Түс тылсымы тереңде...

Ежелден қазақ түс атаулыға немқұрайлы қарамаған. Түсінде кімде-кім жағымды жайт көрсе, жақсылыққа балап, ал керісінше, жайсыз түс көрсе, өз-өзін «Түс түлкінің боғы», – деп жұбатқан.
Егер көрген түсі ойынан шықпай мазаласа, секем алған көңілін жайландыру үшін оң иығынан үш қайтара түкіріп, дұға оқып, артынша құрбан шалып, садақа берген. Солай бола түрса да, күні бүгінге дейін адамдар арасында осы түс көру мен түс жоруға қатысты қызу пікірталасқа әлі нүкте қойылған жоқ. Төл дінімізді ұстанушылар түс – адам мен Аллахтың арасындағы «көзге көрінбейтін құпия сыр-сұхбат» және оның басты құдіреті де сонысында десе, жаратылыстану-жантану саласының мамандары қандай түс болмасын, ол жұмыр басты пенденің алдағы ғұмырына қатысты жоғарыдан берілген ақпарат-белгі, тіпті оның алдын-ала көрсетілген шағын сұлбасы деген пікірді алға тартады. Тек бұл екі топқа: «Түс – жекелеген жан иесінің аса айрықша қабілеті емес, ол ең алдымен адамның ұйқы кезіндегі секреция бездерінің қозуы арқылы туындайтын оның психофизиологиялық хал-ахуалының көрсеткіші» деп, қарсы уәж айтатындар физиологтар ғана.
Бұрыннан бері ел аузында сақталған әңгімелер ауанына үңілсек, аян-түс атаулының адам өмірінде аса маңызды орын алғанын аңғарамыз. Тіпті ертеде қазақ даласындағы бай-манаптардың көрген түсін жорыту үшін сарайларында арнайы жұлдызшылар мен сәуегейлерді ұстауы да бекер болмаса керек. Әр жылдары тасқа басылған жазбалар түс – тұтастай адам өмірі мен тағдырының, одан қала берді болашағының бағдаршамы екенін айғақтайды. Бұған Бұқар жырау мен әйгілі Ескендірдің, Жиренше мен атақты жұлдызнамашы Бегасыл әулиенің өзгелердің көрген түсін тарқатып, дер кезінде жамандықтан сақтандыра білген көрегендігін айтсақ та жеткілікті.
Иә, түс көру – әр адамға тән, табиғи құбылыс. Нақтырақ айтқанда, түс – адамның «ұйқыдағы өмірі». Ол жасты, нәсіл мен ұлтты таңдамайды. Таңғаларлығы сонда, басқадан бас тартса да, ұйқыдан бас тартпағанымен кейбір скептиктер көзі ұйқыға кеткенде, тәні демалып, жаны шартарапты шарлап кететініне күмәнмен қарайды. Парапсихология ғылымында ойып орын алатын түс атаулының жеке феномен ретіндегі өзіндік потенциялы шексіз. Ол ең алдымен әр адамның жаны мен тәнінің қаншалықты үйлесім табуынан туындамақ. Шариғат қағидасы бойынша айтар болсақ, әр адамға түсінде көрінетін нышан-белгілер оның жеке басының рухани-имани тұрғыдағы тұлғалық, тұқымқуалаушылық қасиеттерімен тікелей байланысты. Қарапайым тілмен айтсақ, жұмыр басты пенде неғұрлым рухани жағынан толыққанды жетілген тұлға болса, оның «ұйқыдағы өмірде де жоғарғы санасы ашық, энергетикалық желілері мөлдір» болып қала бермек, яғни, жоғарыдан ақпарат алу мүмкіндігі зор. Бәлкім, қазірге дейін қазыналы қарттардың аян атаулыны «рахмани және шайтани» түс деп, жіктеп қарайтыны да осыдан болса керек. Десек те, тағы да баса айтар жайт, зерттеушілердің пайымдауынша, «түсінде аян алу» қабілеті, әсіресе, әулиелерге, табиғаты ерекше қасиетті жандарға тән құбылыс. Алайда, тарих мұндай бірегей қабілет-мүмкіндіктердің аса дарынды адамдардың бойында да болғанын жоққа шығармайды. Мысалы, әйгілі суретші Сальвадор Дали өзінің бірқатар көркем туындыларын аян арқылы қабылдап, ояна салысымен көргенін кенеп бетіне түсірген және оған салатын суреттерінің сұлбасы жалаңаш қабырғада көрініс арқылы көрінетін болған. Ал әлемге қылқалам шебері ретінде ғана танылып, табиғи талантының басқа сан тараулы қырлары енді-енді ғана жарыққа шыға бастаған атақты Леонардо До Винчидің де суретшілігімен қоса түсінде берілген нұсқау негізінде теңдесі жоқ астрологиялық күнтізбе сызбасын жасағанын, химиялық таблицаны жарыққа шығарған ресейлік ғалым Дмитрий Менделеевтің аталмыш жобаны ең алдымен түсінде көргенін қалай теріске шығармақпыз?! Осыған ұқсас бір қызықты дерек, бар ғұмырында ұзын-саны 300-ден астам туындыны сомдаған, оның ішінде Шоқан мен Жамбылдың ескерткіштерімен қоса, Алматыдағы Абайдың мүсінін жасаған, қазақтың түңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевтың да көзінің тірісінде берген бір сұхбатында ұлы ақынның тас тұлғасын сомдау барысында оған түсінде Абайдың қазіргі ескерткіш бейнесіндегі қалпымен терезеден кіріп келе жатқанын көргенін айтқаны бар. Сондай-ақ өз заманында «Барлық хабарды қайнаған ғарыш қойнауынан аламын», – дегені үшін шенеуніктер тарапынан қыспаққа алынып, қудаланып, тіпті жер аударылған есімі әлемге әйгілі аруақты жан Вольф Мессингтің адам тағдыры мен қоғамдағы құбылыстарға қатысты ерен еңбегін қалай ұмытамыз? Ең өкініштісі сол, Вольф Мессинг көзінің тірісінде бойындағы қасиетінің ғылыми тұрғыда негізделуін, өзінің адамға әсер ету әдіс-тәсілін Ресейдің ғылыми орталықтарының зерттеп-зерделеуін қанша өтініп, сұрағанымен «жабулы қазан, жабулы күйінде» қала берді. Шипагер бақилық болғаннан кейін уақыт өте келе Ресей жаратылыстану, парапсихология саласының мамандары оның бұл өтінішін қолға алып, оның емдеу методикасын зерттеп- зерделеуге бет бұрды. Алайда, оның бірегей қасиетінің тылсым дүниемен қиылысатын тұстары әлі күнге дейін жұмбақ күйде қалып отыр.
Зерделей қарар болсақ, түс атаулының өзіне тән тылсымы бар. Жалпы, адам баласы табиғатынан өз білімі мен дүниетанымын кеңейтіп, түрлі жәйттерді бағдарлап-болжауды үш түрлі жолмен жүзеге асыратындықтан да, пенденің бұл тұрғыдағы қабілет-мүмкіндіктерін де, сәйкесінше үш топқа бөліп алып қарауға болатындай. Бірінші топқа: адамның оқу, жазу, есту, көру, салыстыру, сараптап-саралау арқылы оқу орнында алған білімі мен өз бетінше ізденуі жатса, екінші топтағылар тәжірибелі ұстаздар мен білікті тәлімгерлерден арнайы тәлім-тәрбие алу арқылы өзінің рухани қоржынын байытып, одан әрі жетілдіруі. Ал үшінші топтағы адамдар санатына ғарыш қойнауына еркін еніп, қай салада да барлық жайттан ауқымды ақпаратты аян арқылы ала отырып, соның негізінде ой-танымының көкжиегін өз бетінше дамыта алатын жандарды жатқызуға болатындай. Тағы да, салыстыра келгенде, осы жоғарыда аталған қабілеттердің ең озығын үшінші топтағы ерекше қабілетті адамдар тобын құрайды. Ғалымдардың пайымдауынша, адамның аян-түс көруінің бір шеті оның түйсігімен тікелей астасып жатыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, «аян» адамның түс көру қабілетінен болса, «өң мен түстің» арасындағыдай күйде, кез келген адам көрмейтін белгілі бір оқиғалар мен жағдайларға қатысты көріністі бейнетаспаға жазылғандай айқын көру қабілеттері де дәл осы соңғы топтағы адамдарда өте жетік дамыған. Яғни түсінікті тілмен айтқанда, мұндай бірегей қабілеттер үлкен ми сыңарларының ішіндегі салмағы небәрі 4 мл-ды құрайтын гипофиз – «үшінші көз» бен жауырынның ортасындағы «дадуни» немесе «төртінші көз» арқылы жүзеге асады. Бұл төртінші көз арқылы түйсіну қабілетін ғылыми негізде «Түйсік арқылы түйсіну» десек, анағұрлым түсініктірек болады. Осы көрген түсін түйсігімен таныған тағы бір айтулы тұлға, адам баласының танымын «түйсік» арқылы дамытуды ғылыми негізде жетілдіруді қолға алған, қасиетін ғылыммен ұштастырған бірегей тұлға БҰҰ-ның құрметті академигі, Мәскеудегі «Марч» адам жаратылысын дамыту халықаралық академиясының президенті, ғарыш, психология, биология саласын біртұтас сала ретінде зерттеп, дамыта білген, космопсихобиолог, академик Вячеслав Бронников. Ұлт пен дінді бөлмейтін, «бәріміз бір Жаратқанның төл перзентіміз», – деп санайтын космопсихобиологтың өткен ғасырдың соңында Қазақстандағы киелі орындарды түгел аралап, зиярат етіп, туған халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпындағы түрлі ырым-жоралғыларды қастер тұтатынының астарында көл-гөсір мән жатқандығына таңғалып, қайран қалуы да, әлбетте, кездейсоқтық емес. Вячеслав Бронников ақпаратты аян арқылы алады. «Адам» атты феноменнің ойлау, түйсіну қабілеттерінің шексіздігіне күмән келтірмейтін космопсихобиологтың өзі адам психологиясы мен биологиялық потенциялының ғарышпен астасатын тұстарына қатысты жәйттерді бірнеше рет аян арқылы алғанын ашық айтады. Оған түсінде бұл жайлы дәріс берген бір әйгілі тибет монахы көрнеді. Осы аян-дәрістердің негізінде академик Бронников бүгінде, тіпті өзгеше тәсіл арқылы, «ерекше балаларды», емдеп, сауықтыруды қолға алып, арнайы мектеп ашып үлгерген. Космопсихобиолог Бронников, өзінің алдына – «Табиғатта түйсігі ерекше дамыған жаратылыстар – жарқанат пен дельфин болса, адамға тән тілі мен көзі жоқ бұл жаратылыстардың бойындағы ғажайып потенциялды неге мүмкіндігі шектеулі балалардың бойынан іздемеске, неге оларды емдеп – дамыту барысында сынап көрмеске?!», – деген ойлы мақсат қойған. «Түйсік атаулының көкжиегінің шегі мен шеті жоқ», – деп санайтын академик, өзінше ерекше әдіс-тәсіл ойлап табу арқылы бүгінде көр соқыр балалардың түйсіктері арқылы ақ қағаз бетіне жазу жазып, мұз айдынында коньки теуіп, жасыл алаңда футбол ойнап, қиын да күрделі логикалық ойын түрі – шахматты жетік меңгеріп, айтулы жетістіктерге қол жеткізулеріне жол ашып, ықпал етуде.
Бір қарағанда түс атаулы құдды бір жауабы қиын арифметикалық шешімі қиын есеп тәрізді. Қызығы сонда, түстің өз иесінен жасырған бір тылсымы – оның тікелей емес, балама, нышан-белгі ретінде берілетіндігінде. Бәлкім, бұл да Жаратушының жұмыр басты пендесіне жіберетін сынға толы бір сынағы ма дерсің. Бір ұққанымыз, түс көру табиғи құбылыс болғанымен, оны саралап-сараптап, қажетін кәдеге жаратып, қажетсізін ой таразысынан өткізіп, жамандықтың алдын-ала білетіндер саусақпен санарлық. Ғалымдардың айтуынша, бүгінде табиғи түспен қатар әр адам өзіне қатысты қандай да бір туындаған мәселенің жауабын алу үшін тапсырыспен де түс көре алады және оған қабілеті жеткілікті. Ол үшін ойын бір арнаға шоғырландырып, ниет-тілегін ғалам кеңістігіне ойша жолдаса болғаны. Басты шарт – ондай кезде, сана, тән, ой бәрі басқа нәрседен тазарып, адамның бүкіл болмысы үлкен ғаламмен үйлесім табуы тиіс. Егер ой басқа нәрсеге алаңдайтын болса, «жоғарғы санаға» жолданатын мақсатты ниет-тілек өз бағытынан адасып қалмақ.
Әр салада өз қатарынан озып шыққан дарынды тұлғалар өміріне назар салсақ, олардың көбі әркез түстің тереңінде тоғысқан жұмбақты шешуге тырысқан. Түс арқылы өзінің ғана емес, туған-туыстарының да өміріндегі оқиғаларды танып-білген. Бұған мысал, ресейлік ғалым М.Ломоносовтың түсінде көрген-білгенін хатқа түсіріп, тиісті орындарға жолдау арқылы ашық теңізде мерт болған әкесінің мүрдесінің табылуына себепкер болуы. Тағы бір таңдай қақтырарлық жайт, ғылыми әдебиетке «Д» белгісімен енген Евгения Сардистің – «Джунаның» басты табысы оған түсінде көрген биоқұрылғының сұлбасынан басталған-ды. Давиташвилидің емдеу әдістерінің ерекшелігі – адам бойындағы биоөрісті бірқалыпты жүйеге келтіру арқылы оның ғұмырын ұзартуға деген талпынысы. Жеке тәжірибесінің негізінде адам ағзасындағы «қанды жылыту» әдісі бойынша сандаған жылдар бойы жинақтаған Джунаның ғылыми-әдістемелік зерттеулері бүгінде дәстүрлі медицина үшін таңғаларлық жаңалық болып отыр. Бүгінгі күні Мәскеудегі Джуна атындағы халықаралық альтернативті ғылымдар академиясында оның ұсынысымен «Джуна – 1» биореттегіш құралы жарыққа шығарылып, түрлі емдеу орындарында қолданысқа енгізілді. Әлемде әлі аналогы жоқ «Джуна – 1» биореттегішіне қасиет иесінің алақандарынан бөлінетін табиғи сәуле мен биоқуат деңгейінің «бірегей мөлшері» тоғыстырылған. Аталмыш биореттегіштің басты құндылығы Джунаның көзі кетсе де оны алмастыра алатындығында.
Адамның өмірінде аса маңызды орын алатын рахмани – түстер көбінесе таңғы сағат 4-пен 5-тің арасында кіреді. Бұл әлбетте, адам санасы мен тәнінің аса тазарған, тынышталған шағымен тікелей байланысты. Негізі, қазақ көрген түсін кез келгенге айтпаған, жақсы түс болса, жорушы оны өзіне телуі мүмкін деп санаған. Сол себепті де, көбінесе, түстерін асарын асап, жасарын жасаған аузы дуалы ақсақалдарға жорытып, батасын алған. Жаратылысы жағынан жан иесінің өзі шағын ғалам екенін ескерсек, оның тағдырына қатысты оқиғалар тізбегінің оның түсінде түрлі сипатта көрініс беруі де негізсіз емес. Қорыта айтқанда, адамның патшасы өз тәні мен жанында болса, түс атаулы соның бір нұсқаушы бағдаршамы.