Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 25 Сәуір 2024

Түйе шаруашылығын қалай өркендетеміз?

Түйе шаруашылығы

Бақытын өнерден, еңбектен тапқан жандар қоғамда қашан да бағалы. Әсіресе ауылдық мекенде атакәсіп – мал шаруашылығымен айналысатын жандардың қатары соңғы жылдары сиреп кетті.

Бұған бір себеп – жастардың жаппай қалаға қоныс аударуы болса, тағы бірі мал шаруашылығының азабынан қашады. Ал біздің кейіпкеріміз Құрманбай Кенжебай әкесінен қалған бір-екі түйені өсіріп, көбейтіп, қазіргі таңда түгел отбасымен өндірісін дөңгелетіп отырған кәсіпкер.

Бір қызығы, бұл заманда да халықты түйе өсіруге насихаттап, желкелеген күш жоқ. Соңғы жылдардағы мемлекет тарапынан жасала бастаған қадамдар, жәрдемақы, көмектер болмаса, оған ерекше жағдайдың да туғызылғаны шамалы. Көнеден келе жатқан атакәсіптің қыр-сырын меңгеріп, үлкен шаруашылықтың иесіне айналған маңғыстаулық кәсіпкер 2006 жылдан бастап осы салаға толығымен бет бұрған екен. Өз кәсібі, оның қыр-сыры туралы Құрманбай Кенжебай былай дейді:

«Түйе шаруашылығы жалпы көнеден келе жатқан атакәсіп екені бәріне мәлім. Біздің қара шаңырақта бұған дейін әкем, оның алдында атамыз малдың осы түрімен айналысқан еді. Қазіргі таңда мен де бұл істен ажырамай, жолын жалғастырып келемін. Негізі түрт түлік малдың ішінде түйе малының аса шығыны жоқ, жайлы болып келеді. Ең алғаш әкемнен қалған бір-екі түйемен кәсібімді бастадым. Ауылдық мекенде туып-өскен соң, жылқы, түйе малын өсірудің қыр-сырын жақсы білемін. Еліңді дамытып, Отаныңның гүлденуіне кішкентай үлесіңді қосқың келсе, өз шаруаңды мейлінше адал, жақсы атқар дер едім», – дейді.

Кәсіпкердің айтуынша, бүгін нарықта мал шаруашылығымен айналысу ең жемісті салалардың бірі. Етін де, сүтін де, жүнін де өңдеп, өндіріске шығаруға жол ашық. Қазіргі таңда үкімет тарапынан да жеткілікті деңгейде қолдау мен мүмкіндік алуға болады.

«Қазақстанда түйе шаруашылығымен еліміздің батыс және оңтүстік өңірлеріндегі шаруашылықтар айналысады. Табысы шаш-етектен Қамбар ата тұқымын өсірудің маңызы зор. Бұл ретте, үкімет тарапынан түйе етінің, жүні мен сүтінің өндірілуіне ерекше маңыз беріліп, қолдау көрсетілуде. Өзім кәсіпкер ретінде 2021 жылы «Даму» агрокредитті корпорациясынан 5 түйе алдым. Одан бөлек, «Каспий» ӘКК-ден несиеге 7 түйе алдым. Шаруашылықты бастау үшін мемлекет жеткілікті деңгейде қолдау береді, тек қағазбастылық уақытыңды алады, осы жағын алдағы уақытта ретке келтірсе деймін», – дейді кәсіпкер.

Қазақ төрт түліктің төресі санаған түйені өсіруге шөлді және шөлейтті аймақтар қолайлы болғандықтан, еліміз бойынша өсірілетін түйе басының 82%-ы Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Түркістан облыстарында шоғырланған. Адал еңбегі арқылы табыс тауып, құнарлы тағам, шипалы сусын ішіп, әрі балаларын еңбекке тәрбиелеп отырған отбасы түйе малымен қатар жылқы басын көбейтуді де мақсат еткен. Қай кезде де еңбектің өтеуі, төккен тердің қайырымы болады. Түйеші Құрманбайдың алдағы жұмысы да дөңгелене беретіні сөзсіз.

Сәруар Бақберген