Туск: Польша мен Украина қару-жарақты бірлесіп өндіреді
Польша мен Украина қару-жарақ пен оқ-дәріні бірлесіп өндіру жөніндегі декларацияға қол қойды.
Бұл туралы Польшаның премьер-министрі Дональд Туск Киевте Украина президенті Зеленськиймен өткен бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Біз декларацияға қол қойдық және бұл жай ғана ниет емес. Бірнеше ай бойы осы мақсатта жұмыс істедік», - деді Польша үкіметінің басшысы.
Оның айтуынша, тараптар Польша мен Украина аумағындағы кәсіпорындарда қорғаныс өнімдерін бірлесіп шығару және технология алмасуға кедергі келтіретін тосқауылдарды жою бағытында елеулі күш жұмсаған.
Зеленський Украина мен Польша дрондар мен өзге де қару түрлерін бірге өндіруді жоспарлап отырғанын нақтылады. Ол Ресейдің кең ауқымды басқыншылығына төртінші жыл қарсы тұрған Украина қазіргі соғыста қандай қару тиімді жұмыс істейтінін іс жүзінде ең жақсы білетін елдердің бірі екенін айтты.
Тусктың сөзінше, Польша Украинаға өзіндегі МиГ‑29 жойғыш ұшақтарын украин дрон технологияларына айырбастау шартымен беруге дайын.
«Украинаға әуе қорғанысының әртүрлі құралдары, әсіресе белгілі бір зымыран түрлері қажет екенін білемін. Біз бәріне бірдей көмектесе алмаймыз, бірақ егер МиГ керек болса, Польша оны дереу беруге әзір», - деді ол.
Сонымен қатар Туск Варшаваның Ресейге қарсы қорғаныс соғысында Украинаға жаңа қару жеткізу бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын айтты. Алдын ала мәлімет бойынша, Польшаның Украинаға арналған 48-ші көмек пакеті шамамен 47 млн еуроға бағаланып отыр. Пакет негізінен брондалған техникадан тұрады.
Польша Қарулы күштері Бас штабы былтыр желтоқсанда Киевпен МиГ-29 ұшақтарын Украина дрон және зымыран өндіру технологияларына айырбастау мүмкіндігі жөнінде келіссөздер жүргенін хабарлаған еді. Алайда түпкілікті шешім әлі қабылданбаған. Ұшақтарды беру НАТО-ның «Украинаны қолдау және альянстың шығыс қанатының қауіпсіздігін қамтамасыз ету» саясаты аясында қарастырылуы мүмкін екені айтылған.
5 ақпанда Киевте өткен Туск пен Зеленський келіссөздерінің тағы бір тақырыбы энергетика саласындағы ынтымақтастық болды. Зеленськийдің айтуынша, бұл Украина мен Польшадағы энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін қамтиды.
Сонымен бірге тараптар сұйытылған газ жеткізу көлемін арттыру бағытында да жұмыс жүргізіп жатыр. Украина президенті Польшаға энергетикалық жабдықтар, әсіресе генераторлар жеткізгені үшін алғыс білдірді.