Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:58, 30 Тамыз 2022

Туыс сағалап, пәтер жағалап...

None
None

Білім іздеп қалаға келген студенттің үйі – жатақхана. Төрт-бес жыл бойы баспанасына айналатын, дос табатын, қызық-думаны өтетін бірден-бір тұрағы.

Басқа шаһардан келгені бар, қияндағы ауылдан жеткені бар, бәрінің іздейтіні – студенттер үйі. Онысы түсінікті де, ең бастысы жатақхана арзан, әрі кітапхана, оқу корпустары жақын. Бөтеннің де, туыстың да қас-қабағына қарамай, өз күйін өзі күйіттейтін орын. Бірақ бір өкініштісі бәріне бірдей жатақханадан орын бұйыра бермейді.

​Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, елімізде жыл сайын тоқсан мыңға жуық студентке жатақханадан орын бұйырмай, пәтер іздейді екен. Яғни еліміздегі әр бесінші студентке орын тимейді. Жатақхана тапшылығы Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкент секілді мегаполистерде, халқы көп оңтүстік өңірлерде болуы бір жағынан қалыпты жағдай. Ал жалғыз ғана жоғары оқу орны бар Петропавлда студенттердің орын таппай сабылуы түсініксіз. Мына қызықты қараңыз, пәтер жалдау мұнда Нұр-Сұлтаннан кем түспейді. Орталықтағы 1 бөлмелі пәтеріңіздің кемі 100 мың теңге.

​Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде 7 мыңнан астам студент білім алады. Олардың көбі өзге өңірлер мен облыстағы   ауылдардан келгендер. Білім ордасы жыл сайын облыс пен еліміздің мектеп түлектеріне белсенді насихат жұмыстарын жүргізіп, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі дарынды жастарды оқуға шақырып жатады. Әрі биыл іске қосылған, яғни АҚШ-тың Аризона университетімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан қос дипломды бағдарлама түлектердің аталған оқу орнына қызығушылықтарын арттырған. Биыл теріскейдегі жоғары оқу орнына 1000 студент грант арқылы қабылданбақ. Одан бөлек, ақылы негізде оқитындары тағы бар. Бұған қос дипломдық бағдарламаға бөлінген 500 орын мен академиялық ұтқырлық бойынша өзге қалалардан келетін студенттерді қосыңыз. Университет басшылығы алдағы жылдары студенттер санын 10 мыңға жеткізуге ниетті екендіктерін айтады. Университеттегі студенттер саны жыл сайын өсіп келеді. Бірақ алыстан келген сол жастардың бәріне орын табылып жатқан жоқ. Өткен жылдары студенттерге арнап Театр көшесінде 200, Қызылжар ауданы Бескөл ауылында 140 орындық жатақхана пайдалануға берілген. Бірақ бұл да жеткіліксіз болып отыр.

  • ​Бүгінде жатақханаларда студенттерге арналған 1368 орын дайын. Білім алушылар жатақханаға арналған өтініш пен құжаттарды онлайн жібереді. Кейіннен арнайы құрылған комиссия өтініштерді қарап, шешім шығарып, жауабын студентке электронды пошта арқылы хабарлайды. Жатақханаларда тұру ақысы грант иегерлері үшін 4200-6900 теңге болса ақылы негізде оқитындар үшін 12 мың теңге, – дейді университет медиаорталығының бас редакторы Диана Халимова.

​Жатақханаға қабылдау барысында ең алдымен грант иеленген 1-курс студенттеріне басымдық беріледі. Ересек өмірдің табалдырығын жаңа аттаған жастарды жатын орынмен қамту дұрыс шешім. Кейіннен қалған орындарға жеңілдікке ие 2-4 курс студенттері орналастырылады. Яғни жоғары курс студенттерінің көпбалалы отбасынан шыққан, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүгедектігі бар білім алушылары ғана жатақханаға кіре алады. Ал жатақханаға өткен жылғы қарызы барлар болса, олар да бөлме ала алмайды. Бұл мәселе жайлы білім алушыларға күні бұрын ескертілген екен.

​Былтыр студенттер орын ала алмай, университет маңында бірнеше күн жүріп, уақытша бірі тәуліктік пәтерлерді, бірі қонақ үйлерді паналап еді. Студенттер биыл да бұл жағдай қайталанбас үшін ертерек жалдамалы пәтер іздеуге көшкен.

  • ​Өткен жылы Бескөлдегі жатақханада тұрдым. Курстастарымның бірнешеуі жатақхана таппай қиналғанын көрдім. Кейін біріне орын берілсе, бірі пәтер жалдады. Тобымыздағы студенттердің жартысынан көбіне жатақхана керек. Алайда бізге күні бұрын орын жетпей қалуы мүмкін екенін айтып, пәтер іздей беру керек екенін айтып жатыр. Қазір жөндеу жүргізілген, оқу корпусына жақын бір бөлмелі пәтердің жалдау құны кем дегенде 100 мың теңге. Онда бірнеше қыз бірлесіп тұрғанның өзінде пәтер ақысын төлеу қиынға соғады. Өзім грантта болғандықтан, шәкіртақы аламын. Енді ақылы бөлімнің студенттеріне тіптен қиын болмақ. Десе де білім аламыз деп келген соң қалай болғанда да осы қаладан бір орын табуымыз керек, – дейді университеттің үшінші курс студенті Назым Серікқызы.

​Жатақхана бұйырмаған студенттердің сабаққа көңіл бөле алмай, пәтерақыны төлеу үшін жұмыс істеп кететіні де жасырын емес. Әрі қыркүйектен бастап бағаны көтеріп жіберетін пәтер иелері де бар. Олардың өзі жастарға үйін бергісі келмей, студенттерден қашқақтайтын көрінеді. Осыншама студенттің бәріне оқуға жақын жерден пәтер табу қайдан? Көбіне қаланың алыс аудандарынан қатынауға мәжбүр.

​Жатақхана мәселесі облыс басшылығының да назарында. Бүгінде университет студенттеріне арнап 1200 орындық 2 жатақхана салынып жатыр. Егер олар пайдалануға берілсе, бүгінде пәтерден-пәтерге көшіп жүрген көп студенттердің біразы жаңа бөлмелерге орналасып, алыстағы ата-ананың да уайымы сейілер еді. Ал әзірше алыстан келген жастарға пәтер иесінің көңілін тауып, ақшасын үнемдеп, студенттік өмірлерін жалдамалы баспаналарда өткізуге тура келіп тұр.

Тегтер: