Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:31, 11 Мамыр 2023

Тыл ардагерін жеңіс күнімен құттықтады

None
None

Шиелі ауданындағы Жиделіарық ауылдық округінің әкімі Ерлан Шазатұлы Жеңіс күніне орай ҰОС тыл ардагері, ақниетті әже Сұлтанкүл Әлішеваның шаңырағына барып мерекесімен құттықтады.

Тоқсанның үшеуіне келген кейуанаға тылдағы еңбегі үшін алғыс хат тапсырып, сый-сияпат тарту етті.

Ауыл әкімі, «Қиын-қыстау кезеңде Сіздердің тылдағы қызметтеріңіз Отанымызды қорғауда орасан зор рөл атқарды. Ардагерлеріміздің тылдағы еңбегін жеңіске қосқан баға жетпес үлес деп есептеймін. Сіздің жүріп өткен қайсарлыққа толы жолыңыз — болашақ ұрпаққа үлгі бола береді деп сенемін» — деп атап өтті.

Ал абыз әже болса, өмір жолындағы естеліктерімен ой бөлісті.

– 1930 жылы Ортақшыл ауылында тудым. Балалық шағым соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, 1941 жылы әкем соғысқа аттанды. 1943 жылы әкемнің қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жетті. Ауылымыздағы 7 жастан 70 жасқа дейінгі адамдардың жарайтынын соғысқа алып, жарамайтынын колхоздың жұмысына салып қойған. Анам колхозда жұмыс істейтін еді. Қонышына, қалтасына салып әкелген бидайын пісіріп асырады. Ол уақытта бидай қайда, «Бір келі бидай ұрласа, сол адам сотталсын» деген Сталиннің бұйрығы бар берген. «Бір түйір бидай жерде қалмасын» деген ұран қатаң болды. Мектепте жүріп колхоздың жұмысына шығып, күріш ордық, отадық. Ол заманда комбайн, техника болған жоқ, бәрін қолдан орамыз, орылған затты арқалап тасимыз. Етігімізбен су кештік, су кешіп жүріп, талай жыладық. Сүйтіп, жалаңаяқ, аштықпен жүріп өстік. Кейін тұрмысқа шықтым. 1956 жылы Жиделіге бір жігіт алып келді (Әлішев Тілеу — ред.). Сөйтсем, ол жігіттің әкесі де, шешесі де жоқ екен. Күйеуім екеуміз бір жылдай ағаларымен бірге тұрып, кейін өз күшімізбен үй салып, бөлек шықтық. Еті тірі күйеуім кейіннен колхоз бригадирі болды. Бір гектардан 70-80 центнер күріш алып, чемпион атанды. Еңбегі бағаланып, бірнеше машина мінді, Алматыдан шығатын «Алтын адам» кітабына есімі жазылды, медальдар тақты. Алланың бергені, 9 құрсақ көтердім. Қазір 19 немерем, 30-дың үстінде шөберем бар. Әрине, олар менікі емес, әуелі Алланікі, Құдайға мың да бір шүкір. Қазір солардың қызықшылығын көрудемін, – дейді адал жолды нәсіп еткен қарт ана.

Сөз соңында ақжаулықты әжеміз бейбіт заманның өрендеріне батасын беріп, қанды сұрапыл соғыс болмасын деп лебізін білдірді.

Тегтер: