Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:00, 15 Наурыз 2022

Түсінікті, түсініксіз – Әбдіжәміл Нұрпейісов!

None
None

2018 жылдың 15-желтоқсанында «Алматы ақшамы» газетінде жарық көрген Нұржамал Әлішеваның «Декабрист қыз» атты мақаласында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының 2-курсынан оқудан шығарылған Гүлжаһан Орданың өмірбаяны туралы мол мағлұмат берілген екен.

Қазіргі таңда әдебиеттанушы ретінде танылған Гүлжаһан Жұмабердіқызының Желтоқсанға қатысы бары біраз оқырманға ой салғаны белгілі. Солардың бірі – қазіргі қазақ әдебиетінің классигі, абыз жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов.

Мақаланы оқыған соң, Әбең маған қоңырау соғып, Гүлжаһан туралы сұрады. Институтқа келіп батыр қызбен танысқысы келетінін айтты. Арада тағы бірер күн өткенде, қайта телефон соғып бізді үйіне шақырды. Біз келіскен уақытта Әбеңнің үйіне келдік. Қолында «Алматы ақшамы» газеті.

– Мен мына суреттегі бүлдіршіндей қыздың көзінен от көрдім. Сондықтан танысқым келді, қолын қысып, рақмет айтқым келді.

– Әй, заман-ай, – деді Әбең бір сәт ойланып. – Ұл-қыздарымызды итке талатып, сапер күректерімен соққыға жығылған балаларымыздың ерлігі ерлік-ақ қой. Ал сапер күрекшесінің сапасы бөлек. Ол тоңды да, мұзды да ойып түседі. Соғыста көрдік қой оны...

– Айналайындар-ау, жанын шүберекке түйген қарагөз қыздарымыз-ай...

Әбең Гүлжаһанды құшақтап, бетінен сүйді. – Суретте қаршадай қызды көріп едім, сөйтсем, сен ұзын бойлы, көзің ойлы жан екенсің ғой, – деп Әбең ризашылық танытып жатыр.

– Әбеке-ау, Гүлжаһан Алпамыс батырдың ұрпағы ғой, – деймін сөзге сөз жалғап.

– Болса болар, тегіне тартпаушы ма еді...

Бұл кездесу басқа кездесулерден өзгеше болды. Себебі, Әбеңнің ағынан жарылып, әңгіме тізгінін босатып, ара-тұра ән айтқанын көптен көргенім – осы. Әдебиетке бірге келген достарын сағынған жазушы бізді көрген соң, жанына жақын адамдарын еске алды. Солардың бірі – белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, әдебиеттанушы-ғалым Мүсілім Базарбаев. Оның да өзіндік себептері бар. Гүлжаһан «Мүсілім Базарбаев зерттеулері және әдебиеттану ғылымының мәселелері» деген  кітабын берген кезде, Әбекең досы туралы монографияны бауырына қысып, сүйіп қойды. Бұл – жүрегі нәзік, сезімтал жанның адал досына деген сағынышының көрінісі еді...

Кенет әңгіме ауаны басқа арнаға бұрылды. Өткен бір кездесуде Әбеңе «Жамбыл» атты кітабымды берген болатынмын.

– Уәлихан, ұлы Жамбылдың 125 жылдығына дайындық жүріп жатты. Шетелден қаншама қонақтар келмек? – деді Әбең бір кезде. Сол сәт есіме түсіп отыр.

– Тура үлкен той қарсаңында қатты ауырып, ауруханаға түстім. Бірақ Совминнің ауруханасына жатпадым. Өйткені бүгінгі Төле би мен Амангелді көшесі бұрышындағы ауруханада мықты дәрігер бар екенін естігенмін. Соған барып жаттым.

Ұлы Жамбылдың 125 жылдығы өтті. Мен ауруханадан бір-ақ шықтым. Тойдан соң ауруханаға Кайсын Кулиев, Давид Кугультинов бастаған бір топ жазушылар келіп, көңілімді сұрады.

  • Баяндама қалай болды, – деп сұрадым.

– Жаман емес, – деді Кулиев.

– Жоқ, одан да нашар болды деу әділірек болар, – деді Давид. Әңгімеміз осылай бітті. Олар жылы қоштасып шығып кетті.

Таңға жуық түс көрдім. Терезеден ақ бұлттар көрінеді. Бірте-бірте ол ақырындап адам кейпіне айнала бастады. Әуелі бөрік, сонан соң атжақты жүзі, сонан соң сақал-мұрты көрінді. Жамбыл бабаның өзі. Айқын бейне. Жүзінде жымысқы күлкі бар.

  • Неғып жатырсың? – дейді ақын.

– Ауырып қалдым ғой, Жәке, – деймін ақталғандай болып.

– Тұр, сенің мен туралы жазатын шағың емес пе еді? Жатысың мынау. Әне, қағаз бен қаламың тұр...

Бұлт бейне қайтадан ыдырап, көк аспанға шөкім-шөкім болып жоқ болды да кетті.

Шынында да стол үстінде қағаз бен қаламым тұр еді. Орнымнан тұрдым. Денемнің ыстығы да аяқ астынан басылып кеткендей болды. Стол шетіне отырдым да қаламымды алдым. Неге екенін қайдам, «Все в нем пело» дегенді бадырайтып орысша жаздым. Содан сөз құйылсын келіп. Кешігіп болса да «Литературная газетада» жарияланды.

Әбең үндемей біраз отырып қалды. Әлдене есіне түскендей ұзақ ойға берілді. Сонан соң: – Сейдахмет Бердіқұлов «Лениншіл жастың» мықты редакторы еді ғой, – деді. Сол Сейдахмет інім телефон шалды.

– Әбе, «Литературная газетада» жарияланған Жамбыл туралы мақалаңызды аударып басқымыз келеді. Өзіңіз аударып бересіз бе, әлде біз өзіміз аударайық па? Рұқсат беріңіз.

– Жоқ, – дедім Сейдахмет ініме. – Жамбылды кім көрінген аудара алмайды және аударуға да болмайды… Өзім ойластырам.

Классик жазушы ағамыз сәлден соң әңгімесін қайта жалғады.

...Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Мәдениет бөліміне келдім, Михайл Есенәлиевті білесіңдер ғой. Соның нұсқаушысы кәдімгі Әбіш Кекілбаев еді. Қолына газетті ұстаттым.

– Ойлан Әбіш, мына материал аударылып, «Лениншіл жаста» шығуы керек. Сейдахмет тосып отыр.

– Жақсы Әбе, кіре беріңіз, мен ойланып көрейін, – деді Әбіш.

Михайл Есенәлиевте қанша отырғаным есімде жоқ. Ұзақ әңгімелескен болуымыз керек. Шыққанымда, Әбіш ақ қағазды ұстап әрі-бері жүр екен. Сонан соң маған маржандай тізілген алғашқы абзац пен тақырыпты ұсынды. «Тұла бойы тұнған жыр еді...». Қалай дәл тапқан, қалай түйсінген. Әбіш інімді құшақтай алдым. Болды, сенің аудармаң ғана Жәкеңе жарасады… Ертесінде  «Лениншіл жас» газетінде мақала жарқ етіп басылды…  

Осылай Жамбыл баба мені аурудан да сауықтырды, мақаланың жазылуына да себепкер болды...

Әбеңмен әр кездесу осылай жүрекке жылы әңгімелермен аяқталады. Әдебиеттің бүгінгі патриархы ұлы адаммен еркін сөйлесуге мүмкіндік берген Аллаға мыңда бір рақмет!

Әбең Жамбылдың 125 жылдық мерейтойы туралы айта отырып,  Т.Ахтанов, М.Базарбаев, З.Қабдолов, Ә.Кекілбаев сияқты тонның ішкі бауындай жақын араласқан достарын сағына еске алды.

Ұлттық әдебиеттің алыптары Жәкең, Сәбең туралы ой қозғаған жазушы ХХ ғасырдың әр кезеңіндегі тарихи оқиғаларды ұлттық әдебиетсіз сөз ету мүмкін еместігіне көзімізді жеткізді. Осылай отырып Әбіштің шығармасына ойысты.

Әбіштің тілі қандай құнарлы еді. Ол әңгімешіл болды, шежірені жақсы білді. Қазақ әңгімесін жаңа биікке көтерген жаңашыл жазушы (экспериментшіл).

Әбекеңнің «Қан мен тер» трилогиясының қазақ әдебиетінің тарихынан  алатын орны ерекше. Романдағы – Тәңірберген, Ақбала, Еламан, Мөңке, Қасен, Сүйеу, Судырақмет, қара қатын сияқты кейіпкерлердің қиялдан тумай, өмірден алынғаны белгілі. Жазушы трилогияның бас кейіпкерлерін еске алғанда, Сүйеу қарттың прототипі өз нағашысы екенін былай еске алды:

— ­Бала күнімде көрген нағашымның аппақ киімі мен қолына ұстаған жез құмғаны бүгінге дейін көз алдымда. Романдағы: «Жасағанберген  ат  басын  дереу  жалғыз  қыстауға бұрды. Сүйеу қарт үйде екен. Аппақ қудай шалдың сақал-шашы ту сыртындағы терезеден түскен қысқы күннің  сәулесіне  шағылысып,  қақ  төрде  қазықтай шаншылып апты. Қонақтарды көрсе де қозғалмады. Қасынан қағысып орын да ұсынбай, сендерге лайығы осы дегендей, өзінен төменірек жерді иегімен нұсқады», – деп бейнеленгенақ дамбал мен ақ жейде киген Сүйеу қарт – сол кісі.

Жекелеген кейіпкерлер өмірінен басталған ой жанына жақын балықшылар өмірі, «шымылдықтай  созылып  жатқан  Бел-Аран», «балықшылар ауылы» туралы әңгімелерімен толықты.  

– Романның атын қалай қоярымды білмей жүргенде, бірде Аралдағы балықшыларға бардым. Олардың күс-күс болып, тілім-тілімі шыққан қан жоса қолдарын көріп, романды «Қан мен тер» деп атау керек деп шештім.

Әдебиет пен өнер туралы айта отырып, Әбең кенет ойланып қалды. Сосын, – Сендерге бір ән айтып берейін, – деп, Естайдың «Құсни – Қорлан» әнін айтты. 

— Дауысым жоқ, бірақ жанымды тербейді. Естайдың рухын сезінгендей боламын, – деді де, біз естімеген махаббат туралы және бір әнді айта жөнелді. Біз тым-тырыс, құлақ түріп тыңдап отырмыз, Әбекең басқа әлемде жүргендей ерекше көңіл күйде отыр. Әннің әсерімен шаттана отырып,  ойына тағы бір естелік түсті.

— Бірде қазақтың атақты композиторы, вальстің королі атанған Шәмші Қалдаяқовпен кездескен бір сәтімде:  

— Әбе-ау, Естайдың «Құсни – Қорланындай» бір ән шығара алмай, арманда кетіп барамын-ғой, –деді. Мұндай сөзді өнердің құдіретін түсінген, өзіне жоғары талап қоя білген адам ғана айта алады, – деп, Шәмшіні сағына еске алды.

Әбекеңмен болған бұл кездесу бүгінгі қазақ әдебиеті классигінің өмірге іңкәр көңілін көрсетті. Ол өз замандастарын көңіл көзінен іздеді. Бізді «біле жүрсін, ести жүрсін» деп айтқаны болар. Әбең де асықпады, біз де асықпадық...

Әбеңмен болған бұл жүздесу мен сырласу кино эпизодтарындай бірінен соң бірі ауысып жатты.

– Мен елуімді де, алпысымды да, жетпісімді де, сексенімді де, тоқсанымды да ресми атап өткен жоқпын. Байқасам, – деді Әбең өзіне ғана жарасатын күлкісіне салып:

– Ақшасы бардың бәрі атақты, қасиетті Абай атындағы Опера және балет театрында өздерінің юбилейлерін өткізіп жатады. Жілігі тати ма, татымай ма, ойламайды да. Оны бәрі кеп мадақтайды. Олжас айтқандай, «шапанизация» басталады. Мен солардың бірі болып қалғым келмеді. Сондықтан да юбилейлерден бас тарттым.

– Нұрсұлтан Әбішұлына рақмет, тоқсаныма ескі үйімнің орнына жаңа үй тұрғызып берді. Ол немерем Имаштың атында. Біз «на правах приживалок живем» деп немересі Имашты құшақтап-құшақтап қойды.

— Имаш демекші, Иманғали Тасмағамбетовты айтамын. – Ол көл де бола алады, шөл де бола алады. Бірде «Шаңырақ» оқиғасына орай сын айтқаным да бар. Көпке дейін өкпелеп, хабарласпай жүрді, – деді Әбең. – Бірақ қайтымы бар. Түйсігі мен түсінігі жоғары. Сынымды қабылдады ма, қабылдамады ма, білмеймін. Бәрібір уақыт өте келе ол жаныма жақын адам болып кетті.

Кейде Әбе өз ойына беріліп, көзін жұмып ұзақ отырады. Ол кезде  тыныштық сақтау керек. Шыдамды болсаң, шынайы сөз естисің.

— Сұрапыл соғысты көрдім. Бірақ майдан шебінде болғаным жоқ. Фашистерді де қырып-жойдым деп айта алмаймын. Көбіне штабта жұмыс істедім...

– Әбе, мен білетін дерек өзгеше. Сіз ұзақтан ататын артиллерияның құрамында болдыңыз. Оның оғы ондаған шақырымға дейін жетпей ме?

– Жетсе жетер, бірақ қанша фашистің жойылғанын қайдан білейін. Көргенім жоқ. Сондықтан да түрлі майданнан берілген медальдарды жинап алдым да жойып жібердім. Жасамаған ерлікті қалай жасадым деп кеудеме қаптатып тағып жүрейін.

Түсінікті, түсініксіз Әбдіжәміл Нұрпейісов осындай Адам!

Ғаламат тағдыр иесі Әбемен соңғы рет 2020 жылдың желтоқсанында Смаш, Смағұл Елубайдың үйінде дастархандас болдық. Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев, қайраткер-журналист Дәулет Сейсен, сыныптасымыз Нұрмахан Әбуов жұбайларымен болды.

Әңгіме қазақтың елі мен жерінің тарихына ауысты. Ашаршылық туралы әңгімеледі. Смағұлдың «Ақ боз үй» романының ұлт тарихында ерекше орны бар екендігі туралы айтты.

Тағы сәл кем ойланып отырды. Неге екенін қайдам, Әбе менің қолымды уысына салып ұстап отырды. Жүрек жылуын сезгендеймін. Жаныма жайлы тиді.  – Уәлихандай жігітті пенсияға жіберуге бола ма? Әлі жас қой, энергиясы тасып тұр, – деп қолымнан сүйді. Мен де Әбенің қолын алып, маңдайыма басып, «Қан мен терді» дүниеге әкелген қолдарынан алма кезек сүйдім.

Осы сәтте  бір кездесу есіме түсті.  Әбе үйіне қонаққа шақырды. Академиктер Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова апам бірге болды. Түскі ас мәзірі еді. Ажар жеңгей жылы жұмсақтарды аямай асыпты. Жақсы бір әңгіме-дүкен құрылды.

Қоштасар сәтте Әбе: – баяғыда үлкендерден қалған жақсы бір дәстүр бар еді. Ағалары көңілінен шыққан інілеріне достық қолын ұсынатын. Мен де саған достық қолымды ұсынып, дос болуға шақырамын, – деп еді.

Қандай бақытты сәт! Содан кейін дос-іні болып, ұзақ жыл сыйластықта болдық. Жасының ұлғайғанына қарамастан шақырғанымнан қалмайтын. Іздеп тұратын.

...Әбең дүниеден өтіпті деген қаралы хабар жеткенде мен үшін дүние төңкеріліп түскендей болды. Бір уыс топырақ салып, Құранға қол жаю үшін Алматыға ұшып келдім. Кеңсайдың биігінде мәңгілік мекенін тапқан ұлы қаламгердің басында жылап тұрдым.

Құдайы тамақта сөз тимеді, адам да көп, қайраткерлер де көп, кімге өкпелейсің? Жазушы аға-достың берілетін қырқы қарсаңында осы бір жолдарды халыққа жеткізгім келді.

Әбенің сұхбатындағы: «Но что же стало подлинной причиной всех этих глубоких изменений с моим народом? Сколько ни размышляй, на ум приходит одно – нас поразил вирус бессердечия. Всех нас сковал сон и разума и души» деген сөздері санамнан кетпейді.

Қазақтың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің рухани өсиеті – ұлтын ойландырады, халқын толғандырады...

Тегтер: