Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «Ақтабан» ақыл, «сұлама» сана», «шұбырынды» ой

«Бес тарихтың» бір суыртпағы
Ақылыңызды жұмсамай-ақ қойыңыз, қанша керенау болсаңыз да, қазақтың қай өлкесінде жүрмеңіз, осы сорақылықтың бірін болмаса, бірін көргеніңіз анық. Тіпті екі көзіңізді жұмып алсаңыз да, тым құрығанда бір рет шәркейіңіздің тұмсығы тарихыңыздың таңбасы басылған тас қиыршығын қағып өткенін сездіңіз, сезінбеуіңіз мүмкін емес, бірақ назар салмадыңыз. Ақыры, сол дәрменсізден арылу үшін, дала тарихының данасы Мұхамед Хайдар мырза Дулатидің: «Бұның бәрі парасат иелерінің көздерінен, сондай-ақ ғылым сақабаларының түйсіктерінен жасырын және құпия қалмасы анық» («Тарих-и Рашиди»), – деген тәмсіліне жүгіне отырып, Алтай мен Атыраудың арасындағы қазақ сахарасын Сарыарқаның жонымен жортып, көкірек көзімен жай ғана үстірт шолып өттім. Соның ішінде, көз қиығына ілініп, жүректі ине боп шаншыған, өзім көрген кейбір жайларды ғана атүсті қаперлеріңізге ұсынуды парызым деп санадым. Күншығыстан, еріккен ресейліктер: «Біздің альпинистер Белухаға шығу үшін Қазақстанның шекарасынан өтуге мәжбүр, бұл бізге қолайсыз, сондықтан да Жазатырмен қосылып Белуха (Белуха да, Мұзтау да емес, Ақсөре) Ресейге берілу керек», – деп көкіп жүрген Ақсөреден (Қайталап айтамыз, ол шыңның аты – Белуха да, оның көркем әдебиет арқылы тараған аудармасы – Мұзтау да емес, Ақсөре. Потанин өзінің есімімен аталған мұздықтың картасына «Ақсөре» деп тұрып жазып, анықтама берген) бастайық.
1.«АҚТАБАН» АҚЫЛ
«Алтайдың асты да алтын, үсті де алтын» (Халық әні) екені рас. Сол Алтайдың «астындағы, үстіндегі алтынының» ең асылы, көшпелілер өркениетінің киелі куәсі, Ақсөренің алқымындағы дүниені таңғалдырған «Берел» қорық-мұражайы көңілдің пернесін басып, көзіңнің жауын алады. Сүйінесің. Тарихтың тылсымына шөлдеген ындыныңның сусыны қанады. «Алтайдың алқалы» моншағы жалғыз Берелмен шектелмейді, оның қойнауындағы әр жақпартасын түркі қағанатының ғана емес, сонау сақ дәуірінен қалған адамзат өркениетінің бедерлі ескерткіші, таңбалы тастар өрнектеп тұр. Санының қанша екенін пиктографтар есептей жатар, ал мен олардың қазіргі кезде басына туған теперішке, Берелден етекке түскенде әлгі мұғжизаға пара-пар әсерді ғайып етіп, тұла бойымды суындырып, жүрегімді тітіркендіріп жіберген, көзіммен көрген мына сорақылыққа ғана тоқталайын.
Осыдан төрт-бес жыл бұрын Қатонқарағайдың орталығындағы қонақүйдің алдында үйіліп жатқан жұмыр тастарға көзім түсті. Кезекті ғимараттың іргесіне қаланбақ екен. Көңіліме бір алаң кіріп, әлгі тастарды зерделеп қарай бастадым. Астапыралла! Кәдімгі таңбалы тастар. Кейі опырылған, кейбірі үгітілген. Жөнін айтып, тарихи таңбалардың қараусыз үйіліп жатуының себебін сұрағанымда, қонақүйдің меңгерушісі қарындасымыз: «Мына ғимараттың іргетасына қалауға таудан әкелінген тастар. Жартысы анау үйдің іргетасы боп қаланып кетті. Мынау қалдығы. Иесі – бұрын Қауіпсіздік мекемесінде істеген аға. Біз оған айтуға бата алмаймыз. Тыңдамайды. Ал өзіміз таңбалы тастарға зиян жасамаймыз», – деді. Сол маңда бір топ журналистер жүр еді, соларға көрсеттім. Осы ауылдың азаматы, астанадағы Әлібек Асқаровқа суретін жібердім. «Берел» қорығындағы жауапты адамға да айттым. Артынан сұрастырсам, таңбалы тастардың быт-шытын шығарып, ғимараттың іргесіне қалап жіберіпті. Сөйтіп, ізін өшіріпті. Сонда, ол – өлген тарих па, жоқ, немкеттілігіміздің кесірінен қасақана «өлтірілген» тарих па?!. Қолымнан ештеңе келмеген дәрменсіздігіме сонда бір қорландым.
Содан, Ақсөремен иықтасып жатқан Бұрқат асуынан асып, Тарбағатайдың иығындағы Елеке сазындағы сайын жазықтағы қаптаған шұрқ-шұрқ ойылған қазынды қорымдарды көргенде, тағы да секем алсам да, «сұламаға» қимадым. «Жетіарал жерім-ай, Сауықшыл туған елім-ай» – дегізген, әйгілі «патшалар байтағы» атанған Шіліктіде «Мықтың үйі» деп аталатын 1674 (!) қорым төбелермен бірге, оның жұмыр тастарына қашалған таңбалы тастар қаншама. Кейі ұқыпты қазылып, ұқыпты жабылған, кейбірі шәт-шәлекейі шығып шашылып жатқан көріністер құмықтырып жіберді. Бұны осыдан 125 жыл бұрын тауарихшы Құрбанғали Халиди жазған:
«Біздің жақта топырақтан үйілген биік-биік төбелер бар. Бұл төбелер Орал тауына дейінгі кең жазық пен иен далада көптеп кездеседі. Тіпті ондай төбелер Үндістанда және басқа өлкелерде де бар – деседі. Көбіне, судан жырақ жерлерге салынады. Көптеген адамдардың айтуынша, бұл төбелер: аталмыш жоңғар заманынан және одан бұрынғы монғол-татар шапқыншылығынан қалған белгілер, яғни соғыста өлген адамдардың басына тұрғызылған зираттар. Сол зираттар кейін төбеге айналған деседі. Бірақ біз көрген қалмақтар мен торғауыттарда мұндай ғұрып байқалмайды. Менің ойымша, бұл төбелер (Ақиқатын Алла біледі), ежелгі хикаяларда жазылған «Мұғ тарса» деп аталатын қауымның ескерткіштері болуы ықтимал. Қазақ халқы бұларды «Мықтың үйі» деп атайды: мық дегендері – «мұғ» деген сөз. Мұғ сөзінің төркіні – «Нұх» деген сөз. Бұл сөз – Нұхтан шыққан, «нун» әрпін «мим» әрпіне, «ха» әрпін «қаф» әрпіне ауыстырып айтатын болған. Сонымен, «Мық қауымы» болып өзгерген шығар деп ойлаймын. Қисса кітаптары мен өлең-жырларда кездесетін «Мық», «Мұғ тарса» деген атаулар осы қауымға тиесілі болуы мүмкін.
Ал «Дахма» – осылардан кейін келген халықтардың қабірлері болып табылады. «Тибйан нәфиғ» кітабында: «Дахма – мәйіт қойылатын жер астындағы қуыс (қабір). Кейде тауды отау сияқты үңгірлеп, соның ішіне бірнеше адамның мәйітін қоятын бейіттің бір түрі. Сондықтан да, бұл сөз бейітке қатысты да айтылады. Сонымен қатар мәйіттердің арасын бөлетін қабырға ретінде де, немесе мәжүстердің бейіті мағынасында қолданылады. Қадым заманда, парсылар мұндай күмбездер мен мазарларды сұлтандары мен атақты адамдарына арнап салған. Олар таудың сілеміне салынған. Олардың үш түрі бар: біріншісінің жайы жоғарыда айтылып кетті. Екіншісі, таудың етегіне салынады, қабірдің үстіне тас үйіледі де, бетін топырақпен жабады, яғни төбе болып қалады. Ал үшінші түрі: қабірдің ішіне қойылған, яғни жердің астында жерленетін болған еді», – деп жазады.
Қарқаралы кентінің атақты байларының ішіндегі ең абыройлысы – молла Уәли Бекметов: «Біздің жеріміздегі орыстар мен қазақтар Мық төбелерінің көбін қазды. Олардың кейбіреуі үш-төрт қабат болады екен. Үстіңгі, бірінші қабатынан сүйек пен шөлмек сынды ыдыстар ғана шықты. Екінші қабатынан ішінара аздаған құрал-саймандар кездесті, ал үшінші-төртінші қыртысынан қымбат заттар мен алтын-күмістен жасалған бұйымдар табылды. Төртінші қабатта көмілген бір адамның мәйіті күміс кебінге оралыпты. Енді бір адамның мәйіті тастан жасалған төсектің үстіне қойылыпты. Оның қолында алтын білезік, мойнында алтын алқа бар екен. Мәйіт жұқа күміспен кебінделген. Шашы екіге бөлініп таралған екен», – деп мағлұмат берді.
Дегенмен де, көзіміз күнде көріп жүрген даладағы осы төбелердің не бейіт, не үй екені бізге белгісіз. Бұл өзі даулы мәселе еді. Бірақ зерттеп келгенде, оның бейіт екені байқалыпты. Қабірдің түбінен кәдімгі сандық пішіндес қақпақты төртбұрыш тас, ал оның ішінен үлкен сүйек шығыпты. Егер де бұл төбе – үй болған болса, онда мұндай заттар шықпас еді. Әрі, ол үйдің суға жақын орналасуы керек еді. Судан алыс орналасуы оның бейіт екеніне дәлел болады. Бекметов сөзінің өзі де, бұлардың бейіт болғанын анық білдіреді. Қалай болған күннің өзінде, жоғарыда атап жазғанымдай, бұл төбелер – Топан суынан бұрын өмір сүрген қауымның мүрдеханасы болғаны анық жайт. Егерде, ол қауым Топан суынан кейін өмір сүрген болса, онда монғол-қалмақтан басқа бір атақты өнерлі тайпаның санаты болуы керек. Өйткені жердің астына қойылған тастар – тақта сияқты етіп жонылып, безендірілген. Бұларды жонуға құрал мен ұста керек. Біздің заманымыздағы қалмақ пен монғолдарда мұндай құрал-сайман жоқ. Ондай құрал-жабдық қытайлар мен шындардың өзіне де бұйырмаған. Оған қоса, монғол мен қытайларда мұндай әдіспен тас жонып, оны жердің астындағы қабірге қою дәстүрі де жоқ. Бұл төбелерден табылған сүйектердің дені қалың, жалпақ және ірі болып келеді екен. Оның себебі ешбір тарих кітабында айтылмапты. Сондықтан да: «Бұл төбелердің уақыты – Мысырдағы пирамидалармен қарайлас», – деп айтқым келеді. Бірақ бұған ғалымдардың не айтатынын білмеймін.
...Сонымен қатар: «Бұл төбешіктер – Шыңғыс ханның заманынан қалған», – деген пікірге де мүлдем қосылмаймын. Өйткені Шыңғыс ханның заманы, айтарлықтай көне емес. Бүгінгі моңғолдар мен қалмақтар сол кезеңдегі әдет-ғұрыптарын әлі де ұмытқан жоқ. Аталмыш кезеңде болған салт-дәстүрлер, осы күнде де сақталып қалған. Өйткені жалпы халық құрамы, өнер иелері мен ұсталардың дәстүрі сол күндерден бері көп өзгерген жоқ. Тарихты білмейтіндер, Шыңғыс ханның заманын өте көне заман деп есептейді. Қазірдің өзінде, қарапайым адамдар, бір мәселе жайлы асыра әспеттеп, оны көне деп айтқысы келсе «ой, ол қалмақ заманынан қалған» дей салады. Олар көне Мық дәуірі мен бертіндегі монғол заманының арасындағы айырмашылықты аңғара бермейді. Осыған қатысты мынадай мақал бар: «Тарихшыларға өткен мың жыл – кешегідей көрінеді, үкіметке келешектегі жүз жыл – күні ертеңдей-ақ көрінеді». Сондықтан да, тарихты білмейтіндер: жақынды – алыс, алысты – көне, көнені – алғашқы қауымдық дәуір», – деп пайымдайды.
Қорыта айтқанда, жоғарыда баян етілген оқиға қай заманда орын алса да, бәрібір ол төбелерді тұрғызған қауым – болмысы тоқтап, өркені өшкен аты мен заты жер бетінен жойылып кеткен қауым екені анық. Алла Тағала кейінгі ұрпақтарға сабақ болсын деп, олардың жәдігерлерін тау-тасқа, жазық далаға мәңгілік ескерткіш етіп қалдырған. «Ғылым – Аллада. Ғайыпты тек Алла ғана біледі» (Құрбанғали Халиди. «Тауарих-и хамса-и шарқи» – «Шығыстың бес елінің тарихы», Қолжазба, кітаби нұсқа, транскрипция, аударма. Жоба жетекшісі Т.Қ.Жұртбай. Аударғандар Т.Жұртбай, Б.Мұстафаев, Ш.Бегімтаев. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Баспа-редакция орталығы. 2019, ІІ том, 314 б. Б285-287) – деген сыпаттаманы есіме түсірді.
«Ғылым сақабасы» атанған Құрбанғали Халидидің болжамдары бүгінгі археологтардың зерделеуімен дәлелденген, сақ дәуірі деп ғылыми атауы орнықты қалыптасқан мына, 1674 қорым – беті қалың шыммен көмілген жай үйінді, «мықтың үйі», не күлтөбе боп жатса жарайды-ау. Сорақы болғанда, Алтайдан бастап «Орал тауына дейінгі кең жазық пен иен далада көптеп кездесетін» (Халиди) бұл төбелерінің дені күресінге айналып, шағыл боп үгітіліп, карьер боп үңгіліп, кірпіштің орнынан іргетас боп қоралар мен сауда ғимараттарына қаланып, бабаларымыздың қаңқа сүйектері далада шашылып қалды. Бір жұбанышы, Елеке сазы мен Шіліктідегі «мықтың үйлері» дүние археологтарының назарына ілігіп, қазба жұмыстары басталған екен, зерттелуі – зерттеледі-ау, зерттеліп те жатыр, бұл жақсы үрдіс, бірақ керекті қазба ақпаратын алған соң, соңы ошақты айнала оқыралаған сиырдың көшіндей бошалатып, күтімсіз қалдыратыны өкінішті. Тек жергілікті жұрттың «мықтың үйлеріне» сергек қарайтыны көңілге медеу. Олар: осы жазықты археологиялық-тарихи қорық жасап, саяхатшыларға арналған тарихи мекенге айналдыруды мақсат етіп қойыпты. Қайталап айтайын, бұл «оқыраланған ошақтар» Халиди айтқан «топан суынан», «Мысырдың пирамидаларынан» бұрынғы сақ дәуірінен бері сақталып келе жатқан 1674 «Мықтың үйі» екендігі естен шықпаса екен! Біздің сол жолы аяғымыз жетпеген, ана Маңырақ пен Сауыр-Сайқандағы таңбалардың тағдырын не күтіп тұр деген ой қылт ете қалды. Олар да Шыңғыстайдағы таңбалы тастардың керін құшпаса неғылсын, сақталса екен деген күдік пен тілек қана қалды көңілде. Өйткені мұндай үмітсіз тілектер мен көңілсіз көріністер туралы осыдан қырық жыл бұрын жазып, дабыл көтерген едім. Соның ішінде, осы Елеке жазығындағы «дала обсерваториясы» мен быт-шыты шыққан жазулар туралы да алаңға толы мағлұмат бар еді. Соңында бәрібір ескерусіз қалған, сол «Жанымыздың жарасы, жадымыздың сарасы» атты мақаламдағы мына жайларды қайталай назарға ұсынамын.
«Қазақстанның қазіргі территориясынан тыс жердегі халқымыздың тарихына қатысты ескерткіштер мен қорғандарды есепке алмағанның өзінде, республикамызда сегіз жүз (!) көне қаланың орны бар екен. Бұл дегеніңіз – даму дәрежесі биік деп саналатын жұрттардың да маңдайына біте бермейтін байлық емес пе!
Адамның қамқорлығына алынып, назарына ілінген мәдени мұраларымыздың жайы осындай алаңдатарлық дәрежеге жеткенде, ен далада иесіз жатқан тарихи ескерткіштердің тағдыры не күйде десеңізші. Мыңдаған жылдар бойы ең алғашқы түр-сипатын сақтаған балбалдар, мазарлар, діни-салт орындары, қорымдар, тасқа бедерленген жазулар, таңбалар техникалық прогрестің тырнағына ілініп, соңғы сағаттарын санап тұр. Кең жазира даламыздың түкпір-түкпіріне шашырай орналасқан осынау асыл қазыналардың күніне, бері есептегенде екі-үшеуі мәңгілікке жоғалып тынады. Оған мысалды ондап емес, жүздеп келтіре алатындай «дерегіміз» де бар. «Абай жолындағы» Мұхаңның сүйсіне суреттеген жердің бірі – Барлыбай жазығында осыдан он-он бес жыл бұрын әр тұстан қаз-қатар тізілген балбалдар бір-біріне «мен мұндалап» атой сап тұрушы еді. Қазір олардың дені ғайыпқа айналды, тек ши-шидің түбінде, оқпасы көп сазды төбелерде ғана қалды. Оның өзі де жас шопандардың ат байлайтын қазығына, қой күзететін қарақшысына айналды. Жайлауды күндіз-түні оңды-солды кезген трактор жолсызбен келе жатып басы ғана қылтиған балбалды қағып өтеді. Техника да сынады, бірақ тарихи ескерткіш те аман қалмайды. Құрығанда дөңгелектің астында қалады. Соңғы жылы барғанымда соның біріне көзім түспеді. Оразбайдың «Майбұлағынан» түсті металл табылып, Барлыбай жазығы ашық карьерге айналыпты. Енді несі қалып, несі қойғанын кім білсін. Талай-талай кісі бейнесі бедерленген балбалдың тасқораның бұрышын бекітуге пайдаланылғанын бала кезімде көріп едім. Солардың сарқытындай боп жалғыз балбал тұрушы еді. Оның беті-аузын, құлағын қызыл, көк бояумен «безендіріп» тастапты. Соған қатты налығанымда, ауыл мұғалімінің:
– Пәле, бұған да шүкіршілік етіңіз, әйтеуір ұзын-ырғасы аман ғой. Шығыс Қазақстанның Ақжар ауданындағы Керегетас деген жерде тура киіз үйдің орнынан аумайтын дөңгелек тас болатын. Беті он екі сызыққа бөлінген, әртүрлі шартты таңба салынған. Бүйірі толған жазу-тын. Ежелгі ата-бабамыздың Ай мен Күннің қозғалысын бақылайтын құбыланамасы шығар деп жорамалдағам. Араға жылдар сап барғанымда әлгі тастың тамтығы да қалмапты. Бөліп-бөліп, үйдің іргетасына қалапты, моншаның көмей тасына пайдаланыпты. Шіркін, жазуларын егеп, тегістеп тастапты. Бұдан асқан топастық бола ма! – деді.
Мен балбал тасқа қашалған бабамыздың бетіндегі айғыз-айғыз бояулардың сорасына қарап тұрып іштен тәубешілік еттім. Одан басқа қолыңнан келетін не бар?» (Жанымыздың жарасы, жадымыздың сарасы: [Халқымыздың тарихына қатысты жайлар, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, қалпына келтіру жайында] // Қазақ әдебиеті.– 1989.– 27 қаңтар. – 3-14 б.).
Шындығында да, қанша өбектеп, өзеуресек те, қолымыздан ештеңе келмеді. Жоғарыда айтылған Шыңғыстың жотасындағы, Оразбайдың Майбұлағындағы балбалдар мен таңбалар әуелі күресінге тасталды, соңынан іргетасқа айналды, алтын карьеріне апаратын жолдың тағанына тасталды. «Қайран сөзім қор болды-ау» деп, іштен шағынумен шектелдік.
«Дәл жоғарыдағыдай құбыланама тас сияқты көшпелілер мәдениетінде өте сирек кездесетін (мүмкін әлі ғылыми жаңалыққа тіркелмеген болуы да) екі ескерткішті көрдім. Екеуінің ел көзінен таса, бүгінге дейін аман-есен сақталуының себебі біреу-ақ. Олардың техниканың дөңгелегі жете алмайтындай биік таудың басында орнатылғандығы. Біріншісі – Алматының шығысындағы Асы жайлауының алқымындағы Сарымсақты жазығындағы көш жолының бойында. Ұзындығы бір жарым метрдей қызыл тастан ойылған жалаңаш әйелдің бейнесі. Ұзын қолаң қара шашы жон арқасын жауып, бұрымдала өріліп, тірсегіне түскен. Бет ажары ашық, иегі, мойны, төсі, белі, аяғы анық бедерленген. Қолымен тәнін көлегейлеп тұр. Тұғырының түбі топыраққа көмілген. Осынау жұмбақ арудың қанша ғасыр жел өтінде тұрғанын кім білсін. Әйтеуір бұдан екі жыл бұрын аман-сау болатын. Күзде сұрастырғанымда, біреулер әлгі мүсінді әлдекімдердің құлатып, тұғырынан сындырғанын, қазір етпетінен жатқанын айтты. Бажайына барып анықтасам, Асыдан Сарымсақтыға түсетін тасжол салыныпты. Ар жағын түсіне кеттім. Даңғыраған жол салып, цивилизацияның жетістігін таудың басына да жеткізгісі келген жол салушыларға көне мәдениеттің үлгісі бөгет жасапты. Бульдозер мықты ма, балбал мықты ма, соны білгісі келіп, трактордың тұмсығымен түртіп жіберіпті. Жасаған-ау, осындай түйсіксіз тоңмойындар қайдан шығады, қайдан тап болады?! Мұралардың мұрагері болып отырған жазушы Әбіш Кекілбаевқа айтқанымда қатты өкініп, «тез сол мүсінді алып келейік» деп еді. «Тездетумен» жүріп күз түсіп, таудың басын қар алып қалды. Келер жылы көш жолы ашылысымен қамданып, аман-есенінде үлгерсек жарар еді. Тағы да кешігіп қалмайық, ағажан!» (Сонда).
Өкінішке қарай, Әбіш ағамыз өзге қызметке ауысып кетті де, Қараш-қараш асуындағы сол ескерткіш жермен-жексен боп, үгітіліп қалды. Кейін көш жолымен арнайы жүріп, іздеу салғанымызда: «Ой, ол тастарды шағып, шағыл етіп, жолдың астына төсеп жіберген», – деді малшылардың бірі.
«Екінші ескерткіштің жағдайы бұдан гөрі көңіл жұбатарлықтай. Ол Тарбағатай тауының сұлу сілемі Өкпетінің биік шоқысының басында. Құшақтасқан қыз бен жігіттің бейнесі ақ түсті диірмен тасынан қашалған. Қыздың қос бұрымын жігіт аялай сипап тұр. Аңыз бойынша бұлар бір-біріне қосыла алмай, арманда өлген ғашықтар көрінеді. Оқиға сол арадан екі жүз шақырымдай жерде күмбезі тұрған Қозы Көрпеш-Баян сұлудың тағдырын еске салады. Бұл – Қозы мен Баянға орнатылған ескерткіш емес. Сол сияқты барлық ғашықтарға қойылған мүсін. Тізелеріне дейін топыраққа сіңген. Алаңдатары сол, осы мүсіннің тура түбіне Аягөз ауданының бақташыларына арнап кірпіш үй сапты. Демек, келімді-кетімді көлденең көз көбейді. Сиыр малының сүйкенгіш келетіні белгілі. Бақташылар да, басшылар да мүсінді көзінің қарашығындай сақтайтындығына, оның қадір-қасиетін білетіндігіне сендірді. Әбден зәтте боп қалған көңілді жұбату қиын. Тек «көздің қарашығындай» аяулы мұраның көзіне қамшының ұшы тие көрмесе екен деп аттанып ек. Оған да үш жыл өтті. Қазіргісін кім білген. Мүмкін тұрған шығар өткен-кеткенге жаутаңдап...» (Жанымыздың жарасы, жадымыздың сарасы: [Халқымыздың тарихына қатысты жайлар, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, қалпына келтіру жайында] // Қазақ әдебиеті.– 1989.– 27 қаңтар. –3-14 б.).
Кейін, жергілікті ауыл шежірешісі, тарихтың қормалы, сол жолы бірге сапарлас болған Харпық Егізбаев ақсақалға арнайы сәлем хат жазып, сұрастырғанымда, күдігіміз орынды боп шықты. Қормал қария: «Әуелде сиырлар сүйкеніп, ескерткішті құлатыпты, ортасынан қақ бөлініп түсіпті. Содан, аяқасты боп екі-үш жыл жатқан соң, көктемнің қарлы суы ағызып әкетіпті-мыс. Бірақ бұрынғы қыстаудың қасына ақ шатырлы үй салыныпты. Меніңше, соның іргетасына қаланып кеткен сияқты», – деп жауап жазып жіберіпті.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» деп қалдық қой, оған да аял жасай кетейін. Тура сол Өкпетінің ұшар басынан оңтүстікке қарағанда көкжиекпен ұштасқан Көгілдір тауының күншығыс қапталында, теміржолдың бойынан ағараңдап қос ғашықтың мазары көрінеді. Бардық. Кісі аяғы үзілмейді екен. Жұрт назарында. Бірақ Қ.Халиди:
«Қазақтың қарияларының айтуына қарағанда: ежелгі ел Аягөз бойына қоныс аударып келгенде, бейіттің сыртқы сылағы толығымен түспепті. Ішкі сылағы қызыл және көк түске боялған екен. Өйткені зират емес, пұтхана болғандықтан да, оның сыртын әрдайым сылап, ішін бояп тұрыпты. Қазіргі кезде оның барлығының түсі оңып, тозуға бет алыпты. Ал, Айғыздың пұтханасы құлап қалыпты. Сол өзен-суға көрік берген Айғыздан басқаларының күмбездерінің қайда екені белгісіз. Ауызекі әңгімеде аттары ғана жатталып қалған. Жалпылама, «Айғыз» деп атала береді... Енді, қиссашыл ақындардың жырларының мазмұнына келсек, ол: «Бір заманда Қарабай, Сарыбай есімді екі бай болыпты. Олардың Қозы Көрпеш және Баян сұлу есімді ұл-қыздары бір-біріне ғашық болыпты және Қодар деген құл болыпты», – деп басталады. Бұл хикая осы күнге дейін айтылып келеді және қиыннан қиыстырылған бұл өтірікті естушілер саналарына құйып алған. Егер, сондай тыңдаушылары болмағанда, кейіпкерлердің аттары мүлдем ұмытылып, аталмыш күмбездердің кімнің құрметіне тұрғызылғанын ешкім білмейтін еді. «Егер ақымақтар болмаса, бұл дүние жоғалар еді». Сонша бір маңызды мағлұмат болмаса да, біле жүру үшін осы жолдарды жазып қалдырдым. Қателігіміз болса, кешіріммен қараңыздар», – деп жазған мазардың ұсқыны да жоқ.
Біздің де артық-кемді айтқанымыз болса кешіріммен қараңыздыр, бірақ осыдан бес жыл бұрын, Ш.Уәлиханов жазған мазардың алдынан ұзына тізілген балбалдар мен сынтастар да, Қ.Халиди жазған бояулы қабырғалар да жоқ, андағайлап аңызақпен қосылып азынаған иен даладағы көп шошақ бейіттің бірі сияқты әсер етті. Олар осыдан екі ғасыр бұрын Ресей арқылы Германияға жөнелтіліп кетіпті-міс делінеді. Ә.Марғұлан дегдар: «Эрмитаждағы балбалдар осы Қозы Көрпеш-Баян сұлудың жәдігерлері», – деп еді бірде. Апырым-ау, қырғыздар Манас пен Қаныкейдің атына шаһар атын беріп, пір тұтып жатқанда, әлемге әйгілі асыл жырымыздың жел тонаған аңызақтағы мына сұрқы намысымызға тимей ме? Өзге-өзге, дәл осы Қозы Көрпеш-Баян сұлудың мазарын назардан тыс қалдыратындай біздің тарихи жадымыз, шынымен де мәңгүрттеніп кеткені ме? Ел болып ес жиған кезімізде, бүгінгі күні жадымызда тұрғанда, жылу жисақ та қалпына неге келтірмеске? Бас көтеріп, ел-жұртты бірлікке шақырып, «махаббат мұнарасын» тарихи қалпына келтіруге ұмтылатын іс білетін бір ар-намысты азаматтың табылмағаны ма?
«Көрген көзде жазық жоқ» дейді халқымыз. Жұрт назарына тағы да екі-үш мәдени мұрамыздың мекенжайын айта кетуді парыз санаймын. Атақты Қараш-Қараш шоқысының бауырында тасқа ойылған шұңқыр қазан бар. Жаңбыр суы ма, жоқ бұлақ көзі ме, белгісіз, әйтеуір, ортасындағы тостағандай ойыққа үнемі су толып тұрады. Ертістің Қалба тауындағы аңғарындағы жартаста мынадай бейне бедерленген. Жалпақ жартастың бетіне өзеннің картасы қашалған. Басында ертоқымның, екінші жағында, тістің ортасында салт атты кісінің сұлбасы болған. Әр жерінде шартты белгілері қойылған. Жұрттың жобалауынша, ертоқым мен тістің салынуы – Ертіс деген сөзді білдіреді. Шартты белгілер, не қорғанның, не жаугершілік тұстағы әскердің орналасқан жерін аңғартады. Бұл – арнайы жаушыға берілген белгі деседі. Соған қапталдас жатқан Сабындыкөлді қоршай балбалдар тізілген. Көне жазулар да, таңбалар да бар. Түрколог Алтай Аманжолов өз көзімен көріп қайтқан еді. Таскескен төңірегіндегі таңбалытастың да тағдыры алаңдатады. Жеке аудан боп құрылғаннан бері осы араға да адам аяғы жиі із салатын болды.
Бұрнағы жылы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесіндегі оқиғалар өткен жермен танысып шыққанымда, мынадай таңғажайып табиғат ескерткішін көрдім. Жіңішке өзенінен Далашыққа асатын асудың алқымында «Көкқасқа айғырдың басы» деген бір түптен өсіп шығып, үш сала боп бұтақ жарған қарағайды көрдім. Үш бұтақтың ортасында қарағайдың діңіне сіңісіп кеткен аттың қу басының маңдайы мен көз сүйегі көзге әзер ілінеді. Сөйтсек, бұл осы өңір дүлдүл атаған Көкқасқа аттың басы екен. Бәйгеге Асының алқымынан қосылып, Сатыдағы көмбеге жете бергенде өліп кетіпті. Бұл – Алатаудың бергі қапталынан шығып, қарлы шыңдарды, құзар шыңырауды басып өтіп, екінші шыңға қайта көтерілу деген сөз. Кемінде 70–80 шақырым. Талай рет сол сынақтан өткен Көкқасқа шауып келе жатып, шыңға иегін сүйеп барып жан тәсілім беріпті. Иесі – Дәулетбақ байдың ағасы, не інісі екен. Анығын ұмытып қалыппын. Қарағайды кесіп, Көкқасқаның басын соған тігіп кетіпті. Содан бері тура жүз жыл өтіпті. Қандай ғажайып табиғи ескерткіш. Халқымыздың салт-санасын, шабандоздық дәстүрін, дүлдүлдің тағдырын осыдан артық қандай құрмет пен пейіл жеткізе алады. Дайын көрнекі құрал ғой. Алаңдататыны сол, екі метр жерден ағаш таситын алып тракторлар жүретін жол салыныпты. Байқаусызда қағып кетсе, тағы да бір аңыздың түбіне жетеді-ау деп қорқамын» (Сонда).
Шындығын айтайын, бұл табиғи, тарихи, тағдырлы ескерткіштердің қазіргі жай-күйінен мағлұматсызбын. Өкпетідегі әлгі ғашықтардың ескерткішінен тура Қалба тауына қарай көз салғаныңызда, көз көрімге дейін бір төбеден бір төбеге жіпке тартқандай тізіліп, Сабындыкөлдің айналасын қоршаған балбалтастар шоғыры бар еді. Сол кезде тұмсадай туырылып жатқан табиғи жәдігерлердің дәл бүгінгі күндері тоз-тозы шығып жатқанда, осыдан қырық-елу жыл бұрынғы «аспан асты мавзолейінің» – жансыз тарихтың жетім куәгерлерінің» қазіргі күні не болды екен десеңші?!.
Көңіл көзімен Қалба тауынан көлденеңдей өтіп, Күшікбай асуынан өткенде, құпиясын ішіне тығып жатқан, әсіресе Абайға қатысты тарихи оқиғалардың ошағы Көкен тауының шұқанақ жартастарындағы, тек қана дәстүрлі дала мәдениеті бейнеленген 696 (тағы да алты жүз) сурет есіме түсті. Елсіз, иен, оқшау таудың құжыр, мыржық шатқалдардағы 696 (!) суреттің бәрі де тек би билеген, ән айтқан, сән-салтанатқа құрылған бақсылық бейнелер екенін археолог Айдын Жүнісқановтан естігенде: Шынымен де, Асан қайғының ол туралы: «Қойнауына бір түнеген адам ертеңінде құтырынып шыға келетін жер екен», – деп берген бағасы қаперіме ілініп: «Абыз Асан осы биші тастарды көріп айтқан болды ма?» – деген ой қылт ете қалды. Осыдан он жылдай бұрын бір алыпсатар көпес Көкеннің бауырына демалыс үйін салыпты деп естіп, жағамды ұстағам. Онда 696 «тас бишінің» орнын, 696 «жанды жын» иектейтіні анық. Әйтеуір, жабылып тыныпты. Таңбалы тастар, әзірше, аман. Шұғыл түрде қорғауға алынуы тиісті тарихи қорықтың бірі осы Көкен тауындағы «бақсы таңбалар».
Көңіл құсы, «тастағы би дастанын» емін-еркін, алаңсыз жалғастырып жатқан Көкен тауын орап өтіп, балалық шағымдағы құпиясымен қызықтырған әрі табиғи, әрі мәдени, әрі тарихи тылсымы мол, Шыңғыс таудың өзегін қақ жарып ағып жатқан Шаған өзені бойындағы қазақ тарихында «Шаған шайқасы» (1734–1735 жылдардың мөлшері) деген атпен аңызға айналған «Қоңырәулие» үңгірі мен таңбалы қорымдарға қарай бет алды.
Көңіл көбесінің жыртылуы, «ақылдың ақтабан шұбырындысы» осыдан басталды. Бөгенайы бөлек бұл тарихи оқиға мен үңгірдегі және үңгірдің алдындағы таңбалы қорымдар туралы М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында, Үңгірдің ішіндегі әйел мүсіні туралы:
«Көлдің сол жағында бір кең қалтарыста Әбіш бұларды тосып тұр екен. Шамамен бүйірде жатқан бір ұзын тастың бойын жағалай жарқыратып, қадала қарап тұр. – Әулие, мінеки! Мынау төсекше қашалған тасты көріңдерші. Мынау бас, мынау иық кескіні... Ұзын дене, бойы былай кетеді...» – деп, таңбалы қорымдар туралы:
«Кейбір бейіттерге үңіле қарап келген Әбіш бірнеше жерде тұрған сирек тастарды көрді. Солардың әрқайсысының бетінде қашап салынған таңба бар. Арғынның «Қос дөңгелек» таңбасын танығанын айтты. Керейдің «Ашамай» таңбасын, Найманның «Шөміш» таңбасын, тағы да кезек-кезек тауып, таңдайын қағып, басын шайқады.
– Орта жүздің бар атасы бас қосқан зират көргенім осы. Мынада бір қалың сыр бар-ау, жігіттер! Исі орта жүздің бір араға қойылған ұлты бар дегенді естіген де емес ем. Бұл қалай, ә?..
Бір жерде опырылып, іші үңірейіп жатқан мола бар екен. Соған келіп, үңілісіп тұрған топқа Мағаш бір бассүйекті көрсетті. Сарғайған сүйектің шеке тұсын оқ тескен тесік бар екен. Көкбай енді бір тың әңгімені бастап кетті, – деп суреттейді.
Көкбайдың ол әңгімесі Құрбанғали Халидидің «Бес елдің тарихы» атты кітабының «Абылай» тарауындағы:
«Жорықтардың бірінде, қалмақтар Шыңғыс тауындағы үңгірге* кеп тығылады. Үңгірге қамалған жауды ала алмай, қалың мұсылман қанды майданда қаза табады. Абылай хан баһадүрлерді шабыттандыру үшін: «Кімде-кім осы үңгір-қамалды алатын болса, соған хандығымды беремін», – дейді. Бұл сөзді естіген батырлар мен әскербасылар өз жасақтарын бастап, үңгір-қамалға қарай аттанады. Қанша тырысса да, үңгір-қамал алынбайды. Ақырында, аты аталған Қабанбай мен Еспенбет батыр екеуі, аз жасақпен аттанады. Садақтан, доптан (зеңбірек), мылтықтан атылған оққа қарамай, жандарын пида етіп, бекініс-үңгірге кіріп, қалмақтарды қырып салады. Абылай: Қабанбайға – «хан» атағын береді, ал Еспенбетке – қымбат кестелі жарғақ тонын сыйлайды. Осыдан кейін халық оны «Хан Қабанбай» деп те атайтын болған», – деген деректі сөз бе, сөзге жуық қайталайды. Біз тарихи тәмсілге жүгіндік.
Маймөңкелемей, турасына көшкенде, мұндағы сұрықсыз сұғанақтық, сұрқай көрініс осыдан қырық жыл бұрын «жанымызды жаралап, жадымыздың сарасын» күйдіріпті. Талан-тараждың бейбастақ тарихын қазіргі қауымға түсіндіре кету үшін тағы да «Күнделікке» орын берейін.
«Орынсыз сөз айтып, әсіре ашынып сөйлеуден аулақпын. Бірақ «запы боп қалған көңіл» деуімнің астарында ащы шындық жатыр. Өкінішке қалдырған өзге емес, өз ауылым. Халқымыздың көркем энциклопедиясы «Абай жолындағы» Абай келіп тасқа атын қашаған «Қоңыр әулие» үңгірі туралы. Сол үңгірдің алды толған қорым тас. Әр таста қазақтың таңбалары ойылған. Бұл қорымға «ақтабан шұбырындыдағы» ең соңғы шешуші шайқас жоңғар гвардиясымен болған ұрыста қаза тапқан қазақ сарбаздарының денесі көмілгенін, қай елдің азаматы қай төбеде жатыр, шайқасты кімнің, қалай басқарғанын қолмен қойғандай етіп «Қабанбай батыр» атты кітап жазып, сонау Үрімжі қаласында бастырған Зейнолла Сәніктің еңбегі арқылы қанықтым. Бала кезімнен үңгірінің ішіне тығылып ойнап өскен мені қатты қызықтырды. Шетте жүріп, бәрін алақанға салғандай қалай біле қойды, әй бір кілтипан табармын-ау деген кісіше, кітапты қолыма ұстап, әр қорымды аралап шықтым. Айна қатесі болсашы.
Кілтипан кітаптан емес, мына өзімізден шықты, оған менің де қатысым бар деп есептеймін. Біз үңгірдің ішіне кіргенде, тұңғиық шыңыраудың түбі найзағай ойнағандай жарқ ете қалды. Жалғыз көзді дәу келе жатқандай түршіктік. Ес жия келе білістік, ғылым академиясының жерасты үңгірлерін зерттейтін ғалымдары екен. Картасын жайып салды. Бәрі дұрыс. Тек бұрынғы картада белгіленген үңгірдің сол қапталындағы қабырғаға бедерлене ойылған, жантайып жатқан әйел мүсінін сызып тастады. «Үш күн іздедік, таппадық. Жоқ. Өтірік» – десті. Қағілездеу қазақ жігіті: «Өшірме, біз таба алмадық. Ол бар», – деп шыр-пыры шықты. Мен миығымнан күліп: «Жүріңдер. Көздеріңе көрсетіп, қолдарыңа ұстатам», – дедім. Әлгі күйіп-піскен жігіт ерді. Елу метр жүріп, енді жол күрт төмен түсіп, көлге баратын тұста алдымнан үлкен жартас шыға келді. Бұрын тегіс еді. Сөйтсем, көп дүмпудің әсерінен он бес метрлік биіктегі төбеден құлап түскен екен. «Міне, әйел мүсіні», – дей беріп, тілімді тістей қалдым. Жоқ. Үй орнындай қуыс орнында. Ал іздейік. Арнайы ракета жарық түсіріп тұр. Ине жоғалса табылатындай. Бір кезде «аһ» деген дауыс жаңғырығы салдыр-күлдір ете түсті. Жас шофер жігітіміз жоқ. Үрейді басып, бұрышқа қарасақ, үйілген топырақты тырмалаған саусақ көрінеді. Жүгіріп барып, жігітімізді суырып алдық. Өзі де ер екен. Күліп шығып келеді. Жарық түсіріп қарасақ, төрт бұрыштап тұрып кісі бойынан аса қазылған ұра. Есіме сақ ете қалды. Дәл осы арада әдеміленіп қашалған сандықтас тұратын. Жаңағы әйелдің қазынасы соның астында екен десетін қариялар. Зады тұтас тасты кісі әзер сиятын есіктен сыртқа алып шыға алмайды. Демек, сындырған. Астынан қазына іздеген. Алтынын тапты ма, таппады ма, онысы өзімен кетсін, бірақ қолдан қашалған сандықтас құрыды ғой. Ұят болғанда, мен әйел мүсінін де таба алмадым. Сандықтың іргесінде болатын. Ыс басып, төбеден тас құлап, орнынан жаңылдым ба. Мүмкін емес. Ендеше, қайда?
Ашық ауыздығымыздың шегіне жеткені сондай, тапа тал түсте тарихымыздың тас-талқанын шығарып жатса да тымырайып жүре береміз. «Осында геологтар жүрген. Солар шығар», – дейді жайбарақат қалыппен жерлестерім. Қайдағы геологтар ол? Кім тексеріпті? Соңғы он-он бес жылда жалған археологтар мен геологтардың қаптап кеткені қалай? Олардың өздерін еркін сезінгені сондай, Есік маңындағы қорғандардың қазынасын тәмамдап, енді даладағы мұраларымызға аранын ашты. Солардың ізіне түсіп, неге қылмыстық іс қозғамасқа. Тундра табиғатын аяусыз таптаған геологтардың барлау жұмыстарын алты айға тоқтатып, арнайы кепілдіктен соң ғана рұқсат берілгенін білеміз. Сол шараны бізге қолдануға болмай ма? Қашанғы үңгіріміздегі мәдениетіміздің үкілі нысанасын үптетіп, ескерткіштерімізді қиратып қоямыз. Үстірттегі ескерткіштер де осының кебін құшып жатқаны өкінішті» (Сонда).
Ал сол әр қазақтың «үштен екісі» (Шәкерім. Кей деректе, «бестен үші» деп айтылады) қаза тапқан «ақтабан шұбырындыдан» соң еңсесін көтерген кезде, шешуші жеңістің майданы болған Қоңырәулиенің қазіргі тағдыры қатты алаңдатады. Үңгір саяхатшылар тұрағына айналған. Ішіне жарық жүргізілген. Күтімі бар. Қонақжайы бар. Ел түсетін мәдени мекеме. Мен де сол көп мейманның бірі болғамын. Бұл өте орынды шешім. Алаңдататыны –қазақ жері үшін қаза тапқандардың киелі қорымы мен таңбалы тастардың аяқасты болып қалуы. Кезінде, арасы 20–30 метр қашықтықтағы үлкен-үлкен үш-төрт қорым бар еді. Қорымды қоршаған жалпақтастарда шейіттердің таңбасы бедерленген белгілер бар еді. М.Әуезовтің нысаналы теңеуімен айтсақ, бұл – «ортақ ұлты бар» дегенді білдіретін сол замандағы бірден-бір нысаналы таңба. Ал сол қорымдардың тастары таланға түсіп, шағылып, «ортақ ұлттық құрамнан» бөлектеніп, әр рудың батырларына арналып зират салыныпты. «Ерліктері» баяндалып, тақталар орнатылыпты. Сол ру батырларының ерлігі рас болса, онда олардың аттары тарихи деректерде, жоғарыда аталған Қ.Халидидің, М.Әуезовтің, З.Сәніктің жазбаларында, халықтық дастан-аңыздарда неге аталмаған?!.
Біле-білсек, «Қоңыр әулие» жай ғана үңгір емес, Ол – ҰЛТТЫҚ ПАНТЕОН!
«Қоңыр әулиенің» әр тасына халық батырларының қаны тамған, сол үшін жанын беріп, шаһит болған. Мұндай қасиетті жер қашанда кез келген мүддеден жоғары тұруы тиісті. 1734–1735 жылы өткен «Шаған шайқасына» 2034–2035 жылы 300 жыл толады. Ұлттың рухын көтеретін, намысын біріктендіретін, тарихын еске салатын киелі де қасиетті меже. «Ештен – кеш жақсы». Барлық қапылыстарды осы уақытқа шейін қалпына келтіріп, қорымның алдына және Айтуған жазығындағы шаҺидтер қорымына М.Әуезовтің «Абай жолындағы» тәмсілді мазмұн етіп баяндайтын тарихи жазба қою керек. Сонда, «Қоңыр әулиенің» суы – қотырды жазатын суымен емес, тарихи-ұлттық қасиетімен дараланатын болады. Тек, ескеретін бір аса шетін мәселе, Бұланты қабірстанындағыдай, сол оқиғаға қатысы жоқ, жалған ұраншылдар мен рушылдардың дабырстанына айналмаса екен. Онда, ол нысана өзінің барлық тарихи болмысынан айырылады.
****
Осы арада, есіме өзім көрген, осыдан отыз жыл бұрын қабыршақтана қопсып жатқан, бетіне бояумен не қашалып бейбастақ сөздер жазылған бала жасымнан таныс Таскескендегі, Барлық-Арасандағы, Көкентауындағы, Шыңғыстау мен Абыралының Көкшетауындағы, Мыңшұңқыр мен Мейізектегі, Былқылдақтағы, Жалғызтаудағы, Балқантау мен Талдының бойындағы «Мықтың үйлері» мен «Таңбалытастар» түсті. Ал Сарыарқаның тура жауырындағы үш жүз шақырымдық көкжиекті қарауылдап тұратын, Дегелеңнің дулығасына ұқсаған жалғыз шоқы – Бүркітті мен таңбалар бетін өрнектеген жал-жал тастар өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарының дүбәрасында атом бомбасының кезекті сынағының зілзаласына шыдамай, түбімен қопарыла құлады. 1963 жылы маусым айында полигонның сынақ тәжірибесін өткізуге арналған малының бақташысы болған әкем апарып сол таңбаларды көрсетіп еді. Ол таңбалардың да Бүркіттінің тағдырын құшқанына еш күмәнім жоқ. Өйткені Тәттімбеттің «Былқылдағының» сазы сынақ кезінде-ақ кеберзіп кеткен. Бес жыл бұрын барғанымда тіпті танымай қалдым. «Былқылдақ саз» – тасырқай шағылға, саздақтың ортасы атшаптырым бойы үңірейген шұңқырға айналыпты. Әлдебір асыл тастың қазынды-ұңғымасы (карьері) екен. Еліктердің өзі онда жоламай, көз ұшынан айналып өтіп жатты. Дүниежүзіндегі ең құпия атом бомбасы сыналатын шахтаның қорыс-қопасын шығарып, шаңын аспанға боздатып, қазып, теміржолға тасып жатыр екен. Сол тастардың ішінде таңбалытастар да Өскеменге, одан түймелене түйшіктеліп Санкт-Петербургқа жөнелтіліп, Ресейдің атом өнеркәсібіне «азық» боп жатқаны, қазірде еш құпия емес. Сол таңбалытастармен қоса біздің қасиетті тарихымыз да жаттың қуатының тамыздығы болып кеткені қандай жәбірлі еді.
Мен бұл шындықты бала жасымнан көріп өстім. Бар туыстарым мен сыныптастарымның дені ақ қаннан көз жұмды. Солардың қасіретін уайымдап жүріп, таңбалытастардың тағдырын қаперге алатын мұрша қайдан болсын. Енді, міне, жетпіс жылдан соң көзді қамап, жүрекке шаншу боп қадалып отыр. Бұлай күңіренген жалғыз мен емеспін. Осыдан жиырма бес жыл бұрын, көрші Шұбартау жұратындағы Бақанас пен Байқошқар өзендерінің жартастарындағы (Абай, әйгілі «Желсіз түнде жарық Ай» әнін жазатын өзен) бала кезінде самсап тұратын таңбалардың үгіндісін көргенін Мұхтар Мағауин жыларман боп айтып беріп еді. Бала кезіндегі әдетін есіне алып, қайрақ тастардың жарықшағын құрастырып та көріпті. Бірақ қанша іздесе де таба алмапты: «Мен балалығын жоғалтқан адаммын», – деп еді мұңайып. Мұқым қазақ даласында өскен қаншама қара домалақтар өзінің балалық шағының ескерткіштерін жоғалтты деші. Уа, несиесіз кеткен есіл елестер-ай, сұраусыз кеткен тарихтар-ай, десеңші.
Сарыарқаның оңтүстік қапталындағы Арқадағы ең биік шоқы – Ақсораңнан андыздап көрініп тұратын Беказы мен Бекбау атаның қолтығындағы жыл қайыруымыздан пәлен мың жыл бұрынғы, тіпті кейбіреулері, Құрбанғали Халиди айтқандай, «топан суы» мен Мысыр пирамидаларынан ықылым уақыт бұрын пайда болған қорғандар мен сынтастар, балбалдар мен «мықтың үйлері», ежелгі өркениеттің үлгісі есебінде мойындалып, археологиялық және тарихи еңбектерде «Беказы мәдениеті» деген ресми атқа ие болды. Бұл қорғандар академик Әлкей Марғұланның жанкешті еңбегінің арқасында қапысыз зерттелді. Бірақ сол қазындының сақталуы қалай? Бір барғанымда, оюлы жақпар тастар мен қақпақ тастар, балбалдары алыстан қарауытып, менмұндалап тұрған. Жан-жағы қоршаулы еді. Екінші барғанымда, тас қорғандар көмейлете қазылыпты, қоршаулар алынып тасталыпты. Тарих таңбалары қашалған үш-бес аршындық жақпар тастардың кейбіреуі біріне-бірі сүйеніп тұр, кейбіреуі ұзынынан сұлап жатыр, қырынан қойылғандардың біразы сыныпты. Қазба жұмысынан қалған «ғылыми-мәдени шараларының нәтижесі» екен. Үшінші жолы барғанымда, қазба жұмыстарының аумағы бұрынғыдан да кеңейіпті, қазба шұңқырлар молайып, су орған жырық жылғалар шұңқырды қоқысқа толтырыпты. Егер әр қазба жұмыстары осындай жауапсыздықпен зерттеле берсе, онда олардың пайдасынан зияны көп болғаны ғой. Мүмкін, «археологтарға, ескерткіштердің сақталуына кепілдік беретіндей шара қолдану керек шығар» деген заңды талап ойға оралды.
Кейінгі бес жылдағы Беказының бедері қалай өзгерді екен, ол жағы маған беймағлұм. Егерде дала өркениетінің дәуірлік кепілі деп танылған Беказы қорымы осылай талан-таражыға салынса, онда өзге ескерткіштерден не үміт, не қайыр? Онда, қазба жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан Қарқаралы, Қу, Балқантау, Талды, Ерейментау, Кереку (Керегу – көне түркі сөздігінде: «Керегу – шаңырақсыз керегелер тігілген көне орын» деп түсінік берілген, яғни ем-шипасы мол тұзды көлге емделу үшін келген дала тұрғындарының уақыттық қонысы, екінші мағынасы – Тұздыкөл. Демек, мұны – Керегуді, отарлаушылар сондай ептілікпен «Кряковка» деп өзгертіп алған деуге толық негіз бар), Сандықтас өңіріндегі, арысы – сақ, берісі – қимақ дәуіріндегі жерасты ескерткіштерінің қалы қандай екен деші. Анығы, Есілдің ен бойына ентелей андыздаған көне қорғандар мен таңбалы тастар, балбалдар тұтастай жермен-жексен боп кеткен. «Тың игерушілер» оларды тракторларымен сүйретіп, балбал тастардан көкпар тартқаны да өмірлік шындық. Тура Астананың алқымындағы, Президенттің резиденциясы орналасқан «Күйгенжардағы» жарды үңгіп пеш жасап металл қорытқан, ежелгі «күйген жарлар» – балқыту пештері, ондағы тұрғындардың орны қайда? Он жыл бұрын Есілдің қамысты бұрмасында қоғаға көміліп, суға шайылып жатқан бір ежелгі «лашықты» көргенім бар. Ал астананың іргесі кеңейе бастағанда, «Қызыл ауыл» (Красная деревня) мен бүгінгі Орталық мұражай мен Пирамиданың маңындағы сақ дәуіріндегі қоныс орны жермен-жексен болып күреліп кеткенінің куәсімін. Тек, Бозоқ қана сұлбасын сақтап тұр. Жыл сайын суға бөгіп жататын бұл қалашықтың қазіргі күні қалай екен? Елді мекендер алды-артын орап, тұйықсудың қоймасына айналмаса, неғылсын?!.
Арқаның батыс жапсарындағы «тыңның отаны» Қорғалжын, Теңіз, Есіл, Нұра, Құланөтпес, Терісаққан алабы тегістей егіс алқабына айналды. Қорғантөбелерді, тастағы таңбалар мен көне жазуларды былай қойып, ескі карталардағы археологиялық жер атауларын картадан таба алмайсың. Осыдан 25 жыл бұрын Көлденең Есілдің тұрғыны, тарихшы ғалым Баянбай Құсайынов марқұм Есіл мен Терісаққан бойындағы «Мұртты төбелер» атанған сақ қорғандарын көрсетті және Атбасардан батысқа бұрылған Қалытон (Колутон) атты жерден өткен соң ескі бөлімше орталығын көрсетіп: «Міне, бұл ара Орманбет» деп аталады. Әйгілі қазақ-ноғай дәуіріндегі: «Орман би өлгенде, Он сан ноғай бүлгенде, Қазақ пен ноғай айырылды, Қанатынан қайырылды», – дейтін жер осы. Ежелгі карталардың барлығында да солай жазылған» дегенде жағамызды ұстадық. Бозоқ қаласының салыну тарихы, Мәшһүр Жүсіптің жазбалары, ескі карталардағы «Урочище Урманбет би» деген атау соған толық иландырды. Бұл туралы өлкетанушы Клара Әмірованың кітабы нақты айғақтардың бірі болып есептеледі. Е, қазақтың қабырғасы қайысқан замананың куәсі, қайран Көлденең Есіл мен Терісаққан. Аттарыңның өзі өз тарихына өзі көлденеңдеп бөгет жасап, теріс баққан ақылдың ақтабан, шұбырындысын меңзеп тұрғандай. Тарих ағысы неге көлденеңдеп, теріс бағып, теріс ақты екен? О, жасаған, асыл Орманбет бидің рухы, шынымен де, қорғай алмағаны ма? Солайы, солай ғой. Дегдардың жанын қасым етіп, қанын төккен өзіміз ғой. Кешір, кеш, қош, дегдарым!
Содан осындай ауыр әсермен оралған күйдіргі сапардан соң, Алматыға келе салысымен, Іле өзенінің бойындағы әйгілі Таңбалытасқа бардым. Адам көп, дені шет қыдырмаштар. Өте бергенімізде күзетші: «Шапыраштылардың таңбасы мына бетте», – деп жол көрсетті. «Қайдағы шапырашты, көне түркі жазбасы ғой», – деп ем: «Қайдан білейін, бізге солай айтыңдар деп нұсқау берді», – деді. Көрдім. Тастың үстінде ұл-қызы мен тегі аралас жастар лақтай секіріп, ойнақ сап жүр. Шұқып, қабыршақтап жатқандар да бар. О, сорлы аманат! Не істерсің, атың шықпаса, сауатсыз қазақсың, атың шықса, тасқа басқан жазуыңды өкшесімен үгітеді. Ендігі ол жазулар өшіп тынған шығар.
Он жыл бұрын Арқадағы әйгілі Теректідегі Таңбалытастарға бардым. Құныстөбеленген жартастардың бетінде адамзат «жабайы адам» атанып жүрген дәуірінде қашалған атам заманғы таңбалар мен суреттер алдымнан жамырап шыға келді. Әйтеуір, елді мекеннен алыс болғаны жақсы болған екен, дін аман. Қабыршақтанбапты, қопсымапты дей бергенімше, тура сол кезде қатты дүмпу естіліп, алыстан аспанға созылған шаң көрінді. Сөйтсем, осыдан 40–50 шақырым мөлшеріндегі Шұбаркөлдің көмір қазбасы екен. «Әй, мыналардың ашылған араны жабылып, қарқыны басылмаса, бұл араны да «күлтөбеге» айналдырып тынар-ау» деп, жүрегімнің шошымасы ұстауы табиғи алаң еді.
Сол жолы, Ұлытау өңіріндегі Таңбалытастар мен Жошы хан мазарына, Басқамыр, Аяққамыр, Ақыртас деп аталатын «топан суынан» (Халиди) бұрынғы өркениетті қоныстарға, Хан ордасына, Ақсақ Темір үш жүз мыңға жуық әскерін дамылатып, жорық жолын тасқа ойып қалдырған Алтыншоқыға, бүгіндері шөбі сұйылған Шөптікөлге бардым. Ұңғыл-шұңғыл ұралар мен жаңбыр мен желдің өтіне беті қабыршақтана күйіп кеткен, қопсыған топырақтарды жастанып жатқан сынтастарды көріп, өткен тарихтыңкөріністерін көз алдыма шала-жансар сүлдер есебінде елестеттім. Қазылуы – қазылған, зерттелуі – зерттелген, бірақ бетін күнге шыжғырмай, неге қайта қымтай көміп тастамаған немесе неге бетін бүркеп, ықтасын орнатпаған? Хан Кенені хан көтерген бұлақтың басы қара батпақ еді, әйтеуір, кейінгі жылдары «Батпақты бұлақтың» атын – «Сұлубұлақ» деп өзгертіп, белгі қойылыпты. Оған да шүкір. Жошы ханның мазары ғана тәубәңа келтіреді. Күтімді. Алайда қоршаудың ішіндегі ұсақ қорымдарды қоршаған тастардағы таңбалар елеусіз-ескерусіз күйі, жартылай жерге сіңіп, күлгін тартқан. Ал сол заманда «даладағы гүлстан», «керуен қала», ұлыс астанасы атанған «Ордабазар» сол көңді топырақты көрпе етіп жамылған қалпында күлтөбе мен малтөбе боп аяқ асты боп жатыр. Әр жері шұқып қазылыпты. Бұл қала, жоғарыда біз айтқан, сегіз жүз (!) көне кеніштердің есебінде бар ма, жоқ па, білмеймін. Әйтеуір, ортағасырлық шығыс тарихшылары: «Бетпақдаланың бетін жылытқан, аңызға бергісіз дала байтағы» деп жазғаны анық.
Қазақтың бірлігінің нысанасына айналған, ұлт ұйытқысы Ұлытаудағы Таңбалытастағы таңбалардың да кетеуі кетіп, сынып, өшіп, оңып бара жатыр екен: Әй, енді елу жылға шыдамас-ау! «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның» сұрқылтайының куәсі еді, аталарымыздың ант сөзі еді, азаттығымыздың куәсі еді. Енді, міне, «ақылдылардың заманында» ақжем боп тынбаса екен деген ауыр оймен қайтып ем. Ойым осылып, күдігім шындыққа айналғаны қандай өкінішті. Кейін білдім, археологиялық ғылыми кеңес: «Болашағы жоқ. Сақтау мүмкін емес», – деп үкім шығарыпты. Жүрсін Ерман досымның, қанша айтқанмен туған жері емес пе: «Көне жазулар сынып, уатылып, шашылып жатыр. Не істеймін», – деп шошымалы дауыспен шағынуының себебін сонда түсіндім. Қош, қасиеттім. Мұның да түбіне сол «жез қазғандар» мен «жер қазғандар» жетіпті. Енді солардың еркіне бүтіндей беріпті. Бұған қарағанда, қазақ қолы бірігіп, жоңғар шапқыншылығына алғаш соққы берген Бұланты мен Білеуті өзендерінің бойындағы ұлы шайқас орны тарихшылар мен археологтардың назарына ілігіп, жан-жақты зерттелді. Ескерткіш те қойылды. Шайқасқа қатысқан адам саны мен құрамы белгілі болса да, ескерткішке әр рудың өзінің таңбаларын тықпалаған «нұротандатқан» сұғанақтығы қынжылтады.
Жер жастанып, төбе бастанып, ластанып жатқан Сауран мен Сығанақ сияқты ауқымы аумақты шаһарлардың қорымын айтпай-ақ қояйын. Араға жылдар салып, үш рет барғанымда, бір жолғыдан бір жолғы көрінісі бұрынғыдан да сорақы көрінді. Сауранның көк тіреген мұнаралары мүжіліп, қамалдардың дуалдары езіліп, құм басып кетіпті. Қазба жұмыстары жүргізілген тұстар үгітіліп, жел мен жауын мүжіп, сүмірейтіп тастапты. Бұрын мысы басым еді, барған сайын киесі кетіп, мыжырая бастапты. Ал қазақтың тұңғыш астанасы Сығанақтың алдындағы Сунақ ғимараты күтімді, қарауыл бар, ал байырғы байтағымыз сол өзіміздің күпі шапан киген пішінімізге тартқан, томпиған, момақан төбелердің тізбегі. Солтүстіктегі көшпелілер әлемінің зауалды ырғасулардың себепкері үлкен Әбілхайырдың Өлкейектегі қорымы сол «номад» күйінде нәмарт боп кетті. Аталар: «Құрдымның суы – Қаратереңнен шығады. Баяғыда сол Құрдымға біздің елдің бір көш елі жұтылып кеткен екен. Қаратереңдегі таңбалы қаратас суды тартады екен. Көмейі сонда» деп, уайымдай тәмсіл айтатын. Торғай мен Ырғыздың суы құрдымға сіңетіні рас екен. Ал қазір Аралдың ең тұңғиығы Қаратереңнің жерасты көзі бітелген болса керек. Ырғыз бен Торғайдың өзінің де ерні кеберзіп, жағалауы жұтаң тартқалы қашан. Оған не шара!
Айтпақшы, Ырғыз бен Торғайдың түйісінде біздің жыл қайыруымыздан пәлен ғасыр бұрын, сонау Дарий патшаның, Тұмар ханымның, Кир патшаның тұсындағы шайқастарда шаһит кеткендердің ұлы қорымы, ескі көне таңбалар мен балбалдар жермен-жексен боп кеткенін, осыдан отыз жыл бұрын тарихи ой иесі Қуаныш Ахметов марқұм мұңая баяндап беріп еді. Ал бір жолы Жезқазғаннан тура Ырғызға бет алғанда, Құрдымның жерастына құлдилай сіңген тұсынан Тұран ойпатын, нағыз Тұран ойпатының түбін көріпті. Тереңдігі екі-үш шақырым, ені көзкөрім. Ұзындығы белгісіз, беті оңтүстік батысқа қараған. Қалың жыңғыл мен жабайы ағаштардың бұтақтары қыздың бұрым шашындай боп ұйыса өріліп қалыпты. Жабайы аң да кіре алмайды. Соған таңырқап тұрғанында, қайдан шыққаны белгісіз, Ресейдің әскерлері келіп тұтқынға алыпты. Сөйтсе, ойпаттың бір шетінде Ресейдің әскери аэродромы мен ғарышты барлайтын мұнарасы бар екен. Әлгі әскерлер Құрдымдағы бұл ойпатқа адам аяғын аттатпайтын көрінеді. Қуанышты көріп, көлікті адамды көргеніне олар да таңғалыпты. Торғайдың малшыларының өзі оған елу шақырым жерден ары аттап баспайды екен. Кезінде, із-түзсіз жоғалып, кейін табылғандар болыпты-мыс деседі. Мүмкін, шындық, мүмкін лақап.
Ал керек болса! Енді Тұран ойпатынан, Ескендір Зұлқарнайын мен Дарийдің, Кирдің, Тұмар патшайымның шайқастарынан қалған тарихи ескерткіштерді іздеудің өзі үмітсіз мүттәйімнің дәмесі екені анық. Солтүстікке қарай орналасқан, көшпелілер өркениетінің астанасына деп танылған, алайда оны ресейліктер «өздерінің ескі жиделібайсыны» (Беловодье) деп жарнамалап жатқан Арқайым мен осыдан жиырма мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткен көшпелілер екенін мойындатқан Батағайдың даңқын естігенім болмаса, көзайым болудың сәті түспепті. Қазба мұра «Игорь жасағы туралы жыр» емес, тонын айналдырып түсіндіре беретін, нақты заттай мұра, түбі жалғанның таты қабыршақтанып түсіп қалатыны анық. Солардың қарауы мен күтімінің арқасында ұзына тұрқы аман. Археолог Зильберттің ұқыптылығының нәтижесінде зерттеуі де, күтімі де келіскен, көшпелілердің ең ежелгі қонысы боп табылатын Ботай мәдениеті қонысының жай-күйі жаныңды жадыратады. Шіркін-ай, «бәрі сондай болсашы» ғалымдардың!
Көңіл құсы солтүстіктегі сол Құрдымнан оңтүстікке қарай алыпұшты. Жолай исі қазақ «елім-айлап» екпеттеп барып «сұлап», қан мен жас араласқан Көлмекөлдің сорын татып, кепкен ындынын жібіткен, қақтанып қабыршақтанған борпылын басып, тура Қаратереңге (Аралдың құрдымы) бет алдық. Көз ұшынан Осман империясының бірлігін ұйытқан Жаңакенттен ғана қазба жұмыстарының орны байқалады. Қазыла-қазыла, бұрынғы қазбалардың ізімен, көртөбе атанып кетпесе болды. Ал Өзгент шаһары үйінді күйінде тусырылып жатыр. Қорыс-қопасы шығып жатқаннан гөрі, барын бауырына басып, тыныштығының бұзылмағаны да дұрыс-ау. Ал осыдан он жыл бұрын Алтын орданың астанасы Жайықтың жағасындағы Сарайшық шаһарын су орып, ғимараттардың қабырғасы суға құлап, адамның бассүйектерін толқын шайқап жатыр еді. Әйтеуір, арада он жыл өткенде, Жайықтың орамына бөгет қабырға салынғанын көріп, жұбаныш еттім. Қалпына келтірсе, «бар қазақ – бір қазақ» екенін дәлелдейтін ұлы жұрт болар еді. Соған тілектеспін, түлегенін тілеймін. Ал аңызынан әулие үңгірлері көп, әулие үңгірінен таңбалы тастары мен балбалдары көп Маңғыстау түбегі табиғи дала мұражайы ғой. Мен, жолайтекҚошқар атадағы балбалдар мен таңбаларды, меңгір тастардағы жазуларды көріп, кейін шырамытып, бізге беймағлұм тауарих пен өркениеттің сорабын тұспалдаумен ғана шектелдім. Ол болжамдарымды, марқұм Әбіш Кекілбаевқа айтып бергенде: «Аңысың дұрыс. Мен де сол ойдамын», – деп еді.
Міне, «ғылым сақабасы» атанған Құрбанғали Халидидің «Бес елдің тарихы» атты еңбегіндегі «Алтайдан Жайыққа дейінгі аралықтағы «мықтың үйі» мен таңбалы тастар» туралы мағлұматтарды санада саралауға ұмтылған ой, ақыры ақылымызды осындай ақтабанға ұшыратты.
Мұндайда, тамағыңа тығылған өкініш пен өксік көмейіңді құмықтырып, жансарыңды ашытып, санаң қорланады екен. Амалсыз, қайнаған зығырданыңның ашуын, Абай айтқандай, «улы сия, ащы тілден» алмасқа, амалың қалмайды екен. Бірақ «ақылдың ақтабан» екпіні «сананы сұламаға» жетелеп әкетті. Ол «көңіл толғауының» құлақ күйі мен бұрауы, басатын пернесі басқа.