Тұтқындарды азаптаған Башар Асадтың генералы Моссад агенті болған – БАҚ
Прокурорлардың айтуынша, Сириядағы режим қарсыластарын қатыгездікпен азаптағаны үшін Аустрияда сотталып жатқан генерал Халид әл-Халаби Израиль барлау қызметінде де қызмет еткен.
Сириядан қашқаннан кейін ол Моссадтың қолдауымен Еуропада он жылдан астам уақыт тұрған.
New York Times газетінің хабарлауынша, бұрынғы сириялық генерал Халид әл-Халаби Аустрияда Башар Асад билігі кезінде жасаған қылмыстары үшін сотталып жатыр.
Әл-Халаби 2013 жылға дейін Сирия қауіпсіздік күштерінде жұмыс істеді. Атап айтқанда, ол Раккадағы Сирия Бас барлау басқармасының 335-ші бөлімін басқарды.
Асад режимінің құрбандары бұл генералды «2011 және 2013 жылдар аралығында режим қарсыластарын азаптауға тапсырыс берген және жеке өзі қатысқан қатыгез садист» деп сипаттайды.
Аустриялық прокурорлардың айтуынша, ол Сирия құпия қызметтерінде де, Израиль барлау агенттігі Моссадта да қос агент болып жұмыс істеген. Ол 2013 жылы Сириядан қашып, Моссадтың көмегімен Парижге келді. Осыдан кейін, Израиль тарапының өтініші бойынша, ол Аустрия барлау қызметінің көмегімен Венаға көшкен.
Халид әл-Халаби соғыс қылмыстары үшін қудалаудан қашып жүргенде Еуропада он жылдан астам уақыт тұрған. Осы үшін 2023 жылы Аувстрияда бес адам көмек көрсеткені үшін қудаланды.
Бұрынғы генерал 2024 жылдың желтоқсанында Аустрияда тұтқындалды. Тәуелсіз тергеушілерге оны табуға көмектескен дәлелдемелердің бірі оның әлеуметтік желілерде жариялаған фотосуреті болды. Фотосуретте ол Будапешттегі көпірде көрсетілген.
Айта кетейік, бірнеше жыл бұрын израильдіктер жоғары лауазымды сириялық барлау офицерін жалдауға қол жеткізгені туралы хабарламалар болған. Тиісінше, қазір сол хабарламаларда аталған адам әл-Халаби болған деп есептеледі.