүз елу жылға созылып, жеті атасына дейін жаумен жағаласқан Жоңғар шапқыншылығындай бетпе-бет келген біртұтас ұлттық майдан болған емес. Иә, ашық, жасырын, не арандату мақсатында жүргізілген жекелеген хандықтарға қатысты шайқастар болды. Ол да жаулық, олардың беті, сол «ақтабаннан» қалыптасқан ер де өр рухтың мысымен аруақтанған намыстың арқасында қайтты. Сондықтан да, ұлттық намыс пен бірлікті, ұлттық тұтастық пен бүгінгі тәуелсіз ел ретінде иелік етіп отырған мемлекеттік шекаралық шепті бекіткен, «бар қазақ – бір қазақ» дегізіп, бір тудың астына біріктірген 1620–1759 жылдар арасындағы соғыстың жеңіспен аяқталуының 300 жылдық мерекесі, міндетті түрде мемлекеттік деңгейде аталып өтуі тиіс. Аталып өтетін орны – «Қандыжап» немесе «Мамыр суы келісімі» атанған Аягөздегі Мамыр судың бойы. Ондағы «Мамыр су келісімінің» маңызы, негізгі ұран ұстынында мынадай аса киелі тақырыптар қамтылуы тиіс.

Бірінші: жүз елу жыл бойы жүргізілген соғыс тұсындағы қазақтың елі мен жерінің тағдыры. Жеті ұрпақ ауысқанша, әр ұрпақ «ақтабандап, сұламалап, шұбырынды» боп жүріп осыншама кең сахараны қалай қорғап қалды. Тоз-тозаласы шығып, босып кеткен тағдыр иелері – әр ұрпақ қалай Ұлттық бірлікті ұйытты, басты қозғаушы нысана мен қозғаушы күш не? Біз ана төбе мен мына төбенің басындағы бабалардың басына орнатқан мазар арқылы бұл сұраққа толық жауап бере алмаймыз. Бізге, ұлтымыздың ерлігі мен бірлігін, намысын, күш-қайратын біріктірген ортақ ҰЛЫ ЕЛДІК ИДЕЯ керек. Сол нысананы ҰЛЫ ҰСТЫН орнату арқылы бекітіп алсақ, онда бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның рухы да мәңгілік асқақтап тұрады. Ол ұстын сол асқақтаған қалпымен, бөгденінің алдында бөгелектеп, бүгежектеп, басымызды шұлғып тұруға мүмкіндік бермейді. Айбынымен сескендіреді, мысымен басады, рухты сілкіндіреді. Ұлы елдік идеяның туының астына біріктіреді.

Екінші: бүгінгі мемлекеттік тарихи шекарамыздың бекітілу барысындағы халықаралық жағдайлар мен көзқарастардың бір мәмілеге келуі, яғни қазақ елінің алғашқы ресми дипломатиялық бітім-шартының қабылдануы барысындағы:

талан мен боданға түскен ұлт пен ұлыстардың тағдыры мен мүддесі;

жайлау мен қыстау деп бөлінетін жер мен өзен-су ыңғайының, асқар таулардың күнгейі мен теріскейінің (бұлар көшпелі жұрт үшін өмірлік маңызы бар аса шетін мәселелер) бөліс шекарасының анықталуы;

бір жарым ғасырға созылған соғыстың тұсында шабындыға түскен адам мен мал құны, екі жаққа да тұтқынға түскен тағдырлар, әйелдер мен қаланған қыздар, олардың өсімі – қалай шешілді?

Қазақ дипломатиясының алғашқы сәтті халықаралық бітімінің маңызы бүгін де жойылған жоқ. Кейінгі тұстардағы өзгерген, бауырмалдықпен «сыйға тартылған» жерлер, әсіресе Ертіс пен Сырдария сияқты өзендердің бастауынан бас тартқан соң, сайын сахара шөліркей бастады. Арал тартылды, Ертіс ортайды, Балқаш жағалаудан алыстай бастады. Су – ұлы даланың өмір нәрі, тіршілік көзі. Сондықтан да, қабылданғанына 300 жыл толатын «Мамыр су» бітіміндегі баптар әлі де қазақ елінің мүддесін қорғауға, мәмілегерлерімізге ой салуға, ілікке – себеп болуға толық татымы бар.

Үшінші: осы ұлы ұлттық Жеңіске жеткізген тарихи шайқастар өткен жерге, шаһит кеткен бабалар қорымына, оларды төбе-төбеге бөлмей, бәріне ортақ сағана-ескерткіш, сынтастар қойылып, күтімге алынса, олардың ерлігін жас ұрпақтар ұмытпас үшін, жол қатынасы түзеліп, өлкетану бағдарымен таныстырулар жүргізілсе, уа, шіркін, қандай ғанибет болар еді.

Сол күнді арман етемін. Алайда «немересін ата мен әжесінен» алшақтату туралы заң қабылдап, Күннің жерді айналу заңынан мойынсынбай, Ресейге тиесілі Қостанай уақытымен оятып-жатқызатын (Ақыры, өздерінің де басы мәңгіп, жұмыс уақытын өзгертуге көшкен), айына 20 миллион теңге жалақы алғысы келетін, ең ақырында мінбе арқылы үй-ішін құттықтауға көшкен өкіметіміздің оған мұршасы келе қоймас. Егерде, «Мамыр су» бітімін ортақ ҰЛТТЫҚ НЫСАНА – ұлттық бірлігіміздің белгісі, кешегі шаһит кеткен бабаларымыздың ұрпағы ретінде атап өткізгіміз келсе, онда осы бастан қамданып, елім деген, іс білетін ерлер тізгінді қолға алып, ортақ қор құрып, қаражат жиып, жоба мен жоспар жасап, жұмыла қолға алса, қандай ғанибет болар еді.

Мені сол қордың алғашқы жарнашысы деп есептеулеріңізді өтінемін. «Шұбырынды сөздің» қысқа түйіні – осы. Ал «Мамыр су» келісімінің алғышарттары мен уәждері Қ. Халидидің «Бес елдің тарихы» атты еңбегінде өріле баяндалған.