Тұтас қаланың «қатып» қалу қаупі бар
Елдегі көмірдің жартысынан астамын шығаратын Екібастұз қаласы өз-өзін жылыта алмай әлек.
Биылғы қыс қиынға соғатын түрі бар. Себебі, жалғыз жылу-электр орталығы әбден тозған. Сондықтан акционерлер оны мемлекетке тегін беруге дайын. Тек қала әкімдігі ескірген станцияны қабылдауға құлықты емес.
Алпыс жылдан астам тарихы бар Екібастұз жылу-электр станциясында күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізіліп, қондырғылар мен құбырлардың жаңартылмағанына біраз жылдың жүзі болды. Мұндай немқұрайлық жылумен қамтитын орталықтағы құрал-жабдықтардың әбден ескіріп, тозуына әкелді. Биылдың өзінде жоспарланған азды-көпті жөндеу жұмыстары белгіленген кестеден кешігіп жатыр. Жарты айдың ішінде жылу беру маусымы басталуы тиіс болғанымен, қазіргі күні жөндеудің тек 75%-ы аяқталды. Өйтіп-бүйтіп жөндеуді соңына дейін жеткізсе де, қыс кезінде бар-жоғы 7 қазандық жұмыс істеуі мүмкін. Алайда олардың қуаттылығы бүкіл кеншілер шаһарын жылытуға әсте жетпейді.
Стансаға қарасты жылу құбырларының ескіруі тағы бар. Желілердің 89%-ы тозып тұр. Соған қарамастан, биыл небәрі 445 метрі күрделі, 2 891 метрі ағымдағы жөндеуден өтіпті. Мұндай жұмыс көлемімен жылдар бойы жиналған проблеманы шешуге келмейді.
Орталықтағы жұмысшылардың жағдайлары да мәз емес. Жалақылары төмен, еңбек жағдайы қарастырылмаған. Олар қауіпті аймақта жұмыс істесе де, жеке қорғаныс заттарымен уақтылы қамтылмайды. Сондықтан респираторларды жууға тура келеді. Қалалық мәслихат депутаттары осы өзекті жайттардың барлығын станцияның акционері – «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» мен басқарушы компания – «ПавлодарЭнерго» ЖШС-ына айтқан көрінеді. Алайда олардан еш қайран болмай тұр.
Негізі, орталықтың «хал үстінде» екенін басшылықтың өзі де біледі. Осыны ескеріп, активі 11 млрд теңгеден 500 млн теңгеге дейін бір-ақ түскен кәсіпорынды мемлекет меншігіне тегін өткізбек те болды. Бірақ облыс басшылығы әзірше бұл бастаманы құптамай отыр. Аймақтың әкімі Әбілқайыр Сқақовтың пайымынша, алдымен компания басшылығы осы уақытқа дейінгі «былықтарының» барлығын жойып, жағдайды ретке келтіруі тиіс.
«Стансадағы бес бу қазандығы тиімді және үнемді жұмыс істемейді. Мәселені шешу үшін жаңа турбинаны салу қажет. «Орталық-Азиялық электр энергетикалық корпорацияда» тиісті техникалық-экономикалық негіздеме бар. Бірақ ол әлі күнге дейін тек қағаз жүзінде ғана. Шешімдер мен қаржыландырудың оңтайлы нұсқалары пысықталмаған. Әкімдікпен ештеңе талқыланбады. «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-на тиесілі жылу желілері күрделі жаңартуды талап етеді. Әйтсе де, компания басшылығы да, акционерлер де жергілікті атқарушы органдарға тиісті жоспарлар ұсынған жоқ. Олардың мұндай ұстанымы қалыптасқан жағдайға әкелді: жылу беру маусымына сапалы дайындық та, стансаның одан әрі дамуының нақты көрінісі де жоқ. Бірақ тарифті көтеру қажеттілігі туралы мәлімдемелер бар. Біздің ұстанымымыз: тарифті көтеру ештеңені өзгертпейді. Стансаны коммуналдық меншікке беру де проблеманы шешпейді. Тиісті комиссия құрып, техникалық аудит жүргізу керек. Соның негізінде ары қарай іс-қимыл бағдарламасы әзірленеді. Қаланың жылусыз қалуына жол бермейміз», – деп санайды Әбілқайыр Сқақов.
Апта соңында Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған үкімет басшысы Әлихан Смайылов та бұл мәселеге назар аударды. Премьер-Министр құзыретті ведомстволарға Павлодар облысы әкімдігімен бірлесе Екібастұз ЖЭО бойынша үкіметтік комиссия құру, оның тиімді жұмысын қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар мен алдағы жұмыс жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Сөйтіп, станса әзірше мемлекет қарамағына өтпейтін болды. Демек компания басшылығы қалай болған күннің өзінде орталықты жылу маусымына дайындауы тиіс. Әдетте солтүстікте қыркүйек айының ортасында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жылу беріле бастайды. Билік тарапынан «қыспаққа» алынған станса жылуды уақтылы қосуды әрі штаттық режимде жұмыс істеуді уәде етіп отыр. Бұл мәселе жақында орынбасары пара алғаны үшін отставкаға кеткен қала әкімі Ардақ Қаңтарбаевтың орнын басқан жаңа басшы Аян Бейсекинге де ерекше жүктеліп отыр. Ал кеншілер шаһары тұрғындарының қақаған қыста, сақылдаған сары аязда дірдек қағып отырмаймыз ба деген күдігі сейілмей тұр.