Түстер және реңктер

Шығармашылық ізденістерін ешқашан тоқтатпаған суретші түрлі-түсті бояулардың жарасымдылық идеалын табуға ұмтылған еді.
Көздеген мақсатына жету үшін өте көп эксперименттерге де барды. Ойлаған форма мен түстің сәйкестігіне қылқаламы дөп түспей тыным таппаған ол өзіне ұнамаған суреттерін аяқсыз қалдырған, тіпті оларды қоймаға жиып отырған. Танымал өнертанушы Баян Барманқұлова суретші өнерінің ұлылығы жайлы: «Егер абсолютті естілім (слух) болатын болса, онда ол абсолютті түске ие болды» деп қайырады. Бұл суретші атақты Е.Делакруаның күнделіктерін қайталай оқып, ондағы ойларды үнемі талдап отырған. Достарының естеліктеріне сүйенсек, ол керемет дауысқа ие болған және опера театрының репертуарын жатқа білетіндіктен шеберханасында арияларды да айтып жүрген деседі. Бұл суретші Сабыр Мәмбеев еді.
Сабыр Абдурасулұлы Мәмбеев 1928 жылы 1 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданы Абай-базар ауылында дүниеге келген. Болашақ суретшінің жастық шағы түрлі сынақтар мен қиындықтарға толы болды. Небәрі 13 жасында жетім қалып, әпкесімен бірге ағасының үйінде тұруына мәжбүр болды. Өзінің балалық шағы туралы: «Менің барлық ағаларым майданға аттанды, алайда ешқайсысы қайтып оралмады. Сол қорқынышты жылдардың барлық азаптарына қарамастан, қиындықтарды жеңіп шығып тірі қалсам, өмірімді кескіндемеге арнайтынымды сезіндім» деп еске алды.
Жастайынан сұлулық әлеміне ғашық болған Сабыр бала кезінен өзін өнерге арнауды шешкен. Сол себепті 1942 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Бұл жерде оның курстастарының қатарында Молдахмет Кенбаев, Қанафия Телжанов, Жанатай Шарденов, Камил Шаяхметов, Гүлфайрус Исмаилова сияқты қазақ бейнелеу өнерінің шоқ жұлдыздары қатар білім алған еді.
Алматы көркемсурет училищесінде Сабыр Мәмбеев көрнекті суретші Абрам Маркович Черкасскийдің жетекшілігімен құнды білім мен дағдыларға қол жеткізді. Бұл жылдары түсті сезінудегі талғампаздығымен танымал болған кескіндемеші А.Черкасский өзінің шәкірттерін ұлы импрессионистер мен Пикассоның шеберлігі туралы қызықты әңгімелерімен шабыттандырған білімді ұстаз болған деседі. Шытырман өнер әлеміне енген Сабыр үшін училищедегі оқу жылдары оның одан әрі шығармашылық дамуындағы басты трамплин болды және 1946 жылы оқуын сәтті аяқтай алды.
Шығармашылық өсуі мен кәсіби дамуын ілгерілету мақсатында 1947 жылы Сабыр Мәмбеев КСРО Өнер Академиясының жанындағы И.Е.Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтына оқуға қабылданды. Бұл беделді оқу орнында В.Анисович, Б.Фокин сияқты шеберлердің, сондай-ақ әйгілі баталия (шайқас) жанрының шебері М.Авиловтан білім алды. Академиялық білімнің арқасында Сабыр Мәмбеев реализмнің үлкен мектебінен өтіп, алған білімі оның сурет әлеміндегі сенімді компасына айналды. Алайда шығармашылық өсуіне студиядағы сабақтар ғана ықпал етті деген қате болар, себебі суретшінің бағдарлас адамдармен қарым-қатынас жасауы, Эрмитаж бен түрлі мұражайларда өткізген сан-сағаттары оның суретшілік көзқарасын ұштады. Ал сәулет өнерінің айнасы болған Ленинград көшелеріндегі серуендер, түрлі елдер мен дәуірлердің өнерін зерттеуге ыңғайлы қала кітапханалары бейнелеу өнерін зерделеудің шексіз мүмкіндіктерін ашты.
1953 жылы оқуын бітірген жас суретші Ресейдегі беделді ғылыми мекемелерде білімін тәмамдаған қазақ жастарының алғашқы легімен бірге қазақ өнерін өзіндік бағытын дамыту үшін елге оралды. Осы сәттен бастап суретші өз тақырыбы мен өзіндік стилін белсенді түрде іздей бастады. Оның бастапқы туындылары уақыттың өзгергіштігін іздеумен және қазақ халқының тыныс-тіршілігімен байланысты болды.
Кеңестік өнердің көрнекті өкілдерінің қатарына кіріп үлгерген Сабыр Мәмбеев шығармашылық қызметінен бөлек, 1953 жылдан бастап В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде сабақ бере бастады. Сонымен қатар оның әртүрлі көрмелерге белсенді қатысуы оның шеберлігі мен танымалдылығын ары қарай нығыздай түсті.
Ұлттық кескіндеме тілін іздеу туралы ойлана бастаған барлық жас суретшілер тобымен бірге Сабыр Мәмбеев те қазақ халқының көшпелі мәдениеті мен елдің жайлаудағы сюжеттерін кенеп бетіне түсіре бастады. Дәл сол жылдары ұлттық мотивтерді кенепке таспалаған кескіндемешілердің қай-қайсысы болмасын өмір бостандығы мен адамның табиғатпен бірлігін бейнелейтін табын мен ойлы шопанның жайлаудағы образын жасаған еді. Осыған мысалы ретінде Мәмбеевтің 1957 жылы жазған «Тауларда» картинасын алсақ болады. Мөлдір шуақты таңның тазалығы бейнеленген бұл суретке ерекше үйлесімділік тән. Суреттің басты ерекшелігі – адам табиғаттың фонында ғана емес, оның бір бөлігі ретінде қоршаған әлемге органикалық түрде енуінде.

Шығармашылық жолға енген уақыттан бастап тынымсыз еңбек еткен С.Мәмбеев осылайша, 1956 жылы небәрі 28 жасында Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы болып сайланды және оны ұзақ жылдар бойы басқарды. Оның осындай құрметті лауазымға сайлануы оның өнердегі таланты мен білімінің жоғары бағаланғандығының көрсеткіші еді.
С.Мәмбеев басшылық еткен жылдары елде кескіндеме, қолданбалы өнер, графика, монументалды өнер, сондай-ақ халық мұрасын жинауды әрі сақтауды қамтамасыз ететін мәдениет институттары жұмыс жасаған еді. Бейнелеу өнеріне көрсетілген қолдаудың арқасында Қазақстан Суретшілер Одағының меншігіне Қырымдағы керемет өмір сүру жағдайлары қарастырылған ең әдемі саяжайларының бірі берілген еді. Одан бөлек, Прибалтикада «Паланга» және «Майя» деген суретшілердің екі демалыс үйі болды. Мәскеу маңында Кеңес Одағының барлық республикаларының суретшілеріне арналған біліктілікті арттыру курстары өткізілген керемет саяжай да болды. Бұл жас суретшілердің дамуына айтарлықтай үлес қосқан қызықты тәжірибе алмасу зертханасына айналған кезең еді.
Осындай шығармашылық белсенділік пен мемлекеттік қолдау кезеңін басынан өткерген Сабыр Мәмбеев те өзінің жоғары кәсіби шеберлігін және өнерге деген адалдығын көрсете отырып, басшы міндетін тамаша атқара алды. Оның көрмелерді ұйымдастыру, өнер қауымдастығын қолдау және өнерді тарату қабілеті суретші ретіндегі талантымен бірге мәдени саланың дамуына айтарлықтай үлес қосты. Өнерді терең түсінуі, эстетикалық сезімталдығы және кең көзқарасы оған бейнелеу өнері саласында беделді дауысқа айналуына мүмкіндік берді.
Қазақ бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегінің нәтижесінде суретшілер одағын 20 жылдан аса басқарған Сабыр Мәмбеевтің есімі аңызға айналды. Себебі үлкен шығармашылық әлеммен арақатынасын сақтай отырып, елдің көркемдік өміріне белсенді қатысқан. Жетекші ретінде Мәскеумен де, басқа өнер орталықтарымен де үздіксіз байланыста болды. Барлық арнайы отырыстарда, пленумдар мен көрмелерде Қазақстанның атын шетелге лайықты түрде таныстыра алды. Оның басшылығымен 11 облыс орталығында суретшілер мен мүсіншілерге арналған шеберханалар, сондай-ақ мұражайлар мен көрме залдары ашылды. Сонымен қатар Алматы, Қарағанды, Өскемен, Семей, Шымкент және Астана қалаларында суретшілер үйлерін құру бастамасын көтерді.
Мәдениет саласындағы жемісті қызметінің нәтижесінде 1963 жылы Сабыр Мәмбеев Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына лайықты деп табылды. Оның іскерлік потенциалы осымен тоқтамай, 1976 жылы ол Қарағанды мен Теміртауда тамаша көрме алаңдарын құруға атсалысты. Осылайша, өнерді дамытудағы үлесі мен шығармашылығындағы көрнекті жетістіктерінің арқасында ол 1980 жылы Қазақ КСР Халық суретшісі атағына ие болды.
Сабыр Мәмбеев 2017 жылдың тамыз айында Алматы маңында қайтыс болды. 90 жылдығын атап өтіп үлгермеген суретшінің құрметіне арнап 2018 жылы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында «Өмірі шығармашылық» атты Сабыр Мәмбеевтің мерейтойлық көрмесі ашылды. Өте қарапайым және өзіне үлкен сыни көзқараспен қараған суретші жеке көрмесін жиі өткізуден үнемі бас тартып отырған екен. Суретші отбасының жеке коллекциясындағы туындылар жинақталған бұл көрме бұрын-соңды көрермен назарына түспеген картиналарды да қамтыған өте ауқымды жоба болды. Көрмедегі суретшінің көркем композицияларынан форманың, түстің және кеңістіктің бірлігіне деген автордың ұмтылысы байқалып тұрды.
Бүгінгі таңда суретшінің жұмыстары Мемлекеттік Третьяков галереясында, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында және Астанадағы қазіргі заманғы өнер мұражайында ұсынылған. Сабыр Мәмбеевтің 1957 жылы жазған «Тауларда» картинасы Мәскеуде, Шығыс халықтарының өнер мұражайының коллекциясында, ал бір жылдан кейін жасалған «Киіз үйде» картинасы – Третьяков галереясында орналасқан. Сонымен қатар суретшінің жұмыстары басқа да жеке галереялар мен коллекцияларда сақталған.
Сабыр Мәмбеев картиналарының хронологиялық дәйектілігін мұқият зерттей отырып, оның жұмыстарындағы форма мен кеңістіктің өзгеріп отырғандығына көзіміз жетеді. Бұл ерекшеліктер оның көркемдік ізденістерінің дамуын көрсетеді. Алғашқы жұмыстарында ол суреттегі персонажды белгілі бір кеңістікке фигураның мәнерлі пластикасымен орналастыра бастады. Бұған мысал ретінде оның 1958 жылы жазған «Терезедегі қыз» картинасын келтірсек болады. Картинада суретші бейнеленген адам мен қоршаған ортаның байланысын бұзбай нақтылап салуға тырысқан. Алайда кейінірек ол негізгі персонажды модельдің өмір сүру орны мен сұлулығын анықтайтын фонға орналастыруды жөн көрді. 1971 жылғы жазылған «Шопанның қызы» шығармасы бұған мысал бола алады. Ал кейінгі, мысалы, 2009 жылы жазылған «Немересінің портретінде» суретші фигураны бейнеленген адаммен бір тоналды түстер ортасына орналастыру арқылы жазуды өзіндік қолтаңбасына айналдырды.

Бірте-бірте Мәмбеевтің суреттерінде түс пішінді және оның объектілік сипаттамаларын көрсету қажеттілігінен босатылып, символдық белгілерге ие бола бастады. Кескіндемедегі түстік реңктердің рөлін түсінген суретші бояу сәйкестіктерін зерттеуін тоқтатпады. Мәмбеевтің сүйікті суретшілері Сезан, Гоген және Матис болғандықтан, оның картиналарынан импрессионизм мен постимпрессионизмнің әсерін де байқап қалу ғажап емес.
Бүгінде біз Сабыр Мәмбеевті тек суретші емес, сонымен қатар өнер туралы терең ой жүгірте алатын және осы салада кемел білім жинаған Қазақстанның үздік өнертанушысының бірі десек артық айтпаймыз. Осындай үлкен дәрежеге жетуге әрине оның бойындағы таланты септік тигізді. Ал осы талант жайлы суретші: «Талант – бұл адамдардың кескіндемеге енгізуі керек жаңа сөз екендігіне мен шын жүректен сенемін» деп есептеген және талантпен жұмыс жасау керектігін ерекше атап өткен. Бір сұхбатында: «Менің суреттерімнің ешқайсысы мені ешқашан толық қанағаттандырған емес. Жұмысты аяқтағаннан кейін және болашақта оған қайта оралғаннан кейін мен үнемі түзетуге, толықтыруға немесе алып тастауға болатын сәттерді тауып аламын. Менің ойымша, мұндай кемелдікке ұмтылу суретші үшін шығармашылық пен талантты дамытудың негізгі қозғаушысы болып табылады» деп айтқан екен.
Кітап ұстаған қыз, 1980 жыл. Суретші Сабыр Мәмбеев 1970-1980 жылдар аралығында түрлі әйел бейнелерінің көркем топтамасын жасады. Алғашында бұл жұмыстар көрермендер үшін аяқталмағандай көрінді, алайда дәл осы аяқталмағандық кескіндемешінің көркемдік ізденісінің ерекше тереңдігін ашты, ал кенептің бетіндегі импровизацияланған, еркін соққылар оның техникалық шеберлігінің дәлелі болды.
Бір қызығы, суретшінің осындай еркін мәнерде орындалған шығармаларында оның ерекше стилі, қоршаған шындыққа деген ерекше көзқарасы көрінеді. Мәмбеев мінсіз пропорционалдылыққа немесе бейненің егжей-тегжейлігіне ұмтылмайды, оның мақсаты адамның өзіндік әлемін, көңіл күйін түстер сәйкестігі арқылы жеткізу болып табылады.

Суретшінің «Кітап ұстаған қыз» атты туындысында да дәл осы еркіндік байқалады. Көз алдымызда кітап оқып отырған қыздың бейнесі ғана. Ауада қалқып, қайталанбасқа кететін сәттерді ұстап қалғысы келген импрессионистер секілді Мәмбеев те бір мезетті ғана бергісі келген. Дегенмен «әсершілер» секілді сұлулықты табиғаттан емес, адам жаратылысының әсемдігінен іздеген. Суретші кейіпкердің қозғалысы мен ішкі күйін жеткізу үшін дерексіз пішіндер мен динамикалық сызықтарды пайдаланады.
С.Мәмбеев картинаның фоны мен киімнің түстерін натурадан тура қайталамай, еркіндікке барған. Нағыз колорист ретінде жарқын түстердің реңктік арақатынасын жасайды. Суреттерінде жиі қолданған жасыл мен сары түстердің үйлесімі бұл суретте де қайталанып, картинаға бөлмедегі жасанды жарықтың акцентін береді.
Демек, «мәнерші» өз кейіпкері арқылы айналамыздағы сәттердің сұлулығы туралы түс пен эмоцияға толы әлемді жасайды. Суретші натурализмнен алыстап, жалпылау тіліне ұмтылу арқылы, көрерменге өнерді қабылдау мен түсінудің өзіндік формуласын ашады. Туындыда Мәмбеев жаратылыстың физикалық қасиеттерді бейнелеуге тырыспайды, керісінше, қиял мен ішкі қабылдауға орын қалдырады.
Санжар Сырғабаев