Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 20 Тамыз 2024

Тұтқын орыстар, құрсаудағы Курск

1
Фото: «Общественное»

Өздері ең үлкен күнә деп түсіндірсе де – адам баласы әлімсақтан бері бірінің жанын бірі алуға құштар.

 Қызғаныштан ағасы інісін өлтірген Абыл мен Қабыл аңызын еске түсіріңіз. Содан бері үзілген жоқ. Ондаған, жүздеген жылдарға созылған, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан соғыстар бар. Кезінде гректің Платон атты ойшылы «соғыстың соңын өлгендер ғана көреді» деген екен. Бауырлас екі халық Украина мен Ресей соғысының да ақыры көрінбейді.

ЖӘУДІРЕГЕН БАЛА, ШЕРМЕНДЕ ШЕШЕ

Сәлеметсіз бе, шеше!

Сәлем күнім, асылым!

Өксік тығылып, шерменде күйге түскен ана мен ұл ауыр күрсінді. Тұтқында, жаудың қолында отырған баласын көрген әйелдің ойына небір ойлар келгені, бірақ мыңдаған шақырым алыстағы ұлына оның бәрін айта алмай алқынып қалғаны байқалды. Көзінен аққан жасы бетін жуған шеше қу жанына сүйеніп әрең отыр. Баласының күйі өзінен бетер жаман болуы мүмкін екені есіне түсті ме, тез-ақ есін жиғандай болды.

Ұлым, сені бәріміз күтіп отырмыз. Үйге тірі келгеніңді қалаймыз.

Келем шеше, келем. Алаңдамаңыздар. Тамақ береді, киіндіреді. Ұрмайды, соқпайды. Жағдайым жақсы.

Сені өте қатты жақсы көреміз. Сені көргеніме қуаныштымын. Әкең де, апаң да, іні-қарындастарың да асыға күтіп отыр.

Әкем қалай?

Әкең зорға жүр.

Апам қалай?

Апаң да әрең шыдап отыр. Күнде жылайды. Бәріміз де жанымызды шүберекке түйіп отырмыз. Сені күтеміз. Сен біздің қазынамызсың! Сені ойламаған, сағынбаған бір күніміз жоқ. Мықты, берік бол, балам! Бәріне шыдаймыз ғой, иә ұлым?

Иә, шыдаймыз. Сау болыңыздар! Бәріне сәлем айтыңыз!

Украина әскерилері Ресейдің Курск облысына басып кіріп, 7 тамызда тұтқынға алған 18 жасар жап-жас бала мен Ресейдің Том қаласында тұратын анасының арасындағы шағын әңгіме осындай болды. Екеуін тілдестірген –украиналық журналист, блогер Дмитро Карпенко. Ол соғыс басталғалы бері орыс сарбаздарымен сұхбат жасап, онысын YouTube арнасына жариялап келеді. Екі жарым жылда 500-ден астам тұтқынмен сөйлескен. Сұхбатының ерекшелігі сол, тұтқындардың туыстарына қоңырау шалып, сол заматта бірер минут аман-саулық сұраттырады. Бұл жолы алдына кәнігі сарбаз немесе соғысқа келісімшартпен алынған жауынгер емес, мектепті аяқтай сала биыл мамырда ғана әскерге шақырылған, бұрын қолына қару ұстап көрмеген бозбала келіп отыр. Әдетте ондай балаларды соғысқа жұмсамайды. Ресей президенті Владимир Путиннің де жасы жетіп, әскерге алынған балаларды майданға жібермеу жөнінде 2022 жылы шығарған арнайы жарлығы бар. Ол жарлығын президент журналистерге берген сұхбатында да анық қайталаған. Бірақ Путин жарлығының бұзылғаны бір бұл емес. Бұған дейін де тәжірибесіз жүздеген жас Украина жауынгерлерінің оғынан опат болған. 2023 жылы Ресей қорғаныс министрлігі кемі осындай 600 оқиға тіркелгенін, еркінен тыс соғысқа кеткендер үйлеріне қайтарылғанын мәлімдеген. Бірақ адам құқығын қорғаумен айналысатын ұйымдар, орыс оппозициясы Кремльдің сөзі мен ісі біріне-бірі қабыспайтынын үнемі әшкерелейді. Мәселен, мына жігіт Курск облысында Украинамен шекаралас бекетте тұрған жерінде тұтқынға түскен. Сөзінше, жаудың қалай, қай жақтан келіп қалғанын білмеген, ешкімді көрмеген. Ал командирлері оны окопта қалдырып, өздері тайып тұрған.

ТОПЫРЛАҒАН ТҰТҚЫН

Ресейлік «Важные историй» басылымы Курск облысында кемі 25 срочник (әскерге енді ғана шақырылған жас балалар – ред.) тұтқынға түскенін анықтаған. Олардың аты-жөні, туған күні мен өзге де деректері нақтыланған. Ростов облысынан әскерге алынған 22 жасар бір баланың шайқаста қаза тапқаны хабарланды. Алайда америкалық Washington Post газеті тұтқынға түскен срочниктер санын он есе көбейтіп, кемі 250 деп жазады. Жалпы, Ресей заңы бойынша денсаулығы жақсы әрбір ер азамат 18-30 жас арасында бір жыл әскери борышын өтеуге міндетті. Осы уақытта оларды майданға жіберуге болмайды. Соғысқысы келсе 12 айдан соң арнайы келісімшарт жасап барып қана майданға аттанады.

Соғыстың аты – соғыс. Майданда әскери киінген адамның бәрі нысанаға алынады. Оның кәрі-жас екеніне ешкім назар аудармайды. Қолын көтеріп, тұтқынға берілсе ғана жаны қалуы мүмкін. Бірақ өз халқын пропагандамен тұншықтырып, қуғын-сүргінмен буындырып тастаған Кремль үшін майдан шебінде кімнің жүргені маңызды емес сияқты. Әйтеуір қолына қару алуға жарамды, саусағы автомат шүріппесін басуға икемді болса болды. Отқа да, суға да түсіруден тайынбайды.

Украина әскерінің бас қолбасшысы Александр Сырскийдің 14 тамызда президент Владимир Зеленскийге берген есебінде Курск облысына шабуылдың нәтижесінде жүзден аса орыс солдаты тұтқындалғаны айтылады. Дәл сол күні Украина сыртқы барлау қызметі бір сәтте 105 орыс жауынгері өз еркімен украиналықтарға берілгенін мәлімдеді. Ақпаратты ресейлік Telegram арналар да жанама түрде растап жатты. Ұлыбританияның The Independent интернет-басылымы дерегінше, Курскіге басып кірген екі аптаға жуық уақытта Украина орыстардың 2 мыңға жуық сарбазының қаруын тастатып, көзін байлап, қолын кісендеп алып кеткен. Соғыс басталғалы украиналықтардың аз ғана күнде дәл мұнша адамды тұтқындаған кезі жоқ екен. Ал орыстарда болған. 2022 жылы мамырда Мариуполь қаласын толық басып алған сәтте «Азовсталь» металлургия комбинатында бекінген украиналық 2500 сарбаз тұтқындалған. Олардың жартысына жуығы бұған дейінгі тұтқын алмасулар кезінде елге қайтқан, жартысы әлі Ресей түрмелерінде отырса керек. Украина Курскіде қармаққа түсірген орыс сарбаздарын сол «Азов» жауынгерлеріне айырбастамақ. «Бұл президент Зеленскийдің ең басты тапсырмаларының бірі», – деді Украина қауіпсіздік қызметінің бастығы Василий Малюк.

Украина Ресейдің Курск облысындағы өзі басып алған аумаққа комендатура енгізді. Комендант болып генерал-майор Эдуард Москалев тағайындалды. Бұл – жергілікті билікті қолына алып, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне жауапкершілікті мойнымен көтереді дегенді білдіреді. Халықаралық соғыс нормалары бойынша солай. Қашып кете алмаған, эвакуацияға үлгермеген немесе өз еркімен үйін, ауылын тастап кетпеген жергілікті бейбіт тұрғындарға қауіп төнбеуі керек.

РЕСЕЙ НЕГЕ АСЫҚПАЙ ОТЫР?

Курск облысы Суджа ауданының орталығы Суджа қаласында украин сарбаздары мінген жеңіл әскери көлік баяу жылжып келеді. Алдыңғы орында, жүргізушінің оң жағында отырған сарбаз терезесін ашып қойған. Қолында қару емес видео түсіретін шағын камера. Жол жиегінде таяққа сүйеніп орыстың екі кемпірі тұр.

Сіздерді біреу-міреу қорқытты ма? – деп сұрады көліктегі сарбаз.

Жоға, – деп жауап берді кемпірлердің бірі. Екіншісі:

Бізді ала кетесіңдер ме? Барар жерімізге жеткізіп салсаңдар, – деп, тап-таза украин тілінде жаудың әскерінен көмек сұрай жөнелді.

Апа, кешіріңіз, көлікте орын жоқ. Қару-жарақ артып алған едік. Сыймайсыздар.

Жарайды, жақсы балалар.

Сіз украин тілінде сөйлейді екенсіз ғой.

Иә, өзім орыс болсам да украин тіліне жетікпін.

Қалай, «Украина жасасын!– дейміз бе? – деп сұрады да сарбаздар жүріп кетті.

Иә, жасасын! – деп кемпірлер қала берді.

Бұл шағын ғана сұрақ-жауап ауылға басып кірген әскер мен жергілікті тұрғындардың арасындағы қарым-қатынастан, біріне-бірі деген көңіл күйден үзік болса да сыр тартуға жарайды. Кемпірлер «оңбаған, көзіңді құрт» деп қарғаған жоқ. Сарбаздар да төрінен көрі жақын қарияларды табаламады. Алайда 2022 жылдың ақпанында Ресей Украинаға баса көктеп кіргенде жергілікті халық пен басқыншылардың сөзі жараспаған. Мүлдем басқа көрініс еді ол. Қолында қаруы жоқ жергілікті тұрғындар сол кезде орыс сарбаздары мінген танкілердің алдынан шығып, жолдарына жатып алуға дейін барған. Кәрі-жасы түгел көшелерге шығып, жолдарды бөгеп орыстарға ешкім құшақ жайып күтіп отырмағанын анық аңғартқан. Арада екі жарым жыл өткенде Украина Ресей шекарасын кесіп, алаңсыз жатқан Курск тұрғындарын әбігерге салды. Украиналықтар басып алған 100-ге жуық елді мекенде қарапайым тұрғындардың ішінен тірі жан оларға қарсылық қылмады. Көбі бас сауғалап басқа жаққа қашты.

Екі аптаға жуық уақытқа қарағанда Мәскеу де Курск облысын тағдыр тәлкегіне тастағандай көрінеді. Ел күткендей, Z блогерлер (соғысты қолдаушы ресейшіл блогерлер) қалағандай Ресей армиясы жылдам қарымта жауап қайтармады. Wall Street Journal басылымы екі аптаға жуық уақыт ішінде Ресей Курскіге ары кеткенде 5 мың сарбаз жеткізгенін, бірақ бұны өте аз екені, жоқ дегенде 20 мың солдат керегін жазады. Ұлыбританияның BBC агенттігі сөйлескен сарапшылардың пікірінше, Украина әскерін Курск аумағынан түгел ығыстырып шығару үшін орыстарға кемі 30-40 мың жауынгер қажет. Бұл – қазір Украинада соғысып жатқан әскердің 10 пайызы. Сонша күшті ұрыс қатты жүріп жатқан майдан шебінен алу Ресейге қол емес. Сондықтан Кремль аздаған қолмен украиналықтарға тосқауыл қоя отырып, екінші мәрте әскери мобилизация жариялауы мүмкін екені айтыла бастады. Ал америкалық CNN телеарнасының хабарлауынша, Курскіге кірген украиндықтарға қарсы салу үшін Ресей майданның басқа шебінен аздаған қол алдырған. Негізгі күшке тимесе керек. Өйткені шағын ғана күшпен кірген Украина сарбаздарының да бастапқы күндердей емес, арыны басылған. Қаншалықты кең аумаққа ауыз салсаң оны ұстап тұру үшін соншалықты зор күш керегін екі жақ та жақсы түсінеді. Түрлі сарапшылардың болжамына қарағанда, Ресей Курскіні тез арада босата алмайды. Мұндағы шайқас та ұзаққа созылуы мүмкін. Кремль дәл бұлай демесе де оның пропагандасын жүргізумен айналысатын федералды телеарналар осындай нұсқау алып, оны насихаттауға кірісіп кеткендей. РЕН ТВ, ОРТ, Россия-24 іспетті телеарналардағы саяси ток-шоуларда қазір халықты Курскіге бола аса алаңдамауға, уақыты келгенде украиналықтардың кері шегінетінін, Украина басып алған аумақ Ресей территориясының 1 пайызына да жетпейтінін айтып, көрерменді «сабырға» шақырады. Кезінде екі аттап Киевке жетіп, оны үш күнде жаулап алуды, тұтас Украинаны бірнеше аптада бағындыруға болатынын насихаттап, өрекпіген арналар мен басылымдар, желідегі блогерлер қазір күніне жүз метр ілгері басса да қуанатын халге түскен.

Курскіні азат етуге асықпаған Ресей негізгі күшін әлі де Украинаның Донецк аумағында ұстап отыр. Deep State (майдан шебін күн сайын жаңартып отыратын украиналық онлайн сайт – ред.) сайтының соңғы деректеріне көз салсаңыз, әсіресе Покровск бағытында орыстардың жетістігі айтарлықтай. Кейінгі бір аптада Ресей әскері Желанное, Орловка, Ивановка, Лисичное, Свиридоновка дейтін ауылдарды алып, Украина үшін лигистика тұрғысынан аса маңызды Покровск қалашығына бар-жоғы 15 шақырым ғана қалған. Покровскіден айырылу – Донецк аймағында Украина армиясының жүріп-тұруына өте үлкен кедергі болмақ.

Орыстар үздіксіз шабуылдап жатқан тағы бір аумақ Украинаның Харьков облысындағы Купянск бағыты. Мұнда да соңғы күндері ресейліктер үстем түсіп жатса керек. Бірнеше елді мекенді алған. Бірер ай бұрын осы бағыттан алынып, біраз тыныққан, жақсы дайындықтан өткен Украина әскерінің біразы қазір Курскіде жүр. Олардың жоғы қатты сезіліп жатқанға ұқсайды.

ҰЛЫН ТАНЫМАҒАН АНА

Сөзіміздің басын тұтқындағы ұл мен оны асыға күткен шешенің хикаясынан бастадық қой. Осыған ұқсас тағы бір оқиғаның реті келіп тұр. Дәл сол YouTube арна Курск облысы аумағында украиналық сарбаздардың қолына түскен капитан шеніндегі офицермен болған тағы бір сұхбат жариялады. Орыс жауынгері әдеттегідей өз басында еркі жоғын, басшылық қандай тапсырма берсе соны орындауға міндетті екенін, әйтпесе жаны жаулық сағынбайтынын, соғысты қаламайтынын айтып ақталады. Екі сағаттан асатын видеоның соңына қарай блогер тұтқынның ата-анасына видео қоңырау шалады. Телефонды капитанның өгей әкесі көтереді. Ұлдарын өлдіге санап, сырттай жаназасын да шығарып қойған ба, әйтеуір туған анасы баласын көпке дейін танымады.

Бұл Рома емес, өтірік айтасыңдар.

Шеше, бұл мен, балаңмын. Қалай танымай қалдың?

Кет әрі! (Орысша балағат сөзді жұмсартып жаздық – ред.) Сен менің Ромама ұқсамайсың.

Оның не, шеше? Ұқсаймын. Шашымды тақырлап алып тастаған соң танымай отырсың ба?

Менің балам толық болатын. Сен арықтау екенсің.

Шеше, мен енді соғыста жүрдім ғой. Арықтадым. Қазір тұтқындамын.

Ұлы жыларман күйге жетті. Қалай дәлелдерін білмей дал. Осы сәтте өгей әкесі әлдебір адамның қайда тұратынын, мекенжайын сұрады. Тұтқын мүдірмей айтып берді. Оған қанағаттанбаған ана баласынан киімін шешіп, қалы мен меңдерін көрсетуді талап етті. YouTube жалаңаштанған адамның видеосын бұғаттап тастайтынын ескерткен блогер оған рұқсат етпеді. Бір кезде тұтқын екі жеңін түріп жіберіп, қос қолындағы татуларын куәлікке ұсынды. Шынашағында крест таңбасы барын көрсетті. Осы кезде ғана барып ана жүрегі елжіреп қоя берді. Шамасы таныса керек. Сөйлесуге шамасы жетпей, телефонның ар жағынан аңырап қалды. Ұлдың аман-есен, тірі екенін білдіріп, аз-кем сөйлесуге мүмкіндік берген украиналық блогерге өгей әке рақметін жаудырды. Өзін өлтіруге келген жаудың ата-аналарынан үнемі еститін алғысқа да, қарғысқа да әбден еті үйренген блогер телефон тұтқасын қоя салды.

Айгүл Баба

Тегтер: