Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:35, 07 Қыркүйек 2023

Тұтынушы, өз құқығыңды білесің бе?

None
None

Қоғамдағы өзекті, уақыт күттірмес мәселелердің бірі – тұтынушылар құқығын қорғау.

Қазіргі таңда сапасыз тауар сатып алу, интернет дүкендерге алданып қалу, ақшасын қайтармау сынды мәселелерге көз сүрінеді. Тұтынушыларды әуре-сарсаңға салу – ғасыр бойы жалғасып келе жатқан кезекті кесіріміз. Көп жағдайда тұтынушылар заң аясында бекітілген міндеттерін қорғауға мүделлі емес әрі құқықтық сауаты да таяз. Сол себептен аталған бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу құба-құп іс. Осы тұрғыда Ұлттық тұтынушылар лигасының президенті Светлана Юрьевнамен тілдестік.  

— Қазіргі уақытта жарнама бағасы мен дүкендердегі баға айырмашылығы жер мен көктей, жарнамада арзан, ал дүкендегі баға оған қарағанда едәуір қымбат. Бұны растайтын тұтынушылар жетерлік. Осы олқылықтарды қалай түзетуге болады?

— Жарнамадағы баға мен дүкен сөресіндегі бағаның сәйкес келмеуі әкімшілік кодекстің 190-бабында қарастырылған. Ондай адамдарға белгілі көлемде айыппұл салынады. Алайда қолыңызда дәлеліңіз болғаны дұрыс. Ол үшін жарнамадағы бағаны скриншоттап, содан кейін тауарды сатып алған чекті сақтау жеткілікті. Екі аралықтағы баға айырмашылығы, тұтынушылардың жарнамаға алдануы ақшаны қайтаруға міндеттейді. Осыған ұқсас мәселелердің бірі – «Халал» сертификаты. Мысалы, «Халал» деп жалған сертификаттар жабыстыратын кәсіпорындар бар. Бұл жағдайда жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсіпкерлік субъектілерге – 20, орта – 30, ірі бизнестерге – 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

— Вокзалдарда, ашық жерлерде тіркеусіз сатылып жатқан тамақтарды қалай тексереміз? Оларға арналған санитарлық-гигиеналық жеке шаралар жиыны бар ма?

— Бұл жерде санитарлық, тазалық мәселелері қаралады. Мұны қадағалау мен тексеруді денсаулық сақтау министрлігі мен қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жүргізеді. Олар осындай далада тіркеусіз сатылатын тамақ өнімдерін шектейді және санитарлық талаптың бұзылуына сай оларды әкімшілік жазаға тартады. Осындай жағдай жақында ғана орын алды. «Барыс» базары 13 бутикте балаларға арналған құрамында «ашытқы» көлемі көп кәмпиттер сатылған. Денсаулық сақтау министрлігі осы жағдайды анықтап, 79 мың теңге көлемінде бутик иесіне айыппұл салды. Яғни бұндай өрескел заң бұзғандар, қылмысын мойындап, мемлекет тарапынан үлкен айыппұл арқалайтын болады.

— Интернет-дүкендер жүйесінде де мәселелер бар. Мысалы, желіден тапсырыс берген киім-кешек өлшемі келмей қалса, сатушы тауарды кері ала-алмайтынын айтады. Осындай жағдайда тұтынушылар қай жерге барып мәселесін шеше алады?

— Егер интернет-дүкенде тауар сізге сай келмесе, сіздің тұтынушылардың құқығын қорғау заңы бойынша сатып алған кез келген дүкенге барып, тауарды ауыстыруға немесе ақшаңызды қайтарып алуға құқығыңыз бар. Бұл интернет-дүкендерге де қатысты. Егер өлшем сәйкес келмесе, тұтынушылардың құқығын қорғау заңының 14 және 30-бабына сәйкес, этикеткасы мен қапталған қағазы бүлдірілген болмаса, интернет-дүкен сізге ақшасын қайтарып беруге міндетті.

Мәселен...

— Мәселен, сіз Kaspi қосымшасы арқылы тауарды сатып алатын болсаңыз, ол жерде «тауарды қайтарамын» деген арнайы батырма бар. Kaspi банк қалғанын өзі қадағалайды. Басқа сайттарда да осы батырма болуы керек. Мысалы, Белорусьте, тіпті тұтынушы киімнің өлшемін «46» деп беріп және оған 46 өлшем сәйкес келмей қалса, онда ол жақта киімге төленген ақшаны ғана емес, жеткізу қызметіне кеткен құнды да сатушы өтеп береді. Қазіргі уақытта біз де осы салаға нормативтік-құқықтық ережелер енгізу үшін аталған мәселе бойынша зерттеулер жүргізіп жатырмыз.

— Тағы бір түйінді нәрсе – интернет-дүкендердегі алаяқтық. Тауарға ақшасын төлеп, өзіне тиесілі тауарды ала алмай қалып жатқан тұтынушылар бар. Мұндай алаяқтық орын алған кезде не істеуге болады? Интернет-дүкендерді арнайы тексеретін топтар бар ма?

— Ал бұл қылмыстық кодекспен қаралатын өрескел заңбұзушылық. Мұндай жағдайда бірден полицияға жүгінгеніңіз дұрыс. Ал егер тауар таусылып қалған болса, ақшаны қайтаруға міндетті. Немесе сізбен байланысып, тауарды қашан жеткізетінін хабарлауы тиіс.

Елімізде тұтынушылар өз құқықтарын дұрыс білмей жатады. Бұл жағдайды қалай түзете аламыз?

— Ұлттық тұтынушылар лигасы 32 жылдан бері еліміздің әртүрлі аумақ тұрғындарына, ЖОО-ның студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына тұтынушылар құқығы бойынша силабустар жасады. Сондай-ақ қазіргі таңда тұтынушыларға арналған potrebitel.kz сайты жұмыс істеп тұр. Бізде барлық әлеуметтік желілерде, атап айтқанда facebook, instagram, youtube желілерінде аккаунттарымыз бар. Күн сайын тұтынушылардың құқықтарына байланысты ақпараттар жариялап отырамыз. Сондықтан әрбір адам өз құқықтарына қызығушылық танытып, өздігінен мәліметтер іздеуі керек. Біздің лига тұтынушылар құқығы тұрғысынан 100 мың адаммен жұмыс істеп келеді. Осындай жұмыстар нәтижесінде сауатты тұтынушылар қатары артады деп ойлаймыз. Осы тұрғыда айта кететін бір мәселе бар. Тұтынушыда, яғни тауар сатып алатын адамда ақша болатыны сөзсіз. Ал ақша, көп жағдайда, кәсіпкерлерде болады. Егер кәсіпкер тұтынушы құқығын бұзатын болса, ол – автоматты түрде өз құқығын бұзады деген сөз. Сондықтан кез келген адам тұтынушылар құқығын бұзбауы керек.

— Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: