Тұтынушыларды қорғайтын кодекс керек

Елімізде екі жылдан бері «Тұтынушылардың құқын қорғау туралы» заң талқыланып жатыр.
Қолданыстағы заңның қазіргі нұсқасы 2010 жылы қабылданған, заңгерлер бұл заңның олқылығы көп екенін айтады. Бұған қатысты азаматтардың шағымы да көп. Мәселен, Алматы қаласы бойынша Сауда және тұтынушыларды қорғау департаментінің мәліметінше, 2024 жылы тұтынушылардан 3 167 шағым түскен. Былтыр соның 43 пайызы қанағаттандырылған. Ал қалған 57 пайызы сотқа жолданған. «Экономика және Құқық» институтының маманы, экономист-сарапшы Жанар Күнтуғанқызымен тұтынушылардың құқын қорғауда неден ақсап жатқанымыз жөнінде аз-кем сұхбаттастық.
– Жанар Күнтуғанқызы, тұтынушылардың құқын қорғауда ақпараттандыру ақсап тұр деген пікір жиі айтылады. Келісесіз бе?!
– Иә, келісуге болады. Өз құқын білмейтін тұтынушылар өте көп. Негізінде бұл салада тұтынушыны ақпараттандыру үшін жыл сайын мемлекеттен 30-40 млн теңгедей қаражат жұмсалады. Қазақстанда 30-дан астам тұтынушылардың құқын қорғайтын ұйым бар. Бұл қаражат соларға бағытталады. Қаражатты алу үшін мұндай ұйымдар белгілі бір құжаттарды жинайды, өз жұмыстарын көрсетеді. Өздеріне шағымданған тұтынушылардың статистикасын министрлікке жолдайды. Олардың қанша пайызы тұтынушының пайдасына шешілді, тағы қандай істер тындырылды. Соның барлығы есептен өтеді. Сондай-ақ ондай ұйымдарға семинарлар, форумдар өткізу міндеттеледі. Міне, біздегі тұтынушылардың құқын қорғаудың жалпы схемасы – осы. Ал оның ар жағында тұтынушының құқын таптаған кәсіпкерді қалай жазалау керек? Оны кім тексереді?! Жауапсыз кәсіпкерлер қалай жазаланады? Осы жағынан ақпарат жеткіліксіз. Болашақта бізге осы бағытта жұмыс істеп, заңгерлер мен тұтынушылардың құқын қорғайтын ұйымдар осы мәселені ескергені жөн.
– Сіз, «кәсіпкерлерді жазалау керек» дейсіз. Бізде тұтынушылардың құқы көбіне шағын кәсіп (ШОБ) қызметін тұтынғанда бұзылып жатады. Елде бұл бизнес түрін тексеруге, жазалауға, қатаң шара қолдануға мораторий жарияланып келгені белгілі. Осы ШОБ қызметін тұтынуда құқық бұзылып жатса не істеу керек? Заңға қандай пункттерді қосқан жөн?!
–Мен өзім қосымша тұтынушылардың құқын қорғайтын ұйымда жұмыс істеймін. Бірде Алматы қаласы бойынша Н. есімді азаматша шағымданды. Ол онлайн тапсырыспен тамаққа тапсырыс берген. Курьерді көп тосқан. Бір сағатта жеткізілуі тиіс тағамы үш сағатқа кешіккен. Сосын онлайн қосымша арқылы курьерге шағым қалдырған. Сөйтсе, курьер келгеннен кейін есігін қатты қағып, Н. есімді азаматшаны балағаттаған. Ашулы курьерден қорыққан ол есікті ашпаған. Тым-тырыс болып қалғаннан кейін барып есікті ашса әлгі курьер дәлізге тамақтың бетін ашып, барлығын жайып, еденге «дастарқан» жасап кеткен. Осыған ашуланған тұтынушы біз арқылы шағым жазды. Үш ай қарадық. Тұтынушының талабы заңды екенін дәлелдеп, сотқа жібердік. Соттан шығын талап етілді. Бірақ ол шығынды не курьер төлемеді, не ас-ауқатты тұтынушыға курьер арқылы жіберген кәсіпкер төлемеді. Мұндай оқиғалар өте көп. Негізінде, 1991 жылғы қабылданған заң нағыз тұтынушының құқын қорғайтын. Ол заңда механизм болды. Тұтынушының құқын бұзған кезде айыппұл салынады, заңда оның сомасы жазылып қойған. Сауда үйіне барғанда сатып алынған тағам сапасыз болса, тұтынушының алдында сауда үйі жауап береді деп жазылған. Қазір оны алып тастады. Қазір қолданыстағы заңда тұтынушылар бірден сотқа шағымдана алмайды. Алдымен кәсіпкерге бару керек. Содан кейін келісімге келе алмаса мемлекеттік органға шағым түсіреді. Заңдарды, мемлекеттік органдар тексеретін функцияларды кішкентай бір «рамкаға» кіргізіп жіберді. Не былай, не былай мемлекеттік орган тексере алмайды. Қазіргі қолданыстағы заңда «тұтынушының құқығын бұзған сауда үйіне бармай-ақ ескерту жасау керек» деп жазылған. Бұл мүлде дұрыс емес. Қалай ол сауда үйіне бармай тұтынушының құқығын қорғайсың?! Міне, осындай олқылықтар бар. Мұның барлығын реттеу керек деп ойлаймын. Сосын онлайн сауда жасауда, интернет дүкендерге қатысты шағымдар өте көп. Осыны бір жобаға салу керек.
– Қазақстанда онлайн бар, офлайн бар, тұтынушы құқығын бір құжатқа тоғыстырған дейсіз ғой.
– Иә. Негізінде бізге тұтынушылардың құқын қорғайтын кодекс керек. Тұтынушы құқы тапталды ма, осы кодекске сүйеніп, мәселені шешуге болады. Заңның олқылығына қарап отыра беруге болмайды. Мәселен, сізді таразыдан жесе немесе тауар сапасына қатысты алдаса, заңгерлер бірден полицияға шағымдануға сол сәтте-ақ 102-ге шағымдануға кеңес береді. Мұндайда кәсіпкердің заңсыздығы дәлелденсе 10 айлық есептік көрсеткіштен бастап, 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Алайда өзі күнкөріс қамымен асығып жұмысына барып, барлығына үлгеруге тырысатын қазіргі заманда ешкім базарға барып алып «мені таразыдан жеді» деп 102-ге телефон шалып тұрмайды. «Ар-ұяты өзіне» деп жүре береді. Ал өркениетті елдерде ондай емес. Дамыған елдер тұтынушы құқына аса сақтықпен қарайды. Оларда арнайы тұтынушы кодексі жұмыс істейді. Сондықтан бізге де осындай шараларды қолдану керек.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК