Түймебаев 301 875 теңге ұтып алды
2023-тің соңында ғылым саласындағы атаулы сыйлықтар мен мемлекеттік стипендиялар тағайындалды. Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайын өтетін дәстүрлі байқауға құжаттар мен жұмыстарды қабылдауды қазанда бастаған. Сөйтіп, 2023 жылдың қорытындысы желтоқсанның аяғында жарияланды. Лауреаттар қатарында ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерден бөлек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Жансейіт Түймебаев, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Берік Ахметов және Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың проректоры Ержан Көлдеев бар.
Жалпы, осы сынды атаулы сыйлықтар, атақтар, мемлекеттік сыйлықтар берілген кезде артынан шу болмай қоймайды. Лауреаттар қоғамның қызу талқысына түсіп, «ол лайық емес, анау лайық» деген сынды пікірлер қайшылығы туындайды. Неше түрлі аргументтер алға тартылып жатады. Бұл құбылыс ғылымды да айналып өткен жоқ. Алты атаулы сыйлықтың екеуін ректор, тағы біреуін проректор қанжығалағанын қоғам жаппай талқыламаса да, ғылыми орта таңырқай қабылдаған секілді.
Жыл сайын жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк ғылыми зерттеуі үшiн Сәтбаев, гуманитарлық салада – Уәлиханов, педагогика саласында – Алтынсарин, түркология бойынша – Күлтегін атындағы сыйлық беріледі. Және жас ғалымдарға арналған жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк жұмысы үшiн Қонаев, гуманитарлық ғылымдарда Әуезов атындағы атаулы сыйлық табысталады. Олардың әрқайсысы үшін 150-350 АЕК (520 000 – 1 207 000 теңге) арасында сыйақы белгіленген. Байқауға ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары өтініш бере алады. Сыйлық алуға жеке авторлар және саны бес адамнан аспайтын авторлар ұжымының жұмыстары ұсынылады. Және лауреаттар бес жылсыз қайта үміткер бола алмайды. Он жыл бұрын осы атаулы сыйлықтарға жылына шамамен 200-ге тарта ғылыми жұмыс ұсынылатын. Қазір бұл көрсеткіш қанша екені белгісіз. Алайда министрлік 2023 жылы қанша өтініш келіп түскенін де, оның ішінен қанша жұмыс қаралғанын да жарияламаған. Тіпті жүлделі жұмыстардың тақырыбы да көрсетілмепті. Оны анықтау үшін Ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарластық. Министрліктің баспасөз хатшысы Ержан Қалиұлы мәліметтер Ғылым комитетінің ресми сайтында жүктелуге тиіс болғанын хабарлады. Ал комитет маманы Асылхан Бибосынов бұл ақпараттың сайтқа жүктелмегенін, жинақтап жолдайтынын айтты. Алайда нақты тізім сол күйі жіберілмеді. Ең қызығы, тіпті басқа конкурсант ғалымдар да қатысушылардың тізімі мен сыйлыққа ие болған жұмыстардың тақырыбынан бейхабар.
Министрліктен конкурстық комиссия құрамында кімдер болғанын да сұрадық. Олармен байланысып, ғылыми жұмыстарды бағалауда қандай нақты критерийлер болғанын және сыйлық алған жұмыстардың артықшылығын сұрап білмек едік. Бірақ бізге жауап берген стратегия басқармасының маманы Жұлдыз Өтелбаева комиссия құрамы құпия болып қалатынын, оны жариялауға тыйым салынғанын жеткізді.
«Қаласаңыздар министрлікке келіп, құжатпен таныса аласыздар. Алайда оны таратуға болмайды. Себебі конкурстық комиссия тізімін жариялау ғылыми этикаға сәйкес келмейді. Өйткені ғылыми ортада, ғалымдар арасында резонанс туындауы мүмкін. Егер олардың тізімін алдын ала жарияласақ, жемқорлық, таныс-тамырлық белең алады. Ал кейін жарияласақ, тағы да ғалымдар арасында түсініспеушілік туындауы мүмкін. Сондықтан комиссия тізімі тек қызметтік мақсаттарда қолданылады», – деп жауап берді министрлік өкілі.
Сонымен ректорлардың қандай тақырыпта ғылыми зерттеу жасағаны ресми жарияланбады. Тек Ш.Уәлиханов сыйлығын алған жұмыстың соавтор Түймебаевтың «Мұқағали тілі сөздігі» екені белгілі. Бұл синтездік сөздікті төрт автордан құралған ұжым Абай атындағы ҚазҰПУ-дағы Н.Келімбетов атындағы түркология орталығында жасап, 2017 жылы жарыққа шығарған. Аталған орталықтың жетекшісі, авторлар ұжымының мүшесі, профессор Шерубай Құрманбайұлымен сөйлесіп, жеңімпаз болған ғылыми зерттеулері туралы сұрадық.
«Мұқағали тілі сөздігі» 1 064 беттен тұратын өте үлкен еңбек. Оны жасауға 5 жыл уақыт жұмсалды. 2014 жылы жұмысты бастап, 2018 жылы сөздіктің негізгі жұмысын аяқтадық. Сол жылы баспаға ұсындық. Кітап 2019 жылы жарық көрді. Әдетте мұндай аса ауқымды еңбекті тәжірибелі ғылыми ұжым жасайды, оған қыруар бюджет қаржысы жұмсалады. Ал біз бұл сөздікті 4 автор бюджеттен бір тиын алмай, өз ынтамызбен тегін жасадық. Әр автор өз үлесімізді шамамен тең бөліп алып іске кірістік. Жұмысты ұйымдастыру мен әр автордың жасаған бөлігін уақытылы жинақтап, үйлестіру, басып шығару осы орталыққа, маған жүктелді. Сөздіктің құрылымын, сөздік мақалаларды жазу мен мысал беру мәселесін келісу кезінде осы істің мән-жайын терең білетін лексикограф ғалым Б.Қалиұлына көбірек жүгініп отырдық. Бұл еңбекті дайындау кезіндегі ол кісінің рөлінің айрықша болғанын атап айтуымыз керек», – деді Ш.Құрманбаев.
Осы еңбек жазылып жатқан уақытта ҚР-ның Түркия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, ҚР-ның Албания Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымдарын атқарып жүрген Түймебаевтың ғылыми үлесі қандай деп сұрағанымызда, орталық жетекшісі үнсіз қалды. Ал Д.Қонаев атындағы сыйлықтың лауреаты ректор Берік Ахметовпен байланыс орнату мүмкін болмады. Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықты алған соавтор, университеттің ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев болса, сұрақтарымызға жауап беруден бас тартты.
Жалпы 2023 жылы атаулы сыйлық алған ректорлар бірден көбейіп кеткен. Мәселен, 2022 жылы тек Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ректор аппаратының басшысы Жанатбек Ешенқожаұлы Ш.Уәлиханов, 2021 жылы Алматы техникалық университетінің ректоры Талғат Құлжанов Қ.Сәтбаев сыйлығын алған. Әлбетте, бір қарағанда ректорлардың да белгілі бір ғылыми дәрежесі бар. Алайда 1993 жылдан бері елші, министр, облыс әкімі болған, ақыры ассамблеядан ректорлыққа келген Түймебаев қай уақытта ғылыммен айналысқаны қызық. Ал президент-ректор Берік Ахметов 2011-2013 жылдары ҚазҰУ-да басқарма басшысы, кейіннен 4 жыл Ясауи университетінің проректоры, соңғы 7 жыл Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры болған. Ал қарамағында білдей бір ЖОО-ның жауапкершілігі бар басшының ғылымға, ауқымды зерттеу жасауға уақыты болатынына сену қиын. Олай деуге негіз де бар. ЖОО-ның дамыту бағдарламасын әзірлеу, барлық процестерді, кадрды, білім сапасын бақылауда ұстау, басқарма мүшелерінің алдына қойылған міндеттерді орындау аз шаруа емес. Бұл туралы АҚШ-тағы қазақ ғалымы Дубек Қазыкен былай дейді:
«Қазақстандағы ЖОО ректорларының ішінде ғалымдар аздау. Дені саясаткерлер. Дәл осы себептен университеттегі ғылымның даму қарқыны баяу. Әрі басшылыққа сайланған маманның атаулы сыйлыққа лайық көлемді ғылыми зерттеу жасайтын уақыты да бола қоймайды. Себебі университет басқарудың да, ғылыммен айналысудың да жауапкершілігі зор. Былтыр жазда Stanford университетінің президенті (ректоры) Марк Тессье-Лавин қызметінен кетті. Оған себеп, 15 жыл бұрын жариялаған ғылыми мақаласынан шикілік шыққан. Комиссия қорытындысынан соң ол өз еркімен қызметтен кетті. Ал ректордың ғылымдағы қателігін алғаш байқап, көлемді етіп жазған сол университеттің бірінші курс студенті. Жариялаған басылым да сол университеттің газеті. Ғылымға деген жауапкершілік осындай болса керек. Ал біздің елде жағдай мүлде басқаша».
Басшылық лауазымдағы адамның ғылымға уақыты болмайды дегенге біз тілдескен келесі ғалым да қосылды. Атаулы сыйлықтардың біріне үміткер болған ол өз аты-жөнін көрсетпеуді сұрады. Себебін сұрағанымызда «осы байқауға қатысқандықтан ойымды жеңілген адамның реніші, субъективті пікір деп қабылдауы мүмкін» деп түсіндірді.
«Басшының ғылымға уақыты болмайды. Көбіне олар жай ғана атын қосарлап, тіркеп қояды. Ғылыммен айналысқан адамның ректор болуы қалыпты. Бірақ ондай басшылық қызметте жүріп шынайы ғылыммен айналысу мүмкін емес деуге де болады. Бұдан бөлек, сыйлыққа кімдердің үміткер болғанын білмейсің. Конкурстық комиссия балды қандай критериймен қоятыны да беймәлім. Кімде қанша балл, қай жұмыс қандай артықшылығымен озды, ол да айтылмады. Ашықтық жоқ. Лауреаттар тізімінен екі ректор, бір проректорды көру таңғалдырғаны рас», – дейді ол.
Ұжымдық еңбекке шетелде елші болып жүріп те араласа беретін Түймебаев биыл жазда 66 жасқа толады. Өмір бойы лауазымды қызмет атқарған зейнеткер-ректордың зейнетақысы мен қазіргі жалақысы жетпей жүр ме екен, жастар, лауазымы жоқ ғылым адамдары қатысуға, алуға тиіс бәйгеге ат қосып, төрттің бірі болып, топ жарыпты. Ш.Уәлиханов сыйлығының жүлдесі 1 207 500 теңге. Шартқа сәйкес бұл соманы соавторлар қылдай бөліп алады – Түймебаевтың еншісі 301 875 теңге. ҚазҰУ-дың бар шаруасын түгендеп болып, ғылымдағы кезекті жетістігін есептеп, 350-ді 3 450-ге көбейтіп, оны 4-ке бөліп, басы қатып отырған қарт ректорды құттықтаймыз! Жалғыз шауып, бәйге алған, 517 500 теңгені қанжығасына жеке байлаған тағы бір ректор Берік Ахметовті атақты Түймебаевтан озғанымен де құттықтаймыз!
Баян Мұратбекқызы