Тығырыққа тірелген Тұғыл

Сайт әкімшілігі

13.08.2020, 12:56

929

                     

     Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылының халқы ауызсу зардабын тартып, зар илеп отырғалы екі жылға жуықтады. Анығында, 2018 жылы аяқталуы тиіс болған «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген қаражатты қолына түсірген компания мойнына алған міндетіне атүсті қарап, ақырында тұғылдықтардың жұтым суы арманға айналды. Қағаз бойынша аяқталып қойған жобаның іс жүзіндегі нәтижесі көңіл көншітпегені жергілікті халықтың наразылығын тудырған жайы бар. Осыған орай, Зайсан көлінің іргесінен қоныс тепкен Тұғыл ауылдық округіне барғанымызда жағдайдың, расында да, сын көтермейтін халге түскеніне көзіміз жетті.

       Кезінде Приозерный кенті болып аты шыққан Тұғылдың ауылдық округ статусына түскен шағынан бастап (шамамен 20 жыл бұрын) басынан бағы тайған сыңайлы. Кезінде 10 мыңға жуық халық тұрған Тұғылда бүгінде 4700 тұрғын бар. Әрине, бұл да аз көрсеткіш емес. Алайда осынша ауыл халқының жылап, іздеген ауызсуы көз жасына да татымайтынын несіне жасырамыз?! Үй іргесіне дейін құбыр тартылып, аулаға құрылғы орнатылса да, келіп тұрған су жоқтығын бұрын-соңды кім көрген?! Тұғылдықтар қазір кеңестік дәуірден қалған ескі колонка арқылы сыздықтап келген суды көше кезіп, жаяу тасып ішіп отырғаны аянышты болса да, айтпауға болмайтын шындыққа айналды.

  Ал ауыл әкімінің міндетін атқарушы Қанат Шеризатұлының айтуынша, өткен қыста тұғылдықтар суды ойдағыдай пайдаланған. Жиырма жылдан бері осы әкімдікте қызмет атқарып келе жатқан ол ауыл тіршілігін бес саусақтай білгенімен, тап қазіргі су тапшылығын о бастағы жобаның дұрыс жасалмағанымен байланыстырды.

    – 2017 жылы басталған ауылды ауызсумен қамтамасыз ету 2018 жылы аяқталды. Бірақ сол су дұрыс берілмей тұр. Жазда бақша суғару, басқа да қажеттіліктер көбейетіндіктен бе, жұмысты жүргізген мердігер компания осылай деп отыр. Су жетіспеушілігі орын ала берген соң, аудан әкімі Серікқазы Құсайынұлы арнайы қаржы бөлдіртуі нәтижесінде 9 млн теңгеге скважинамен қосымша тереңдік қаздырғанбыз. Бірақ жағдай түзелер емес. Қыс бойы ешқандай ақауы жоқ сияқты көрінген суқоймадағы резервуардан қазір су кетіп жатыр. Жұмысты міндетіне алған «ПМК құрылыс» ЖШС-і (басшысы Нәбиев Қайрат) оны сапасыз атқарғанына көзіміз жетіп отыр. Комиссия құрып, тексерткен күннің өзінде, су құбыры желісін тартуды тексеріп, кемшіліктерді көрсетіп бере алатын нақты маманның жоқтығы да қолбайлау болып тұр. Дегенмен ауылда ескі жүйе бойынша су таңертеңгі сағат сегізден кешкі беске дейін беріледі. Оның өзі толық қамти алмайды. 450 үйге сол бойынша су кіргізілген. Қалған жұрт колонкадан алып, талғажау етіп отыр. Құжат бойынша 971 үйге су кіріп тұр. Бірақ келіп тұрған су жоқ. Біздің сұрайтынымыз – суқойма қабырғасын қайтадан бекітіп, қалпына келтіріп берсе болғаны, – дейді Қанат Шеризатұлы.

    Сапар барысында ауыл тұрғындарының да пікірін білдік. Көпшілік судың неге толық жетпейтінін түсіне алмай дал.

    – Жазда осындай ахуалдың кесірінен бақшамыз қурап қалды. Жауапты болған Нәбиев «ауыл халқы суды ысырап етіп отыр» деген сөз таратыпты. Бақша ұстайтын жалғыз ауыл біз ғана ма?! Оны қойдық, қысы-жазы колонкадан сыздықтап аққан судың басына келіп телміріп тұрамыз. Қыста қатып қалады. Көрші азаматтар лампа әкеліп, өз күшімен қыздырып болғанша сағат 11-ге барады. Күллі әйел үймелейміз де тұрамыз. Күйеулеріміз Зайсан көлінен балық аулап, күн көріп отырмыз. Көл жағасында отырып, ХХІ ғасырда осындай аянышты хал кешіп отырғанымызды жоғарғы жақ білсе дейміз. Мал ұстау өте қиын. Оны қыста күтіп-баптау үшін 60-70 мыңға бір машина шөп түсіру керек. Қолдағы екі-үш сиырды мынадай сыздықтап аққан сумен қалай ұстамақпыз?! «Шықпа, жаным, шықпалап» қашанғы отырамыз?! Ұқпай-ақ қойдым. Кісі басына 2500 теңгеден колонкадан аққан суға төлейтініміз тағы бар, – деп ашынады ауыл тұрғыны Нәзипа Кешубаева.

    Мәселеге орай, түсініктеме берген Тарбағатай аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы С.Сабырбаевтың мәлімдеуінше,  13 шілде күні жаңа трассадағы резервуардың блогы біріккен жерінен жарық пайда болып, су сыртқа кеткен. Сол себепті ескі трассаны қосып, жаңа трассаны осы уақытқа дейін өшіруіне тура келген. Қазіргі уақытта мердігер компания резервуарды қайтадан қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

      «Судың да сұрауы бар» дегендей, Зайсан көлінің жағасында отырып, шөлді аймақты мекен еткендей кейіпке түскен тұрғындардың жанайқайына қатысты «ПМК құрылыс» ЖШС басшысы Қайрат Нәбиевпен де хабарластық.

   – Мамыр айына дейін су толықтай жеткілікті беріліп тұрды. Ал қалай суармалы қажеттіліктер басталады – солай тапшылық пайда болады. Ауылға 4-5 сағат су беру үшін 20 сағат бойы қойманы толтыруымыз керек. Әрине, халық наразы. Бізді арнайы құзырлы органдардан тексеріп келгенде біраз кемшілік тапқаны рас. Бірақ біз 72  млн теңгеге артық жұмыс жасағанымызды дәлелдедік. Жобада қарастырылмаған ғимараттарға, үйлерге су тарту жұмыстарын да атқардық. Сайып келгенде, «ПМК құрылысқа» талап болмауы керек. Резервуардан су кетті, бірақ біз оны жөндеп, жауып жатырмыз. Облыс әкіміне де арыз жолдағандарын білемін. Арнайы комиссия келді, тексере келгенде скважинамен қазу керегін атап көрсетті. Ал оны компания емес, жергілікті әкімдік қазуы керек. Негізінде, біз жоба бойынша өз жұмысымызды атқарып келеміз, – дейді «ПМК құрылыс» басшысы.

     Қайрат Нәбиев сондай-ақ қажетті тексеріс құжаттарын да жасырған жоқ. Дегенмен бұл түйткілді мәселенің шешімін табу үшін әлі де талай айқай жалғаса беретін сыңайлы. Өйткені бюджеттің 800 млн теңге қаражаты жұмсалған, аяқталды делінген ауызсумен қамтамасыз етудің нәтижесі даулы күйінде қалып тұр. Тығырыққа тірелген Тұғыл ауылы халқының Зайсан көлінің іргесінде отырып, жұтым суға зар болуы таңғаларлық жағдай болса да, шындығы осы. 

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

Шығыс Қазақстан облысы

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

11.08.2020, 15:58
«Мәдени астана» аясында 7 шара өтеді
11.08.2020, 15:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 15:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 15:50
«Шәмші аллеясы» жаңарып жатыр
11.08.2020, 15:47
Коронавирустан 3 мыңнан астам адам емдлеліп шықты
11.08.2020, 15:41
Полицейлер бетперде таратты

Аңдатпа


  • Келген қазақ құжатсыз, туған бала тұрақсыз
    26.05.2023, 10:25
  • Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
    26.05.2023, 09:51
  • Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?
    26.05.2023, 09:13
  • Ғинияттың 207 мың кемшілігі
    25.05.2023, 10:00
  • Орталық Азияның «отағасы» кім?
    25.05.2023, 09:31