Тұтынушы құқығы: сауда мен сапа

Әлбетте, біз тауар алушы мен тауарды сатушы арасындағы түсінбеушілікке көп мән бере бермейміз.
Зат сатып алғанда нені ескеру керек? Алған заттың сапасына кепілдік берушінің, оған жауапты мекеменің атын да білмей, қолымызды бір сілтей саламыз. Соның нәтижесінде 2019 жылы еліміздегі азаматтардың 60%-ға жуығы сапасыз тауар сатып алу және қызмет көрсету жағдайында өзінің тұтыну құқығын қорғауға тырыспаған да. Ал мамандар, керісінше, бұған бей-жай қарамауда. Олар ең бірінші зайырлы елде өмір сүретіндіктен, заң сатып алушының жағында екенін айтып отыр.
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы белгілі бір қағидалар мен нормаларды білу арқылы біршама мәселелерді жылдам әрі нәтижелі шешуге көмектеседі. Біріншіден, шағымданбай тұрып сатушыға дәлелдейтін қандай құжат барын біліп алуыңыз керек. Мысалы, планшет сатып алдыңыз дейік. Бірінші кезекте алған тауарыңыздың жарамдылық мерзіміне баса назар аударып, ақша төлегеннен кейінгі беретін чек түбіртегі және алған тауардың құжаты мен кепілдік талонын талап ету керек.
Заңның 29-бабының 2-тармақшасына сәйкес сол және өзге бұйымды сатып алу кезінде сатушы, егер бұл тауардың сипатына қарай мүмкін болса тауарды пайдалануды көрсетуге және тұтынушыға тауар сапасы туралы берілген ақпаратқа және шарттың талаптарына сай келетін тауарды беруге міндеттеледі. Сол жерде алған құралыңыздың жиынтықтары тексеріледі. Мысалы, дүкеннен зат алып жатқанда сатушы жеңілдікпен алған заттардың кері қайтаруға жатпайтынын ескертіп жатады. Тағы да сатып алушы тауарды пайдаланғанда ережені бұзып, дүкеннен кепілдік жөндеуді талап етсе, онда ол зат қайтадан айырбастауға немесе жөндетуге міндетті емес болып табылады.
Сатып алушының құқығы заңның 22-бабына сәйкес ұсынылады. Мәтінде тауардың меншік иесінің нақты атауы көрсетілуі керек. Яғни сатушы тауарды қожайынның атынан сататын жалдамалы жұмысшы болуы мүмкін (бұл деректерді тұтынушы төлем құжатынан біле алады). Сауда орнының мекенжайын дұрыс көрсету қажет. «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының тиісті нормаларына сілтеме де болуы тиіс.
Егер тауардағы кінәрат расында сатушының кінәсінен екені дәлелді болса, онда дүкен қожайыны бірден тауардың құнын өтеп немесе ауыстырып беруге міндетті. Сатушы өзінің міндетін дер кезінде орындамаса, заңда көрсетілгендей белгіленген мерзімнен асырып жіберетін болса, әрбір күн үшін тұрақсыздық айыбын төлеуге міндеттеледі. Ал ол әр күн үшін тауар құнының 1%-ы мөлшерінде белгіленген.
Заңның 30-бабының 2-тармағына сәйкес, тұтынушы тауардың кемшіліктерін тауып, оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, сатушы немесе дайындаушы оны дереу ауыстыруға міндеттеледі. Ал тауардың сапасына сараптама жасауды қажет ететін қосымша тексеру қажет болғанда, оны бір мезгілде орындау мүмкін емес. Оған талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн беріледі. Сатып алынған бұйым бастапқыда сапасыз болғандығы анық болса, ол қолданыста болмаған, бірақ ұқсас жаңа тауарға айырбастап беруге тиіс. Ал сатып алушы талап еткен күні сатушыда ауыстыруға аталған зат болмаған жағдайда, ауыстыру талап қойылған күннен бастап он күн ішінде әкеліп беруге міндеттеледі. Бұл кезде барлық жеткізіп беру сияқты шығындарды сатушы өз міндетіне алады.