«Түсініксіз спорт түрлеріне бөлініп жатқан қаржы тым көп» – Нартай Аралбайұлы
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев мәжіліс отырысында түсініксіз спорт түрлеріне бөлініп жатқан қаржының тым көп екенін айтты, деп жазады Zhasalash.kz.
Аралбайұлы өзінің депутаттық сауалында қарапайым халық ішер ас, киер киімге жарымай жүргенде бюджеттің бүйірін теспей сорып отырған саладағы былықтарды сөзге тиек етті.
Депутат ұлттық спорт түрлеріне емес, қазақы түсінікке жат спорт түрлеріне есепсіз қаражаттың бөлініп жатқанына ашынды. Ол қандай спорт түрлері?
"Қазақстан ел қазынасынан 180 спорт түріне қаржы бөледі. Сол 180 спорттың ішінде пенчак силат, спорттық балық аулау, биатл, триатл, петанк, текбол, черлидинг дегендер жүр. Осындай спорт түрлері дәл қазір бізге қажет пе? Айтпақшы, бюджеттен қаражат бөлінетін тағы бір спорт түрі бар, «спорт на пилоне» деп аталады екен. Бұл не деп қарастырсам, кәдімгі түнгі клубтарда билейтін биге ұқсайды. Бір қызығы, Қазақстан әлемде бірінші болып осы спорт түрін ресми тіркепті. Екінші мойындаған ел – Мексика. Сонда әлем жаппай танып, айналысқа енгізбеген спорттың осы түрін біз бюджетке кіргізіп қойғанбыз.
Ал, керісінше ұлттық спорт түрлеріне келгенде ақша тапшы. Ұлттық спорт түрлерін қолдауға 2024 жылға бар болғаны 10 миллион 460 мың теңге бөлу жоспарланған. Өте аз. Мұны қалай түсінуге болады.
Тіпті қазақ күресін мазақ қылып турнир ұйымдастырып, оны жаһанға жариялап жүргендер бар. Сондықтан министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту қажет. Мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуға тиіс",- деді депутат.
Желіде қызу талқыға түскен 775 млн доллар жоғары жетістіктер спортына бөлінетінін депутат мәлімдеді. Ол әлеуметтік-мәдени салаға бөлінетін қаражатқа баса назар аударып, көптеген депутаттық бастамымыз қаражат жоқ деген желеумен іске аспай қалатынын айтып ашынды.
"Мынау не масқара дедік? Мына жақта халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге қаржы таппай жатырмыз. Көптеген депутаттық бастамымыз қаражат жоқ деген желеумен іске аспай қалады. Ал мына жақта жоғары жетістіктер спорты деп ат қойып, айдар тағып, 775 миллион доллар бөліп жатырмыз. Осы сау адамның ақылына сыя ма? Ең сорақысы сол, қисапсыз қаржы бөлсек те, жеткен жетістігіміз жоқ. Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен Жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп 92 мемлекеттің ішінде 83-орын алды. Сонда әлгі 775 миллион долларға жеткен жетістігіміз осы ма? Енді салыстырып айтайын, жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар бөлген Нидерланд Токиодағы олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал жоғары жетістіктер спортына 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біз 775 миллион долларды спортқа бөліп, 8 қоламен келдік.
Жуырда Қытайда өткен Азия ойындарынан 11 орынмен оралғанымызды және қосыңыз бұған. Біздің еліміз Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Рас, 2018 жылға дейін жақсы нәтиже беріп келдік. Енді не болды, бөлінген қаражатта кемдік жоқ",- деді ол.
Депутат өзінің сауалын спорт саласының мамандарымен кеңесе отырып жасалғанын, сондай-ақ спортқа бөлінетін қаржыға бақылау жасамасақ, желге ұшқанмен тең бола беретінін айтты.
"Бұл біраз уақыттан бері дайындалып, қабылданған ұсыныстар. Депутаттық сауалды жолдар алдында да спорт саласының мамандарымен пікірлесіп, ақылдастым. Қазір жергілікті спорт басқармаларынан бастап орталықтағы министрлік жұмысына дейін бақылау қажет. Әсіресе, облыстық басқармалар спортты қолдаймыз деп ойына келген шара өткізетін болған. Одан министрлік хабарсыз, тексеріп те бара алмайды. Жергілік спорт федерациялары тікелей орталыққа бағынуы керек. Кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны да шектеу қажет."- деді Нартай Аралбайұлы.